Accessibility links

Алматыда Азаттықтың журналисін соққыға жығып кетті


Азаттықтың мультимедиа-редакторы Ермек Болтай. Алматы,19 қаңтар, 2008 жыл.

Азаттықтың мультимедиа-редакторы Ермек Болтай. Алматы,19 қаңтар, 2008 жыл.

Жексенбі күні Азаттықтың Алматыдағы мультимедиа-редакторы Ермек Болтайды белгісіз біреулер жабылып ұрып-соғып кеткен. Қаскүнемдер оның ешбір затын алмай, оқиға болған жерден тез қашып кеткен.

Оқиға қаңтардың 18-і күні сағат 21 кезінде болған. Ермек Болтайдың үйіне кіре берісте оған жолыққан топ адам журналисті сылтаумен тоқтатып, олардан сытылып шығуға әрекет еткен кезде соққыға жыққан.
Ермек Болтай соққыға осы жерде - үйінің жанында жығылған. Алматы, 19 қаңтар, 2009 жыл
- Үйдің подъезіне кіре берісте бірнеше метрдей жерде жолымды төрт-бес адам кес-кестеді. Үшеуі қарсы алдымда, қалғаны қапталымда тұра қалды. Алдымен олардың біреуі менен темекі сұрады. Темекі жоқ екенін айтқанымда олар ақша беруімді талап етті. Бұлардың ілік іздеп тұрғанын байқап, сытылып кетпек болған сәтте маған жабыла кетті.

Мені жағамнан ұстап жұлқылаған қарсы алдымдағылардың біреуі: «Бөтелкемен соқ!» деп айғай салды. Ту сыртымнан басымнан тиген шыны құмыраның күл-паршасы шыққанын сездім. Мен құлауға шақ қалып, жан-жағымнан жауып кеткен жұдырықтан қорғанып, өзімді жағадан ұстағанды сүйрелей алға ұмтылған сәтте олар басымнан тағы да құмырамен ұрып жіберді. Қатты соққыдан есеңгіреп тізерлей құлаған мені жабылып тепкінің астына алды. Едәуір уақыт тепкілеген соң, олар тез кетіп қалды. Бірақ, менің қалтамдағы құжаттарым мен заттарыма тиген жоқ. Бетімді қан басып, денемді зорға көтеріп үйге жеттім де, жедел жәрдем шақырдым, - деді журналист.

Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген Ермек Болтайдың дәрігерлер басы мен денесіне орташа дәрежелі жарақат түскенін анықтаған, сүйектері сынықтан аман. Қазір ол үйінен ем алуда.

Әуезов аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Амангелді Шаянов. Алматы, 19 қаңтар, 2009 жыл.
Дүйсенбі күні журналист бұл іс бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасына арыз түсірді. Басқарма бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Амангелді Шаянов бұл іс бойынша іздестіру шаралары басталғанын айтты.
- Жәбірленушінің арызы мен дәрігердің берген анықтамасы бар. Журналистің айтуынша, ол өзін соққыға жыққандардың бірінің бет-жүзін есінде сақтап қалған. Енді сол бойынша іздестіру жұмыстарын бастаймыз. Бұл іс бойынша арнайы адам бөлінді, заңға сәйкес барлық дәйек-деректерді жинастырған соң, қылмыстық іс қозғайтын боламыз, - деді Амангелді Шаянов дүйсенбі күні Азаттық тілшісіне.

26 жасар жас журналист Ермек Болтай Азаттық радиосының Алматы бюросында 2008 жылдың мамыр айынан бері жұмыс істеп келеді, Оның жаңа www.azattyq.org сайтындағы қос тілді мультимедиа мақалаларында соңғы кездері Алматыда орын алған әлеуметтік толқулар тақырыбы жиі көтерілген болатын.

Азаттық радиосының директоры Едіге Мағауин бұл оқиға турасында айта келіп, әріптесімізге жасалған шабуылдың кейбір жайттарына былайша тоқталды:

- Ермек - ұзын бойлы, қапсағай денелі, спорттан да хабары бар бұрынғы бокс чемпионы. Сондықтан ішіп алып, көшеде "ұрынарға қара таппай" жүретін бұзақылардың оны ұрып кетуге жүректері дауаламас. Ермектің айтуынша, оны соққыға жыққандар мастар немесе нашақорларға ұқсамайды.

Ермек спортпен шұғылданған, ол Тараз қаласының чемпионы және бірнеше рет Жамбыл облысы мен Қазақстан чемпионаттарының жүлдегері болған азамат.

2004 жылы қаңтар айында Азаттық радиосының Астанадағы журналисі Жұлдыз Төлеу де соққыға жығылып, оның денсаулығына зиян келтірілген болатын.
Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалына бақылау жүргізетін «Әділ сөз» қоғамдық қорының мәліметінше, 2008 жылы Қазақстанда бір журналист кісі қолынан қаза тапса, журналистке қарсы шабуыл жасалған 8 оқиға тіркелген.

Human Rights Watch және Freedom House халықаралық ұйымдары биылғы қаңтар айындағы баяндамаларында 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық еткелі отырған Қазақстан үкіметін БАҚ-ның жағдайының нашарлауы мен саяси реформалардың жүргізілмей жатқаны турасында сынаған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG