Accessibility links

Иран реформашылары жеңіске ұмтылуда

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Иран президенттігіне үміткер Хоссейн Мусави. 29 мамыр 2009 ж.

Иран президенттігіне үміткер Хоссейн Мусави. 29 мамыр 2009 ж.

Дауыс берушілер маусымның 12-іне белгіленген президенттік сайлауға көбірек қатысса, Махмуд Ахмадинежадтың екінші кезекке сайлануының алдын-алуға болады, деп сенім артып отыр Ирандағы реформашылар.

2005 жылғы сайлауға қатысудан бас тартқан сайлаушылар бұл жолғы президенттік сайлау үдерісінде шешуші рөл атқаруы мүмкін дейді сарапшылар.

Реформашылар ол сайлаушылардың белсенді түрде сайлауға қатысуларына түрткі болу үшін барлық құралдарды пайдалануға тырысуда. Телефон, электронды пошта, бейнеклиптер арқылы түрлі текстер мен суреттер, мақалалар таратылуда.

Оның ішінде әсіресе, реформашыл үміткер Хоссейн Мусавидің ашқан Facebook беттері өте танымал болып кеткен.

2005 жылы жалпы сайлаушылардың 30 пайызы дауыс беруден бас тартқан екен. Ал Техран сияқты ірі қалаларда дауысқа бойкот жариялаған сайлаушылардың саны 45 пайыз болған көрінеді.

Солардың бірі техрандық Реза есімді 30 жасар азамат елде сөз еркіндігі мен жастарға жасалған жағдайдың нашарлығына айрықша наразы. Сондықтан ол биылғы сайлауға қатысып, дауыс бермекші.

Сетадема атты вебсайт елдегі әрбір азаматты кем дегенде 5 досына телефон шалып, сайлауға қатысуға шақыруына, бұл үдерістің тізбекті түрде одан әрі жалғасуына шақырып отыр.

- Қос реформашыл үміткердің кез-келгеніне дауыс бер, сонда Ахмадинежадтың жеңіс мүмкіндігі азаяды, - дейді вебсайт арқылы хабар таратушылар.

Белгілі реформашыл журналист Иса Сахарғиз Фарда радиосына былай деген болатын:

- Егер сайлауға қатысып, дауыс бермесе, ондай жағдайда жеңіске жететін Ахмадинежадтың екінші кезеңіндегі ел ахуалының қазіргіден де нашарлайтынын сайлаушылардың есіне салуға міндеттіміз. Ол демократия мен еркіндікке бұрынғыдан да бетер қарсыласып, адам хұқын бұрынғыдан да бетер таптайтын болады.

Белсенділердің айтуынша, елде әйелдер хұқын қорғаушыларға, студенттер мен жұмысшылар және басқа да адамдар тобына қарсы қысымдар күшейе түсуде.

Нобель сыйлығының иегері Ширин Ебадидің Le Monde басылымына берген сұхбатында өлім жазасының, оның ішінде жасөспірімдерді өлім жазасына кесу мен таспен атып өлтіру әрекеттерінің көбейе түскені туралы айтылған.

Сайлаушылардың маусымның 12-дегі президенттік сайлауға белсенді түрде қатысуы үшін күресіп жүргендердің белсенділігіне қарамастан, реформашыларға бұл жарыс оңайға түспейтін сыңайлы. Себебі, хабарларға қарағанда, Махмуд Ахмадинежад - Иранның кедей тобы арасында жақсы танымал. Ол сондай-ақ бірнеше ұйымдардың қолдауына ие.

Ресми сауалнамаға қарағанда, Ахмадинежад пен Мусавидің халық алдындағы беделі әзірге шамалас. Үшінші үміткер, парламенттің бұрынғы төрағасы, реформашыл Мехди Каррубидің де беделі көтеріле түскендей.

Төртінші үміткер, консервативтік бағыттағы Мохсен Резайдің ғана жеңіс мүмкіндігі шамалы делінеді.

Алайда аздаған сайлаушылар даусының Резайге қарай ойысуының өзі Ахмадинежадқа қарсы біраз дауысты кемітетін көрінеді.

Шамамен 46 миллиондай ирандық биылғы маусым айының 12-дегі сайлауда дауыс беруге хұқылы екен.
XS
SM
MD
LG