Accessibility links

Қазақстанда курстастар бас прокуратура мен Жоғарғы сотты басқаратын болды


Қазақ заң жарғысының негізін қалаушылар – Қазыбек би, Төл би және Әйтеке бидің ескерткіші. Астана, қыс, 2009 ж.
Қазақ заң жарғысының негізін қалаушылар – Қазыбек би, Төл би және Әйтеке бидің ескерткіші. Астана, қыс, 2009 ж.

Елдің жаңа бас прокуроры болып, тоғыз жылға таяу Жоғарғы соттың төрағасы болған Қайрат Мәми тағайындалды. Ол өз орнын ҚазМУ-дің жатақханасында бес жыл бойы бір бөлмеде тұрған Мұсабек Әлімбековке босатып берді.




МҰСАБЕК ӘЛІМБЕКОВ ПЕН ҚАЙРАТ МӘМИ - СТУДЕНТТІК ДОСТАР


Мұсабек Әлімбеков 2006 жылдың сәуір айынан Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы қызметінде отырды. Ол 1954 жылдың қаңтар айында Жамбыл облысының Меркі ауданында туды. 1981 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң еңбек жолын Жамбыл облысының соттарынан бастады. Мұсабек Әлімбеков 2001 жылдан 2006 жылға дейін, бес жылға таяу, Алматы қалалық сотының төрағасы болды.

Алматы, Тараз қалаларында судья бола жүріп, сонымен бірге Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы болған кезеңде Мұсабек Әлімбеков баспасөзбен көп араласа қойған жоқ. Бірақ, басқа біреу емес Зағипа Бәлиеваның өзі, әділет министрі болып тұрғанда, елдің басты ресми газеті «Казахстанская правданың» 2008 жылғы шілде айындағы санында олардың барлығы «жұлдызды курстастар» екендігін айтып қалған:

Мұсабек Әлімбеков. Қазақстан Жоғарғы сотының сайтындағы суреті
– Мен ҚазМУ-дің заң факультетін 1981 жылы бітірдім... Бүгінде менің курстастарымның көпшілігі – Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми, Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Әбдіманап Бектұрғанов, Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Мұсабек Әлімбековтар біздің тәуелсіз еліміздің гүлденуіне үлкен үлестерін қосып, ел мақтанышына айналды. Бұлар атағы шыққан курстастарымыздың бір бөлігі ғана.

«Атақты курстастар» Қайрат Мәми мен Мұсабек Әлімбеков енді міне елдегі бірін-бірі тепе-теңдікте ұстап тұратын, бірін-бірі бақылап отыратын екі жоғары заң мекемелеріне басшы болды.

Сәуірдің 3-інде Сенатта сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы сот төрағасының қызметіне «біраз кандидатураларды қарағанын», солардың арасында «тәжірибелі, білімді, білікті заңгер болғандықтан» Мұсабек Әлімбековтың кандидатурасына тоқталғанын мойындады.

ҚАЙРАТ МӘМИ ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРДЫ ҚУДАЛАУМЕН АЙНАЛЫСТЫ

Жоғарғы сот орынтағында тоғыз жылдай отырған 54 жасар жаңа бас прокурор Қайрат Мәми баспасөзге де, көпшілікке де кеңінен танымал. Ол әр кездерде әділет вице-министрі, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары – мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі болды. 2000 жылдың қыркүйегінде Қайрат Мәми Жоғарғы соттың төрағасы болды. 2005 жылы ол бұл қызметке тағы бес жыл мерзімге қайта сайланды.

Қайрат Мәми де Мұсабек Әлімбеков сияқты С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін 1981 жылы бітірді. Сот органдарындағы қызметін Қайрат Мәми Атырау облысында бастады. 1990-1993 жылдары ол Жоғарғы соттың судьясы болды. Бірақ, 1993-1995 жылдары Алматы қалалық сотының төрағасы деңгейіне түседі. Одан ары Жоғарғы соттың алқасын басқарады. Қайрат Мәми президент әкімшілігінде бір жыл істегеннен кейін, 2000 жылы Жоғарғы соттың төрағасы болды.

Қайрат Мәми Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы кезінде.
Қайрат Мәмидің қызметінің кішкене бір көрінісі алматылық мұғалім, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін антисоветтік бап бойынша сотталып бірнеше жыл түрмеде отырып шыққан Жансая Сәбитованың 1998 жылы жарық көрген естелік кітабында баяндалған. 1989 жылы Колбиннің режимі әлсіреп, Жансая түрмеден шықты. Бірақ өзін ақтауды сұрап Жоғарғы сот дәліздерін тоздырғанымен бірнеше жыл ол мақсатына жете алмай маңдайы тасқа тірелгендей күй кешті. Осындай қиындыққа толы күндердің бірінде сол кездері Жоғарғы сот мүшесі болған Қайрат Мәми оған: «Сайқымазақ» деп айтып салды.

Осылайша, Желтоқсан қаһарманы Жансаяның 1991 жылы президент Назарбаевтың жарлығы шыққаннан кейін де өзінің құқықтарын қалпына келтіруді және жазықсыз репрессия құрбаны болғаны үшін өзіне өтемақы төленуін көздеп әділеттілік таппақ болған әрекеттері нәтижесіз болды. Өз естелігінде Жансая кезінде жала айыптаулар негізінде өзін түрмеге кескен судьяларды Жоғарғы сотта кездестіріп, аң-таң болғанын жазады.

«Талабым – нақты. Ендеше ол орындалу керек. Соны орындату үшін, шығарылған шешімді жүзеге асыру үшін мен бір жолы Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты Қылмыстық істер алқасының төрағасы Мәмиевтің қабылдауына бардым. Сөйтсем, кеткен ақымды қайтарады, адамгершілік жасайды, араша түседі деген ағамыз сөзімді естір-естіместен, “комедиантка” деп келеке етсін... Қандай ауыр сөз еді! Сұп-сұр болып, бұрылып шыға жөнелдім», - деп жазады Жансая Сәбитова 1998 жылы Алматыда шыққан «Жан жарасы жазылар-ау...» атты кітабында.

Қазіргі уақытта бас прокуратура журналистік хабарлардың нысанасына жиі айналып жүр. Қудалауға түскен бизнесмен Мұхтар Әблязовқа қарсы қозғалған жаңа іс бойынша бас прокуратура айыптаушының рөлінде. БТА банктың бұрынғы топ-менеджерлеріне қатысты қылмыстық істерді тергеу де бас прокурордың тікелей, тұрақты бақылауында.

Бас прокурор ретінде бұл іске бақылау жасау Қайрат Мәмиге аса қиындық тудырмайтын секілді. Өйткені, Жоғарғы сот 2002 жылы Мұхтар Әблязовқа қатысты өз шешімін шығарғанда ол Жоғарғы соттың төрағасы болатын. Яғни, үкімдегі соңғы нүктені Қайрат Мәми қойды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, бас прокурор қызметіне Қайрат Мәмидің кандидатурасын таңдағанда ол «құқық органдарына қатысты депутаттардың ескертпелерін, басқа да ескертпелер мен сыни пікірлерді» қаперге алған.

«ӨЗ ІШІҢДЕ ТӘРТІП ОРНАТУ КЕРЕК»

Сонымен, осы көктемдегі кадрлық өзгерістерді Нұрсұлтан Назарбаев құқық органдарынан бастады.

– Құқық органдарында біраз өзгерістер болды – бұл уақыт талабы. Бұл қызметте істегендердің барлығы өздерін лайықсыз жағынан көрсеткен жоқ деп есептеймін. Бірақ, әр кезеңнің өз талаптары бар, – деді президент 3-ші сәуір, жұма күні Сенаттың жалпы отырысында сөйлеген сөзінде.

Нұрсұлтан Назарбаев елдің заң органдарының алдына жаңа міндеттер қойды. Осының алдында ғана ішкі істер министрлігінің басшылығына Серік Баймағанбетовтың тағайындалғаны белгілі. Ал, бұрынғы министр Бауыржан Мұхаметжанов мемлекет басшысының квотасымен сенатор болып тағайындалды. Әділет министрінің қызметіне бас прокурорлықтан Рәшит Түсіпбеков ауыстырылды.

Президент Назарбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта олардың алдында қыруар шаруа тұр. Ең алдымен құқық органдары жүйесінде «орын алған теріс құбылыстарды жою керек», «өз ішінде тәртіп орнату керек». Нұрсұлтан Назарбаев полицияны «халыққа жақын болуға» шақырды. Ал, басшылыққа «кадр мәселесін дұрыс шешуді» тапсырды.

– Құқық органдары келісіммен, үйлесіммен жұмыс істеулері керек. Қазір біз қаржы дағдарысымен күресу үшін бүкіл халықты бірігуге шақырып отырсақ, құқық органдары да бірлесіп жұмыс істеулері керек. Оның үстіне, экономикалық жағдай қиындаған сайын қылмыстың өрши түсетіні белгілі. Сондықтан, барынша нақты жұмыс, нақты шешімдер керек, – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Серік Баймағанбетов «тәжірибелі маман, ішкі істер министрлігі жүйесінде министрдің орынбасары болып үш жыл жұмыс істеген» және ол «жаңа стильмен» жұмыс істейді. Нұрсұлтан Назарбаев, ең болмағанда, осыған үміт артады.

Рәшит Түсіпбековке келсек, президенттің сөзіне қарағанда ол «бұл салада көп жұмыс істеді, адал және әріптестері оны құрметтейді». Рәшит Түсіпбековтың заң шығарудағы үлкен тәжірибесі әділет министрі қызметінде қажет болады деп есептейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұрынғы әділет министрі Зағипа Балиеваға келсек, кейбір ақпарат агенттіктерінің деректеріне қарағанда, ол келесі сәрсенбіде парламенттің төменгі палатасының жалпы отырысында, кеше ғана ішкі істер министрі болып тағайындалған Серік Баймағамбетовтың орнына, президенттік «Нұр Отан» партиясынан депутаттыққа ұсынылады.
XS
SM
MD
LG