Accessibility links

Наразылық акциясына шыққан тәуелсіз журналистер өз жанайқайын Назарбаевқа жеткізуге талпынды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстандық журналистер елдегі тәуелсіз баспасөзге жасалып жатқан қысымға наразылық білдіріп, Ақорда, парламент пен үкімет үйлерінің алдына шықты. Астана, 16 қазан 2009 жыл.

Қазақстандық журналистер елдегі тәуелсіз баспасөзге жасалып жатқан қысымға наразылық білдіріп, Ақорда, парламент пен үкімет үйлерінің алдына шықты. Астана, 16 қазан 2009 жыл.

Жұма күні Астанада шетелдік елшілік өкілдерімен кездесуден кейін, Ақорда, парламент пен үкімет үйлерінің алдына наразылықпен шыққан бірқатар тәуелсіз басылымдардың редакторлары елдегі баспасөздің шынайы жағдайын президент Назарбаевтың назарына жеткізгілері келетіндігін мәлімдеді.


ПРЕЗИДЕНТКЕ ЖЕТПЕГЕН ХАТ

«Жанайқай». Осындай атпен жұма күні, Астанада тәуелсіз басылымдардың редакторлары наразылық акциясын өткізді. Алматыдағы айқайларына құлақ аспайтын, басылымдары арқылы жазғандарына назар аудармайтын билікке тағы да өз үндерін естірту үшін, журналистер Астанаға арнайы келгендерін айтты.

Бет-ауыздарын дәкемен тұмшалаған журналистер өздерін ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қабылдауын талап етті.

«Президентке елдегі тәуелсіз БАҚ-тың ахуалы жайында ашық айтамыз» деді журналистер. Ал егер президент кездесуден бас тартса, батыс елдеріне дейін барып, наразылық акцияларын өткізетіндерін айтты.

Олар осыған дейін де президент Назарбаевтың атына өздерін қабылдауды сұрап ресми хат жолдаған болатын. Алайда, оған күні бүгінге дейін жауап алмапты.

Бұл жолы Астанаға президентке жазған хаттарын ала келген тәуелсіз журналистер, Ақордаға барып, президенттің өздерімен кездесуін талап етті.

– Президент тек қана билікшіл басылымдардың өкілдерін ғана емес, бізді де қабылдауын сұраймыз. Біздің президент мырзаға қоятын сұрағымыз көп. Мәселен, неге елдегі сот жүйесі тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына келгенде шенеуніктер жағына шығады, қомақты айыппұл төлеткізіп, газеттерді жабады? Баспаханаларға «Республика» басылымын бастырмау жөнінде кім тапсырма берді? Міне осы секілді президентке қоятын сұрақтарымыз өте көп, – дейді Розлана Таукина.

Ал «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы егер билік бұл жолғы талапқа құлақ аспаса, Еуропаға жол тартамыз деп отыр.

– Қазір біз өз басылымдарымыздың тағдырына алаңдаудан гөрі, қоғамда болып жатқан жағдайға қатты мазасызданамыз. Егер тәуелсіз басылымдарға қысым жасау үдей берсе, елдің жағдайы не болады? Мемлекет басшысы Алматыда студенттер алдында лекция оқыған кезде «елдегі оппозициялық басылымдарды оқимын» деді. Егер оқитыны рас болса, ондағы жазылғандарға мән беретін болса, тәуелсіз баспасөзді қудалау әрі қарай жалғаспас еді. Президент бізден қашып құтыла алмайды. Ертең ЕҚЫҰ-ға төраға болып, Еуропаға барған кезде, біз де соңынан қалмай жүріп отырамыз, – дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

«Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық қорының президенті Розлана Таукина елдегі тәуелсіз баспасөзге жасалып жатқан қысымға наразылық хатты табыс етуге Қазақстан президенті әкімшілігінің кеңсесіне келді. Астана, 16 қазан 2009 жыл.
Ал сот салған 30 млн. теңге айыппұлды төлеуге шамасы келмей жабылып қалған «Тасжарған» газетінің бас редакторы Ермұрат Бапи жарық көргелі жатқан «Дат» жобасының жаңа басылымына, құқық органдарының қазірден бастап іздеріне түскендерін айтады. Сол себептен, жаңа газетті жарыққа шығара алмай жатырмыз дейді ол.

«Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық ұйымының төрайымы Розлана Таукинаның сөздеріне қарағанда, Қазақстан қоғамында билікке қарсы үн айтатын жиырма шақты ғана басылым қалған. Алайда, солардың ішінде әзірге, «Жас Алаш», «Свобода Слова» және «Правда Казахстана» газеттерінен басқасының журналистері соттан көз ашпайтын болыпты.

Журналистер өздерінің жазбаша талап-тілектерін тапсыруға Қазақстан президентінің әкімшілігіне барды. Алайда, бұл кезде президент кеңсесінде құжаттарды қабылдау уақыты аяқталып қойғандықтан, олардың хатын ешкім қабылдамады.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ЖАНАЙҚАЙЫН ШЕТЕЛДІК ДИПЛОМАТТАР ДА ЕСТІДІ

Жұма күні Астанаға келген журналистер осында орналасқан шетелдік дипломаттармен де кездесіп, оларға елдегі тәуелсіз ақпарат құралдарының жағдайын баяндап берген.

Оппозициялық басылымдар редакторларының айтуларына қарағанда, оларды қабылдаған елшіліктердің қызметкерлері Қазақстан қоғамындағы жағдайдан толық хабардар екен. Қазақстанда сөз бостандығына жасалынып жатқан қысымдар жөнінде бүге-шігесіне дейін біліп отырған дипломаттар тәуелсіз басылымдардың жанайқайларын назарға аламыз деген уәде берді деп үміттенеді журналистер.

Дипломатиялық миссияның өкілдерімен «Общественная позиция» газетінің бас редакторы Розлана Таукина, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы, «Азат» газетінің бас редакторы Нәзира Дәрімбет, «Тасжарған» газетінің бас редакторы Ермұрат Бапи, «Алма-Ата инфо» басылымының бас редакторының орынбасары Раушан Есіргепова және «Республика» мультимедиялық жобаның редакторы Анастасия Новиковалар кездескен.

Алайда, бұл кездесу жабық есік жағдайында өтті. Оның себебін түсіндірген, аталған басылым бас редакторлары «дипломаттар қоғам алдында өткір пікірлерін айта алмайды, олар бізбен ашық әңгімелесу үшін ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуын қаламады», – деп түсіндірді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG