Accessibility links

«Досқалиевті шұғыл түрде ауруханаға жатқызу керек»


Жақсылық Досқалиев, Қазақстанның ,бұрынғы денсаулық сақтау министрі. Астана, 5 қазан 2009 жыл.

Жақсылық Досқалиев, Қазақстанның ,бұрынғы денсаулық сақтау министрі. Астана, 5 қазан 2009 жыл.

Қамаудағы экс-министр Жақсылық Досқалиевпен жүздескен адвокаттары бұрынғы шенеуніктің денсаулығы күрт нашарлағанын айтады. «Оның тіпті тергеушіге жауап беретін халі жоқ. Тез шаршап қалады, сондықтан жауап беруден бас тартып отыр» деді қорғаушы Бекжан Біләлов Азаттық тілшісіне.


«Ол аздап қозғала алады, әйтсе де өздігінен жүріп-тұра алмайды. Оған ол жерде уақытша қамаудағы адамдар ас-суын ішуге, дәретке шығуға көмектесіп жатыр», - дейді бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің адвокаты Бекжан Біләлов.

«ҚАН ҚЫСЫМЫ ТҰРАҚСЫЗ»

Адвокаттың айтуынша, дәрігерлердің тексеруіне мұқтаж болса да, Досқалиевтің қан қысымын өзі өлшеп алатындай қауқары бар.

- Қанша дегенмен дәрігер емес пе, қан қысымын өзі өлшеп алады. Аппараты да бар. Қысымы нақты қанша екенін білмеймін. Алайда, оның айтуынша қан қысымы біресе төмендейді, біресе көтеріледі, қысқасы бір қалыпты емес, - дейді Бекжан Біләлов.
Бекжан Біләлов, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің адвокаттарының бірі. Астана, 28 қазан 2010 ж.

Бұрынғы министрдің тағы бір адвокаты Эдуард Шомпиев қазанның 28-і Азаттық тілшісіне Досқалиевтің денсаулығы күрт нашарлап, қан қысымының бірден төмендеп кеткенін жеткізді. Сондықтан адвокаттар тергеушіге бұрынғы министрді республикалық клиникалардың біріне шұғыл түрде жатқызу жөнінде талап-хат түсірген.

СОТ-МЕДИЦИНАЛЫҚ САРАПТАМАСЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Қазанның 28-і бейсенбі күні қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай сот-медициналық сараптамасын жүргізу жөнінде Досқалиевтің адвокаттары түсірген талап-арызды қаржы полициясы қанағаттандырғанын хабарлады.

«Сот-медициналық сараптамасын жүргізуге негіз жоқ. Өйткені Досқалиев тарапынан денсаулығының нашарлағаны жөнінде шағым болған емес. Соған қарамастан бұл іс бойынша тергеудің жан-жақты болуы мақсатында біз медициналық сараптама жүргізу жөніндегі адвокаттардың талап-арызын қанағаттандырдық», - дейді қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай.

- Досқалиев денсаулығы жөнінде қаржы полициясына шағымданбайтын шығар. Бірақ та дәрігерлерге денсаулығының нашар екені жөнінде үнемі шағымданады. Қолдары ұйып қала береді, тағысын тағы, - дейді Жақсылық Досқалиевтің адвокаттарының бірі Бекжан Біләлов.

«Оның қазіргі жағдайын ескере отырып біз қандай да бір тергеу ісін жүргізуге рұқсат етпей отырмыз», - дейді адвокат.

ДОСҚАЛИЕВ ІСІ

Естеріңізде болса, қаржы полициясы Жақсылық Досқалиевтің үстінен «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып бойынша қылмыстық іс қозғағаны туралы Азаттық радиосы бұған дейін хабарлаған болатын.

Кейіннен қаржы полициясы оған жемқорлыққа қатысты тағы бір айып тақты. Қазанның 2-і күні Астанадағы Сарыарқа аудандық №2 соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті он күнге қамауға алу жөнінде санкция берген болатын. Кейін аудандық сот санкция мерзімін екі айға ұзартты.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев қамауда жатқан ЕЦ-166/1 тергеу изоляторының кіреберісі. Астана, 28 қазан 2010 жыл.

Қамауға алу туралы шешім шықпай тұрып, қыркүйектің 25-сі күні қаржы полициясында өткен тергеу кезінде Жақсылық Досқалиевтің денсаулығы нашарлап ауруханаға жатқызылғаны, дәрігерлер оған «инсульт» деген диагноз қойғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ кейін қаржы полициясы экс-министрге «жалған диагноз қойылғаны» туралы мәлімдеме жасады.

55 жастағы медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметіне екі рет тағайындалған еді.

2007 жылы тамызда президенттік «Нұр-Отан» партиясының тізімі бойынша парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Ал 2008 жылғы қарашаның 20-сы күні Қазақстан президенті жарлығымен денсаулық сақтау министрі болып қайта тағайындалған Жақсылық Досқалиев бұл қызметтен биыл қазан айында босатылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG