Accessibility links

23 тамыз – адам саудасының құрбандарын еске алудың халықаралық күні


Заңсыз еңбек мигранттары. Тараз, қыркүйек, 2008 жыл.

Заңсыз еңбек мигранттары. Тараз, қыркүйек, 2008 жыл.

Адам саудасы - өзінің ауқымы мен табыс әкелу көлемі жағынан қару-жарақ пен есірткі саудасынан кейін үшінші орында тұр. Сарапшылар жылына 5 миллион адамның тірі «тауарға» айналатынын айтады. Кейбір деректер бойынша, Қазақстан арқылы жылына 5 мың кісі адам саудасының құрбаны болып, транзит арқылы сыртқа кетеді.

ЖЕТІМДЕР МЕН АЛЫС АЙМАҚТАРДАН КЕЛГЕНДЕР ҚҰЛДЫҚҚА ЖИІ ҰШЫРАЙДЫ

Үстіміздегі жылдың көктемінде Оңтүстік Қазақстан облысында адам саудасымен айналысқан деген күдікке ілінген қылмыстық топ қолға түсті. Олар Шымкенттен қыздарды ұрлап, өзге қалаларға сатып отырған. Ал бойжеткендерді сатып алған «жеңгетайлар» қыздарды ақша үшін жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Саудаға түскен бойжеткендер моншаларда қызмет еткен. Ал қыздар қашып кетпесі үшін, оларға белгісіз дәрілер беріп отырған.

– Бізге белгісіз дәрілер берді, одан кейін басың ауырып ұйықтай бергің келеді. Қашып құтылудың еш мүмкіндігі болған жоқ, телефонға да жақындатпайды. Қайда барсаң та бізбен бірге күзетшілер жүреді, – дейді жәбірленуші қыздардың бірі.

Қылмыскерлер қыздарды 50 мың теңге, шамамен 330 АҚШ доллары көлемінде сатқан. Бойжеткендер аталған соманы ақтауға тиіс болған. Ал одан түскен қаржыны «жеңгетай» өз қалтасына басып отырған.

Құлдыққа төзбеген қыздардың бірі сәтін тауып қашып шығып, полицияға хабар берген соң ғана адам саудагерлерінің әрекеті әшкере болды. Қазір қылмыстық топтың он шақты құрбаны белгілі. Құқық қорғаушылар олардың саны бұдан да көп болуы ықтимал дейді. Алайда олардың барлығын анықтау әдетте қиынға түсіп жатады, өйткені «адам саудасының құрбаны көбіне сұрауы жоқ - жетім немесе алыс аймақтардан келгендер болып табылады» дейді мамандар.

«МЕН ОНЫ ҚҰЛДЫҚҚА САТЫП АЛДЫМ»

Мамандар әдетте құлдыққа салынатындардың көпшілігі әйел адамдар екендігін айтса, соңғы уақыттары жұмысқа қабілетті ер адамдарды құлдыққа салу фактілері де жиі байқалатын болған.

- Жуырда Оңтүстік Қазақстанда Ташкенттен келген 17 жастағы жігітті қамауда ұстап, құл ретінде пайдаланған жайт анықталды. Оны күні-түні жұмысқа салған. Халықаралық ұйымдардан көмек сұраған жігіттің анасы осында келіп, полицейлер мен сарапшылар барлығы ұлын босатып алуға барғанда, үй иесі «мен оны құлдыққа сатып алдым» деген. Бұл жағымсыз тенденция соңғы кездері кең етек алып келеді, - дейді адам саудасы саласында бірқатар зерттеулер жүргізіп жүрген маман Гүлмира Сұлтанбаева.

Сонымен бірге, «тауар» ретінде сатылған адамдар бір жағынан жәбірленуші болып, екінші жағынан қылмыскер болып та жататын жайттар бар.

- Қарақалпақстаннан келген бір топ азамат Ақтөбеде бір кешенде жұмыс істеген. Жұмысшылардың арасында ер адамдармен қатар әйел адамдар болған. Күндіз ер адамдар әйелдермен бірге кешен иесінің азабы мен қанауына көніп жұмыс істеген, ал түнде өз тобындағы әйелдерді зорлаған. Осылайша олар бір жағынан жәбірленуші де, екінші жағынан қылмыскер болып танылды, – дейді маман.

ҚЫЛМЫСТЫ БИЗНЕС

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, адам сату – көлеңкелі бизнесте есірткі мен қару-жарақ сатудан кейінгі үшінші орында тұр. БҰҰ-ның мәліметтеріне сәйкес, жылына құл сатушылардың қолдарына 5 миллиондай адам түседі екен.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Мемлекеттік департаменттің әлемдегі адам саудасы жайындағы жылдық есебін таныстырып тұр. Вашингтон, 16 маусым 2009 жыл.
Бақылаушы мамандар бұл істің табысты екендігін де жоққа шығармайды. Кей ақпараттарға қарағанда, халықаралық қылмыстық топтар жыл сайын осы салада 7-8 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс табады екен. 80% -ға жуығы халықаралық адам саудасы - әйелдер мен балаларды сату болса, 70%-ға жуығы жыныстық қатынастарға пайдалану мақсатында басқа елдерге сатылады.

Адам саудасы криминогендік бизнестің алуан түрлілігі сияқты адамзаттың күрделі проблемаларының бірі болып табылады, ол әлдеқашан жекелеген мемлекеттерден тысқары шығып әлемдік ауқымға ие болған.

Обьективті факторларға байланысты Қазақстан адам саудасы құрбандары келетін, тұратын және транзитті елдердің бірі болып қаралады. Яғни, бұл проблема біздің республика үшін көп жақты сипат алып отыр дейді мамандар.

Осы мәселеге қатысты елдегі «Бірлік» бастамашыл тобының жүргізген зерттеулері, әдетте әлеуметтік жағдайлары нашар азаматтар - адам саудасының құрбаны болып келетіндігін анықтаған.

– Әлеуметтік жағдайлары нашар, оның ішінде жұмыссыздар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, оқушылар мен студенттер, жиынтығында тұрғындардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобы көбіне осы қылмыстың құрбаны болады, – дейді бастамашыл топтың қатысушы Татьяна Завьялова.

Көбіне құрбандар, жақсы жұмыс немесе білім алу мақсатында деп алданып Біріккен Араб Әмірліктері, Әзірбайжан, Түркия, Израиль және АҚШ-қа жіберіледі.

ЗАҢМЕН ҚУДАЛАУ

2006 жылдан Қазақстандық бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Қылмыстық кодексте «адам саудасы» деген жаңа термин пайда болды. Бұл өзгеріс қоғамға деңдеп енген жаңа бір қылмыс – адам саудасының орын алуын мойындаудан пайда болған қадам дейді мамандар.

- Егер бұрын ҚР ҚК 128 бапта «қызметке тарту және пайдалану» делінсе, 2006 жылдан бастап бұл бапта «адам саудасы» деп көрсетілген. Бұл факт расталып жатқан жағдайда қылмыскер 15 жылға бас бостандығынан айырылып мүлкі тәркіленеді, – дейді Алматы қаласының Ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Валерий Козлов.

Басқарма бастығы, өткен 2008 жылы бір ғана Алматы қаласының өзінде аталған бап бойынша 3 қылмыстық іс қозғалғандығын айтады.

- Оның ішінде біреуі – 133 бап «кәмелеттік жасқа толмағандарды сату» деп танылды. Қырғызстандық кәмелетке толмаған жасөспірім қызды Алматыға заңсыз алып келіп, 300 АҚШ долларына сатып жібергені анықталды. Арнайы шара барысында ол қызды Сейфуллин көшесінде орналасқан қонақ үйлердің бірінен тауып алдық. Жас қызды жезөкшелікпен айналысуға пайдаланған, – дейді полиция полковнигі Валерий Козлов.

Ал жалпы республика бойынша 2008 жылы ішкі істер органдары адам саудасының 20 фактін, оның ішінде 5 - кәмелетке толмағандар саудасын анықтады. Адамдарды пайдалану мақсатында ұрлағаны үшін 4 қылмыстық іс қозғалды, 11-і жезөкшелікпен айналысуға тартқаны және 226-сы жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар мен жеңгетайлық ұйымдастырғаны үшін қозғалған қылмыстық істер.

«Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының төрағасы Зульфия Байсақова заңдық нормалардың өзгеруіне қарамастан аталмыш бизнес Қазақстанда қарқынды дамып келеді дейді.

Дегенмен, маман бұл көрсеткіштерге қол соғудың әлі ерте екендігін айтады. Әдетте қылмыс неғұрлым көп ашылса, тасада жүргендердің дені көлеңкеге қарай әрекеттене бастайды екен. Тіпті, бұл қылмыс атты әлемнің о бастағы қағидасы-мыс. Осыны тілге тиек еткен Зульфия Байсақова, көп адамдар әдетте ақпараттың аздығынан адам саудасының құрбаны болатындығын айтады.

- Сондықтан, алдағы қыркүйектің 1-інен бастап республика бойынша, 8 8000 8000 15 сенім телефоны іске қосылмақ. Ол адам саудасының құрбандарына және оның куәгерлері болған азаматтарға күні-түні қызмет етпек. Қоңырау шалу тегін, – дейді Зульфия Байсақова.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG