Accessibility links

«Хьюман Райтс Уотч» Қазақстандағы адам құқы мен БАҚ еркіндігінің ахуалына алаңдайды


Қазақстандық журналистер елдегі тәуелсіз баспасөзге жасалып жатқан қысымға наразылық білдіріп, Ақорда, парламент пен үкімет үйлерінің алдына шықты. Астана, 16 қазан 2009 жыл.

Қазақстандық журналистер елдегі тәуелсіз баспасөзге жасалып жатқан қысымға наразылық білдіріп, Ақорда, парламент пен үкімет үйлерінің алдына шықты. Астана, 16 қазан 2009 жыл.

«Хьюман Райтс Уотч» ұйымы 2009 жылғы әлемдегі адам құқының жағдайы туралы баяндамасын жариялады. Құқыққорғаушылар өткен жылы қазақ билігінің атына халықаралық қауымдастық тарапынан сындар көбейгенін айтып, бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі рөлін төмендетеді дейді.


ҚҰРҒАҚ УӘДЕЛЕР

«Хьюман Райтс Уотч» халықаралық құқыққорғау ұйымы 21 қаңтарда әлемдегі адам құқына байланысты 2009 жылғы жағдай туралы баяндамасын жариялады. Әлемдегі 79 елдегі адам құқына қатысты жағдайлар зерттелген «2009 оқиғалары» баяндамасында Қазақстан жақсы қырынан көрінбеген.

Өткен жылғы Қазақстандағы адам құқы жағдайын сипаттай келіп, баяндама ауторлары, 2009 жылдың басындағы жасалған аздаған реформаларға қарамастан ел үкіметі кейінірек адам құқына байланысты бірнеше соққылар берді деп жазады. Бұл жағдай Қазақстаннның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретіндегі рөлін төмендетеді деп көрсетілген. «Хьюман Райтс Уотч» құқыққорғаушылары Қазақстан бұдан бұрын уәде еткен елеулі реформаларды жүзеге асыра алмады деп есептейді.

«Билік әділетсіз соттан соң белгілі құқыққорғаушыны төрт жылға түрмеге жапты, БАҚ пен Интернет туралы заңға құқықтарды шектейтін өзгертулер енгізді, бейбіт шерулер мен қарсылық шараларын өткізуге рұқсат бермейді. Сонымен бірге, Қазақстан билігі қамауда отырған адамға хат алысу, адвокатты пайдалану құқын бермегендігін ұлттық қауіпсіздік мәселесімен бүркемелейді», – делінген баяндамада.

«2009 оқиғалары» баяндамасының ауторлары өткен жылдың екінші жартысында адам құқына байланысты қалыптасқан жағдайға орай Қазақстанның атына халықаралық қауымдастық тарапынан айтылған сын күшейе түсті деп есептейді.

АЛАҢДАТАРЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАР

Баяндамада белгілі құқыққорғаушы Евгений Жовтистің сот процесін сипаттауға бөлек тарау берілген. Алматы облысы Балқаш аудандық сотында және Талдықорғандағы Алматы облыстық сотында өткен сот процестерін бақылау материалдарын келтірген баяндама ауторлары екі процесс те айыпталушы тараптың құқықтарын дөрекі түрде бұза отырып жүргізілген деп жазады.

«19 қыркүйекте ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы Жовтиске қатысты процесте орын алған толып жатқан кемшіліктер туралы хабарларға байланысты, оның әділ сот талқылауына құқы бар еді деп алаңдаушылық білдірді. Өзге де халықаралық ұйымдар, соның ішінде Еуропалық одақ, Франция мен АҚШ үкіметтері де осындай мәлімдемелер жасады», – делінген баяндамада.

Сонымен бірге, баяндамада, 2009 жылы Қазақстанда сөз бостандығын бұзу оқиғалары болғандығы, оны «Хьюман Райтс Уотч» өкілдерінің тіркегендігі айтылған. Баяндама ауторлары өткен жылғы ақпан айында Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға түзетулер енгізілгендігі жайында егжей-тегжейлі жазады; интернет-басылымдарды бұқаралық ақпарат құралдарына теңестіретін заң қабылданды; сонымен бірге, «Тасжарған» және «Республика» газеттеріне миллиондаған теңге айыппұл салынды.

«Осы оқиғалардың барлығы қиын жағдай тудырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистерге үнемі арыз жазылып, жала жапқаны үшін сот арқылы жазалану қаупі төніп тұрады», – делінген баяндамада.

Баяндамада қазақ билігінің бейбіт жиналыстар туралы заңды жұмсартуға әрекет жасамағаны айтылады. Құқыққорғаушылар Алматының орталығындағы бейбіт шараларға қатысушыларды полицияның тұтқындап әкеткендігі және айып салғандығы жайында бірқатар оқиғаларды мысалға келтірген.

ЖӘКІШЕВТІҢ ІСІ

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының ісі бойынша шулы сот процесі де «Хьюман райтс Уотч» өкілдерінің назарынан тыс қалмаған. «2009 оқиғалары» атты жаңа баяндамада Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік құпияларға кіру рұқсаты жоқ адвокаттарды өз қорғауындағылардың процесіне қатысуға жібермей қойған фактілері жайында айтылған.

«Мысалы, Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Данияр Қанафин өзінің қорғауындағы адаммен кездесуге ҰҚК тосқауыл қоя отырып, ұлттық және халықаралық құқықты бұзып отыр деп жария түрде шағымданды. 7 шілдеде ҰҚК Адвокаттар ассоциациясы мен Алматы әділет департаментіне сауал жолдап, Қанафинді адвокаттық қызметтен шеттетуін сұрады. Бұл жерде ҰҚК «Қанафин билікті теріс қабылдауға алып келді» деп жазды. Адвокаттар ассоциациясы бұл өтінішті кері қайтарды, бірақ Қанафин осы уақытқа дейін өзінің клиентімен жұмыс істеуге рұқсат ала алмай отыр», – деп хабарланған баяндамада.

Сонымен бірге, баяндамада, тергеумен «ынтымақтасуға» мәжбүр болып, компанияның бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке қарсы куәгерлер ретінде құпия пәтерлерде ұсталып отырған «Қазатомпром» компаниясының вице-президенттерінің әйелдеріне де қысым жасалғандығы айтылған. Аталған жағдайда Мұхтар Жәкішевтің бұрынғы орынбасарлары – Дмитрий Парфенов пен Малхаз Цоцорияның аттары келтірілген.

«Егер жағдайды ушықтырғысы келмесе, олар халықаралық ұйымдарға да, дипломаттарға да шағымданбаулары керек деп олардың әйелдеріне ҰҚК де, олар белгілеген адвокаттар да қысым жасаған», – делінген баяндамада.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОҒАМДАСТЫҚТЫҢ ТҮҢІЛУІ

Бұл айтылған сындардан өзге, құқыққорғаушылар мынадай мысал келтіреді. Өткен жылдың ақпан айында Қазақстанның Конституциялық кеңесі елдегі діни қызметті реттейтін заң жобасын Конституцияға қайшы келеді деп таныған.

Баяндамада, 2009 жылдың барысында ЕҚЫҰ өкілдерінің Қазақстан билігімен бұл елдің аталған ұйымға 2010 жылы төрағалық етуіне қатысты мәселелер бойынша жұмыс істегені айтылады. Атап айтқанда, Германияның Қазақстан үкіметіне төрағалыққа даярлану үшін көмек көрсеткендігі, алайда ол елдің Қазақстан үкіметінің назарын адам құқы мәселелеріне қатысты жұмысындағы кемшіліктерге аударып, бұл салалардағы өзгерісті ынталандыруға елеулі күш салмағандығы атап өтіледі.

«Бұдан бұрын Германия Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы туралы кандидатурасын белсенді түрде қолдағанын ескерсек, бұл көңіл қаларлық жағдай болды. 2009 жылдың ақпан айында Еуропалық одақ пен Америка Құрама Штаттары жыл басынан бері байқалып келе жатқан елдегі реформаларды қолдап мәлімдеме жасады және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қарсаңында бұдан ары да ілгерілеудің қажет екендігіне назар аударды», – делінген баяндамада.

Алайда, 2009 жылдың қыркүйек айында Еуропалық одақ пен Құрама Штаттары Интернетті бақылайтын заңның қабылдануына, журналист Рамазан Есіргеповтің сотталуына және құқыққорғаушы Евгений Жовтистің әділетсіз сот процесіне байланысты алаңдаушылық танытқан.

Еуропалық одақ Қазақстандағы бірқатар жағдайларға байланысты БАҚ бостандығының бұзылуына өкініші мен алдаңдаушылығын білдірген.
XS
SM
MD
LG