Accessibility links

Орталық Азия мен Еуропа құқыққорғаушылары арасындағы «итжығыс»


Полицейлер Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алуға жиналған халықты бақылап тұр. Алматы, 17 желтоқсан 2009 жыл.

Полицейлер Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алуға жиналған халықты бақылап тұр. Алматы, 17 желтоқсан 2009 жыл.

Шілденің 20-сында Астанада БҰҰ-ның есірткі саудасы мен қылмысқа қарсы күрес жөніндегі семинары өз жұмысын бастады. Ертең аяқталатын басқосуға Орталық Азия елдері мен Пәкістан, Ауғанстан және Иранның құқық қорғау орындарының жетекші мамандары қатысып отыр. Жиынға ат салысудан Өзбекстанның бас тартқаны белгілі болды.




АЗАПТАП АЛЫП АҚТАЛАДЫ


Семинарда БҰҰ-ның есірткі саудасы мен қылмысқа қарсы күрес кеңсесінің қызметкерлері, халықаралық сарапшылар қылмысқа қарсы тұрудың қарапайым мысалдарын айтып, тәжірибе алмасумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар БҰҰ-ның халықаралық конвенцияларына сәйкес тәркілеу, мүлік пен активтерді қайтару жөніндегі ұйымдастыру орталығын құру мәселесін де қарайды.

Семинардың алғашқы күні экстрадиция мәселесіне байланысты ұлттық ерекшеліктер жайы талқыланып, анық мысалдар келтірілді.

Азаттық радиосына аса қызықты болғаны – Адам құқы жөніндегі Еуропалық комиссияның заңгері Татьяна Свешникованың сөзі. Соған байланысты көп дау шықты. Әсіресе, Орталық Азиядағы құқық қорғау орындарының қызметкерлері аянып қалмады.
Адам құқығы жөніндегі Еуропалық соттың эмблемасы.

Татьяна Свешникова Адам құқығы жөніндегі Еуропалық соттың бұл аймақта «аса танымал ұйым емесін», бірақ бұл халықаралық соттың 60 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, оның өкілеттілігін әлемнің 47 елі мойындағанын айтты.

Ол сонымен қатар Адам құқығы мен басты бостандықтарды қорғау жөніндегі Еуропалық Конвенцияның үшінші бабын бірден ауызға алып, соның арқасында халықаралық іздеу жарияланған қашқындардың көбінің өз еліне қайтарылмайтынын атап көрсетті.

«Азаптауға тыйым салу» деген аталатын осы бап бойынша «Ешкім азапталмауы керек, айуандық қорлыққа салынбауы керек, ары тапталып, жазаға тартылмауы керек». Іздеу жарияланған адамдар өздерін азап күтіп тұрғандарын айтып, Адам құқығы жөніндегі Еуропалық сотты пана тұта алады.

БАКИЕВ ПЕН АҚАЕВ ТА НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАДЫ

Жиында Адам құқығы жөніндегі Еуропалық комиссияның заңгері Татьяна Свешникова ТМД елдеріндегі азаматтарды қайтаруға байланысты әрекеттердің заңды екеніне күмәнданатынын жасырмады. Адам құқығы жөніндегі Еуропалық сот Тәжікстандағы құқық қорғау орындарының бірнеше адамды елдеріне қайтаруына байланысты қаулыларын тексеріп жатқанын сөз етті. «Бірақ олар ақтық шешім емес, өйткені Еуропалық сотта қаулыға байланысты шағымдану жолдары бар» дегенді айтты. Еуропалық комиссияға өз адамын қайтарып беруді талап еткен елдің күдіктілер мен сотталғандарға зорлық көрсеткені анықталса, жазалау жүйесінің жария емесі мәлім болса, қуғында жүрген азаматтың қайтарылмайтынын мәлімдеді.

Адам құқығы жөніндегі Еуропалық сот аймақтағы біраз елде тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир аль Ислами» деген ислам партиясының жағдайы мүшкіл топқа енетінін айтты. «Ресейдің осы топқа мүшелерді өзбектерге ұстап бергені Еуропалық конвенцияның үшінші бабын бұзу екендігін Ресей Федерациясына бірнеше рет айттық», - дейді Татьяна Свешникова.

Ал Ресей Федерациясы Құқықтық көмек және азаматтық, отбасылық, қылмыстық істер жөніндегі құқықтық қатынастардың Минск конвенциясын басшылыққа алады. Ол келісімге ТМД-дағы Түркіменстан мен Өзбекстаннан басқа елдердің бәрі қол қойған.

Татьяна Свешникова Минск конвенциясы бойынша осы халықаралық шартқа қосылған кез-келген елдің бірнеше себептерге байланысты іздеуде жүрген адамды бермей қоюларына болатынын айтпады. Мысалы, 89 бапта «ол адамды талап ету себебі нәсілдік, жыныстық, діни, этникалық себептерге байланысты деген анық дәлел болса», берілмейтіні жазылған.
Қырғызстанның президенті болған Құрманбек Бәкиев
баспасөз мәслихатында. Mинск. 23 маусым 2010 жыл.
Еуропалық соттың шағымды қарау мерзімі Қырғызстанның қаржылық барлау қызметі өкіліне ұнамай қалғандай болды: «бұл шара [экстрадиция] ұзаққа созылуы мүмкін, өйткені кез-келген адам Еуропалық сотқа хат жазып, отанымда азап көрдім дегенді айтады», - деді ол.

Қырғыз өкілі шағымды ұзақ тексерудің жөн еместігіне өзі куә болған соңғы оқиғалардан бір мысал келтірді. «Кейбір оқиғалардан кейін құқық қорғау орындарының қарауына біраз іс келіп түсті, кей адамдарға халықаралық іздеу жарияланды» дегенді айтты.

Қырғызстан қаржылық барлау қызметі өкілінің астарлы да бұлыңғыр сөзінен шаршаған семинар қонақтарының бірі:

– Бакиевті меңзеп тұрмысыз? – деп қалды.

Қырғыз өкілі көп ойланбай-ақ мақұлдады:

– Бұрынғы президентті де айтамын. Оның отбасы мүшелері Еуропада жүр. Мұның әуресі бірнеше жылға баратын сияқты, – деді.

ТӘЖІК ПРОКУРОРЫ – БҰЛТАРТПАЙТЫН АЙҒАҚ «ТҰТҚЫНЫ»

Татьяна Свешникова әділ соттың болмауы Орталық Азия елдерінің ұлттық заңнамасындағы негізгі кемшілік екенін айтты. Amnesty International мен Human Rights Watch ұйымдарының жыл сайын жарияланатын есептері – жай ғана құжаттар еместігін, Еуропалық сот белгілі бір шағымдарды қараған кезде осы халықаралық ұйымдардың қорытындысына сәйкес сол елде адамды азаптауы мүмкін деген ой түйетін маңызды ақпарат екені де осы кезде анық болды.

Татьяна Свешникованың айтуынша, елде тұтқындарға айуандық көрсеткені анықталмаса, «шағым негізсіз» деген түйін жасап, кері қайтарады.

Ол сонымен қатар белгілі бір ел аумағындағы тұтқындардан алынған мәліметтің Еуропалық сотқа біраз ой салатынын да айтты. Түрмеде жатқан халықаралық ұйым мүшелерімен кездестірмей қойған Өзбекстанды мысалға келтіріп, «бұл елде адам құқы бұзылып жатқанына осы оқиға тағы бір дәлел болады» деді. Ол «адам құқы бұзылып жатыр» дегенде тек азаптауды ғана емес, бұған қажетті ақпаратты алу үшін қолданатын моральдық кемсіту мен қорлау да қамтылатынын айтты.

Осы кезде Тәжікстан бас прокуратурасының өкілі аңқау кейіппен:

– Гуантанамоны айтып тұрсыз ба?-деп сұрады. Ол зорлық көрсетуге байланысты нақты оқиғаларды айтып беруін өтінді.

Еуропалық соттың оған байланысты мысалы көп екен. Татьяна Свешникова әуелі әйелдерді зорлау оқиғасын тілге тиек етіп, ондайға Орталық Азиядағы мемлекет қайраткерлерінің мүшелері де душар болатынын айтты.
Тәжік полициясы. Душанбе. 14 қараша. 2007 жыл.
Тәжік прокуроры да табанды екен, әйелге ондай зұлымдық көрсеткендерге байланысты, тым болмаса, бір дәлел келтіруін талап етті.

Татьяна Свешникова да көп жалындырмай, Еуропалық сотқа шағымданған бір әйелдің әңгімесін айтып берді. Ол әйел сотқа куәгер ретінде қатысқан екен, кейін прокуратура тергеушілері «мынандай мәлімет беруің керек» деп, оны кезек-кезек зорлапты. Одан соң тергеушілердің бірі презервативті ағашқа қарай лақтыра салыпты. ДНК сараптамасы ондағы ұрық «құқық қорғау орындарының» бір қызметкерінікі екенін анықтады. Татьяна Свешникова, әсіресе, «құқық қорғау орындары» дегенді айтқанда жиіркенішін жасыра алмады.

– Бес саусақ бірдей емес, – деп уәж айтты күмәншіл тәжік прокуроры. Ал қырғыздың қаржы барлаушысы мұны «қызмет бабын асыра пайдаланғандық» ретінде бағалады.

ТҮСІНДІРІЛМЕГЕН "ТҮСІНБЕУШІЛІК"

Семинардың модераторы, БҰҰ-ның есірткі саудасы мен қылмысқа қарсы күрес кеңсесінің өкілі Ольга Зудова пікірталасты осы жерден тоқтатпақ болды. Оны Ауғанстан бас прокурорының орынбасары бастаған топ қол шапалақтап қоштап кетті. Бірақ сол кезде Қазақстанның өкілі сөзге араласты.

Ол Еуропалық соттың Орталық Азия елдерінде әділ сот жоқ дегенде неге жүгінетінін ақыры түсінбепті. Еуропа елдерінің бірімен әріптес болған кезін айта келіп, тергеушілер тобының бірнеше түн бойы Қазақстан азаматына қарсы қозғалған қылмыстық іс материалдарын неміс тіліне аударғандарын айтып шағымданды. Ол азаматқа «кәсіпкерлерді өлтіріп, қарақшылықпен айналысты» деген айып тағылыпты. Бірақ кейін «әділ сот болмағандықтан босатып жіберіпті, енді оны әлі күнге дейін қылмыстық жауапкершілікке тарта алмай жүр екен».

Татьяна Свешникова тағы біраз мысал келтіріп, Азиялық құқық қорғау орындары қызметкерлерінің наразы сауалдарына жауап бергелі жатыр еді, дәл сол кезде Ольга Зудова жаңағыдан гөрі белсене кірісіп, енді басталған пікірталасты тыйып тастады.

Ольга Зудова одан кейін семинардың «техникалық» сипатта өтіп жатқанын, бұған БАҚ өкілінің қатыспағаны жөн екенін айтып, Азаттық радиосының тілшісін сыртқа шығарып жіберді.
XS
SM
MD
LG