Accessibility links

Үндістан Қазақстаннан уран тасымалдағысы келеді

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үндістандағы Республика күні салтанатының құрметті қонағы болмақ. Сапар қорытындысы ретінде атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылмақ.

IANS ақпараттық агенттігі Үндістанның Қазақстаннан уран тасымалдау туралы келісімге қол қою ниеті барын айтады. Агенттіктің мәліметінше, атом энергиясын бейбіт пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Нью-Делиге үшкүндік сапары аясында қол қойылмақ.

Қазіргі уақытта екі елдің тиісті ведомстволары арасында келіссөздер жүріп жатыр. Осы жағдайларға қарағанда үнділер үшін уран келісімінің мағынасы зор сияқты. Сондықтан Қазақстан басшысына Республика күні салтанатында құрметті қонақтың орны берілуі кездейсоқтық емес.

Сапар барысында бірнеше келісім жасау жоспарлануда. Үндістан мен Қазақстан уран тасымалдаумен ғана шектелмек емес. Тараптар ядролық энергияны зерттеу мен атом электр станцияларын салу саласында іскерлік байланыстар жасамақ.

«Үндістан мен Қазақстанның қарым-қатынастары берік, бірақ байланыстың қазіргі деңгейі талапқа сай емес, — деп мәлімдеді IANS тілшісіне сұхбат берген Үндістанның бұрынғы сыртқы істер министрі М.К.Расготра. — Оның энергетикалық ресурстарға деген зор қажеттілігін ескере отырып Үндістан атом электр станцияларын қамтамасыз етуге қомақты көлемде уран тасымалдамақ.

Business Standard іскер басылымы Қазақстанның АҚШ, Франция, Ресейден кейінгі Үндістанмен атом энергетикасы саласында келісім жасасқан төртінші мемлекет екенін жазады.

Қазақстанның Үндістандағы елшісі Қайрат Омаров ядролық энергетика саласындағы келісімді бекітуге өз елінің мүдделілігін жасырмайды: «Қазақстан жағы Үндістанмен ынтымақтасуға дайын, себебі Үндістан беделді ел», — деді. Сондай-ақ Назарбаевтың сапары кезінде келісімге қол қойыла ма деген сұраққа елші: «Біз осы тұрғыда жұмыс істеп жатырмыз, әзір бұл туралы айту ертерек», — деп жалтарма жауап берді.

Бірақ үнділік бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасаған дерек көздері келісімнің жүзеге асатынына сенімді. Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) пен ядролық тасымалдаушылар тобы Үндістанның 30 жыл шамасындағы күшінде тұрған ядролық отынды тасымалдауға салынған тиымын алып тастады. Бұл тиым шараларын тежеу деп санаған Үндістан ядролық қару таратпау жөніндегі халықаралық келісімге қосылудан бас тартты.

Уран ынтымақтастығы тақырыбы жуықта өткен Қазақстан-Үндістан қарым-қатынастарына арналған конференцияда да талқыланды. Үндістанның астанасында өткен конференция Қазақстан президентінің сапарына ұштастырылды. Қазақстандық ғалым Марат Шайхутдиновтың өз елінде Үндістанға уран тасымалдауда еш кедергі жоғын айтқаны PTI үнділік агенттігінің назарын аударды. Сонымен бірге ол мұнай және газ тасымалдау, терроризммен күрес сияқты басқа да салаларда екіжақты ынтымақтастықты кеңейту керектігін айтты.

Үнділік басылымдар Қазақстанның уран қоры жөнінен әлемде екінші орынға ие екендігін және қазіргі уақытта ядролық отын өндірушілердің арасында үшінші орында тұрғанын жазуда.
XS
SM
MD
LG