Accessibility links

Баспасөздегі сияқты интернеттегі сөз еркіндігіне де шектеу қойылуда


Интернетке қатысты заңға қарсылық акциясы кезінде интернет-форумдардағы жарнама белгі. Алматы, 2009 жыл.

Интернетке қатысты заңға қарсылық акциясы кезінде интернет-форумдардағы жарнама белгі. Алматы, 2009 жыл.

Мамандардың пікірінше, Қазақстанның интернет кеңістігіндегі сөз еркіндігінің аясын өткен жылы қабылданған заңдар тарылтып, бірқатар сайттарға тосқауыл орнатылған. Азаматтық қоғам өкілдері ғаламтордағы сөз бостандығынан туындайтын дауларды шешуді көздейтін шараларды әзірлеуде.


Қазақстанның интернет кеңістігіндегі сөз еркіндігі туралы хабардың аудиосын осы жерден тыңдаңыз.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырған Қазақстанда интернеттегі сөз еркіндігінің жағдайы тарылып барады дейді сарапшылар.

Адамзаттың дамуындағы интернеттің маңызы, ондағы сөз бостандығы, пікір алуандығының қажеттілігі, кейбір елдерде оған цензура қойылатыны сияқты мәселелер АҚШ–тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның әлемдегі интернеттегі сөз бостандығына қатысты жыл басында жасаған баяндамасында да айтылды.

Қазақстандық сарапшылар бұл мәселелердің Қазақстанға да таныс жайттар екенін айтады.

ИНТЕРНЕТТІ РЕТТЕУ ТУРАЛЫ ЗАҢ

Мамандардың пікірінше, Қазақстандағы ғаламтордың еркіндігінің тарылуына бірнеше жайттар әсер етуде. Соның бірі – өткен жылы жазда қабылданған интернетті реттеу туралы заң. Олардың бағалауынша, бұл заң қабылданғаннан кейін Қазақстандағы тәуелсіз сайттардың ішкі цензура деңгейі өскен.

– Қазақстандық интернет пайдаланушылар арасында танымал zonakz.net, dialog.kz сияқты қоғамдық-саяси сайттардың барлығы қазір,
Ермұрат Бапи, журналист, сот салған 30 млн. теңге айыппұлдан соң жабылып қалған «Тасжарған» газетінің негізін қалаушы. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.
біздегі жазба баспасөзі сияқты, өздерінің әр сөзін байқап жазуға мәжбүр болып отыр. Оларда ашық, еркін ой қорыту, бар затты нақты өз атымен атау жағдайы қазір жоқ. Мәселен, қарап отырсаңыз, zonakz.net сайтында елдің жоғарғы саяси билігі ғана емес, тіпті министрлер, парламентте отырған депутаттарға қатысты батыл сөздер жоқ. Мұның барлығы түптеп келгенде, Қазақстандағы журналистиканың, еркін қоғамдық ойдың өрісін тарылтып отыр. Осылай жалғаса беретін болса, бұл енді 5 жылдың ішінде тақырға отырғызатын жағдай, – дейді тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи.

Дегенмен, мамандар сөз еркіндігінің тарылуына әсер етіп жатқан заң өз міндеттерін орындамай отыр деген пікір айтады. «Еркін интернет үшін» қоғамдық ұйымының директоры Ирина Медникова заңның орындалуын ешқандай мемлекеттік орган қадағаламай отыр дейді:

– Өткен жылы депутаттар заңды қабылдар алдында «ғаламтордағы порнография, ұлтаралық қақтығыспен күресеміз» деп, заңды сол үшін қабылдап отырғаны жайлы айтқан еді. Қазір мұның ешқайсысы да іс жүзінде орындалып отырған жоқ. Қазір порнография сол бұрынғыдай ашық күйде. Біз бұл турасында прокуратураға, ішкі істер министрлігіне хат жаздық. Ал олар бір-біріне сілтейді. Ешкім жауап бергісі келмейді.

Аталмыш заңның қолданысқа енбегенін заң авторларының бірі – Ақпараттандыру және байланыс агенттігі де мойындап отыр. Заңның жүзеге асырылуына қатысты агенттік өкілдерінің Азаттықтың сауалына берген жауабынан заңды жүзеге асыру жұмыстарының қазір басталғаны белгілі болды.

«Заң әлі қолданысқа енген жоқ. Компьютерлік қақтығыстарға орай әрекет ету қызметін («CERT» – Computer Emergency Response Team) құру бойынша жұмыстар жүргізіледі. CERT мынадай функцияларды жүзеге асырады деп жоспарлануда: компьютерлік қақтығыстар туралы ақпаратты уақтылы қабылдау, ақпараттық жүйелер мен Интернет желісінің пайдаланушыларына компьютерлік қақтығыстар жайында ескерту, жол бермеу және тергеуде жәрдем көрсету; компьютерлік қақтығыстарды жою кезінде консультациялық көмек көрсету (хакерлік және вирустық шабуылдар); статистика жинау мен компьютерлік қақтығыстар талдауын, бағдарламалық-техникалық құралдарының осалдығын жүзеге асыру, т.б.» – делінген жазбаша жауапта.

ИНТЕРНЕТ ТҰТЫНУШЫЛАР КЕЛІСІМІ

Қоғам өкілдері интернет туралы заңды кері қайтару немесе оған толықтырулар мен түзетулер енгізу керек деп санайды. Тәуелсіз журналист Алмас Көшербаевтың пікірінше, заңды кері қайтару үшін азаматтық қоғам белсенділік танытуы керек.

– «Ел бірлігі» доктринасына қатысты қоғамда қандай дау болғаны естеріңізде ме? Бұл азаматтық қоғамның жұмыла бір әрекет жасауына
Парламент мүшесінің ар-намысына тиетін мақала жазды деген айыппен жауапқа тартылған журналист Алмас Көшербаев сотқа жауап беріп тұр. Алматы, 16 қаңтар 2009 жыл.
нақты мысал. Сол кезде ғана билік мұның жауапты реакция екенін аңғарды. Интернетті реттеу туралы заңға келсек, бұл тұрғыда азаматтық қоғам өкілдерінің даусы мүлде бәсең шықты. Біз қазір заңға бейімделу жағын ойластырып жатырмыз, – дейді тәуелсіз журналист.

Мамандардың айтуынша, шикі, өңделмеген күйінде қабылданған заң кез-келген уақытта интернет-ресурс иесіне кесірін тигізері даусыз. Ешкім де әлдекімдер жазған заңға қайшы пікір үшін әкімшілік, яки қылмыстық жауапкершілікке тартылғысы келмейді.

Оның алдын алу мақсатында елде қазіргі таңда «Интернет пайдаланушылардың әдебі», «Блоггерлік келісім-шарт» сияқты құжаттардың нобайы әзірленіп, сайт иесі мен қолданушылар арасында туындайтын дауларды шешуді көздейтін «Ақпараттық даулар бойынша комиссияның» құрылу жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстанның интернет қауымдастығының төрағасы Александр Ляховтан қауымдастық жанынан құрылмақшы комиссияның жұмысы жайлы ақпарат алудың сәті түсті.

– Интернетті реттеу туралы заңдағы ережелерге сәйкес, бірсыпыра сауалдар шоғыры туындайды. Негізгі сұрақ: интернетте ақпаратты жариялаушыны қылмыскер қатарына жатқызамыз ба, жоқ па? Мұны кім анықтамақ? Бұрындары егер сен ақпараттың заңға қайшы екенін білсең, онда соны жариялаған сайт иесінің үстінен арыз тастайтынсың. Ал аталмыш заңның қызметіне қатысты әзірге жауабы жоқ сұрақтар көп. Бұл күнделікті өмірдегі сияқты ап-айқын әрекеттер емес. Интернетте бәрі басқаша, – деді Александр Ляхов.

«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының төрайымы Тамара Калеева бұл – заң аясында ақпарат құралдарының өзін-өзі сақтап қалудың бір
«Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева сөз бостандығын қорғауға арналған наразылық акциясында. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.
жолы деп санайды.

– Біздің Қылмыстық кодексте 6 бап қарастырылған. Әкімшілік, Азаматтық кодекстерде бірқатар баптар бар. Ертеңгі күні темір тордың ар жағынан шықпасаңыз да, миллиондаған айыппұлға тап боласыз. Ешкім өзіндік цензура болсын деп отырған жоқ. Бірақ интернеттің жауапкершілігі болуы керек. Ертеңгі күні сіздің сайтыңызға біреу кіріп, Конституцияға қарама–қайшы нәрселерді жазып тастайды. Ал оған сіз жауап бересіз. Мәселе хакерлік шабуылдар жайында, жауапсыз, тіркелмеген интернет қолданушылар турасында болып отыр, – деді Тамара Калеева.

Мамандар Қазақстанның интернет кеңістігіндегі сөз бостандығының аясын өткен жылы қабылданған азаматтардың жеке өміріне қол сұқпау туралы заң да тарылтып отыр деп есептейді. Бұл заңға сәйкес, кез-келген азаматтың, мейлі ол шенеунік, мейлі депутат болсын, жеке өмірінің құпиясын ашқан журналист Қылмыстық кодекске сәйкес жазаға тартылады.

Мамандардың пікірінше, бұл журналистердің кәсіби қызметін шектейді. Себебі, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы олардың тікелей жеке өмірімен байланысты дейді олар.

– Бізде қандай азаматтардың жеке басы құпия? Биліктегі, парламенттегі депутаттардың, бизнестегі үлкен олигархтардың, солардың өмірлері өте құпия ұсталады. Егер заңнан аттап кететін болсаңыз, онда қолыңыздан ұстап алып, сотқа, прокуратураға сүйрелейді. Ол болып та жатыр. Мысалы, жақында «пара берді» деген Мұхтар Әблязовтың сөзі шыға салысымен бірқатар газеттерді жауып, қайтадан
abai.kz веб-сайтынан көрініс.
ашып дегендей абыройсыз істер болды, – дейді abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат.

Жалпы алғанда интернеттегі сөз бостандығына қарапайым адамдардың ғаламтор желісіне қол жетімділігі, оның бағасы, таралу ауқымы сияқты жайттардың әсері бар.

– Интернеттегі сөз бостандығы да, ақпараттардың қол жетімділігі де барлығы интернетпен қамтамасыз ету деңгейіне тікелей тәуелді. Менімше, бұл жерде біз технологиясы жоғары елдердің тәжірибесін қолдануымыз керек. Ондай елдерде қоғамдық орындарды интернетпен тегін қамтамасыз ететін провайдерлерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Егер бұл мәселеге жүйелі түрде қарайтын болсақ, онда қандай да бір нәтижеге жетуге болады, – дейді Халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Жәлелов.

«Еркін интернет үшін» компаниясының төрайымы Ирина Медникованың пікірінше, елде интернет қызметін көрсететін провайдерлер санын арттыру қажет.

– Нарықтың монополизациялануына жол бермеу керек. Жеке кішігірім компаниялардың аймақ тұрғындарын интернетпен қамтамасыз етуіне қуаты жеткен кезде ғана интернет қолданушылар санының көбейгені туралы әңгіме қозғай аламыз. Фейсбук қолданушысының 13 миллион адам қатысқан демонстрацияны ұйымдастыруы сияқты Хиллари Клинтон келтірген мысалды ескерсек, біздің билік үшін халықты интернетпен толық қамтамасыз ету тиімсіз болары анық, – дейді Ирина Медникова.

ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛҒАН САЙТТАР

Интернет саласы мамандарының сөзінше, Қазақстанда сайттардың құрсауланып, ашылмай қалуы күнделікті жағдайға айналған. «Еркін интернет үшін» қозғалысының мәліметінде 2010 жылғы қаңтар айында республика бойынша ашылмай тұрған сайттардың саны 14-ке жеткені айтылған. Қозғалыс өкілдерінің пікірінше, Қазақстанда жабық тұрған бұл сайттарға өзге елдерде еркін кіруге болады.

– Әңгіме «Қазақтелеком» сияқты бұл салада үстемдікке ие провайдер жайында болып отыр. Дәл солардың желісінен сайттарға шыға
Қазақстан интернет қауымдастығының белгісі. Алматы, 18 қараша 2009 жыл.
алмай жатыр. Біздің қозғалысқа мүше адамдар республиканың түкпір-түкпірінен қандай сайттарға қол жеткізе алмай отырғаны турасында бізге сілтеме жіберіп жатыр. Біз оларды арнайы бағдарламамен тексеріп көрдік. Сөйтсек, олар тек сол серверде тоқтатылатынын анықтадық. Бұл «Қазақтелекомның» сайттарды жабу үшін қолданатын нүктесі болуы әбден мүмкін, – дейді «Еркін интернет үшін» қозғалысының үйлестірушісі Шеген Шожанов.

Ал, «Қазақтелеком» компаниясының өкілдері сайттардың ашылмауына компанияның еш қатысы жоқ екендігін, бұның таза техникалық себепттері болуы мүмкін екендігін айтады. Алайда олар Азаттыққа бұл жөнінде айтып беруден тартынды.

Қазақстанның интернет қауымдастығының төрағасы Александр Ляхов сайттардың жабылу себептерін жеке-жеке анықтау керек дейді.

– Мұнда бір нәрсені анықтап алған жөн. Livejournal сияқты жұмыс істеуіне ресми тыйым салынған сервистер бар. Ал кейбір сайттар толып жатқан техникалық себептердің бірінен ашылмай қалады. Менімше, «Еркін интернет үшін» қозғалысы осылардың барлығын араластырып тастаған. Барлығын мемлекетке итере салмай, әрбір жағдайды бөлек–бөлек қарастыру керек. Мұнда білікті мамандардың көмегінсіз болмайды, – дейді Александр Ляхов.

Журналист әрі блогшы Асхат Еркімбайдың пікірінше, халықтың интернет сауаттылығының деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын, сайттардың құрсаулану мәселесі соғұрлым оңай шешілмек.

– Күні кеше livejournal-ды құрсаулап тастады. Бірақ оның амалы табылды. Өйткені, технология бір орында тұрмайды. Сол сияқты үкімет
Иран билігі интернеттегі парсы тіліндегі бірқатар сайттарға тосқауыл қойып отыр.
қанша жерден бір нәрсені құрсаулауға тырысқанмен бәрібір технология оны аттап басады. Оның мысалдарын Ираннан, Қытайдан көріп отырмыз. Пікірін білдіргісі келетін адамға интернет мүмкіндік береді. Бірақ мәселе, менің ойымша, интернет сауаттылықта болып отыр. Қарапайым жұрт интернет қолдана біледі, бір нәрсе сынып қалса, қалай жөндеу керектігін білмейді. Интернетте бір сайт жабылып қалды, сосын дабыра қылып шулауы мүмкін. Оны айналудың жолы бар ғой. Мұның барлығы біздегі интернет білімнің жүйелі түрде жүргізілмеуінен, – дейді блогшы-журналист.

Соңғы зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстанда интернет қолданушылардың саны елдегі тұрғындардың 19,5 пайызын құраған. Зерттеу компаниясының мәліметінше, әсіресе, интернетке ұялы телефон арқылы кіретін адамдар саны көбейген.

Журналистерді қорғау комитетінің әлемдегі баспасөз ахуалына қатысты ақпан айында жариялаған баяндамасында, өткен жылы 70 журналистің баспасөз бостандығы жолында құрбан болғаны турасында айтылады.

Ұйымның дерегі бойынша, әсіресе, қуғын-сүргінге көбінесе интернет журналистиканың өкілдері ұшырап отыр. Бұл тұрғыдан келгенде соңғы 10 жылда Қытай әлемде біріншілікті бермей келе жатқан ел саналады. Қазіргі таңда бұл елде 24 журналист темір тордың ар жағында отыр.

Қытайдан кейінгі орындарда Иран, Куба, Эритрея және Бирма тұр. Аталмыш елдерде блог, әлеуметтік желілер сияқты ашық пікірлер алаңына да тосқауылдар көп екендігі айтылады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG