Accessibility links

Қазақстандық екі журналист кәсіби қызметі үшін түрмеде отыр


Полицейлер сөз бостандығын қорғау шарасын ұйымдастырушылардың ұрандарын тартып алып жатыр. Алматы, 24 маусым 2009 жыл

Полицейлер сөз бостандығын қорғау шарасын ұйымдастырушылардың ұрандарын тартып алып жатыр. Алматы, 24 маусым 2009 жыл

Журналистерді қорғау жөніндегі комитеттің деректері бойынша, 2009 жылы бүкіл әлемде 136 журналист түрмеге қамалған. Бұл тізімде Рамазан Есіргепов те бар. Сондай-ақ, тағы бір қазақ журналисті мен бір жазушы түрмеде отыр.


Қазақстанда бас бостандығынан айрылған журналистердің саны 2009 жылы төрт адамға жетті. Мұның сыртында тағы бір жазушы да темір торға түсті. Бұл туралы, 2009 жылды қорытындылаған баспасөзді қорғау жөніндегі қазақстандық «Әділ сөз» ұйымының жетекшісі Тамара Калеева әңгімелеп берді:

Тамара Қалеева, "Әділ сөз" баспасөз бостандығын қорғау қорының президенті. Алматы, 19 тамыз 2009 жыл
– Біз 2009 жылды қарсы алғанда екі журналист темір тордың арғы жағында отырған. Олар – Тоқберген Әбиев пен Вадим Курамшин. Ал биыл Рамазан Есіргепов пен жазушы-журналист Алпамыс Бектұрғанов сотталды. Біз, Алпамыс Бектұрғановты сөз бостандығы құқын пайдаланғандығы үшін сотталды деп есептейміз, – деді Тамара Калеева Азаттық радиосына.

Вадим Курамшин – бірқатар қазақстандық газеттердің Солтүстік Қазақстан облысындағы штаттан тыс тілшісі. 2006 жылдың қыркүйек айында ол «жала жапқаны үшін» үш жыл он ай мерзімге сотталған. Оның жазаға тартылуына «Эпоха» газетіндегі «Арбаларды баррикадаға арнап қайта соғамыз ба?» атты мақаласы себеп болды.

Онда Вадим Курамшин шаруа қожалығының егесі мен ауыл тұрғындары арасындағы шаруашылық талас туралы жазған болатын. Шаруа қожалығы егесінің шағымынан соң «жала жапқаны үшін» деген айыппен іс қозғалды. 2009 жылдың қазан айында журналист Вадим Курамшин, айыптау үкімі күшінде қалғанымен, мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды. Қазір журналист БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымын даярлауда.

Тоқберген Әбиев 2008 жылдың мамыр айында «қаржы полициясының жауапты қызметкеріне сот органдары қызметкерлерін әшкерелейтін материалдарды тауып бергені үшін жалпы мөлшері 1600 доллар 50 мың теңге көлемінде пара беруі себепті» деген айыппен тұтқындалған.

– Бұл ақшаны алуға тиіс болған шенеунік жазаланған жоқ. Осыдан барып біз бұның барлығы аяқтан шалу, арандату болды деген қорытынды жасадық. Сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы баяндалатын құжаттарды алуға журналистік қызығушылық танытқанын олар әдемі пайдаланған. Мұндай құжаттар болды ма, болмады ма, бірақ оған ұсыныс түскен. Сөйтіп, ол осы мүмкіндікті пайдаланғысы келген. Біз оны да әдейі жазалап отыр деп есептейміз. Өйткені, ол сот жүйесін өте көп сынаған. Оның барлық мақалалары менің есімде, біздің көзқарасымызша, ол барлық кезде де обьективті болған жоқ, мақалалары жан-жақты сараланбаған болатын, бірақ бұл басқа мәселе, – дейді Тамара Калеева.

Үш жылға бас бостандығынан айырылған "Алма-Ата Инфо" тәуелсіз газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов. Үкім шыққан күн. Тараз, 8 тамыз 2009 жыл
«Алма-Ата инфо» тәуелсіз газетінің редакторы Рамазан Есіргеповті 2009 жылдың қаңтарында ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментінің қызметкерлері тұтқындады. Оны тұтқындауға осы газеттің 2008 жылғы 21 қарашадағы санында «Біздің елімізді кім басқарып отыр: президент пе әлде ҰҚК ме?» атты мақаланың жариялануы себеп болды.

2009 жылдың тамызында Рамазанды үш жыл түрмеге кесіп, екі жыл бойы баспа қызметімен айналысуына тиым салынды. Рамазан Есіргеповті ҰҚК-нің қызметтік құпиясын заңсыз түрде сатып алып, жариялағаны үшін соттады. Осы кезеңде «Алма-Ата инфо» газеті де шығуын тоқтатты. Мұның сыртында Рамазан Есіргеповке Алматының маңындағы колония-қонысқа ауысуға мүмкіндік бермеді. Жұбайы Раушан Есіргепова енді Рамазан Есіргеповтың Жоғарғы сотқа шағымданатынын айтады.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бұрынғы кеңесшісі, жазушы Алпамыс Бектұрғанов «әкімге жала жапқаны» және «өз кітаптарын бюджет қаржысына заңсыз шығарғаны» үшін төрт жылға сотталды. 2009 жылдың соңында оны жалпы колонияға ауыстырды.

Жазушы Алпамыс Бектұрғанов өзіне шығарылған үшінші үкімі тыңдап тұр. Орал, 2 қазан 2009 жыл
Алпамыс Бектұрғанов сот процесі мен одан кейін шыққан үкімді әкім Бақтықожа Ізмұхамбетовті сынағаны үшін берілген жаза деп атады. 2009 жылы жазда Орал қаласында Алпамыс Бектұрғанов Батыс Қазақстан облысының әкімін сынға алған баспасөз-мәслихатының нәтижесі осындай.

– Баспасөз-мәслихатында сөз сөйлеген уақытта ол Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі және Жазушылар одағының мүшесі болатын. Осы баспасөз-мәслихатынан кейін әкім оны жұмыстан шығарды, ал облыстық Жазушылар одағы оны Жазушылар одағының мүшелігінен шығарды. Бұл – жазалаудың классикалық түрі, – дейді Тамара Калеева.

Баспасөзді қорғаушылардың айтуынша, Қазақстан осындай қоржынмен 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасауға бел буды. Түрмеге қамалған журналистердің саны бойынша Қазақстан ТМД елдерінде Әзірбайжан мен Өзбекстаннан кейінгі үшінші орында тұр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG