Accessibility links

Израильдің Шығыс Иерусалимде үй салу жоспары палестиндіктердің наразылығын өршітті


Иерусалим маңында орналасқан босқындар лагеріндегі палестиндіктер мен Израиль полициясы арасындағы қақтығыстан көрініс. Батыс жағалау, 16 наурыз 2010 жыл.
Иерусалим маңында орналасқан босқындар лагеріндегі палестиндіктер мен Израиль полициясы арасындағы қақтығыстан көрініс. Батыс жағалау, 16 наурыз 2010 жыл.

Шығыс Иерусалимде палестиналықтар полициямен қақтығысып қалды. Соңғы кездері бұл аймақтағы жағдай шиеленісе түскен болатын. Қаланың негізінен арабтар тұратын бөлігінде еврейлерге арналған 1600 үй салу жөніндегі Израильдің шешіміне АҚШ та наразылық білдірді.


ТЕКЕТІРЕС ШИЕЛЕНІСЕ ТҮСТІ

Сейсенбі күні ондаған палестиналық Шығыс Иерусалимнің негізінен арабтар тұратын бөлігінде полициямен қақтығысты. Израиль еврейлерге арналған үйлерді салуын одан әрі жалғастыратындығын жариялаған соң қасиетті қаладағы теке-тірес тіпті өрши түсті.

Билік орындарының хабарлауынша, Израильдің ежелгі қалада синагоганы қайта құру жөніндегі шешіміне жауап ретінде «Хамас» жауынгерлік тобының «ашу-ыза күнін» өткізу туралы үндеулерінен кейін аймаққа Израиль полициясының 3 мыңға жуық қызметкері
Өздерін таспен атқылаған наразы палестиндіктерге қарсы жүгіріп келе жатқан Израиль әскерилері. Батыс жағалау, 16 наурыз 2010 жыл.
орналастырылған.

Бұл уақытта АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша өкілі Джордж Митчелл аймаққа сапарын кейінге қалдырып отыр. Израиль мен АҚШ арасындағы дипломатиялық дау күшейе түсуде.

Осының алдында Вашингтонда мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Филип Кроули шиеленісті жағдайға байланысты алаңдаушылық танытып, тараптарды тыныштыққа шақырды.

«Біз барлық жақтарды жауапкершілікпен әрекет етуге және тыныштықты сақтау үшін кез-келген қажетті шараны қолға алуға шақырамыз. Біз бірнеше палестиналық ресмилердің даулы оқиғаларды басқаша сипаттап, мәлімдеме жасауларына байланысты алаңдаулымыз. Бұл аймақтағы шиеленісті жағдайды одан сайын күшейтуі мүмкін. Біз Палестина ресмилерін мұндай арандатушылыққа нүкте қоюға шақырамыз», - деді Кроули.

ДАУЛЫ ЖОСПАР ВАШИНГТОНҒА ЖАҚПАДЫ

Өткен аптада Израиль шығыс Иерусалимде еврейлер үшін 1600 үй салу туралы жоспарын жариялады. Палестиналықтар қаланың бұл бөлігін өздерінің болашақ мемлекетінің астанасы деп санайды. Израильдің шешімінен кейін аймақтағы жағдай шиеленісе түскен болатын.

Таяу Шығысқа сапармен келген АҚШ вице-президенті Джо Байден. Тель-Авив, 11 наурыз 2010 жыл.
АҚШ вице-президенті Джо Байденнің аймаққа сапары барысында жарияланған бұл ақпарат Израиль мен палестиналықтар арасындағы бейбітшілік келіссөздерінің болашағына көлеңке түсіріп, АҚШ пен Израиль арасындағы даудың күшеюіне түрткі болды.

АҚШ ресмилері Израильдің шешімін Вашингтонды «кемсіту» деп бағалап, Израильден бұл даулы жобадан бас тартуды талап етті.

Дүйсенбі күні Израильдің АҚШ-тағы елшісі Майкл Орен одақтас екі ел арасындағы қарым-қатынастар үй салу мәселесіне байланысты соңғы 35 жылдағы ең төмен деңгейге түсті дәп мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Филип Кроулидің атап көрсетуінше, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон аталмыш жоба мен АҚШ арағайындық жасап отырған тікелей емес бейбітшілік келіссөздеріне Израильдің міндеттемесін көрсетуіне байланысты Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаняхуға нақты талаптар қойған. Вашингтон Израильдің жауабын күтіп отырғанын айтады Кроули.

«Хиллари Клинтон премьер-министрге біздің нақты алаңдаушылықтарымызды білдірген кезде Израиль үкіметінен ресми түрде жауап беруін сұрады. Біз сол жауапты әлі күтіп отырмыз», - деді Кроули.

ТЕЛЬ-АВИВТІҢ ҰСТАНЫМЫ

Нетаняху болса құрылыс жоспары туралы ақпараттың дәл АҚШ вице-президентінің сапары барысында жарияланғандығына байланысты кешірім сұрады. Бірақ ол Израильдің қоныстарды кеңейту туралы саясатын қорғап, Иерусалимде еврейлерге арналған үйлерді салу жұмыстары тоқтатылмайды деп атап көрсетті.

Сондай-ақ сыртқы істер министрі Авигдор Либерман шығыс Иерусалимдегі құрылыстарды тоқтату туралы талаптарды «ақылға
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаняху ел парламенті - Кнессеттің сессиясында. 3 наурыз 2010 жыл.
қонбайды» деп бағалады.

АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша өкілі Джордж Митчелл сейсенбі күні Иерусалимге баруы тиіс еді. Бірақ Израильге ресми Вашингтон: «Митчеллдің аймаққа сапары кейінге қалдырылды» деп хабарлады.

Алайда 18-19 наурызда Мәскеуде Хиллари Клинтон БҰҰ бас хатшысы Пан Ги-мунмен бірге Таяу Шығыс квартетімен кездеседі деп жоспарланған. Келіссөздерге сондай-ақ Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Еуропа Одағының сыртқы саясат бойынша басшысы Кэтрин Эштон және квартет өкілі Тони Блэр қатысады деп күтілуде.

Израиль 1967 жылғы Таяу Шығыс соғысы барысында Иерусалимді Иорданиядан тартып алған соң өзіне қосып алған болатын. Бұл әрекетті халықаралық қауымдастық мойындамады.
XS
SM
MD
LG