Accessibility links

Ислам туралы дискті шығарушылар оның мазмұнын Мұсылмандар діни басқармасымен келісіп дайындауда


Қазақстанда мұсылманшылықтың негіздерімен таныстыруға арналған мультимедиалық диск жасалуда. Алайда, бақылаушылар бұл жобада исламдағы барлық ағымдардың өкілдерінің пікірлері ескерілетіндігіне күмән келтіреді.


«БІЗГЕ ИМАМДАР КЕҢЕС БЕРУДЕ»

Мультимедиалық жобаны дайындаушы топтың өкілі Аманжол Темірбек, баспасөзге берген сұхбатында, исламды заманауи әдістердің көмегімен, мәтін, аудио және видеокөріністер арқылы таныстыру анағұрлым көрнекі әрі қызықты болады деген пікірін білдірді.

Оның түсіндіруінше, білім беру және ақпараттық-ағартушылық сипатындағы бұл жоба қалың көпшілікке арналған. Жобаның нәтижесі мультимедиалық компакт-дискте көбейтіліп шығарылмақ.

Жоба авторлары мүмкіндігі шектеулі адамдар мультимедиалық диск арқылы исламның негіздері туралы көбірек білуге мүмкіндік алады деп пайымдайды. Жоба бойынша, әрбір бөлімде мәтінмен бірге бейнекөріністер және аудиотүсініктемелер берілген.

Жобаны дайындап, жүзеге асырушылардың арасында ғылым мен техника салаларының мамандары бар, атап айтқанда, кеңесші ретінде дінтанушылар, филологтар, аудармашылар, дизайнерлер, программистер мен видеоинженерлер үлес қосуда. Сондай-ақ, ислам ағартушылығын дамытуға ниет білдірген энтузиасттер де бұл жобаны дайындауға қатысуда.

Мультимедиалық жобаның баспасөз хатшысы Думан Қожахметов, Азаттық тілшісімен әңгімеде, жоба нәтижесі көпшілікке мультимедиалық диск арқылы таратылатынымен бірге, бұл мақсатта арнайы интернет-портал (www.bismillah.kz) іске қосылатынын хабарлады. Порталдың тұсаукесері қасиетті Рамазан айының қарсаңында, яғни 2009 жылғы тамыз айының бірінші жартысында өткізілмек.

«Жобаны дайындап жатқан компанияда жұмыс істейтіндер болашақта тек қана медиа-жобаларды әзірлеумен айналысатын болады. Қазір, осы бір айдың ішінде, мұның барлығы заңды түрде тіркеледі. Іс жүзінде бұл жобаның жұмысына кедергі келтірмейді», – деді Думан Қожахметов.

Ол сондай-ақ осы жобаға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының қатысы жайында да әңгімелеп берді:

– Мүфтияттың өкілдері, яғни, имамдар мен наиб-имамдар кеңесші ретінде жобаға қатысуда. Қандай да болмасын мәтінді немесе аудио- және видеоматериалдарды солармен келісіп аламыз.

«БИЛІК МҰСЫЛМАНДАР ДІНИ БАСҚАРМАСЫНА АЙТЫЛҒАН СЫНДЫ ҚАБЫЛДАМАЙДЫ»

Азаттық тілшісімен болған әңгімеде Қазақстан Мұсылмандар одағының басшысы Мұрат Телібеков исламның негіздерін тануға арналған мультимедиалық диск пен арнайы интернет-портал дайындау жөніндегі жобаны жылы қабылдады.

Бірақ, ол өз сөзінде, қаржы және әкімшілік мүмкіндіктері бола тұра Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының осындай жобаларға бастамашы бола алмағанына қынжылыс білдірді.

«Менің пікірімше, Қазақстан Мұсылмандарының «жоғарғы» діни басқармасы қазіргі күш-қуатымен прогрессивті, либералды, ағартушы исламды насихаттауда көшбасшы болуы тиіс еді», - дейді Мұрат Телібеков.

Сонымен бірге ол исламның негіздерін тануға арналған әрбір жобада исламды түсіндірудегі баламалы және бейтарап ой-пікірлер мен пайымдар, мейлі олар діни басқарманың ұстанымынан өзгеше болса да, ескерілгені жөн дегенді атап өтті.

«Бірақ, бүгінгі күнге бұл жоба бастамашыларының ешқайсысында ондай мүмкіндік жоқ, және ондай қорқыныштың себебі де бар», - дейді, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының қызметін сынаудың не екендігін өз тәжірибесінен жақсы білетін Мұрат Телібеков.

«Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасын сынға алған Қазақстанның Мұсылмандар одағын қудалауға тек діни басқарма ғана емес, сонымен бірге, өкінішке қарай, прокуратура, сот, Ішкі істер министрлігі секілді мемлекеттік органдар да қосылды», - деді ол.

Ол бұл мәселеде мемлекеттің діннен бөлек болу қажеттігін баса айтады.

«Мемлекет бейтарап ұстанымда болуы керек, бірақ, соған қарамастан, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бет-беделіне қылау түсіретін кез-келген сыни пікірлер мен әрекеттер билік тарапынан қатаң тойтарысқа кезігеді», - деп атап өтті М.Телібеков.

Тұрғындардың әлеуметтік белсенділігінің жоқтығы жайлы сөз қозғаған Телібеков, Қазақстандағы діни ағартушылық істе ақпараттық-виртуалдық мүмкіндіктер толыққанды пайдаланылмайтындығына назар аударды. Оның пікірінше, бұның бәрі түбінде радикалды бағыттағы ислам ұйымдарының белсенді іс-қимылын туғызуы ықтимал.

«Бүгінде «Хизб ут-Тахрир партиясы және уахабилер тәрізді экстремисттік пиғылдағы көптеген мұсылман ұйымдары әлі бұғанасы бекімеген жастарды өздеріне тарту үшін бюрократия мен коррупцияға қарсы тұруда әлеуметтік белсенділік танытып, қоғамды өз ыңғайына өзгертуге барлық мүмкіндіктерді пайдаланып қалуға тырысады», – дейді Қазақстан Мұсылмандар одағының басшысы Мұрат Телібеков.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG