Accessibility links

Оппозициялық журналистер өлімінің жұмбағы ашылмайтын болды


Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтіқазы Матаев пен «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының өкілі Ғалия Әженова баспасөз мәслихатында. Алматы. 8 қыркүйек 2010 жыл.

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтіқазы Матаев пен «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының өкілі Ғалия Әженова баспасөз мәслихатында. Алматы. 8 қыркүйек 2010 жыл.

Қыркүйектің 8-і - журналистердің халықаралық ынтымақтастық күні. Дәл осы күні Ұлттық баспасөз клубының алдына жиналған журналистер мен құқық қорғаушылар қаза тапқан әріптестерін еске алып, "Бәріміз бірге - күштіміз" деп аталатын арнайы акция өткізді.


"БІЗГЕ МЫҚТЫ БОЛУҒА ТУРА КЕЛЕДІ"

Соңғы 8 жылда әртүрлі себептермен 38 журналистің қаза тапқанын айтқан баспасөз қорғау ұйым өкілдері олардың қаншасының өлімі кәсіби қызметімен байланысты екенін нақтылап айтқан жоқ.

- Олардың не себепті, қандай жағдайда қайтыс болғанын меніңше, құқық қорғау органдарынан сұрау керек сияқты, - деді «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының өкілі Ғалия Әженова.

Мамандардың айтуынша, журналистердің құқығының қорғалу деңгейі елде әлі жақсармай отыр. Журналистердің үстінен қозғалған қылмыстық істер саны барған сайын артып барады. Кәсіби міндетін атқару барысында олар барлық жерде тосқауылдарға кездеседі.

«Әділ сөздің» дерегінше, жыл басынан бері 8 журналистке шабуыл жасалған. Осы уақыт аралығында журналистерден моральдық шығын ретінде 758 миллион теңгені төлеуді талап еткен.

- Елде оппозиция әлсіз болғандықтан биліктің оппоненті әзірге, осы басылымдар болып отыр. Сондықтан бізге мықты болуға тура келеді. Сол кезде ғана бізбен санасатын болады, - дейді Қазақстанның Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.

ЖҰМБАҚ ӨЛІМ

Сарапшылар соңғы кездері өлімі әлі күнге дейін көпшілікке жұмбақ күйінде қалып отырған екі жайтты атап отыр. Бұлар - Қырғызстанның оппозициялық журналисі Геннадий Павлюк пен жергілікті Stan.TV ақпараттық бейнепорталының журналисті Саят Шүлембаевтың қазасы.
Stan. TV бейнепорталының тілшісі Саят Шүлембаев 2009 жылы желтоқсанның 24-інен 25-іне ауған түні кісі қолынан қаза тапты.


- Біз ара-тұра Павлюк пен Саяттың өліміне қатысты полицияға хабарласып тұрамыз. Олар ақпаратты білсе де, тергеудің құпиялылығына байланысты айта алмайды, - дейді Ғалия Әженова.

Естеріңізде болса, өткен жылдың аяғында Геннадий Павлюк Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің 6-шы қабатынан жұмбақ жағдайда құлап, сол ауыр жарақаттан есін жимаған күйі 22 желтоқсанда Алматы ауруханасында қайтыс болды.

Журналистің туыстарының айтуынша, осыған қатысты қозғалған қылмыстық іс қазір баяу жылжуда. Бүгінгі таңда полицияға қылмысты жасағандар белгілі көрінеді. Ал оған тапсырыс берушілер «жоғары жақта» болғандықтан оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту өте күрделі болып отырғанға ұқсайды.

Осы жайттың ізінше, Алматыда Stan.TV ақпараттық бейнепорталының журналисі Саят Шүлембаев өлтірілді. Онымен бірге журналист жалдап тұрып жатқан пәтердің қожайынын да белгісіз қаскүнемдер өлтіріп кеткен болатын.

ЖУРНАЛИСІ ЖОҒАЛҒАН РЕДАКТОРДЫ СОТТАДЫ

2010 жылы «Закон и правосудие» газетінің тілшісі болған Оралғайша Омаршанованың із-түзсіз жоғалып кеткеніне үш жыл толды. Журналистің туыстары әлі күнге дейін оның өлі-тірісін біле алмай отыр. Ал полиция болса, оның жоғалғанына қатысты адамдар анықталмағандықтан істі жауып тастаған.

- Қылмыстық құрамның анықталмауына байланысты өкінішке орай, қылмыстық іс жабылды, - деді Ғалия Әженова.

Естеріңізде болса, өткен жылы ішкі істер министрлігі журналистің ісіне қатысты күдіктінің ұсталғанын, тергеу амалдарының басталғанын хабарлаған болатын. Бұған қоса, полиция өкілдері журналистің өлімі кәсіби қызметіне еш қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Істің жабылғаны ақпарат құралдарына енді ғана белгілі болып отыр.

Ақпарат бойынша, Оралғайша Омаршанова елдегі жемқорлық мәселесін жиі көтеретін «Закон и правосудие» басылымында қызмет атқарған.

Журналист жоғалып кеткеннен кейін көп кешікпей басылымның бас редакторы Тоқберген Әбиевтің үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалып, үш жылға бас бостандығынан айрылады. Қазіргі уақытта ол Ақмола облысындағы жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр.

"БИЛІК АУЫСҚАН КЕЗДЕ МҰНЫҢ БАРЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ"

Сарапшылардың айтуынша, неше жыл өтсе де, кейбір журналистердің өлімінің негізгі себебі әлі күнге дейін ашылмай келеді. Тәуелсіз журналист Андрей Свиридов әсіресе, төрт журналистің есімін ерекше атап өтеді. Бұлар: «Права человека в мире и во всем мире» бюллетенінің тілшісі Алексей Пугаев (2002 жылы, қаңтар), «Алтын ғасыр» басылымының редакторы Нури Муфтах (2002 жылы, қараша), «Навигатор» интернет-басылымының тілшісі Асхат Шәріпжан (2004 жылы, тамыз) және «Азат» республикалық қоғамдық саяси газетінің бас редакторы Батырхан Дәрімбет (маусым, 2005 жыл). Төртеуінің де өлімі көлік оқиғасымен байланыстырылып айтылып жүр. Бірақ журналистерді мына жайттар әлі күнге дейін күдікке жетелеп отыр.
Журналист Батырхан Дәрімбетке қойылған құлпытас. 7 маусым 2010 жыл.

- Айталық, Алексей Пугаевты қаққан көлік анықталған жоқ. Тергеудің өзі сол кезде жүрдім-бардым жүргізілді. Ең сорақысы - Асхат Шәріпжанның өлімі. Трагедияға қатысты құрылған қоғамдық комиссия сол кезде оның ізіне біреулер түскенін, сөйтіп, апат болатын жерге алып келгенін анықтады. Оны сол жерде көлік қаққан. Тергеу нәтижесінде айыпты анықталды. Оны кейін соттады да. Бірақ ең бастысы, журналисті басқа көлік қаққан. Осы сияқты жайттардың барлығы әрқашан да мұны саяси өлім деп атауға итермелеп тұрады. Біз тергеуші болмағандықтан мұны дәлелдей алмадық. Оның үстіне ақпараттың бәрі жабық. Билік ауысқан кезде мұның барлығы ашылады деп ойлаймын, - деді Андрей Свиридов.

Халықаралық баспасөз институтының дерегі бойынша соңғы он жылда әлем бойынша 735 журналист кәсіби міндетін атқару барысында қаза тапқан.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG