Accessibility links

Екі жыл өтсе де Бішкек журналист Әлішер Саиповтың өліміне қатысты құпияны ашар емес


Журналист Әлішер Саипов қастандық құрбаны болардан бірер сағат бұрын ғана. Ош, 24 қазан, 2007 жыл.
Журналист Әлішер Саипов қастандық құрбаны болардан бірер сағат бұрын ғана. Ош, 24 қазан, 2007 жыл.

Осыдан екі жыл бұрын Қырғызстанда тәуелсіз журналист Әлішер Саипов өлтірілді. Бақылаушылардың пікірінше оны өлтірген қылмыскердің әлі күнге дейін табылмай отырғанына қастандық құрбаны болған журналистің саяси көзқарасы себеп болуда.


2007 жылдың 24 қазанында қырғыздың Ош қаласында тәуелсіз журналист Әлішер Саипов өлтірілді. Оны хайуандықпен, аяусыз өлтірген. Оқ алдымен журналистің аяғына тиген. Басынан қайталап атқан соң журналист сол жерде жан тапсырған.

Журналистің өлімінен соң Қырғызстанның құқық органдары бұл кісі өліміне қатысты түрлі болжамдарды айтты. Оның ішінде бұзақылық пиғылдағы кісі өлтіру оқиғасы, қылмыскерлердің есеп айырысуы деген болжамдар да болды. Құқық органдары, тіпті, журналист өзінің діни нанымы үшін өлтірілуі мүмкін деген де болжам жасады.

Әлішер Саипов өлтірілген күнінен бері тура екі жыл өтті. Журналистің опат болған күніне орай, Азаттық радиосына оны тек адам ретінде ғана емес, оның кәсіби жұмысымен де жақын таныс болған жандармен байланысудың сәті түсті.

Олардың барлығы жас журналистің бұлайша хайуандықпен өлтірілуін оның кәсіби қызметімен байланыстырады. Олардың пікірінше, Әлішер Саипов тек Өзбекстан мен Қырғызстан ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы еркіндікті шектейтін факторларға бей-жай қарамайтын.
Әлішер Саипов қаза тапқан жер, жолдың үсті. Ош, 24 қазан, 2007 жыл.


Ол өмірінің соңғы жылдарында шығара бастаған «Сиёсат» газетінде жарияланған материалдарда негізінен осы бағытты сынға алатын. Газеттің бір бөлігі Өзбекстанға жетіп, тез арада танымал болды. Өйткені, бұл елде әлі күнге дейін тәуелсіз, обьективті ақпарат алуда қиындықтар бар. Бұдан соң бұл газетке өзбектің арнаулы қызметтері назар аударып, біртіндеп оны жинап ала бастады.

Алайда, Әлішер Саиповтың өлімінен соң бұл саяси газет шықпай қалды. Әзірге журналистердің ешқайсысы бұл саяси газеттің жұмысын қалпына келтіре алған жоқ. Қырғызстандық саясаттанушы Ганижон Холматовтың Азаттық радиосына айтуынша, журналистің өлтірілуіне негізгі себепкер болған дәл осы «Сиёсат» газетінің шығуы болды. Бұл өзге тәуелсіз журналистерге өзбек өкіметінің ісіне араласудың қажеті жоқ деген мағынадағы ескерту сияқты болды.

– Әлішер Саипов пен оның айналасындағы адамдар Қырғызстандағы өзбек үкіметінің режиміне қарсыласқан негізгі орталық болатын. Бұл газетте жарияланған мақалалар Өзбекстандағы режимнің үрейін алғаны соншалық, олардың тарапынан журналистің көзін құрту туралы шешім қабылдауға мәжбүрледі. Өйткені, бұл газеттің бүкіл Ферғана жазығын еркін ой, еркін ақпарат ағымымен қамтамасыз етуі Өзбекстан басшылары үшін тиімсіз болды, – деді саясаттанушы.

Ферғана жазирасы Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығымен айналысатын басты аймақтардың бірі екендігі мәлім. Дегенмен, бұл аймақтағы басты проблема, мұнда Қырғызстанның, Тәжікстанның және Өзбекстанның негізгі мүдделері тоқайласады.

ЖУРНАЛИСТІҢ ӨЛІМІНЕ НЕГІЗГІ СЕБЕПКЕР БОЛҒАН – ОНЫҢ САЯСИ КӨЗҚАРАСТАРЫ

Бір кездері Әлішер Саипов «Голос Америки», «Азаттық», «Би-Би-Си» радиоларымен және «Фергана.Ру» ақпарат агенттіктерімен бірлесіп қызмет істеді. Онда ол Өзбекстандағы Әндіжан оқиғалары, Орталық Азия елдерінің лаңкестікке қарсы күресі, аймақта тыйым салынған ислам ұйымдары мен қозғалыстары сияқты шетін тақырыптарға арналған мақалаларын жариялады.

Қырғыз журналисі, Әлішер Саиповтың жақын досы Давран Хатамовтың Азаттық радиосына айтуынша, Саипов саясатқа журналистика арқылы келген. Және осы жай оның әріптестерінің абыржуын туғызған.
Журналист Әлішер Саиповты соңғы сапарға шығарып салу. Ош, 25 қазан, 2007жыл

– Ол өзінің материалдары арқылы біздің қоғамда орын алып жатқан әділетсіздіктермен, аймақтағы мафияның белсенділігімен, сыбайлас жемқорлықпен, этникалық арандатулармен және адам құқының бұзылуымен күресті. Ол әлдебір бақытсыздықтың келе жатқандығын сезді. Содан да болар соңғы кездері керемет бір жылдамдықпен жұмыс істеді. Саяси тақырыптарға өте көп өткір материалдар жазды. Біз оған қауіптің жақындап қалғаны туралы ескертіп, Орталық Азияны тастап, уақытша шетелге шыға тұруын ұсынғанбыз. Ақырында ол келіскендей болды, бірақ соңғы сәтте: «Менің балам дүниеге келмек, мен оны көргім келеді, онсыз елден кете алмаймын» деген еді. Бірақ, бұған үлгермеді, – деді журналист.

Бақылаушылардың пікірінше, тәуелсіз журналист Әлішер Саиповтың өлтірілуіне себеп болған тағы бір жағдай – өзбектің оппозициялық «Эрк» партиясының жетекшісімен тығыз байланыста болуы. Қырғызстандық тергеу тобы журналист өлтірілген соң оның газетінің кеңсесінде Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың режиміне қарсы көтерілуге шақырған партияның баспа материалдары табылғанын мәлімдеді.

Әлішер Саиповтың ешқандай саяси партияда болмағаны белгілі. Бірақ, Азаттық радиосы тілшісінің «Эрк» партиясының жетекшісі Мухамад Салихпен телефон арқылы болған сұхбатында Саиповтың президент Каримовтың негізгі оппонентімен араласқаны, өзінің саяси көзқарастарымен бөліскені белгілі болды.
"Каримов, уақытың бітті, кет!" деген ұран жазылған бұл плакатты қырғыз билігі журналистің кеңсесінен табылған айғақ ретінде келтіреді.

– Біз түркі тілдес елдерді жақындастыру идеясын ұстандық. Келешекте біз Еропалық Одақ тәріздес түркі тілдес елдердің конфедерациясын құруды қаладық. Бұл елдердің әрқайсысын тәуелсіз мемлекеттер ретінде қалдырып, біз бұл елдерде ынтымақтасуға, бірін-бірі қолдауға бағытталған біртұтас стратегияның болғанын қаладық. Біздің бұл идеямызды тек Өзбекстан ғана емес, Орталық Азияның өзге елдеріндегі адамдар да қолдап, ұстанымымызды бөлісті. Әлішер солардың бірі еді. Ол өте бір идеалист жігіт болатын. Мұндай жас адамдарды бұл елдерден кездестіру қиындау. Мүмкін бұған елдегі тоталитарлық режим ықпал еткен болар.

Ол Өзбекстанда, аймақтың өзге де елдерінде ашық, демократиялық қоғам болғанын, адам құқының сақталғанын қалады. Біз оны партияға кір деп күштеген, үгіттеген жоқпыз. Ол біздің идеямызды бөлісті, сондықтан біздің қатарымызға қосылды, бірақ ресми түрде емес, – деді Мухамад Салих Азаттық радиосына.

Ол Саиповтың өліміне Қырғызстан үкіметінің қатысы барлығына сенбейді. Әлішер Саиповты өлтіру туралы бұйрықты президент Ислам Каримовтың тікелей өзі бергенін де жоққа шығармайды. Бұны растайтын фактілер партия жетекшілерінің қолында бар екендігі белгілі болды, жақында ол жарыққа шығады.

Әлішер Саипов өлтірілген бетте Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев тергеуді тікелей бақылауына алып, журналисті өлтіруге күдікті адамдарды жауапкершілікке тарту үшін қажеттінің барлығын жасайтындығы туралы уәде берген. Алайда, бұл істі тергеу барысында әзірге орнынан жылжыған ешнәрсе жоқ.

Биылғы жылдың басында Қырғызстанның есірткіні бақылау жөніндегі агенттігі Әлішер Саиповты атып өлтірген тапанша табылды деп мәлімдеген еді. «Макаров» тапаншасы есірткі саудагерінен табылған. Кейінірек бұл тапанша Қырғызстанның бұрынғы сыртқы істер министрі Аликбек Джекшенкуловтікі екен десті.

ӘКЕСІ ҰЛЫНЫҢ ҚАУІПТІ КӘСІППЕН АЙНАЛЫСУЫНА ТЫЙЫМ САЛА АЛМАДЫ

Биылғы жылы жаз айында Саиповтың өлтірілуіне байланысты сот ісі басталды. Бірақ, сот жұмысы журналистің әкесі берген куәліктен соң тоқтатылды.
Әжесі Розахан мен әкесі Авас Әлішердің өзі қаза тапқан соң туған қызы Зулайхамен.


Журналистің өлтірілген күнінен бір күн бұрын Азаттық радиосы Әлішер Саиповтың ата-анасы тұратын Оштағы үйіне хабарласты. Телефон тұтқасын журналистің әкесі Авазбек Саипов көтерді. Азаттық радиосының тілшісімен болған сұхбатта ол қылмыстық істің тергелу барысына көңілі толмайтындығын айтты. Ол Қырғызстанның құқық органдары әлі күнге дейін журналистің өлтірілуіне қатысы бар адамдардың аттарын жасыруға тырысуда дейді.

– Менің ұлымның өлімі Өзбекстанның үкіметіне, атап айтқанда Ислам Каримовке тиімді болды. Бұл - қырғыз әріптестерінің көмегі арқылы өзбек арнаулы қызметтері жасаған саяси өлім. Қырғыздың құқық органдарында бұл саяси қылмысты жасауға көмектескен адамдардың фамилиялары мен деректері бар. Алайда Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері бұны жасыруға тырысады. Олар бұл қылмыстың ашылуына мүдделі емес. Сондықтан, бұл істі Әлішердің өліміне еш қатысы жоқ адамға жаба салғысы келеді. Осыған байланысты, менің берген куәліктерімнің негізінде сот қылмыстық істі кері қайтарды, – деді Авазбек Саипов.

Ол ұлы Әлішердің өліміне оның кәсібі себепкер болғанына сенімді. Бірақ оған бұл кәсіппен айналысуына тыйым сала алмадым дейді Саиповтың әкесі.

– Әр адам кәсібін өзі таңдауы керек. Менің әкем жол салушы болған. Содан соң менің де жол салушы болғым келді. Әлішер журналистиканы таңдады, мен оған жоқ деп айта алмадым. Журналистің де түр-түрі болады. Кешіріңіз, кейде мен біреулердің тапсырысымен жұмыс істейтін журналистерді де кездестіремін. Сонымен бірге, шындықты тапқысы келетін журналистер де бар. Мұндай жағдайда ол қауіпті мамандыққа айналады. Менің ұлым осындай еді. Мен оның мақалаларын оқығанда қуанатынмын, бірақ көңілімнің түкпірінде бір үрей болды. Біз бұл жайында онымен үнемі әңгімелесетінбіз. Ол маған үнемі: «Әке, қорықпаңыз, маған қорқынышты ешнәрсе болмайды» дейтін. Мен бұған сендім, бірақ, ақырында ол шындықты тапқысы келгені үшін өмірін берді, – деді журналистің әкесі.
Әлішердің жесір қалған келіншегі Назокат кішкентай қызымен. Ош, 24 қазан, 2008 жыл.


Биылғы жылдың 4 қыркүйегінде Әлішер Саипов 29 жасқа келер еді. Журналист қатыгездікпен өлтірілген соң Оштағы оның ата-анасының үйінде Әлішердің жас келіншегі екі айлық баласымен еңіреп жесір қалды.

Әлішердің жұбайымен сөйлесудің сәті келген жоқ. Бірақ журналистің әкесі оның қызы «әке» деген сөзді айтатын болды деді.

– Мен біздің қызымыздай болып кеткен келініме ризамын. Әлішердің өлімінен соң ол немереммен бірге біздің үйде қалды. Әлішердің қызы Зулайхо екі жасқа толды, ол менің ұлыма қатты ұқсайды. Тәй-тәйлап жүреді, сөйлей бастады. «Әке» дейтін болды, үнемі әкесін шақырып отырады. Ол әзірге кішкентай, сондықтан әкесінің жайын айта алмаймыз. Ол өскен кезде мен міндетті түрде оның әкесінің қандай болғанын, оған не болғанын айтып беремін, – деп аяқтады сөзін Әлішер Саиповтың әкесі.

Журналистің өлтірілуіне көптеген халықаралық құқық қорғау және баспасөзді қорғау ұйымдары алаңдаушылық білдіргенін қаперлеріңізге саламыз. «Амнести Интернешнл» ұйымы Қырғызстан өкіметін журналистің өлтірілу фактісіне бірінші кезектегі маңызды іс деп қарауға шақырды.

Сондай-ақ 22 қазан күні Нью-Йорктегі "Журналистерді қорғау комитеті" Қырғызстан билігін Әлішер Саиповтың өліміне қатысты жүргізілген тергеу амалдарының қорытындысын жариялауды сұрады. Комитеттің мәлімдемесінде осы ұйымның өз сарапшылары жүргізген зерттеулер Қырғызстан билігінің қоғамға журналист өлімінің тергелу барысы жайлы қарама-қайшы ақпараттар бергендігін айғақтайтын деректер тапты делінген.
Вашингтондағы әлемдегі қастандық құрбаны болған журналистердің тізімі жазылған тақта, онда Әлішердің де есімі бар.


"Журналистерді қорғау комитеті" қырғыз билігі жүргізілген тергеу-тексерудің қорытындыларын ашық жариялап, Әлішер Саиповтың өлтірілуіне қатысты қылмыстық істе заңдылықтың сақталуына мүдделі екендіктерін көрсетуі керек деп есептейді.

Вашингтондағы Жаңалықтар мұражайында опат болған журналистердің аттары жазылған Мемориал орнатылған. Онда Әлішер Саиповтың аты жазулы тұр.
XS
SM
MD
LG