Accessibility links

Үкіметтің интернетке бақылау орнату әрекетіне журналистер қарсылық білдірді


Қаңтардың 19-ы күні Қазақстан парламентінде интернеттегі веб-сайттарды реттеуге арналған заң жобасының таныстырылымы өтті. Елдегі журналистік ұйымдар мен тәуелсіз журналистер Үкімет дайындаған бұл жоба интернетке толықтай цензура орнатуды көздейтінін айтып, оған түбегейлі қарсылық білдіріп отыр.

Қазақстанның Ақпараттандыру және байланыс агенттігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының ақпараттық-коммуникациялық желілерінің мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында интернеттегі веб-сайттар, блогтар, чаттар, форумдар, интернет-дүкендер, электрондық кітапханалар және т.б. барлығына бұқаралық ақпарат құралдарымен тең дәрежеде азаматтық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жүктеу көзделген.
«Жобадағы түзетулер бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдерін таратушы ретінде интернет-ресурста ақпаратты орналастыруды қарауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгертулер, ұлттық қауіпсіздікті бұзатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдерін таратуға тыйым салынатын түзетулер қарастырылуда», - деді Агенттіктің баспасөз қызметінің басшысы Ләззат Алдиярова қаңтардың 19-ы күні Азаттық тілшісіне.
Ал бұл жобаны интернетке Үкіметтің цензура орнатпақ әрекеті деп қабылдаған елдің журналистер қауымы аталған түзетулерге түбегейлі қарсылық білдіріп отыр. Дүйсенбі күні түстен кейін Астанада Қазақстан парламентінің мәжілісінде заң жобасының таныстырылымы өтіп жатқанда, Алматыда бірқатар журналистік ұйымдар мен тәуелсіз басылымдардың редакторлары жобаны сынап мәлімдеме жасады.
Мәлімдемеде даулы жоба қабылданған жағдайда елде интернеттің дамуы ұзақ мерзімге тежеліп, Қазақстанның өркениетті қоғамнан тысқары ығыстырылатыны айтылған.
- Жоба бойынша «мазмұны Қазақстанның заң актілеріне қарама-қайшы болып табылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарын біздің еліміздің аумағында таратуды тоқтату немесе мүлдем тыйым салу» көзделген. Интернеттегі миллиондаған веб-сайттардың Қазақстан заңдарына сәйкестігін кім тексеріп отырады, ондай өте ауқымды жұмысты жүргізуге салық төлеушілердің қанша қаражаты жұмсалады – бұның барлығы жобада көрсетілмеген. Іс жүзінде, әлемдегі интернет парақшаларды түгелдей тексеруге ешкімнің шамасы келе қоймайтыны түсінікті, сондықтан жекелеген сайттарға қысым жасалары кәдік және бұл ел ішінде, сондай-ақ әлемдік қауымдастық алдында Қазақстан билігінің беделіне зор нұқсан келтірері даусыз.

Жасыратыны жоқ, осылайша Рахат Әлиевтің сайттарын нысанаға алып атқан биліктің оғы отандық және өзге сайттарды жайпағалы отыр. Егер бұл заң қабылданып, күшіне енер болса, онда шетелдік сайттарды жабу ерекше тәртіп бойынша, яғни жауапкердің қабылдауынсыз жүргізілмек. Бұған қоса, жоба авторлары Бас прокуратураға ақпарат құралының жариялымын сотқа дейін тоқтата алатындай өкілеттік беруді ұсыныс отыр. Бұл жобаны жасағандар интернеттің ерекшеліктерін екшеп-түсінуге бас ауыртпаған сияқты, олардың көздегені бір-ақ нәрсе – ыңғайға көнбеген интернет парақшаларын жүгендеу, - дейді «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева.
Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың пікірінше, бұл жобаның дүниеге келуіне үкіметтің интернетке қауіпті құрал деп қарайтыны себеп болған.
- Осы 5-6 жылдан бері Қазақстан барлық мектептерден бастап шалғайдағы ауылды жерлерге дейін компьютермен жарақтандырып, интернетке қосуды жүзеге асырып жатқаны туралы түрлі баяндамалар мен есептерінде ылғи көрсетіп келді. Жыл өткен сайын өсе түскен бұл көрсеткіштермен бірге интернетті және ондағы еркін ақпаратты тұтынушылардың, солардың арасында әсіресе жас буынның қатары да көбейіп келе жатқанын биліктегілер кейіннен аңғарды. Сөйтіп, әу баста «дұрыс жасамағанын» түсінген билік енді осылайша интернетті реттеуге күш салып жатыр. Бірақ мен бұған дейін де айтқан болатынмын: интернетке толық бақылау орнатудың жалғыз ғана әдісі - ол үшін бүкіл Қазақстанды электр қуатынан ажыратып тастау керек, одан басқаның барлығы құр далбаса болады, - деді С.Матаев.
Соңғы бірнеше жылдың көлемінде қазақстандық тұтынушылар кейбір сайттарға тосқауыл қойылғанының куәсі болды. Мысалы, елдің қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігі туралы мақалалар жарияланатын kub.info, eurasia.org.ru, kahar.org, kaztoday.ru секілді жекелеген сайттар мен әлемнің көптеген елдерінде танымал livejournal.com порталы қазақстандық негізгі провайдерлерден әлі күнге ашылмайды.
Ал, Қазақстанның Ақпараттандыру және байланыс агенттігі де, «Қазақтелеком», «Нұрсат» секілді елдегі негізгі провайдерлер де аталған сайттарға өз тараптарынан ешқандай тосқауыл жоқтығын айтумен келеді.
Былтырғы жылдың көктемінде осындай тосқауылға Азаттық радиосының веб-сайты да тап болған-тұғын.
XS
SM
MD
LG