Accessibility links

Иран сықақшысы шекараның сыртынан мысқылдауда


Ирандық сықақшы Ибрагим Набаи.
Ирандық сықақшы Ибрагим Набаи.

Бельгияға қашпас бұрын елу жасар Ибрагим Набаиді Ирандағы билік бірнеше рет соттаған. Оның керемет әзілкештігі мен тапқырлығы екі рет абақтыға қамалуына себеп болды.

«МЕНІҢ МӘНЕРІМ МЫСҚЫЛҒА ЕРКІМНЕН ТЫС ОЙЫСА БЕРДІ»

Ибрагим Набаи негізінен, өзінің айтатынындай, «ирандық парадокстар» жайында жазады. Осындай парадокстар мен қарама-қайшылықтың мысалы ретінде Ибрагим Набаи Иран президенті Махмуд Ахмадинеджадтың жуырда өткен БҰҰ-ның женевалық конференциясында нәсілшілдік жайында сөйлеп, антиизраильдік тирадалар легін ағытқанын келтірді.

«Мемлекет басшыларының ішінде конференцияда сөз сөйлеген Иран президенті ғана болды, - дейді Ибрагим Набаи. - Форумға қатысушылардың жиырма ма, әлде отыз пайызы конференцияны наразылықпен тастап шықты. Басшылықтың міндеттегені бойынша Иран елі болып, «ұлы жеңісті» жаппай тойлады. Бұл күлкілі емес пе, қалай ойлайсыз?»

Ибрагим Набаидің Бельгияда тұрып, жұмыс істегеніне міне алты жылдың жүзі болды. Негізінен интернеттегі бірнеше парсылық медиажобаларға жазатын ол бүгіндері ең өткір ирандық сықақшылардың қатарында.

Иран сықақшысы Ибрагим Набаи Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деді:

«Мен бұрынғы журналистік қызметімде әлеуметтік, мәдени және саяси тақырыптарды қозғадым, бірақ, менің мәнерім бейсаналы түрде сықаққа сая берді. Бірте-бірте менің бүкіл оқырмандарым да еңбектерімнен соны аршып алатын болды».

САЙЛАУ ШТАБ-ПӘТЕРІ – «ШЫЛҒИ ӨТІРІК ӨНДІРІЛЕТІН ОРЫН»

Иранда алдағы президенттік сайлауға қызу даярлық жүруде, сондықтан, сайлау тақырыбы өз-өзінен-ақ сықақшының негізгі нысанасына айналды.

Ибрагим Набаи елдегі сайлау терминологиясының мағынасын ашып берді.

Алдыңғы науқан кезінде президент Ахмадинеджадтың ирандықтарға молынан үлестіріп беруге уәде қылған мұнай ақшалары бүгінде «отбасылық меншіктің» қатарында. Ол менің әкемнің ақшасы. Маған медет болсын деген ниетпен берген менің ақшам. Ондай ақшаға өзге елдердің мәселесін де шешіп беруге болады.

«Сайлау штаб-пәтері «шылғи өтірік өндірілетін орын» деген атқа ие».

«Уәде – бұл саясаткерлердің беретін, бірақ, орындамайтын сөзі».

Махмуд Ахмадинеджадтың қарсыластарына қарағанда оған көп уақыт бөлетін Иранның мемлекеттік телеарнасы да Ибрагим Набаидің кекесініне ұшыраған.

АЛДЫН АЛА ҚАМАУ АБАҚТЫСЫ – АЗАПТАУДЫҢ ЕҢ СОРАҚЫ ТҮРІ

Ибрагим Набаи бірнеше реформашыл газеттерде жариялап тұрған сықақ бағандарының арқасында танылды.

Ол газеттер Иранда Мохаммад Хатами президент болып тұрған тұста реформашылдарға дүрбелең төне бергендіктен, қайта-қайта жабылып қалып тұрды.

Ибрагим Набаи екі рет тұтқындалды. Бір рет - 1998 жылы, екінші рет – 2000 жылы, Иран басшыларының ар-намысын қорлады деген айыппен, бәрін қосқанда ол 90 күнге жуық қамауда отырды.

Алдын ала қамау абақтысын Ибрагим Набаи барынша ауыр азаптау жасалатын орын ретінде сипаттайды. Бірақ, түрмеде де, тіпті жауап алу кезінде де оның әзілі қалмаған. Ибрагим Набаи былай деп әңгімелейді:

«Тергеуші: сен бізге «Бейбіт Қозғалыс» [заңсыз деп танылған ирандық саяси партия] туралы барлық ақпаратты беруге тиіссің деп талап етті.

«Менде ешқандай ақпарат жоқ»,- дедім мен. Тергеуші де айтқанынан танбады: «Сен олармен араласқан жоқсың ба, қалай білмейсің?»

Болмағасын айтқаным: «Сен бері қара, мырза, сендер мені «Бейбіт Қозғалыстың» жақтасы болғасын түрмеге отырғыздыңдар. Ал, олардың бәрі бостандықта жүр. Бұл қалай болғаны, сонда – қозғалыс жетекшілерінің бәрі азат, ал, мен оларды жақтағаным үшін түрмеде отырмын. Неге сендер солардың өздерін тұтқындамайсыңдар? Неге мені тұтқындайсыңдар?»

НАБАИ: ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӘРЕКЕТТЕРІ ТУРАЛЫ БАЙСАЛДЫ КЕЙІПТЕ АЙТСАҢ, ЖҰРТ ӨЗДІГІНЕН-АҚ КҮЛЕ БАСТАЙДЫ

Ибрагим Набаи ирандық реформашыларды қолдайды, бірақ, оларды да әжуа-мысқылдан аман қалдырмайды. Бірақ, Ибрагим Набаидің ең өткір сатиралық сыны «ұстанымшыларға», оның ішінде, әрине, әуелі президент Махмуд Ахмадинеджадқа бағытталған:

«Президент әрекеттері жайында айту керек. Ол турасында арнайылап сықақ мәтіндерін жазудың да еш қажеті жоқ. Бар болғаны, оны өте байсалды кейіппен жеткізу керек, сонда жұрт өздігінен-ақ күле бастайды».

Қай саясаткердің қаттырақ сықаққа ұшырайтынын сұрағанымызда Набаи былай деді: «Бәрі! Және де еркектер ғана емес. Әйел саясаткерлер де маған қатты әсер етеді. Мәселен, Фатеме Раджаби ауызын ашқан сәтте-ақ сықақ басталады!»

Фатеме Раджаби – Иран үкіметінің спикері Голамхоссейн Ельхамның жұбайы. Ол әйел әсіре ортодоксалды-консервативтік көзқарастың адамы және президент Махмуд Ахмадинеджадты қызу қолдайды. Тіпті, президент туралы «Ахмадинеджад. Үшінші Мыңжылдықтың Ғажайыбы» деген кітап та жазған.

Ибрагим Набаидің Отанға оралуды аңсайтынын білдірген кездері де болды. Ол Отанға тек бір ғана жағдайда оралатынын айтады: егер Иран билігіне жөн білетін басшылық келсе ғана.

Дей тұра, ол Ирандағы саясаттың айрықша екендігін, болжауға келмейтінін еске салады. Оның пікірінше, ирандық сайлауда бәрі соңғы айда белгілі болады және көп нәрсе соңғы аптада шешіледі.
XS
SM
MD
LG