Accessibility links

Ақпанның 18-інде сағат 21-де www.zonakz.net интернет басылымына екінші рет DDoS виртуалды шабуылы жасалды. Дәл сол күні мұндай шабуылға www.respublika-kz.info интернет газеті де ұшыраған болатын.

Аталған шабуылдың салдарынан осы уақытқа дейін оқырмандарымен қауыша алмай отырған www.zonakz.net басылымының бас редакторы Юрий Мизинов:

- Бұған «Қазақтелекомның» қатысы жоқ. Сайт техникалық ақаулықтарға байланысты істен шыққан жоқ. Бұл - хакерлердің шабуылы. Дәл қазір бәлендей бір нәрсе айту қиын, – деді Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Ал, ақпанның 13-інде жасалған виртуалды шабуылдың кесірінен осы уақытқа дейін www.respublika-kz.info сайтының жұмысы қалыпты режимге келе алмай отыр.

– Осы шабуылдан соң, арнайы мамандар жұмыс істеп жатқанына қарамастан, келтірілген зардаптың бетін қайтару мүмкін болмай отыр. Интернет басылымның мұндай күйге түсуіне сайтта жарық көрген мақалалардың қатысы бар. Бірақ дәл қай күні, қандай мәселеге қатысты жарияланған мақала екенін біле алмай отырмыз. Біздің нақты ақпаратқа негізделген мақалаларымыз, бәлкім, біреулердің түн ұйқысын төрт бөліп, мазасын қашырған шығар. Осындай кезде мемлекеттік мекемелер, айталық, Ішкі істер министрлігі ме, әлде басқа мекеме бола ма, әйтеуір біреуі арнайы мәлімдеме жасап, «осындай виртуалды шабуыл жасалып жатыр, біз бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырамыз» десе, қандай жақсы болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, әуелі интернетке байланысты заң жобасы дайындалды, іле-шала виртуалды шабуылдар басталды. Екеуінің арасында байланыс бар ма, жоқ па - бұл енді ойланатын нәрсе, – дейді осы сайттың Қазақстандағы редакторы Анастасия Новикова.

Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалын қадағалайтын «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калеева мұндай шабуылдардың артында биліктің көлеңкесі тұруы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясының 10 жылдығына орай өткен партияның кеңейтілген отырысында президент Н.Назарбаевтың: «Дағдарыс кезінде ел ішінде алаңдаушылық туғызып, жалған ақпарат тарататын бұқаралық ақпарат құралдарын заң жүзінде жауапкершілікке тарту керек» деген сөзін «шаш ал десе, бас алатын» әрі президенттің тапсырмасын «асыра» орындауға жанын салатын шенеуніктердің жоғарыдағы виртуалды шабуылда қолтаңбасы болуы ықтимал.

- Бұл жерде тек қана болжам айтуға болады. Бірақ, zonakz.net сияқты қоғамдағы ең шынайы ақпаратты тарататын интернет басылымның билікке ұнамайтыны да бесенеден белгілі. Және мұндай шабуылдар қоғамның шынайы әрі толық ақпарат алуын шектейтіні түсінікті. Тағы бір айта кететін жайт, бұл виртуалды шабуылдар сырттан келген жоқ. Қазақстанда ұйымдастырылып отырғаны анық. Әрі мұндай шабуылды ұйымдастыру үлкен күш пен көп шығынды қажет етеді, - деді Тамара Калеева Азаттық радиосына.

Осы мәселеге қатысты түсінік беруін сұраған Азаттық тілшісіне Қазақстанның Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің баспасөз хатшысы Ләззат Алдиярова агенттік басшыларының: «Мұндай мәселелерді қарау біздің құзырымызға жатпайды. Бұған «Қазақтелеком» компаниясы жауапты» деген қысқа жауабын жеткізді.

Ал, «Қазақтелеком» компаниясындағылар «баяғы жартас - бір жартас» дегендей, бұл жолы да өздеріне қойлыған сауалға жауап бермеді.

Әзірге Қазақстанда шабуылға ұшырап жатқан интернет газеттердің басындағы жайттарға және тағы да қайталануы мүмкін төтенше жағдайларға қатысты шағымдарды қарайтын мемлекеттік орган да, осындай виртуалды шабуылдарға қатысты іс қозғайтын құқықтық мекеме де табылмай отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG