Accessibility links

Қазақстан құқық қорғаушылары Копенгагенде тұжырымды сөйледі


Прагада наразылық жиынына шыққан қазақ босқындарының бірі «Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етеді. МАСҚАРА» деген жазу ұстап тұр. Ақпан, 2009 жыл.

Прагада наразылық жиынына шыққан қазақ босқындарының бірі «Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етеді. МАСҚАРА» деген жазу ұстап тұр. Ақпан, 2009 жыл.

ЕҚЫҰ-ның Копенгаген келісімдеріне қол қойылғанына 20 жыл толуына орай өткізген конференциясында постсоветтік кеңістіктегі елдерде адам құқығының әлі де өрескел бұзылатыны сөз болды. Ондай оқиға Қазақстанда да байқалады.


20 ЖЫЛ ӨТСЕ ДЕ ДЕКЛАРАЦИЯЛАР БҰЗЫЛА БЕРЕДІ

Өткен аптаның соңында Копенгагенге ресми делегациямен қатар ЕҚЫҰ-ға мүше елдердегі үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының өкілдері де шақырылды.

Мерейтойлық конференция осыдан тура 20 жыл бұрын Копенгаген құжаттарына қол қойылған залда өтті. Тура 20 жыл бұрын Еуропа небір өзгерістерді өткеріп жатқан болатын. Коммунистік доктринадан енді құтылған Орталық Еуропа мемлекеттері демократиялық жолмен дамуға қадам басқан еді.

Постсоветтік кеңістікте де үлкен өзгерістер болды. Осы елдердің бәрі бірінен соң бірі ЕҚЫҰ қозғалысының шеңберінде азаматтық және саяси құқыққа баса назар аударған Копенгаген келісімдеріне қол қойған.

Копенгагенде адам құқығын қорғау декларацияларына қол қойылғанына 20 жыл толуына орай өткен мерейтойлық конференцияның қатысушыларына Михаил Горбачев өзінің сәлемін жолдады. Горбачев конференцияға шақырылған еді, бірақ белгісіз себептермен Копенгагенге келе алмады. Ол өзінің жолдаған сәлемінде Копенгаген келісімдерінде бекітілген идеялардың бүкіл посткоммунистік әлем үшін маңызы ерекше деп баса көрсеткен.

Михаил Горбачев 20 жыл бұрын Копенгаген құжаттарында «адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын сыйлау – берік те бейбіт тәртіпті, қауіпсіздікті және ынтымақтастықты нығайтудағы алға басудың алғышарты» деп жарияланғанын атап көрсетті. Бірақ, Михаил Горбачев атап өткендей, құжаттың бұл қағидасы әлі де сақтала бермейді.

Копенгаген құжаттары нормаларының бұзылуына Копенгангендегі мерейтойлық коференцияда үкіметтік емес қозғалыстар мен адам құқығын қорғау ұйымдарының өкілдері де баса мән берген болатын.

Беларуссиядан бейресми тұлғалар арасынан конференцияға Адам құқықтары жөніндегі халықаралық федерацияның (FIDH) вице-президенті, «Весна» адам құқығын қорғау орталығының жетекшісі Алесь Беляцкий шақырылды.

Оның айтуынша, ССРО ыдырағаннан кейін пайда болған елдер Копенгаген келісімдері талаптарын толық көлемде орындамай отыр. Мәселен, Беларусте аталмыш келісімдерге қамтылған негізгі декларациялар "айрықша озбырлықпен бұзылады". Бұл келеңсіздік әділ де ашық сайлау өткізу, тәуелсіз сот жүйесі, қамау орындарында адамды азаптауға қарсы шаралар, жиналыс еркіндігі, бірлесу еріктілігі қағидаларына қатысты.

ҚАЗАҚ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРЫ ҰСЫНҒАН ТЕОРИЯ

Мерейтойлық форумның қатысушыларының алдында Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандық бюро директорының міндетін атқарушы
Адам құқықтары жөніндегі бюро директорының міндетін атқарушы Роза Ақылбекова. Алматы, 22 қазан 2009 жыл.
Роза Ақылбекова Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуы туралы есебін ортаға салды.

Қазақстандағы билік тарапынан жасалып жатқан кейбір оң қадамдарды атап өткен Роза Ақылбекова былай деп мәлімдеді:

«Адам құқықтарының сақталуы, бейбіт жиналыс еркіндігі, ар-намыс пен сөз бостандығы, азапталудан азат болу бостандығының ахуалы бұрынғыдай, ал кей тұстарында нашарлап кетті. ЕҚЫҰ-ның Копенгаген құжаттары негізіндегі халықаралық стандарттар мен міндеттемелерге елдің адам құқықтары саласындағы заңдары мен құқық қолдану тәжірибесі сәйкес келмейді».

Осы баяндама Қазақстан бойынша Копенгаген келісімдерін бұзу ауқымын түгел қамтыды және мынадай сөздермен аяқталды: «Газ, мұнай, лаңкестік және геосаяси жағдай секілді адам құқықтарының төрт дұшпаны жеңіске жетіп, адам құқықтарының сақталуынан үстем болып кетпесе, сол - маңызды».

Қазақтың келесі бір саяси белсендісі, бұрынғы сенатор, қазіргі «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» президенті Зауреш
Экс-сенатор, оппозициялық қайраткер Зауреш Батталова. Астана, 8 қазан 2008 жыл.
Батталова өзіне берілген сөз кезегін түгел заңдардың шиеленісін айтуға арнап, өзінің пікірінше Қазақстандағы парламентаризмнің дамуын тежеп отырған заң баптары мен тармақтарын тізіп шықты. 10 маусымда айтылған оның баяндамасы «Қазақстандағы құқық үстемдігі қағидасының сақталуына байланысты кейбір мәселелер туралы» деп аталады.

Айта кететін маңызды нәрсе – жиында Қазақстандағы адам құқықтарын таптаудың нақты мысалдары, Қазақстандағы және Қазақстаннан шыққан босқындардың тағдыры жайында өткір айтылды. Бір қызығы, мұны Қазақстанның құқық қорғаушылары емес, өзгелер сөз қылды. Босқындар мен діни азшылық өкілдерін дамылсыз қудалау деректерін Франциядан келген құқық қорғаушы тізіп берді.

ЕУРОПАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ ҰСЫНҒАН ТӘЖІРБИЕ

Копенгагендегі мерейтойлық конференцияда Франциядан келген құқық қорғаушы, «Орталық Азиядағы адам құқықтары» қауымдастығының президенті Надежда Атаева да сөз сөйледі.

Ол өзінің жолдауында негізінен босқындар мәселесін қозғады. Атаеваның айтуынша, көптеген бақылаушылардың "Қазақстан босқындар үшін қауіпсіз мемлекет бола алады" деген ұғымының күл-талқаны шықты.

Надежда Атаева Копенгаген конференциясынан тура бір күн бұрын, яғни 9 маусымда Қазақстан күш құрылымдарының Алматыда «Мигрант» шарасын өткізгенін хабарлады. Атаеваның айтуынша, таңғы сағат 6-лар кезінде 46 босқынды (олардың біреуі әйел) төсектен тұрғызып, алып кеткен, компьютерлерін тартып алған. Куәгерлер босқындарды тәртіп сақшылары аямағанын айтады. Оларды Алматының әртүрлі ауданынан ұстап әкеліп, көші-қон полициясына тоғытқан, ол жерден 25 адам ішкі істер департаментіне жөнелтілген.
«Орталық Азиядағы адам құқықтары» қауымдастығының президенті Надежда Атаева. Прага, 20 ақпан 2009 жыл.
Бәрінен саусақ іздері алынып, сұрауға алынған соң қалғандары сол күні босатылған.

Жапа шеккен өзбек босқындары, әсіресе ұсталғандардың жұбайлары дәл сол күні БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы өкілдігінің (БҰҰ БЖКБ) алдына жиналып, ұсталғандардың босатылуын талап еткен.

Қазақстанның күш құрылымдары көп күттірген жоқ. Дәл сол күні әлгі әйелдердің тұрып жатқан жерлеріне тінту жасаған, тынышталмаған жағдайда оларды әп-сәтте «тым-тырыс» ететінін айтып қорқытқан.

Сол күні 24 адам тұтқынға алынған, оның арасындағы 16 адамды Босқын мәртебесі туралы БҰҰ Конвенциясына сәйкес БҰҰ БЖКБ босқын деп таныды. Прокуратура сол 24 адамның 11-іне Өзбекстаннан экстрадициялық сұраудың келгенін мәлімдеген.

Надежда Атаева сонымен қатар Қазақстандағы 180 босқынға БҰҰ БЖКБ тарапынан босқын мәртебесі беріліп, олардың енді үшінші бір елге қоныс аударылуын күтіп отырғанын хабарлады. Алайда жаңа көші-қон шарттарының енгізілуіне байланысты Қазақстан әлгі босқындарға қатысты БҰҰ БЖКБ шешімін қайта қарап, жаңадан ұйғарым шығаруға бейіл.

ЧЕХИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ БОСҚЫНДАРЫ

Копенгаген конференциясының қатысушыларына арнаған жолдамасында Надежда Атаева тағы бір босқындар тобының тағдырына назар аударды. Әңгіме - Қазақстанға келгендері туралы емес, Қазақстаннан ауған босқындар туралы. Надежда Атаева 2006 жылы Батыс Қазақстанның 200 шақты тұрғыны – әдеттен тыс мұсылмандық қауым мүшелерінің елден кеткенін еске салды.

Атаева айтқандай, олар діни танымдарына бола көп алалаушылық көрген, көпшілігіне жалған қылмыстық айып тағылған, олардың
Босқын мәртебесін алғысы келетіндер тұрып жатқан депортациялық лагерь. Чехия, Бездез маңындағы Бела қаласы, шілде, 2009 жыл.
арасынан 14 адам сотталған, 37 адам азапталған.

Батыс Қазақстандағы әдеттен тыс діни қауымының барлық мүшелері Шығыс Еуропаның екі елі – Чехия мен Словениядан саяси баспана сұрады. Бір қызығы – сол діни қауымның өкілдеріне ұатысты екі ел екі түрлі көзқарас ұстанады. Словения оларға баспана берді, ал Чехия баспана беруден бас тартып отыр.

"Көші-қон қызметінің өкілдері де, босқын істері бойынша маманданған адвокаттар да соңғы шешім шықпай тұрып-ақ, арызданушыларға Чехияның өз аумағына мұсылмандардың жиналуына мүдделі еместігін, сол себепті баспана бермейтінін күні бұрын айтқан" дейді Надежда Атаева.

Надежда Атаева енді қазақ босқындардың ірі тобына күшпен Қазақстанға қайтарылу қаупі төніп тұр деп санайды. Ал Қазақстанда діни азшылыққа қарсы қуғын-сүргін жүріп жатқанын соңғы кездегі оқиғалардан аңғаруға болады.

Надежда Атаева "ЕҚЫҰ Чехия секілді елдерде босқын мәртебесін беру мәселесіне көзқарасын өзгертіп, оны саясаттың емес, адамшылықтың шаруасы санауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға" шақырды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG