Accessibility links

Блогшылар интернет туралы заң жобасына қарсылық акциясын шенеуніктердің сайттарына шабуылдаумен танытуда


Қазақстандық блогшы Бекжан Толыбай дегенмен де интернет кеңістікте сөз еркіндігі бар дейді.

Қазақстандық блогшы Бекжан Толыбай дегенмен де интернет кеңістікте сөз еркіндігі бар дейді.

Қазақстан парламентінде қаралып жатқан интернетке қатысты заң жобасы ғаламторда пікір бостандығына шектеу қояды деп алаңдаған жас блогшылар «Еркін интернет үшін» атты бастамашыл топқа бірігіп, азаматтарды өз құқықтарын қорғауға шақыруда. Олар "Мәсимовқа миллион сұрақ!" деп аталатын акция достардың достық шабуылы дейді.

Наурыздың 2-інен бері жалғасып келе жатқан арнайы акцияны ұйымдастырушылар қазіргі таңда парламентте талқыланып жатқан интернетті реттеуге қатысты заң жобасының қабылдануына қарсылық танытып жүр. Олардың айтуынша, аталмыш өзгертулер мақұлданса, онда елдегі кез келген интернет-ресурс (оның арасында блог та бар) ақпарат құралдары қатарына жатқызылып, соған сәйкес, оларға да ақпарат құралымен бірдей талаптар қойылмақ.

«Біз, қарапайым интернетті қолданушылар, достарымызбен хат алмасып, жеке күнделік жүргізіп немесе болып жатқан жағдайлар туралы пікір алмасқанымыз үшін бізге ақпарат құралдары секілді жауапкершіліктің жүктелуіне қарсымыз» делінген олардың үндеулерінде.

«Еркін интернет үшін» бастамашыл тобының мүшесі Евгения Плахина:

– Біз «Алматытелеком» кәсіпорны ғимаратының алдында акция өткізгеннен кейін бір жарым сағаттан соң, Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеевтен жауап алдық. Олардың түсіндіруінше, бұл түзетулер азаматтарды заңсыз ақпарат көздерінен (терроризм, экстремизм, ұлтараздықты қоздыру, мемлекеттік бірлікті бұзу, порнография, т.б.) сақтайды-мыс. Шын мәнінде, бұл әрекеттерге қазіргі таңда қолданыстағы заңда тыйым салынған. Біз аталмыш заң жобасының кері қайтарылуын талап етеміз, – деді.

Ол аталмыш акцияның ашық өткізіліп жатқанын және оған кез келген азамат үн қоса алатынын айтады.

– Қазіргі таңда біздің компания осы акцияға арнап интернеттен парақша ашып қойды. Бізде қазір 230 адам тіркелген. Олардың барлығының да блогтары бар, – дейді Евгения Плахина.

Бастамашыл топ белсенділері заң жобасындағы жаңа өзгерістерге қарсылығын премьер-министрдің жеке блогына да жазған көрінеді. Алайда одан түк шықпапты. Енді олар DOS-шабуыл жасауға бекініп отыр, яғни, Кәрім Мәсімовтің, «Қазақтелеком» АҚ-ның басшысы Асқар Жұмағалиев пен Қуанышбек Есекеевтің блогтарына ұсыныс хаттар блогшылардан толассыз жіберілмек.

Айдос Сарым, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі. Алматы, шілде, 2008 ж.
Интернетте жеке блогын жүргізетін саясаттанушы Айдос Сарым аталмыш өзгертулерге қатысты пікірін былайша жеткізді:

– Мен үкіметтің ұсынып отырған заң жобасы – таза ақымақтық деп есептеймін. Себебі, бүкіл әлемде жоқ үрдісті Қазақстанға әкеліп жасаудың ешқандай қажеті жоқ, Осыны логикаға салатын болсақ, онда адамдардың ас үйде сөйлескенін де баспасөз құралы деуге болады. Мұнымен қайда барамыз деген үлкен сұрақ туындайды. Ресми тіркелетін баспасөз құралдары бар: теледидар, радио, газет дегендей. Олардың заңы да, табиғаты да бөлек нәрсе. Осыдан барып, мысалы, мен 10 адамға хат жазсам, оны да баспасөз қыламыз ба деген үлкен сұрақ пайда болады.

Әйтсе де, блогшылар арасында Үкіметтің ұсынысын қолдайтындар да бар. IT саласының маманы, блогшы Бекжан Толыбайдың пікірінше, әрбір блогшы өз жазғанына жауапкершілікпен қарауы керек. Керісінше жағдайда, интернет кез келгеннің ермегіне айналады.

– Блогты ақпарат құралы ретінде танитын болса, онда тіркеуге алады, қысым көрсетіледі, сотқа тартады деп ойлайтын адамдар бар. Шын мәнінде, одан ешқандай әбестік көріп тұрғам жоқ. Қайта керісінше, жақсы болатын шығар. Егер оларды ақпарат құралы ретінде қабылдап,
Бекжан Толыбай, блогшы, IT саласының маманы. Алматы, 26 наурыз 2009 ж.
кәдімгідей дәрежеге ие болатын болса, оның құны артады емес пе?! Өзімнің осы салада жүргеніме 10 жылға тарта уақыт болды. Ешқашан ондай мәселеге кезіккен емеспін, - дейді Б.Толыбай Азаттық тілшісіне.

Екі жылдан бері блог жүргізіп келе жатқан қазақстандық журналист Эдуард Полетаев:

– Мен бұл мәселені, орыс классикасындағы сияқты, әкелер мен балалар мәселесі деп атар едім. Аға буын өкілдері жастар сияқты жаңа технологияларды аса ынтамен меңгермейді, сондықтан оған үлкен қауіппен қарайды. Олардың арасында заң жобасын жасаушылар да бар. Интернет шектейтін, тыйым салатын сала емес. Парламенттің соншалықты жылдам түрде заң жобасын талқылауына қарап отырсаңыз, бұл әлі өңделмеген шикі заң жобасының жақын арада заң болып қабылданып кетуі ғажап емес. Мәселе осында. Онсыз да қазір интернетті белсенді пайдаланушылардың құқығы шектеліп отыр. Livejournal-дың ашылмай тұрғанына бірнеше айдың жүзі болды. Кейбір тәуелсіз сайттарға жасалған DDOS-шабуылын да айтуға болады. Сондықтан, интернет пайдаланушылардың құқығы тапталмас үшін, бұған көп мамандарды тартып, мәселені жан-жақсы талқылау керек.

Қазақ блогшыларының жауапқа тартылуы Қазақстанда сирек болғанымен ішінара кездеседі. 2007 жылы kub.kz. сайтының блогшысы Қазис Тоғызбаевты құқық органдары ел президентіне ғайбат сөз айтты деген айыппен қылмыстық жауапқа тартып, ол сот үкімімен екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған болатын.

Ал адам құқығын қорғаушылар болса, мұның аталмыш заң жобасында кездесетін жалғыз қателік емес екенін алға тартады. Олар бүгінде даулы мәселеге айналған заң жобасы әзірге, сол келте күйінде қалып отыр деген сын айтады.

Осыған орай парламент депутаттарына жолданған ашық хатқа Қазақстанның Журналистер Одағы, сөз бостандығын қорғаушы «Әділ сөз» қоры, Телерадиотаратушыларды қолдау жөніндегі Ұлттық қауымдастық өкілдері қол қойған.

«Сіздер (депутаттар – ред.) жастарды бұзылудан қорғаймыз дейсіздер. Терроризм, экстремизм, ұлтараздық мәселелерді қоздыру секілді жаман әрекеттердің соңғы ұяшықтарын жабуға ұмтылудасыздар. Біз бұны қос қолдап қолдаймыз. Мәселе осылардың барлығын қалай жүзеге асырамыз дегенге келгенде басталады. Біздің құрметті заң шығарушыларымыздың асқан қауіп пен барлық қылмыстың ордасы – БАҚ деп есептейтініне таңдана көз жеткіздік. Егер де интернеттегі коммерциялық жыныстық қатынасты насихаттайтын жарнама ұнамаса, онда «Жарнама туралы» заңға шектеулер енгізіңіздер, жезөкшелікке тыйым салыңыздар. Порнографияға тыйым салғыларыңыз келсе, оған БАҚ туралы заңда, Қылмыстық кодексте, елдің Конституциясында тыйым салынған», - делінген ашық хатта.

Адам құқығын қорғаушылардың айтуынша, егер заң жобасы дәл қазіргі нұсқада қабылданатын болса, онда кез келген сайтқа жабылу қаупі төнеді. Себебі, оған заңға қайшы ақпарат жариялау арқылы бірден прокуратураның назарын аударту оңай, әрі мұны сайттың жабылуын қалайтын кез келген қарсылас жасауы мүмкін дейді олар.

Олар бұл тұрғыда Қазақстанның бағыт-бағдары көршілес Қытайға қатты ұқсап келе жатқанын атап айтады. Көрші Қытайда жыл басында бір аптаның ішінде 150 мың сайт жабылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG