Accessibility links

«Хьюман райтс уотч» ұйымының жылдық баяндамасында Қазақстан тағы да сынға ілікті


«Хьюман райтс уотч» халықаралық ұйымының жыл сайынғы дәстүрлі баяндамасында адам құқықтары бойынша сын айтылып жатқан елдердің қатарында Қазақстан биыл тағы да аталып отыр. Елдегі оппозициялық партиялардың өкілдері бұл сынды орынды деп тапса, билік партиясы Қазақстанға берілген бағамен келіспейді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосановтың пікірінше, «Хьюман райтс уотч» ұйымы Қазақстандағы жағдайға объективті баға беріп отыр.
– Үкіметтен де, оппозициядан да тәуелсіз ықпалды халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымның берген мұндай бағасы қазақстандық билікке абырой әпермейтіні түсінікті. Мүмкін, оппозициялық партия ретінде біз кейде болған жайтты әсірелеп, өсіріңкіреп айтатын шығармыз. Бірақ, халықаралық беделі бар бұл ұйым осыған дейін адам құқығы бұзылған оқиғалар анықталғанда тіпті АҚШ тәрізді әлемдік державаларды бірнеше рет сынға алған болатын.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов. Алматы, қыркүйек, 2008 ж.
Менің пікірімше, қазақстандық билік осыдан өзіне үлкен қорытынды шығаруы керек. Өкінішке қарай, жаңа жылға дейінгі ісіне қарап, билік елдің қоғамдық-саяси өмірін реттейтін заң жобаларына қатысты әлгіндей қорытынды жасап жатыр деп айта алмайсыз.
Бұл сынды біздің билік ЕҚЫҰ-на төраға болған кезеңде ғана емес, сонымен бірге ұйым төрағалығының «үштігіне» кірген қазіргі уақытқа қатысты айтылған ерекше ескерту ретінде қабылдауы керек, - деді Әміржан Қосанов.
Халықаралық ұйымның баяндамасында Қазақстанда ресми тіркеуден өте алмай жүргені атап көрсетілген «Алға» партиясының өкілі Владимир Козлов саяси партиялар туралы заңға ұсынылған өзгертулердің саяси ұйымдарды тіркеу мәселесін қиындатып отырғанын айтады.
- Былтыр Қазақстанда біршама сөз болған саяси партиялар, сайлау, БАҚ, діни бірлестіктер туралы заңдар жобаларының барлығы да сырт елдерге көзалдау етіп жасалған дүниелер болып шықты. Түптеп келгенде, бұл жобаларды билік ЕҚЫҰ-на төраға болар алдында елді демократияландырудың белгісі етіп көрсетуге қаншама тыраштанса да, іс жүзінде бұл жобаларда оңды нәрседен гөрі керітартпа тұстар басым болды. Сөйтіп, Қазақстан үкіметінің сөзі мен ісінің арасындағы алшақтық бұрынғыдан да ашыла түсті.
Тіркелмеген "Алға" партиясының өкілі Владимир Козлов. Алматы, қазан, 2008 ж.
Мәселен, егер саяси партиялар туралы заңға ұсынылған өзгертулер күшіне енетін болса, онда үш жылдан бері билік ресми тіркеуге алмай отырған біздің партиямыздың жағдайы бұрынғыдан да қиындай түседі – тіркеуде жоқ партияларға әрбір жарты жыл сайын тіркеуге өтініш беріп отыру талабы жазылған. Яғни, олар бізге жауап бермесе де, біз алты ай сайын өтініш беруге міндетті боламыз.
Ал жаңа – 2009 жылдан бастап Қазақстан ресми түрде ЕҚЫҰ төрағалығының «үштігіне» кірді. Алайда, елдің ішінде биыл айтарлықтай оң өзгеріс болады дегенге сенім жоқ, - деді В.Козлов Азаттық радиосына.
Ал «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Алматы филилалының қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Сәменбаева «Хьюман Райтс уотч» ұйымының Қазақстанға қатысты бағасымен келіспейді.
– Басқа дамыған елдермен салыстырғанда қазіргі Қазақстанның демократиясының әлі бұғанасы қатпаған, жас мемлекет. Қазақстан жүзеге асырып жатқан реформаларға мұндай сыни тұрғыдан қарамау керек. Жақын болашақта «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы» заңдарға өзгертулер енгізу және парламентті екіпартиялы етіп өзгерту жоспарланған. Яғни, бізде бұл реформалардың барлығы жасалатын болады.
Менің ойымша, біз демократияға қарай белсенді екпінмен бара жатырмыз. Ал жас демократиямыздың ахуалын «Хьюман райтс уотч» ұйымы секілді біржақты бағалау дұрыс емес деп санаймын, - деді Гүлнәр Сәменбаева.
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедовтың пікірінше, Қазақстан үкіметінің ісінде қоғамды демократияландырудың нақты қадамдарынан гөрі сылдыр сөз басым.
- ЕҚЫҰ және өзге де ұйымдар тарапынан Қазақстан билігіне қойылған формалды талаптарды біздің үкіметіміз де формалды түрде ғана орындайды. Шынайы, нақты ілгерілеушілік байқалмайды, ал болмашы, айтарлықтай маңызы жоқ өзгертулер мен толықтырулар қоғамды одан әрі демократияландыру және саяси жетілдіру үшін жасалған үлкен қадам ретінде даңғазамен айтылады.
"Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов. Алматы, желтоқсан, 2008 ж.
Бұл бір қоғамдық-саяси жүйеден басқадай жүйеге ауысып жатқан триназиттік елдер үшін үйреншікті де. Мұның бір себебі - бұл елдер өз тәуелсіздігіне шынайы демократиялық мемлекет құруға деген төмендегілердің қозғалысы әсерінен емес, Совет империясы ыдыраған соң оның құрамында болған елдерден өз алдына бөлек-бөлек ұлттық мемлекеттердің пайда болуы арқасында қол жеткізді. Яғни, жеткілікті саяси тәжірибесі мен саяси мәдениеті болмаған бұл елдерді басқарушылар авторитарлық даму жолын таңдады. Әрине, олар өз әлпетін демократиялық бейнеде көрсетуге тырысып бақты.
Осылайша қолына қаржы, материалдық игіліктерді, сайлау тетіктерін, бюрократиялық аппарат пен медиа қорын шоғырландырған билік, өтпелі кезеңде, қоғам мен мемлекет алдында тұрған мәселені текетірессіз, қандай да бір демократиялық стандарттарды орнатпастан шешуге талпыныс жасап көрді.
Бірақ, ондай жағдайды ұстап тұруға керекті әлгіндей қордың да таусылатын кезі болады. Сондықтан, менің ойымша, қазіргідей қаржы-экономикалық дағдарыс кезінде туындаған өткір проблемаларды шешу үшін билік бәрібір саяси жүйені өзгертуге мәжбүр болады.
Демократия –түпкілікті мақсат, идеал емес, ол қоғамның дамуы үшін оның алдында тұрған проблемаларды шешудің нақты тетіктері бар моделі. Саяси бәсекелестік пен пікір алуандығы қалыптасқан елдер материалдық, экономикалық және өзгедей қорлары шектеулі болған жағдайдың өзінде де үлкен жетістіктерге қол жеткізетінін дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отыр.
Әзірге, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Қырғызстан секілді Қазақстан да бұндай елдердің қатарына кірмейді, - деді Бөріхан Нұрмұхамедов.
XS
SM
MD
LG