Accessibility links

Доңыз тұмауын жұқтыру қаупіне қарамастан екі мың қазақстандық қажылыққа бара жатыр


Полиция қызметкері қажылыққа келгендерге Арафат тауына бағыт көрсетіп тұр. Мекке, Сауд Арабиясы, 7 желтоқсан 2008 ж.

Полиция қызметкері қажылыққа келгендерге Арафат тауына бағыт көрсетіп тұр. Мекке, Сауд Арабиясы, 7 желтоқсан 2008 ж.

24 қарашада үлкен қажылық басталады. Сауд Арабиясының үкіметі барлық сапаршылардың доңыз тұмауына қарсы екпе жасатуын талап етуде. Қазақстаннан басқа кейбір елдер азаматарының Меккеге баруына тыйым салды.

ҚАЖЫЛЫҚҚА ШЕКТЕУ ҚОЮ

Биылғы жылы бірқатар мұсылман елдер H1N1 вирусы тудыратын тұмаудың бұрқ ете қалуына байланысты Сауд Арабиясына сапар шегуге шектеу қойды. Доңыз тұмауы Меккеге барған үш миллионнан астам адам арқылы еркін тарап, бүкіл әлемнің денсаулық сақтау жүйесіне қатер төндіруі мүмкін деп хабарлады денсаулық сақтау сарапшыларына сілтеме жасай отырып Рейтер агенттігі.

Мысалы, ең халқы тығыз орналасқан араб елдерінің бірі – Мысырдың үкіметі 25 пен 65 жас аралығындағы азаматтардың санына шектеу қоюға шешім қабылдады. Сонымен қатар Мысыр сапаршыларға доңыз тұмауына қарсы екпе жасауды жоспарлап отыр. Мысыр қажылық пен ұмра (кіші қажылық) кезінде адамдардың көп шоғырлануы және жұқпалы ауру осы елдің азаматтарының өміріне қауіпті болмақ деп араб елдерінің ішінде бірінші болып мәлімдеді.

Ирақтың денсаулық сақтау министрлігі сырқат адамдардың, жүкті әйелдердің, 65 жастан асқан, жүрегін май басқан жандардың және 12 жасқа толмаған балалардың қажылыққа баруына тыйым салғанын мәлімдеді. Министрлік қажылыққа баратын азаматтарға Меккеге бірге
Жұма намазына жығылған мұсылман-шийттер. Бағдад, Ирак, 17 шілде 2009 ж.
барып-қайтатын 330 дәрігерді бекітіп берді. Сауд Арабиясында ас әзірленетін, жеке клиника жасақталатын 18 бекет Ирақ азаматтарына арналып бөлінетін болады. Бірақ, оған дейін Ирақтан баратын барлық сапаршылар тексеруден өткізілмек.

Сауд Арабиясында жағдай қиындап бара жатпаса, қажылық парызын өтеймін деген азаматтарына қандай да бір шектеу қою мұсылман ел - Марокконың жоспарында жоқ. Дей тұрғанмен, Марокко үкіметі қажылыққа баруға тілек білдірген 30 мың адамға доңыз тұмауына қарсы екпе жасатуды міндеттеді. Меккеге бару үшін әрбір марокколықтың төлқұжатында екпе жасатқанын растайтын бұрыштама болуы тиіс.

Оман үкіметі шығарған бұйрықта биылғы жылы қауіп деңгейі өте жоғары болып тұрғандықтан, ел өз азаматтары үшін Сауд Арабиясына қажылыққа баруды кейінге қалдырды делінеді.

Тунис те дәл солай қажылыққа баруды кейінге ысырды. Тунис үкіметі доңыз тұмауына қарсы екпенің болмауына байланысты Меккеге өз азаматтарын жыл сайынғы қажылыққа жібермеуге шешім қабылдады. Қарашаның басында дін істері жөніндегі министрлік доңыз тұмауына қарсы екпе қазанның ортасына дейін келіп жетпегендіктен сапаршыларға екпе жасауға кеш болғанын мәлімдеді.

ТҮРКІМЕНСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ МЕККЕГЕ БАРМАЙДЫ

Жылда қажылық парызды өтеу үшін мұсылмандар шамамен Құрбан айт мерекесінен бір ай бұрын әлемнің түкпір-түкпірінен Сауд Арабиясына келіп жетеді. Биылғы Құрбан айт қарашаның 27, 28, 29-ыншы күндеріне тура келіп тұр. Бұл жылы бүкіл Орталық Азия елдерінің ішінен Түркіменстан мұсылмандарының ғана Сауд Арабиясына қажылық парызын орындауға бармайтыны Азаттық радиосына белгілі болды.

«РИА Новости» ақпараттық агенттігі хабарлағандай, биыл Түркіменстан мұсылмандары ел аумағындағы қасиетті орындарға барумен шектелмек. Құрбан айт ел ішінде-ақ мемлекеттік деңгейде аталып өтпек. Осынау мерекенің бірінші күнінде Түркіменстан президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедовтың атынан құрбандыққа мал шалынатыны белгілі.

Тәшкенттегі мешіттен шығып келе жатқан мұсылмандар.
Түркіменстанда әзірге бір де бір доңыз тұмауымен ауырған адам тіркелмесе де биліктегілер бұл тұмаудың бүкіл әлемге тарап кету қаупін ойлап, осындай шешімге келіп отыр. Түркіменстаннан жыл сайын екі жүзге жуық мұсылман Сауд Арабиясына барып, қажылық орындап тұрғанын еске сала кетейік.

Өзбекстан бұл жылы Меккеге барып, парыз орындаймын дегендерге шектеу қоймады. Бұл жылы Сауд Арабиясына баратын мұсылман өзбектің саны бес мыңнан асады деп жобалануда. Өзбекстан мұсылмандарының комитеті бұл жылы сапаршылармен бірге білікті вирусологтардың баратынын, барлық өзбек сапаршыларына екпе жасалғанын Азаттық радиосының Өзбек қызметіне хабарлады. Оларға тұмау ауруларынан сақтану шаралары көрсетілген кітапша үлестірілген.

Тәжік мұсылмандарын Сауд Арабиясына жолаушылатуға жауапты Тәжікстанның мәдениет министрлігі хабарлағандай, биыл бұл елдің бес мыңнан астам азаматы қажылыққа бармақ. Тәжік шенеуніктері бұған қоса әзірге доңыз тұмауына қарсы екпені сатып алмағандарын хабарлады. Сондықтан аталмыш вирусқа қарсы екпе жасатпаған жандарды аумағына кіргізбейтінін мәлімдеген Сауд Арабиясының талабы қалайша орындалмақ, ол жағы әлі белгісіз.

Азаттық радиосына Қырғызстан мұсылмандарының мүфтиі Мұратаалы Әжи Жұманов осы елден баратын парыз орындаушылардың міндетті түрде доңыз тұмауына қарсы екпе жасатуға тиіс екендігін хабарлады. Оның ақпараты бойынша қазір Қырғызстанда сапаршыларды жолға даярлау және Сауд Арабиясына аттандыру жөніндегі штаб құрылған және де бұл жылы Қырғызстаннан төрт жарым мың адам қажылық парызды өтейді деп болжануда.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ H1N1-ГЕ ҚАРСЫ ВАКЦИНА

Исламдағы бес парыздың бірі – қажылықты өтеу үшін биылғы жылы шамамен екі мыңға жуық Қазақстан мұсылмандары Сауд Арабиясына бармақ. Бұл турасында Азаттық радиосына Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек хабарлады. Үстіміздегі жылдың 20 қазанында Қазақстан мұсылмандарының бірінші тобы Сауд Арабиясына аттанып кеткен болатын. 11 қарашадан бастап қазақстандық сапаршылар Меккеге лек-легімен кете бастайды.

Оңғар қажы Өмірбек қазақстандықтардың денсаулығының қамы үшін егу процедурасы міндетті болып белгіленген дейді.

– Мұны Сауд Арабиясы талап етіп отыр. Меккеге аттанардың алдында екі апта бұрын біздің барлық сапаршылар доңыз тұмауына қарсы
Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек. Атырау, 11 сәуір 2009 ж.
егу процедурасынан өтуге тиісті, мұнсыз қажылыққа баруға рұқсат жоқ, – деді мүфтияттың өкілі.

Азаттық радиосына белгілі болғаны – тура былтырғыдай, биыл да сапаршыларды Меккеге жеткізумен әртүрлі туристік фирмалар айналысуда. Олар қажылыққа барам деген мұсылманнан құжат қабылдау кезінде H1N1 тұмауына қарсы егілгендігі туралы анықтама қағаз талап етуде.

Дегенменен, алматылық туристік фирмалардың біріменен телефон арқылы сөйлескен тілшіміз қазақстандық сапаршылардың тек қана кәдімгі тұмауға қарсы ектіріп жатқанын анықтады.

– Бізге келіп құжат тапсырмас бұрын клиенттеріміздің өздері емханаға баруға, сосын, сол жерде кәдімгі тұмауға қарсы ектіруге тиісті. Бұл аталмыш сақтандыру шарасынан өткені туралы кәдімгі сертификат. Бұрын да осылай істейтінбіз, – деді туристік фирманың Әбубәкір деген қызметкері.

Азаттық радиосына Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі доңыз тұмауына қарсы екпенің елге әлі әкелінбегенін хабарлады.

– Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы бізге доңыз тұмауына қарсы екпенің әлі клиникалық сынақтан өткізіліп жатқанын хабарлады. Әзірге біз Қазақстан азаматтарына маусымдық тұмауға қарсы екпе жасаудамыз, – деді аты-жөнін айтпаған баспасөз қызметкері.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың ішінде Қазақстанда доңыз тұмауымен ауырған жеті адам тіркелді. Оның алтауы Лондонда оқитын 12 мен 15 жас аралығындағы қазақстандық оқушылар болатын. Сондай-ақ, доңыз тұмауының диагнозы Қазақстанға келген Германия азаматшасына қойылды. Әзірге Қазақстанда аталмыш тұмаудан көз жұмған адам болған жоқ деп отыр ресми органдар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG