Accessibility links

Түркмен үкіметі өз азаматтарына қажылық парызды Меккеде емес, елде өтеуді белгіледі


Түркменстандағы Сұлтан Санжар кесенесі.

Түркменстандағы Сұлтан Санжар кесенесі.

Доңыз тұмауын алға тартқан Түркменстан үкіметі өз азаматтарының Меккеге қажылыққа баруына тыйым салып, оның орнына ресмилер мен қариялардан құрылған ресми делегация алғашқы рет елде жергілікті қажылықты бастады.

Шариғат бойынша, мұсылмандарға денсаулығы мен қаражаты көтерсе өмірінде ең болмағанда бір рет қажылыққа, яғни Сауд Арабиясындағы қасиетті Мекке және Медина қалаларына құлшылық жасап бару міндеттелген.

Биыл әлем мұсылмандары Ислам дініндегі бес парыздың бірі – қажылық парызын Меккеде өтіп жатқан кезде түркмен зияратшылары ел ішіндегі орындарды аралап қажылық сапарға шықты.

Доңыз тұмауы қаупіне байланысты түркмен үкіметі осы жылы өз азаматтарының қажылыққа баруына тыйым салды. Оның орнына түркмен үкіметі қажылық қарсаңында алғашқы рет ресми түрде елдің ішкі қажылығын бастап отыр.

Түркменстан президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов қол қойған қарарға сәйкес, қариялар мен зияратшылардан құрылған ресми делегация Түркменстанның ішіндегі 38 «қасиетті» орындарға барып, алғашқы жергілікті қажылықты өтеген. Қарашаның 11-інде басталып, қарашаның 29-ында аяқталатын ішкі қажылыққа таңдалған бұл 38 «қасиетті» орындардың көбі әсерлі әрі діни маңызы бар деп есептеледі. Бірақ олардың кейбірінің дінге қатысы жоқ делінеді.

Түркменстанда қасиетті делінетін жерлердің бірі – Балкан өлкесінде орналасқан Парау Би мешіті. Бұл мешіт із-түссіз жоғалып кеткен Парау Биге арналып салынған. Айтылатын аңызға сәйкес, Парау Би нағыз мұсылман болған және ол ғасырлар бойы жүкті әйелдер мен балалардың қасиетті қамқоршысы болған.

Түркмен жазушысы Ашырғұлы Байри Азаттық радиосына Парау Би туралы былай деп әңгімелеп берді:

«Аңыздардың біріне қарағанда, жергілікті әкімнің қызының аты Парау болған. Дұшпандар шабуыл жасаған кезде Парау өз
Биіктігі 67 метр Құтлық-Темір мұнарасы, Үргеніш, Түркменстан.
қызметшілерімен бірге қашып кеткісі келеді. Қызметшілерінің бірі сатқын болып шығып, Параудың қайда жасырынып жүргенін айтып қояды. Дұшпандарынан аман қалу үшін Парау тау жаққа қашып кетеді. Адамдардың айтуынша, таулар Парауға ашылып, оны жасырып қояды».

Түркменстанда ішкі қажылық үшін жасалған тағы бір жер – Құтлық-Темір мұнарасы. Бұл Орталық Азиядағы ең биік мұнара. Ол ежелгі Хорезм империясының астанасы болған Үргеніш қаласында орналасқан.

Сонымен қатар Мери қаласынан 30 шақырымдағы жерде ХІ ғасырда тұрғызылған Талхатан Баба мешіті – жергілікті қажылыққа арналған «қасиетті» жерлердің бірі. Түркменстан ақпарат агенттігінің мәлімдеуінше, осы аптада ресми делегация «өз өмірін Құдайға құлшылық етуге арнаған» қасиетті Талхатан Бабаның қабірі жанындағы саябақта қарағай ағаштарын отырғызған.

Мери қаласында орналасқан Сұлтан Санжар кесенесі болса ХІІ ғасырдағы үлкен діни кешеннен қалыпты. Алайда бұл кесене Осман империясынан бұрынғы әулеттердің мүшесі болған саясаткер Ахмад Санжарға арналған екен.

Кейбір «қасиетті» орындардың дінге қатысы жоқ болса да, Түркменстан халқы оларды Ислам діні үшін қасиетті Меккедегі қажылықтың орнына қабылдай ала ма?

Бұл сұраққа аты-жөнін атағысы келмеген бір әйел Азаттық радиосының түркмен қызметіне берген сұхбатында «иә» деп жауап беріп, бірақ ол өзі қажылыққа шетелге барғанын айтты.

Көне Хорезмнің астанасы болған Үргеніштегі Сұлтан Әли кесенесі, Түркменстан.
«Түркменстан ішінде ұлы адамдар жерленген білгілі орындар бар. Егер Сауд Арабиясындағы халық Меккеге барса, біздің елімізде моңғол басқыншылары өлтірген 360 қорғаушының жері бар», – деді бұл әйел.

Оның айтуынша, Меккеге бару үшін көп қаражат керек, ал Түркменстанның өзіндегі қажылық орындарына барғанда халық ақшасын үнемдей алады. Мәселен, Иранда зиярат ететін жерлерде көптеген адам жиналады, дейді ол. Түркмен әйелі, әрине, Түркменстандағы жерлер Меккемен салыстырғанда бірдей дәрежеде бола алмайды деп атап көрсетті.

Дегенмен, Түркменстандағы жергілікті қажылық сапары үкімет мүдделерін алға тартуға бағытталған көрінеді. Мәселен, Түркменстан мемлекеттік ақпарат агенттігі үкіметтің осы жобасын жариялап, «қасиетті жерлерге қажылыққа баратын діндарлар ежелгі түркмен жерінде «Жаңадан қайта даму» кезеңіндегі орасан зор өзгерістерге куә болады» деп хабарлады.

«Олар ауылдастары мен көршілеріне, туыстары мен достарына көргендерін айтып береді. Жаңа зауыттар мен жолдар, көпірлер мен мектептер және ауруханалар мен мәдени орталықтар сондай-ақ стадиондар – осылардың бәрі «Жаңадан қайта даму» дәуірінің белгілері, яғни түркмен халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған президент Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовтың саясатының нәтижесі» делінген аталған агенттіктің хабарында.

Түркмен жазушысы Аманмұрат Бугаев түркмендердің қажылыққа бару мүмкіндігінен айырылғандығына байланысты наразылық айтып отыр.

Ол Түркменстандағы «қасиетті» жерлер қаншалықты керемет болғанымен де, олар Ислам дініндегі бес парыздың біріне жататын нағыз қажылықтың орнын баспайды деп санайды.

«Бұл күтпеген оқиға. Мен Құдайға сенемін және ислам дәстүрлерін қатты құрметтеймін. Мен неліктен қажылықтың Түркменстанда қасиетті және тарихи жерлермен ауыстырылғандығын түсіне алмай отырмын», – дейді жазушы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG