Accessibility links

Ирандағы әзірбайжандар ана тілінде білім алуға қол жеткізе алмай отыр


Лондонда ересектермен бірге шеруге шыққан балалар Иран мектептерінде әзери тілінде оқытуды талап етеді.

Лондонда ересектермен бірге шеруге шыққан балалар Иран мектептерінде әзери тілінде оқытуды талап етеді.

Ирандағы миллиондаған этникалық әзірбайжандардың өз ана тілдерінде білім алу құқығы жоқ. Бірақ, бір таңқаларлығы, олардың көпшілігі оcындай теңсіздікке мән бермей отыр.


ҚАҒАЖУ КӨРГЕН ТІЛ

Жақында мен екі ай бойы Иранның Теһран, Хой, Ардабиль және Тәбриз аймақтарында мекендейтін 80-нен аса адаммен сұхбаттасып, олардың пікірлерін білдім.

Мен сөйлескен адамдар - базарда жұмыс істейтіндер, дәрігер, медбикелер мен үкімет қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйел, сатушы, заңгер, студенттер. Бірақ олардың тек бесеуі ғана Иранда әзери мектебінде білім алуды көздейді.

Иран әзірбайжандары өз тілдеріндегі мектеп ашуға әрекет етпей келеді. Себебі, олар жүздеген жылдардан келе жатқан дәстүрді ұстанады. Ол кезде бәрі молдаға барып, парсы немесе араб тілдерінде діни білім ғана алып, өз тілдерінде мектеп ашудың қажеттілігі болмаған. Осыдан 90 жыл бұрын шах Резахан Пәхлави Иран елін орталықтандырып, бүгінгі заманға лайық етіп құрғанда, мемлекеттік тіл парсы тілі деп жарияланған. Басқа тілдердің бәрін ресми қолдануға және білім саласында пайдалануға тыйым салынған. Әзірбайжандар оны бірден қабылдаған.

Менің пікірімше, Ирандағы әзірбайжандардың көбі өздерін ирандықпыз деп есептейді. Олар өздерін Иран халқының бір бөлігіміз деп есептейді, тіпті маңызды бөлігі деп санайды. Өйткені, ғасырлардан келе жатқан ел жетекшілігіндегі әулеттер әзерилер болған. Қазір Иранның рухани жетекшісі аятолла Хаменеидің де ұлты - әзірбайжан.

ПАРСЫ ТІЛІНІҢ ЫҚПАЛЫ

Десе де ирандық әзірбайжандардың кейбіреулері әзери тілін аптасына екі сағаттан оқытатын курстар болса деген ниетте. Бірақ тағы біразы ата-аналардың көпшілігі парсы тіліндегі білімі төмендеп кетеді деген алаңдаушылықпен балаларын ондай сабақтарға жіберуге қорқады дейді. Әзерилердің аздаған бөлігі тіпті бұл ұсынысты мүлде қолдамайды.

Ирандағы әзірбайжандардың қаншасы өз ана тілінде сөйлейді деген мәселенің басын ашып айту мүмкін емес. Иранда ұлттық санақта
Ирандағы әзірбайжандар қоныстанған провинция тұрғыны қой бағып жүр. Тәбриз маңы, 17 мамыр 2007 жыл.
ұлттардың ана тілі жайында айтылмайды. Сондықтан Иранда қанша әзірбайжан тұратыны жайлы нақты дөп басып айту қиын.

Дегенмен ресми мәліметтерде әзерилер тығыз қоныстанған 4 провинцияда 10 миллион адам тұрады делінген. Және тағы біраз этникалық әзерилер Гилан мен Хорасан провинцияларында, сол сияқты Теһран мен басқа да қалаларда мекендейді. Ирандағы жалпы әзірбайжандардың саны 15 миллион шамасында деп айтылады.

Олар өз қауымдастықтары мен үйлерінде әзери тілінде сөйлейді. Бірақ олардың тіліне парсы тілінің ықпалы қатты әсер еткен. Олардың әзери тілінде сөйлем құрауы, дауыс мәнері мен сөздік қоры басқаша.

Әзірбайжандар әзери тіліндегі мектептерде білім алмағандықтан, олардың ана тіліне парсы тілі үлкен ықпал етіп, үстемдік құрған. Олардың сөз саптауында, дауыс ырғағы мен тілдік қорына парсы тілі қатты әсер еткен.

Олардың жазбаша байланыстары көбіне парсы тілінде ғана жүреді. Тек азшылығы ғана әзери тілінде жазуды ұйғарады. Оның өзінде олардың әзери тіліне Түркия мен Әзірбайжанның оңтүстігіндегі халықтың тілінің айтарлықтай әсері бар.

Оған бірден-бір себеп Иранда соңғы 90 жылда әзери мектебі болған жоқ. Бұл жағдай 1979 жылғы ислам төңкерісі кезінде де өзгермеді. Иранның қазіргі ата заңында елдің ресми және білім алу тілі - парсы деп жазылған. Бірақ басқа да этникалық топтардың тілдері де қолданылуы мүмкін деген тұсы да бар. Бірақ ол ешқашан қолданысқа енбеген.

Біріншіден, Ирандағы әзірбайжандар тым көп, екіншіден соңғы жүзжылдықтарда әзірбайжандар елдің саяси, экономикалық және мәдени саласында өте белсенді болып келді. Және олар ортаға өте икемді әрі өздерін парсы тұрғындарынан шет ұстамады.

ДІННІҢ ӘСЕРІ

Ирандық әзірбайжандар мыңдаған жыл тұрып жатқан бұл елде өздерін бөтен сезінген емес. Олар да Иранның жетістіктерін мақтан тұтып, басқа ирандықтар сияқты елдің кемшін тұстарына жандары ауырады. Әзірбайжандарр Иранның саяси, экономикалық әрі мәдени дамуына парсытілділермен бірдей атсалысып келеді. Олар өздерін Иранда азшылық ұлт ретінде сезінбейді. Оған себеп әзерилер әулеті ғасырлар бойы Иранға жетекшілік етіп, елдің бірлігін сақтап тұрған.

Он алтыншы ғасырда моңғолдардың басқыншылығы жасаған бейберекеттіктен кейін этникалық әзірбайжандардан шыққан Сәфавид әулеті
Халықаралық ана тілі күні шеруге шыққандардың бірі әзери тілінде: «Әркімге медреседе өз тілінде оқуға мүмкіндік берілсін» деген жазу ұстап тұр. Иран, 21 ақпан 2007 жыл.
Иранды қайта біріктірді. Олар шиит мәзхабын мемлекеттің ресми діні ретінде жариялады..

Сондықтан әзірбайжандардың ирандықтармен бірігіп кетуінде дін мәселесі басты рөл атқарды. Исламның шиит мәзхабын ұстанатын әзірбайжандар ирандықтарға сүннит мұсылмандарынан гөрі көп жақынырақ.

Кейбір ғалымдар бүгінгі Иранда этникалық жағдайына қарамастан, елдің ұлттық тілі мен мәдениетін қабылдаған кез-келген азаматтың әлеуметтік прогрестерге қатысуына жол беруді қарастыратын жүйе қалыптасты дейді. Бұл жартылай шындық десе де болады. Иран парламентінде аздаған орынды ғана сүннит мұсылмандары мен мұсылман емес қауымдастықтар иеленіп отыр. Ал шиит ретінде әзерилер Иранда ондай шектеулер көрмей келеді. Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеи мен оппозиция жетекшісі Мир Хоссейн Мусави да этникалық әзірбайжандар.

(Аббас Жавади - "Азат Еуропа/Азаттық" радиосының хабарлар тарату бағдарламасының директоры. Аутордың бұл мақаладағы жеке көзқарасы мен пікірлері Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG