Accessibility links

АҚШ билігі Қазақстанда адам құқығы ұдайы бұзылатындығын сынады


Оппозицияның наразылық митингісінен соң шерумен көшеге шықпақ болған бір топ адамның жолын полицейлер бөгеп, оларды тоқтатпақ болды. Алматы, 30 қаңтар 2010 жыл.

Оппозицияның наразылық митингісінен соң шерумен көшеге шықпақ болған бір топ адамның жолын полицейлер бөгеп, оларды тоқтатпақ болды. Алматы, 30 қаңтар 2010 жыл.

АҚШ мемлекеттік департаментінің әлем елдеріндегі адам құқығының жағдайы туралы жылдық есебінде Қазақстан туралы жеке тарау бар. Онда сыбайласқан жемқорлық, азаптау, саяси астары бар сот істері, БАҚ-на қысым, «дәстүрлі емес» дін өкілдерін қудалау және басқа да заң бұзушылықтар туралы айтылады.


ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТАР ТІЗІМІ

АҚШ мемлекеттік департаментінің жылдық есебі 2010 жылы 11-наурызда жарияланды. Зерттеу 2009 жылғы оқиғалар мен деректерді қамтиды. Құжаттың айтарлықтай ауқымды бөлігі Қазақстанға арналған.

Баяндаманың кіріспе бөлімінде Қазақстан президент Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы басты рөл атқаратын парламенттік жүйесі бар мемлекет ретінде таныстырылған.

Конституция туралы айтылғанда, бұл құжат елдегі билікті президенттің қолына жинақтап, мемлекет басшысына аймақтық және жергілікті билік органдарын бақылауға және биліктің заң шығарушы, сондай-ақ құқықтық тармақтарына айтарлықтай ықпал етуіне жол
"Нұр Отан" партиясының сайлау алдындағы жарнамасы. Астана, 16 тамыз 2007 жыл.
береді делінген.

Нақты мәліметтерге тоқталмас бұрын, АҚШ мемлекеттік департаменті есебінің ауторлары Қазақстандағы адам құқығының жағдайын зерттеу барысында қамтылған проблемаларды атап өткен.

Атап айтқанда, зерттеуде азаматтардың үкіметті таңдау құқығының шектелуі, әскер қызметіндегі кісі өлімімен аяқталатын қиыншылықтар, тұтқындарды азаптау, түрмелердегі адам төзгісіз жағдай, сыбайласқан жемқорлық, сот билігінің тәуелді екендігі, сөз бостандығын шектеу, үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне кедергі келтіру, кемсіту, адам саудасы және басқа да деректер келтірілген.

Әрі қарай есепте 2009 жылы Қазақстанда тіркелген адам құқығын бұзу деректері мен оқиғалары кең көлемде сипатталады.

ӘСКЕРДЕГІ ӨЛІМ

Есептің негізгі бөлімі Қазақстанның әскери қызметіндегі күрделі әрі қиын жағдайларға қатысты баяндаумен басталды. Бұған қатысты үкіметтің статистикалық мәліметтері келтірілді. Мысалы, 2009 жылы Қазақстан әскерінде 93 кісі өлімі тіркелген. АҚШ мемлекеттік департаменті солардың бірқатарына тоқталып өткен.

8 наурызда Алматы соты екі сарбазды бес жарым және алты жылға соттады. Оларға әскер қатарына жаңадан қосылған Елеусізовке қорлық көрсеткен деген айып тағылды. Әлімжеттік әрекеттен кейін Елеусізов өзіне қол жұмсаған.

Шілде айында әскерге шақырылған Мұхамбетқалиев Ақтаудағы әскери бөлімде сарбаз Незірбаевтың соққысынан қаза болды. Кісі өлтіруші алты жылға сотталды.

ЕЛДЕГІ АЗАПТАУЛАР

АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде ұсталғандарды азаптау немесе оларға қарсы адам төзгісіз әдіс-тәсілдер қолдану проблемаларына көңіл бөлінген. Тұтқындарды азаптауға заң бойынша тыйым салынған. Алайда полицияда және түрмелерде жауап алу мақсатында тұтқындарды кемсіту және соққыға жығу жағдайлары тіркелгені айтылған.

Тіпті Бас прокуратураның қызметкерлері және адам құқығы жөніндегі қазақстандық уәкіл елдегі құқық органдарының бірқатар офицерлерінің тергеу кезінде зорлық-зомбылық пен басқа да тыйым салынған іс-әрекеттерге барғандығын мойындауға мәжбүр болды.

Бірақ Қазақстандағы соттар, әдетте, тұтқындағылардың өздерінен күшпен жауап алынғандығына қатысты шағымдарын елеусіз қалдырып келеді.

Американдық мемлекеттік департаменттің есебі БҰҰ-ның арнайы өкілі Манфред Новактың Қазақстанда жүргізген зерттеуіне сілтеме жасайды.

Новак елде зорлық-зомбылық кең көлемде және үнемі қолданылмайды, бірақ ондай істерді жазасыз қалдыру әдетінің өзі полицияға
Терроризм айыбы тағылған Жасұлан Сүлейменовті айдауылдар сот ғимаратынан алып шықты. Астана, 19 тамыз 2010 жыл.
тұтқыннан мәлімет алу үшін тыйым салынған әдістерге – тұншықтыру немесе ұрып-соғу әрекеттеріне жол ашады деген қорытынды жасаған.

Өткен жылы тамыз айында Астана қалалық сотында Қуат Жобалаев пен Жасұлан Сүлейменовтердің ісі бойынша тыңдаулар басталды. Айыптаушы жақ бұл екеуін Ямаат әл-Фараби экстремистік діни тобына қатысы бар деп айыптады. Айыпталушылар «ҰҚК тергеушілері бізге қатаң қысым көрсетіп, жауап алды» деп мәлімдеді.

Осы мазмұндағы 1090 арыз 2009 жылы Қазақстанның адам құқықы жөніндегі уәкілінің кеңсесіне түскен.

Наурыз айында Қарағанды полициясы кісі өлтірді деген күдікпен 22 жасар Николай Багаутдиновты ұстады. Баспасөздің ақпаратына қарағанда, полиция қызметкерлері Багаутдиновты аяусыз ұрып-соғып, оны қылмысты мойындау мәлімдемесіне қол қоюға мәжбүрлеген.

АҚШ мемлекеттік департаменті өзінің жыл сайынғы есебінде Қазақстанда тұтқындалғандарға қатысты басқа да мәжбүрлеу жасалғаны жайында деректер келтірген.

2009 жылы 20 наурызда Степногорск қаласының тергеу абақтысындағы офицерлер ішкі тәртіпке бағынбаған және жаппай тәртіпсіздік жасауға талпынған деген күдікпен ұсталған екі кісіні аяусыз ұрып-соққаны айтылған.

Адам құқығы жөніндегі бюро үкіметтік емес ұйымы осы оқиғаны қарауды талап етіп омбудсменге қайрылған, алайда адам құқығы жөніндегі уәкілетті мекеме түрме қызметкерлерінің іс-әрекетінен ешқандай заңсыздық байқамаған.

Сәуір айында ҰҚК-нің офицерлері Атырауда браконьерлік жасады деген күдікпен үш балықшыны ұстап, оларды ұрып-соққан. Үшеуі де іш құрылыстарының жарақаттарымен ауруханаға түскен. Олардың біреуі ақыл-есінен айрылды.

ҰҚК зорлық-зомбылық көрсету айыптарының барлығын елеусіз қалдырып, балықшылардың өздеріне қарсы қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізе бастаған.

Американдық мемлекеттік департаменттің есебі Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың хабарларына да сілтеме келтіре отырып, түрмелерде тұтқындарға қарау жағдайы 2009 жылы жақсарып кетпегендігін атап өтеді.

Үкіметтің өзі қамау мекемелерінде сотталған 43 адамның өлгендігін, тағы 59 кісі өз-өзін өлтіргендігін хабарлады. Ұсталғандар мен түрмедегілердің санына қатысты соңғы статистика:

Қазақстан түрмелерінде 50 843 сотталған адам және ұсталған 8 298 кісі абақтыларда қамауда отыр. Олардың 3 129-ы әйел және 449-ы кәмелет жасына толмағандар.

САЯСИ АСТАРЫ БАР СОТТАР

АҚШ мемлекеттік департаменті есебінің ауторлары Қазақстанда 2009 жылы саяси тапсырыспен жұмыс істеген соттарға кеңінен тоқталып өтті. Олардың арасында адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис пен журналист Рамазан Есіргеповтерге қарсы сот процестері аталады.

Есеп ауторлары Қазақстанда журналистика үнемі биліктің нысанасында деген көзқарасты қосылатындықтарын атап көрсеткен. Әсіресе
Үш жылға сотталған «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов үкім шыққан күні. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.
сыбайласқан жемқорлық тақырыбында қалам тартып, оппозициялық БАҚ-мен қарым-қатынас орнатқан журналистерге қысым жасалады. Олар үнемі қауіп жағдайында жұмыс істейді.

Есепте біздің Азаттық радиосында жұмыс істейтін интернет-редактор Ермек Болтайға қатысты оқиға келтірілген.

18 қаңтарда Алматыда Ермек Болтайға шабуыл жасалды. Бейтаныс бірнеше кісі көшеде одан ақша талап еткен. Талаптар орындалмаған соң олар журналистке жабылған. Полиция бұл жағдайды бұзақылық әрекет деп сипаттады.

«Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев туралы американдық есепте билік істі тергеу барысында айыпталушыға қысым көрсетті деп айтылып өткен.

ДІНИ ТӘЖІРИБЕНІ ШЕКТЕУ

Баяндамада Қазақстандағы дін бостандығына қатысты жағдайға айтарлықтай көңіл бөлінген.

Есепке сәйкес, дін бостандығы туралы заң бар екендігіне қарамастан, жергілікті биліктер аймақтарда жекелеген топтардың, әсіресе биліктің «дәстүрлі емес» дін санатына жатқызған қауымдардың діни тәжірибесін бақылауға алуын немесе шектеуін жалғастырып келеді.

Әдетте мұндай топтардың көпшілігі тіркелуге талпыныс жасайды, бірақ билік тарапынан тіркелу процесін созу және кедергі келтіру іс-әрекеттері байқалып отыр. Көптеген топтарға қарсы іс қозғалады. Соттардың оларға айыппұл салуы жиілеп кетті.

Баптистік шіркеулер кеңесі өз өкілдеріне тіркелмеген топтарға қатысты деген желеумен жасалатын қысымдардың көбейгендігін хабарлады. Протестанттар қаржы полициясы тарапынан қудалауға ұшырадық деп айтып отыр.

Атыраудың қалалық соты 26 қаңтарда, жергілікті билік жеті жыл бойы тіркемей келген, Иегово куәгерлері діни орталығын тіркеу құқығын мақұлдады.

Қауым өкілдері өздеріне қатысты қарым-қатынастың біршама жақсарғандығын айтқанымен, билік органдары олардың діни рәсімдерін өткізуге кедергі келтіруге талпынып келеді дегенді алға тартады.

Американдық есеп жергілікті бақылаушыларға да сілтеме жасай отырып, қауіпсіздік органдары діни топтардың қызметін, соның ішінде имамдардың уағыздарын жасырын бақылайды деп хабарлады.

ҰЙҒЫРЛАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ

АҚШ мемлекеттік департаментінің есебі Қазақстандағы босқындар мәселесіне де тоқталып өткен. Бұл ретте 2009 жылы босқындарды Өзбекстанға мәжбүрлі түрде депортациялау жағдайы кездеспегендігі атап көрсетілді.

Бірақ Қазақстан билігі босқындардың мәселелерін барлық жағдайда осылай шешкен жоқ. Мысалы, қытай ұйғырларына қатысты жағдай тіпті басқаша көрінеді. Есепте ұйғырларды Қытайға депортациялау жағдайлары кездескендігі хабарланды.

Американдық мемлекеттік департаменттің әлем елдерінде адам құқығының бұзылуына қатысты есебінің Қазақстанға арналған көлемді тарауы 33 беттен тұрады.

Бұл құжат әлі талай уақыт елдегі жағдайдың қандай екендігі мен оның жақсару мүмкіндігіне қатысты қызу пікірталастың өзегіне айналары анық.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG