Accessibility links

Ахмет Аляз: Бір бүйрегім қазаққа бұрып тұрады


Ахмет Аляз, «Қазақстан-Zaman» газетінің бас директоры. Алматы, маусым, 2009 ж.

Ахмет Аляз, «Қазақстан-Zaman» газетінің бас директоры. Алматы, маусым, 2009 ж.

Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында халықаралық «Қазақстан-Zaman» газетінің бас директоры, журналист Ахмет Аляз бірлескен басылымның мақсаты мен өзінің Қазақстанға келуі жайында Азаттыққа сұхбат берген еді.

- Қазақстанға қашан және қандай мақсатпен келгеніңіз жайында оқырманға айта отырсаңыз?

- Мен өзім Түркияның Қахарман Мараш деген қаласынан боламын, әке-шешем сонда, бастауыш және орта мектепті сол жерде тәмамдадым. Ал Қазақстанға 1992 жылы жоғарғы білім алу мақсатында келдім. Ол кезде түркі елдерінің бірінен соң бірі өз тәуелсіздіктерін жариялай бастағанын білесіздер.

Сол тәуелсіздік жариялана салысымен Түркия мен Қазақстанның өзара байланыстары күшіне енгені және белгілі. Біздің сол кездегі президентіміз Тұрғыт Өзал мен Қазақстан басшысының өзара студент алмастыру жөнінде келісім-шарты болды, мен сол келісімнің негізінде Қазақстанға білім алуға келген алғашқы студенттің бірімін.

Басқа да көршілес елдер тұрғанда неге Қазақстанды таңдадым дегенге келсек, сол уақытта біздің елде сіздердің мемлекеттеріңіз туралы насихат өте күшті болды, телеарналардағы екі хабардың бірі Қазақстанға арналып жасалатын және бұл атамекен, атажұрт ретінде қатты қызықтырғаны анық. Осы қызығушылықтың жетегінде ең алғаш 10 абитуриент Алматыға келдік. Онымыз да осында оқуымызды тәмамдадық, бірақ солардан қазір мен жалғыз өзім қалдым.

- Неліктен мұнда қалып қойдыңыз?

- Менің мұнда тұрақтап қалуымның алғашқы себебі, мен сабақты өте жақсы оқыдым, қазақ тілін үйренуді жақсылап қолға алдым, бір жылдың ішінде оқыған кітабымды түсінетін дәрежеге жеттім. Сонымен 3-курста «Zaman- Қазақстан» аталатын газетте тәжірибеден өтіп жүрген кезімде басылымның басшылығы мені аудармашылық, одан кейін тілшілік қызметке шақырды.

«Қазақстан-Zaman» газетінің бас директоры Ахмет Аляз Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында, маусым, 2009 ж.
1997 жылы оқуымды бітірдім, бірақ елге қайтпай үш жыл осында қалып, еңбек етіп, өзімді жетілдіру туралы ой болды, сөйтіп газеттегі қызметімді жалғастырып, Алматыда қалдым. Енді кетсем бе деген кезде қызметім жоғарылап, бас редактордың және бас директордың орынбасары деген қос лауазымды бірдей атқардым.

Түркиядағы басшылық газеттің шығарушысы болғанымен мұндағы жергілікті халықтың тілін білмегендіктен кей-кейде түсініспеушіліктер болып қалады, сондықтан да олар мені жібергісі келмеді, сөйтіп әу бастан мені екі ортаны жалғастыратын «көпір» сияқты дайындады, ақыры 2004 жылдың қыркүйек айында осы басылымның құрылтайшылық және бас директорлық қызметіне тағайындалдым. Менің қазақ бауырларымның арасында қалып қойғанымның себебі осы.

- Болашағыңызды Қазақстанмен байланыстыра қарайсыз ба, әлде...?

- Әрине, өзімді жартылай түрік болсам, жартылай қазақ ретінде есептейтіндіктен, қазақ деген халықты жақсы көретін, оның тілін көп адамдардан гөрі терең меңгергендіктен, болашағымды осы елмен байланыстыра қарай аламын. Он жеті жыл ғұмырым осында өтті, енді қанша өмірімнің Қазақстанмен байланысты екені, әрине, Аллаға ғана аян.

Дегенмен, Алланың әмірімен Жер шарының қай түкпірінде жүрсем де екі бүйрегімнің бірі түрік, екіншісі қазаққа бұрады деп сенемін. Ал жалпы алғанда мен өзім түркілік көзқарастағы адаммын, сондықтан да қазақты басқа ұлт ретінде емес, өз ұлтымның бір бұтағы деп қараймын, ағайынға, бауырға деген көзқарас қалай болуы қажет болса менің қазаққа деген ықыласым дәл сондай иншалла, осы ұстанымымнан айнымаспын.

ОРАМАЛ МӘСЕЛЕСІ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ӘЛІ ДЕ БАР


- Қос құрлықты мекен еткен Түркия зайырлы мемлекеттік пен шариғат заңдарын қалай үндестіруде? Ислам ұстанымындағы Түркияның жоғары оқу орындарында қыздардың орамал тартып жүруіне тыйым салуына не себеп болды деп ойлайсыз?

- Түркия ұзақ жылдар шариғат заңдарымен басқарылды. Шариғат заңын ең алғаш Түркияға алып келген Яуз сұлтан Селин деген патша болған. 1517 жылы Осман империясы мен мәмлүктердің арасындағы соғыста Осман патшалығы жеңіп, халифаттықты өздеріне алғаннан кейін шариғат заңдарымен басқару енгізілген. 1923 жылға дейін шариғат үкімдері заң күшінде болған.

Түрік бойжеткені жоғары оқу орындарында мұсылман әйелдерінің басына орамал байлап жүруіне салынған тыйымды алып тастауды талап еткен жиынға қатысып тұр. Стамбұл, 2 ақпан, 2008 ж.
1923 жылы жаңадан мемлекет құрылғанда Ататүріктің бастамасымен Түркия мәжілісінің өкілдері зайырлылықты қабылдаған. Әрине, Түркиядағы зайырлылық Франция немесе Америкадағы зайырлылықтан басқа, яғни Ататүрік бұл басқаруды өзіміздің түркілік ұғымға бейімдеген. Түркиядағы діннің мемлекетке бағынбай, бірақ дін қызметкерлерінің мемлекеттік қызметкер болып саналатындығынан осыны көруге болады.

Ол жақта дін істері басқармасы мемлекеттік автономиялық құрылым ретінде жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметкер дәрежесіндегі дін қызметкері жалақыны мемлекеттен алады, оның да өзіндік себебі болған болуы керек. Ататүрік әркім өзінің көзқарасын таңып, үгітін жүргізіп дінде алауыздық туып, халық арасына сызат түспес үшін шетелдерден дінге көмек алуға, шетелдік қаржының бөлінуіне тиым салған.

Қазіргі күні 80 мыңнан астам мешіті бар Түркияда осы мешіттердің қазынасына түскен қаржылар діни әдебиеттер шығаруға, мешіттерді жөндеуден өткізуге жұмсалады. Мешіт салуға қаржыны халық бергенімен, имамдарын мемлекет тағайындайды, ал белгіленбеген, мемлекет тарапынан тағайындалмаған адамның діннің шаруасына араласып, мешітке барып үгіт жүргізуіне рұқсат жоқ. Бұл Түркиядағы діннің бір ізге түсуіне үлкен ықпал етті.

Түркияда дін зайырлылық принциптерінің арқасында бейбіт өмір сүріп жатыр, мемлекет өз алдына бөлек, сондықтан да екеуінің үндесуінде аса қатты қиыншылық жоқ, дегенмен ара-тұра келіспеушіліктер болып тұрады. Түркияның діні сопылыққа негізделген, арабтардағы сияқты қатаң бір түсініктер жоқ.

Өкінішке қарай, кейбір азаматтар зайырлылықты жеке ғұмырының көрінісі ретінде қабылдап, оны да дін сияқты көреді. Халқының 98 пайызы мұсылман болып табылатын Түркияның 86 пайыз тұрғыны діни парыздарын толық орындап жүрген азаматтар, дегенмен аз болса да басқа көзқарастағы адамдардың ықпалы да жоқ емес.

Саны жағынан халықтың 3-5 пайызын ғана құрайтын бұл топ зайырлылықты басты ұстаным ретінде халыққа мойындатқысы келеді, олардың қорқынышы орамалда емес, өздерінің ертеңгі күні нанынан айырылып қалуынан қорқуында. 80-жылдарға дейін түркілік көзқарастағы ауыл балалалары жоғарғы оқу орындарында көп оқи алмады, ал оқуға қолы жеткен бірлі-жарымы зайырлылықты ұстанушылардың сөзіне еріп кетті.

Стамбұлдағы Нұр-и-Османия мешітінің алдындағы Түркия мемлекеті мен Еуропалық Одақтың тулары. Қараша, 2008 ж.
Ал қазір жағдай керісінше, түрік балалары оқу оқып, қызмет істеп дегендей жетістіктерге жетуде, ал бұл жағдай жаңағыдай көзқарастағыларды шошытады, сондықтан да олар орамалға тиым салу сияқты әрекеттерге барып отыр. Бұлар бізге Иран мен Малайзияны көрсетіп, Түркияның осы елдер сияқты діндар болып кетуінен қорқады. Мұндай көзқарастағылар оппозиция өкілдерінің арасында, әскери шенеуніктерде баршылық.

Біздің президентіміз Абдулла Гүлдің мемлекет басына сайланар кезінде де осындай көзқарастың кесірінен оның әйелінің орамал салатынын еске салып, бізге діндар емес, зайырлы президент керек деп қарсы шаралар ұйымдастырғандар болды, бірақ халық өзіне керегін таңдады.

Түркияның тарихын қарап отырсақ, шариғатпен басқарылған күннің өзінде алты ғасырда 6-ақ адамның қолы кесіліпті, бұл дегеніңіз бір ғасырда бір-ақ ұрлық жасалды дегенді білдіреді, ал бұлай болуы мүмкін емес. Осыдан келіп Түркиядағы діни түсініктің Алланың сүйіспеншілігін алдыңғы қатарға шығаратынын, рақымшылық пен кешірімге көп жол беретінін көреміз. Түркияда басқалардағыдай былай істесең тозаққа барасың деген мағынада емес, жақсылық жасасаң, саған Алла жақсылықпен жауап береді деген мағынадағы діни тәрбиеге басымдық берілген.

Ал орамал мәселесі жоғарғы оқу орындарында сол проблема күйінде қалып отыр, әлі шешімін тапқан жоқ, мұны шешу жолында қазіргі билік басындағы партия заңды өзгертіп еді, біздің зайырлылар ол партияны жабу туралы әрекетке кірісіп кетті, бірақ жоғарғы соттың шешімімен партия жабылмай қалды, бірақ оларға мемлекеттен бөлінетін қаржы 50 пайызға азайтылды, мұның өзі бұл партияға және осы көзқарастағыларға жасалған үлкен ескерту.

Түркия үкіметінің басшысы Режеп Тайып Ердоған (сол жақта) және ел президенттігіне кандидат, сыртқы істер министрі Абдолла Гүл. Анкара, 28 тамыз 2007 ж.
Биліктің партиясы мұны референдум өткізу жолымен шешкісі келіп отыр, бірақ оған жоғарғы билік құрылымдары тосқауыл болуда, себебі халыққа салса оң шешім табары сөзсіз. Сондықтан орамал мәселесін бұл төңіректегі шу басылған соң ел ішіндегі тәртіп бойынша бір жағына шешеміз деген мақсатпен әзірге кейін қалдырған көрінеді.

Мен бұл мәселенің халықтың қалаған жағына шешілуін қалаймын, өйткені адамның басындағы орамал оның саған деген жаулық ниетін білдірмесе керек, ал егер ол адам саған шынымен қауіпті болса, орамалын шешкен күнде одан келетін қауіп еш азаймайды. Сондықтан болмас нәрседен үркіп, өзіңе дұшпан жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

ТҮРКИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАЙЛАНЫСТАРЫ БІРЖАҚТЫ ДАМЫП ОТЫР

- Түркия мен Қазақстанның қай саладағы байланыстары жоғары деңгейде?

- Негізінен барлық саладағы қарым-қатынасымыз жетіліп келеді, соның ішінде жоғарғы деңгейдегі байланыс білім саласында болып отыр, бұл мақсатта Қазақстанда жұмыс істеп жатқан 30-ға жуық қазақ-түрік лицейі мен үш университет бар. Қазіргі уақытта екі елдің де 500 дей студенті алмасып оқып жатыр, осы кезге дейін 10 мыңдай студент Қазақстаннан білім алып, елге қайтқан, біздің елден оқыған студент те осы шамада.

Түрік елінің "Түркия үні" радиосындағы қазақ тіліндегі бағдарламаның редакторы Торғын Сұлтанқызы (сурет оның жеке мұрағатынан алынды).
Дегенмен қазір талаптар өзгерді, соған байланысты Қазақстаннан біздің елге жылына 250 студент баратын болса, Түркиядан мұнда 50-60 қана студент келетін болды, оның себебі олар Түркиядағы емтихан қорытындысы бойынша кейбір оқу орындарына ғана түсе алады, ал басқа университетті таңдау үшін түрік абитуриентіне ҰБТ-дан өту керек болады, ал қазақ тілін білмейтін бала қалай қазақша емтихан тапсырсын, осыған байланысты келуші студенттің саны азайды.

Ал экономикалық қатынастарға келсек, бұл біржақты ғана іске асып отыр. Яғни Қазақстанда Түркияның іскер адамдары баршылық, бірақ Қазақстаннан Түркияға барып жұмыс істейтін азаматтар аз болып отыр, бұрын мұнда түріктің 600-дей компаниясы болса, қазіргі таңда соның белсенді жұмыс істеп тұрған 350-і қалыпты, ал біздің елдегі қазақстандық компаниялардың саны мұнан он есеге аз.

Мұның бір себебі, Қазақстанның өз ішінде сауданы дамытып елді мойындата қойғандардың аздығы, ал белгілі бір жетістікке жеткендер болса, олар көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сияқты елдермен шектеліп отыр, Еуропаға әлі даңғыл жол аша қойған жоқ. Бірақ алдағы уақытта қазақтың да іскер жігіттері өздерінің мәдениетін Батысқа танытатын күн туады, сол кезде байланысымыздың бұл жағы екі жақты тең дәрежеде болатын шығар деген үмітім бар.

Байланыстың тағы бір маңызды саласы мәдениетке келсек, қазіргі уақытта Алматы Стамбулмен, Талдықорған Антальямен, Қарағанды менің туған қалам Қахарман Марашпен бауырлас қалалар болып отыр. Өзара мәдени шаралар жиі өтіп тұрады. ТҮРІКСОЙ-дың басшылығына Дүйсен ағамыз келгелі қазақтың өнері Түркияға ғана емес, түркі елдерінің біразына танылуда.

Түріктің TRT ұлттық телеарнасында әлемдегі түркі тілдес көрермендер үшін әзірбайжан, өзбек, түркімен, қазақ және қырғыз тілдерінде хабар тарататын жаңа телеарнаны іске қосу салтанаты. Анкара, 26 наурыз 2008 ж.
Соның ішінде біздің елге де қазақтың біраз өнер адамдары барып-келіп, өнерлерін паш етіп жүр. Бірақ біз мұнымен шектелмеуіміз керек. Қазақта сақталған, бірақ түріктер ұмыт қалдырған саз аспаптары жетерлік немесе керісінше болуы да мүмкін.

Мысалы, қобыз аспабын Қорқыт атаның хикаяларынан ғана біліп жүрген мен Қазақстанға келгелі үнін естіп, көзіммен көріп дегендей қаныға түстім, одан кейін концерттер ұйымдастырып, қобызды өз еліме апарып көрсеттім, менен басқа да мұнымен айналысып жүргендер бар. «Нағыз қазақ» домбыраның да жайы дәл сондай.

Ал Қазақстанда ХІХ ғасырда болған «саз» деген жетіген тәрізді жеті шертпеден тұратын аспап бізде сақталып қалған, мұның бәрі қарапайым халықтың қолынан келетін шаруа емес, сондықтан екі елдің консерваториялары арасында маман алмастыру, студенттерді ауыстырып оқыту сияқты шаралармен бұл мәселені дамытуға болады.

Түркияның ұлттық телеарнасы түркі елдерінің мәдениетін өз еліне танытып, басқа елдерге насихаттау мақсатында әлемнің 96 еліне тарайтын арнайы телеарна ашты, қазақтың көп әншілерін сол жерден көріп, танып отыр. Спутник арқылы көрсетілетін бұл арнаның мәдениет саласына қосқан үлесі деп білемін мұны.

Әрине, бұл шаруа да әзірге біржақты дамып отыр, бірақ күндердің күнінде Қазақстан да бұған мойын бұрар деген сенімім бар, бірақ ол кезде Қазақстан түрік бауырын танудан қанша жыл кейін қалса, Түркия қазақпен сонша уақыт ертерек танысып қояды. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, күллі түркі жұртына керек жоба, себебі біз тамырлас халық ретінде бауырымыздың да әні мен күйін тыңдап, оның мәдениетінің өкілдерін біліп отыруымыз керек.

Соңғы 17 жылдың ішінде Түркия қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне қатысты екі мыңдай кітапты өз тіліне аударып шығарып алды, ал мұнда түріктің бір де бір кітабы қазақшаға тәржімаланған жоқ, бұл да менің жүрегімді ауыртатын біржақтылықтың көрінісі, мәселен әлгінде тілге тиек еткен Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктың осы кезге дейін 7 кітабы орыс тіліне аударылды, қазақ тілінде әлі бір кітабы шыққан жоқ, дегенмен бұл мәселелердің бәрінің жолға қойыларына сенімім бар иншалла, сол жақсылықты бірге көруге жазсын.

«ZAMAN» ГАЗЕТІ 12 РЕСПУБЛИКАДА ЖАРЫҚ КӨРЕДІ

- Бұл елдің тәуелсіз мемлекет болғалы өмір сүріп жатқан тұрғыны және Түркияның өкілі ретінде Қазақстан туралы не айтасыз?

- Сіздердің елдеріңізде тұрғаныма 17 жыл болды дедім ғой, осы жылдар ішінде мен үшін бұл елде қандай да бір қолайсыздық болса, өз еліме кетіп қалған болар ма едім, осы тұрғыдан менің қазақ халқына алғысым шексіз. Және осы елде ұзағырақ тұрған сайын елмен елді жалғастыру, түсініспеушілік жағдайларда арағайындық жасау сияқты миссиялардың өзіме көбірек жүктеліп отырғандығын ешкім айтпай-ақ ішкі түйсігіммен түсіндім.

Түркі тілдес төрт мемлекет басшыларының кездесуінде (солдан оңға қарай): Қырғыз президенті Құрманбек Бәкиев, Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түрік президенті Ахмет Сезер және Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев. Анадолы, 17 қараша 2006 ж.
Халық арасында бейресми қарым-қатынастардағы жағдайларды түсіндіру тұрғысынан осы елдің оқымысты қауымының арасында жүргендіктен және мамандығым журналист болғандықтан мен бас тарта алмаймын. Бұл ретте біздің газетіміздің де атқарған миссиясы жаман емес.

Зиялы қазақ қауымы түрік ағайындарды бір жағынан мен арқылы білсе, екінші жағынан «Қазақстан- Zaman» басылымы арқылы тани түсуде. Бұл бізге не үшін керек дейтін болсақ, туыстығымыз бен бауырластығымызды, екі халықтың қанының бір екенін білу жөнінен ықпалы зор, солай болуы да тиіс.

Түркия үшін де Қазақстанның маңызы мен мәртебесі дәл сондай. Еуропаның қақ ортасында жұмақтай әдемі жерде орналасқан Түркияның соңғы екі ғасырлық ғұмыры Сәкенше айтсақ, «тар жол, тайғақ кешу» болғаны белгілі. Небір асыл азаматтарынан айырылған Түркия 30-жылдардағы оқымыстыларын қудалаған, зиялылардың көзін жойған қырғынды бастан кешірген қазақ тарихымен тағдырлас.

Сондықтан тағдыры ұқсас, тарихы тамырлас екі халық бұдан былай бір-біріне қол ұшын беріп, көмектесіп тұрса, ұтылмасы анық. Ал бұл жалғыз маған ғана емес, көкірегі ояу, көзі ашық, тегінің кім екенін білетін күллі түркі жұртына жүктелген миссия деп білемін. Мен бұл ойымды ешқашан өзгерткен емеспін.

Ал жеке басыма қатысты қазақ халқына алғыстан өзге айтарым жоқ. Өйткені менің өмірімнің ең қызықты шағы Қазақстанмен байланысты, әйелім түріктің қызы болғанымен менің балаларымның кіндік қаны осында тамды. Азиядай кең де мейірімді болсын деген ырыммен қызымның есімін Азия деп қойдым.

- Қазақстанда шығатын халықаралық «Қазақстан- Zaman» газеті туралы ақпарат берсеңіз, бұл басылымның мақсаты қандай, көздегені не?

- Бастапқыда «Zaman- Қазақстан» аталған біздің газетіміз Қазақстанда 1992 жылдың 17-ші қаңтарынан бастап шыға бастаған. Қазақстанның тәуелсіздігінен бір ай, бір күннен кейін жарық көріп, еларалық еркін газет аталған бұл басылым алғашқыда жазушы ағамыз Қалтай Мұхамеджановтың бастамасымен ашылған. Бұл басылымның жасы менің Қазақстандағы ғұмырыммен бір жаста, яғни 17-ге толды.

Газет әу баста екі елді бір-біріне жақындастырып, мәдениеті мен экономикасын таныстырып, күллі түркі жұртына ақпарат таратуды көздеген еді. Өйткені осы кезде бұл газет жалғыз Қазақстанда ғана емес, түркі елдерінің бәрінде шыққан болатын.

«Қазақстан-Zaman» газетінің бас директоры Ахмет Аляз (оң жақта) және «Нұр Медиа» холдингінің құрамына енетін «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшидин Паттеев Азаттық радиосы сайтының тұсаукесерінде. 19 наурыз 2009 ж.
Ең әуелі 1990 жылы Әзірбайжанда дүниеге келген газет кейін келе Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, сосын Балқан түбегіндегі Румыния, Болгария, Македония елдерінде шыға бастады, ал Еуропада – Германия, Америка, Австралияда филиалдарымыз бар.

Өкінішке қарай, 1996 жылғы Түркия мен Өзбекстанның арасындағы саяси түсінбестіктің кесірінен ол жақтағы газетіміз жабылып қалды, бірақ ол елде газеттің тілшісі бар, басқа 12 республикада басылым жарық көруде.

«Zaman» газетін шығаратын «Жиһан» ақпарат агенттігінің бастапқыдағы ең үлкен мақсаты қазіргі өркениеттер қақтығысы кезінде өзіміздің сана-болмысымызға сай, түсінігімізге тең келетін, өз көзқарасымызды беретін ақпараттық орталыққа айналдыру және ол мәліметтерді түркі елдеріне өзіміз арқылы таратсақ деген болатын, қазір бұл әлемнің 76 елінде өзінің тілшісі бар үлкен ақпарат агенттіктерінің біріне айналды.

Ал «Қазақстан- Zaman» басылымына келсек, бұл осы елде жарық көргендіктен қазақтың діні, тілі, саясаты болсын ешқандай мәселеден тысқары қалған емес, елдің ішкі-сыртқы шаралары, халықтың жанайқайы турасында біз өз көзқарасымызды танытып отырмыз.

Ибраһим пайғамбар отқа лақтырылып жатқан кезде кішкентай қарлығаш тұмсығымен су тасып жүріпті, оны көрген басқа құстар «сенің тұмсығыңның ұшындағы су оның жарасына ем болмайды ғой» дегенде ол «оны мен де білемін, бірақ мен Құдайдың алдындағы Ибраһимге деген ниетімді білдірудемін» деген екен. Біз де сол қарлығаш сияқты қандас бауырымызбен ниеттестігімізді танытып, оның бұдан былайғы тағдырына ортақтығымызды білдіріп, осы мақсатта газетіміздің миссиясын әрі қарай жалғастыра бермекпіз.

ҚАЗАҚСТАНДА АҚПАРАТТЫҚ САРЫНДАҒЫ ЖУРНАЛИСТИКА ОНША ДАМЫМАҒАН

- Екі елдің журналистикасынан қандай айырмашылық байқайсыз?

- Бұл сұраққа қатысты ең басты бір жайтты айтсам, өкінішке қарай, Қазақстанда күнделікті шығатын басылымдардың аздығына байланысты мұнда ақпараттық сарындағы журналистика онша дамымаған. Мұның бір себебі қаржы жетіспеушілігі болса, екінші жағынан бастапқыда саяси құрылымдар рұқсат бермеген немесе қоғам дайын болмаған сияқты.

Мен алғаш газетке келген кезде шенеуніктерден, кейбір лауазымды адамдардан сұхбат алуға барған журналист ағаларымның сұрақтың жауабын қоса дайындап барып, соңына қол қойғызып алатынын немесе сұрақты келісіп дайындап, сұхбатты соларға оқытып жүргендерін көріп таңғалдым.

Цензураны бейнелейтін қуыршақты өртеу. Қазақстан журналистерінің баспасөз бостандығына арналған наразылық жиыны. Алматы, 24 маусым 2006 ж.
Мен журналистика факультетін осы жерде бітіргеніммен, университетте оқығанымыз бен іс жүзіндегі журналистиканың екеуі екі бөлек екенін жұмыс барысында түсіндім.

Дегенмен, журналистері қысым көріп, соттасып жүрсе де жарық көріп отырған оппозициялық басылымдардың өмірге келуінің өзі қазақстандық журналистикадағы дамуды көрсетеді, бұған мен қуаныштымын. Әрине, оппозициялық басылымдар мен осы бағыттағы журналистерге оңай емес, тағдыры қыл ұшында жүргенмен бұлар осы күресте шыдамдылық танытқанда ғана жеңіске жететіні айқын.

Күрессіз еш жеңістің келмейтіні рас болса, сіздің жазған мақалаңызды да қоғам ылғи ду қол шапалақпен қарсы ала бермейтіні ақиқат. Біреуге жақпай қаласыз, енді біреудің көкейіндегісін дөп басасыз дегендей, бұл жағдайлардың бәрі біздің Түркия баспасөзінің де басынан өткен.

Түркияда да 90-жылдары өлтірілген 3-4 журналисті кім өлтіргені белгісіз. Халықтың аузында солардың бірінің террорлық ұйым мен мемлекеттің арасындағы байланысты біліп қойғаны үшін атылған деген дерек бар. Мұндай жағдайлар қай елде де кездеседі, бұл қалай дегенмен болып тұратын процесс.

Журналистика дегеніңіз – өз басын бәйгеге тіккендердің жұмысы ғой, осы бәйгенің жолындағы кедергілерге шыдаса, жеңіс журналистиканың жағында болары сөзсіз, ал солқылдақтық танытсаң, саған қарсы күш басымдық алады, мен шын ниетіммен журналистиканың жеңісіне тілектеспін.

Сөз бостандығына қысым жасамау туралы талаппен наразылық акциясына шыққан тәуелсіз журналистердің қолында «Тасжарған» газетінен сот арқылы 300 миллион теңге өндіріп алмақ болған парламент депутатының бейнесі. Сот талап мөлшерін 30 миллион теңге деп белгілеген соң, газет шығуын тоқтатты. Алматы, 24 маусым 2009 ж.
Өйткені халықтың көзін ашып, бірден бір бағыт беруші журналистиканың жеңісі қай елге де тек жақсылық әкеледі. Қазіргі журналистердің жас болса да әділет іздеп, бір жақтың ғана сөзін сөйлемей, объективті пікір білдіре алуы мені қуантады, мұның бәрі жетістік және бұл қазақтың 17 жылдағы жетістігі ғана.

Не үшін 17 жыл дегенге келсек, өткен ғасырдың басындағы Ахмет, Мағжан, Бейімбеттер бастаған үрдіс ұзақ уақыт үзіліп қалып, енді ғана жалғасын тауып отыр, егер бұл үрдіс тоқтамағанда бұл елде де журналистика басқаша ыңғайда дамып, қалам ұстаған қауымның беделі мен мерейі жоғары болатын еді.

Бұған қоса Қазақстандағы газет-журналдардың ақпаратты өзінің көзқарасы тұрғысынан таратуға әлі күнге шамалары келмей отыр. Көбінесе ақпаратты шетелдік, әсіресе, орыстық көзқараспен жазуда, мұның салдарынан сіз орысша ақпарат алғандықтан орыстың сөзін сөйлегендей болып көрінесіз. Осылай болмас үшін елдегі ірі басылымдар мен арналар көрші елдерде, әсіресе саяси маңызы бар елдерде өздерінің тілшілерін ұстап, олар бізге ақпаратты қазақтық ұғымымызға сай тікелей таратып отырса, қазақ журналистикасының жетістігін көзіміз көрер еді деп ойлаймын.

Бұған, әрине, біріншіден қаржылық жағдай мұрша бермесе, екіншіден қоғамдық сана да дайын емес сияқты, үшіншіден басылымдардың қос тілділігі кедергі болып отыр. Қазақ журналистикасының дамуына кері әсер етіп тұрған тағы бір мәселе осы жерден бой көрсетеді, орыстілді басылымның журналисі кез келген жерден өз тілінде ақпарат ала алады, ал ол ақпаратты орыс тілінде алған қазақтілді журналист оны өзі оқып, қазақы ұғымға сай аударып, түсінікті етіп материал жасап шыққанша орыс тілді журналистің мақаласы жарыққа шығып кетеді.

Және қазақ тіліндегі басылымдарға қарағанда орысша газет-журналдың таралымы әлдеқайда көп, бірақ мен мұның себебін біреулер түсіндіретіндей, орыстілді журналистердің актуальді ақпарат таратуынан емес, жұрттың көбінің орысша оқитынынан, яғни сұраныстың көптігінен көремін.

Сөз бостандығын қорғаушы "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева журналистердің наразылық акциясында. Алматы, 24 маусым 2009 ж.
Қазақша басылымдардың алдында тұрған тағы бір кедергі осы саладағы менеджерліктің дамымауы. Сатылым, таралым, дүңгіршектерге түсу мәселелері қиындық туғызуда, мысалы бір дүңгіршекке ай сайын 2,5-3,5 мың теңге талап етеді, қаладағы «Аргументы и факты» дүңгіршектерінің саны 106, осыны әлгі ақшаға көбейтсеңіз, 300-400 мың теңге ақшаңыз тек қана осыған кетеді, нарықтық тұрғыдан есептегенде газеттен түсетін 3-5 теңге ақшадан осынша қаржыны шығару үшін 50-60 мың дана газет сатуыңыз керек, ал бұл мүлдем мүмкін емес жағдай.

Қазақ газеттері бұл жағдайда тек жазылымның арқасында ғана күнкөруі керек, ал қазіргі уақытта жазылымның да жайы мәз емес, бұлай кете берсе қазақ газеттері енді біраз уақытта жойыла бастайды. Біз бұл мәселені құзырлы орындарға айтып едік, олар жеке дүңгіршектер не істесе өздері біледі, біз оларға ештеңе дей алмаймыз деп шарасыздық танытып отыр. Кім біледі олардың айтып отырғандары да дұрыс шығар, сондықтан да қазақ басылымдары бастарын біріктіріп маркетинг жүйесін өздері қалыптастыруы қажет.

Ал Түркияда басылымдардың таратылуымен екі ғана агенттік айналысады, олар газет-журналдарды мемлекеттік немесе жекеменшік болмаса оппозициялық деп бөлмейді, кез келген басылымға қоятын шарты мен талабы бірдей.

ТҮРКИЯ ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ ҚҰҚЫҒЫН ЕУРООДАҚ ӨКІЛДЕРІ ҚОРҒАЙДЫ

- Түркия журналистикасындағы сөз бостандығы, ақпарат алу жағы қалай?

- Құдайға шүкір, Түркиядағы басылымдар ақпарат алу құқығына толық ие деп айта аламын, ең алпауыт, мықты дегендердің өзін сынап жаза алатын басылымдар бар. Жақында ғана «Тараф» деген басылым әскери шенеуніктердің қылмыстық топ құрып, билік партиясын құлату және ғұлама Ф. Гүленнің имиджін түсіру үшін жасап жатқан жоспарларының құпия мәліметтерін қолға түсіріп, жұртшылыққа жариялап жіберді, қазір Түркия осы мәселені шулатып жатыр.

Қазақстанда жарық көретін кейбір мерзімді басылымдар.
Ал журналистердің сотқа тартылуы кездесетін болса, Түркия журналистерінің құқығын ЕуроОдақ деңгейіндегі өкілдер келіп қорғайды. Кеше ғана Нобель сыйлығын алған Орхан Памукты 301-баппен «елдің елдігіне, егемендігіне нұқсан келтірді» деген айыппен соттаған кезде Еуропаның құқық қорғаушылары оны ақтап алуға келді.

Яғни, әлемнің түкпір-түкпірінде оларды қорғайтын ұйымдар бар болғандықтан, Түркия журналистері өздерін еркін сезінеді. Бұған қоса Түркиядағы холдингтердің маңына топтасқан журналистік ұйымдардың да ықпалы өте зор. Қазақстандағы «Әділ сөз» сияқты ұйымдар көбейсе, қоғамдағы барлық саланың жоғын жоқтайтын, журналистердің де мұңына құлақ салатын азаматтар көбейсе жақсы болар еді.

Қазақ журналистикасының тағы бір кемшін тұсы журналистердің «ішкі редакторының» мықтылығы, яғни ағайынымның көңіліне келер, мынаның артында үлкен кісілер тұрған жоқ па екен деген сияқты аттың басын тартып тұратын жеке цензурадан өте алмауы. Бұған журналистің жеке басының қорғалмауы себеп болып отыр.

- Мереке қарсаңында қазақстандық әріптестеріңізге айтарыңыз бар шығар?


- Әрине, илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, бір мемлекеттің ауасын жұтып, суын ішіп отырған әріптестеріме тек қана жақсылық тілеймін. Басын бәйгеге тіккен жаужүрек адамның ғана қолынан келетін мамандықты кез келген адам таңдамайды. Қоғамның да, адамның да түсініспеушіліктері қаламын қару қылған жазу майданының жауынгерлерін мұқалтпасын, олардың әрдайым мерейі үстем болсын, шығармашылық шабыт тілеймін!

- Сұхбатыңызға рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG