Accessibility links

Желтоқсан оқиғасы туралы фильмнің режиссері Қалдыбай Әбенов 1 желтоқсанда жұмыстан шығарылды


Қалдыбай Әбенов, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы түсірілген «Аллажар» фильмінің режиссері. Алматы, 4 желтоқсан 2009 жыл.

Қалдыбай Әбенов, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы түсірілген «Аллажар» фильмінің режиссері. Алматы, 4 желтоқсан 2009 жыл.

«Аллажар» фильмінің режиссері Қалдыбай Әбенов Желтоқсан оқиғасының 23 жылдығы қарсаңында Қазақ өнер академиясынан жұмыстан шығарылды. Декан бұны әдеттегі қысқартумен байланыстырады.


«ҚЫСҚАРТУҒА ІЛІНДІ»

Режиссер Қалдыбай Әбенов Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында 2002 жылдан бері оқытушылық қызмет атқарды. Ол екінші және үшінші курс студенттеріне дәріс берді.

Азаттыққа берген сұхбатында Қалдыбай Әбенов, биылғы жылы желтоқсанның бірі күні, яғни 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының 23 жылдығына 16 күн қалғанда, жоғары оқу орнының басшылығы оны жұмыстан шығарғанын айтты.

– Бұл жердегі ең басты мәселе – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ақиқаты. Сол желтоқсанның шындығы айтылмасын, оны шәкірттерінің құлағына құйып тәрбиелемесін деген нәрсе. Екінші бір себеп, «Ұлт бірлігі» деген ресми доктринаға қарсы шыққан қазақ зиялыларына қолдау көрсеткендігім болып отыр деп ойлаймын, – дейді режиссер.

Қалдыбай Әбеновтың айтуынша, өнер академиясынан алатын оның айлығы 10 мың теңге болған (шамамен 70 АҚШ доллары).

– Әрине, мен ол жерде осы мардымсыз ақша үшін емес, сондағы шәкірттерім үшін ғана жүрдім. Мені жұмыстан босатудың себебін Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхаммедиұлынан білмек болып күні бойы оның есігін күзеттім. Алайда, хатшы қызы «ол кісі» жоқ деп кіргізбей қойды, – деді Қалдыбай Әбенов.

Қалдыбай Әбенов өнер академиясының кино және телеарна факультетінде оқытушы болып жұмыс істеген. Аталған факультеттің деканы Айтқазы Нұрасылұлы Азаттық тілшісіне Қалдыбай Әбеновтің жұмыстан кетуін Желтоқсан оқиғасымен байланыстырудың қажеті жоқ деп түсініктеме берді.

– Біз факультет бойынша екі адамды қысқарттық. Соның бірі Қалдыбай Әбенов. Бұл министрліктің оқу жоспары бойынша жасалынған қысқарту. Біз оны орындамасақ, ертең өзіміз таяқ жейміз. Мұның Желтоқсанға ешқандай қатысы жоқ. Еңбек заңына сәйкес, келіп-кетіп жұмыс істейтіндерді қысқарттық. Бұл жерде біздің қиянатымыз жоқ, – деді Айтқазы Нұрасылұлы.

РЕКТОРҒА ТАЛАП

Қалдыбай Әбенов болса басшылықтың сөзінің бәрі жай ғана сылтау дейді. Желтоқсан оқиғасының 23 жылдығында, биылғы 17-желтоқсан күні бір топ қазақ зиялысы жақында ғана ел президенті ұсынған «Ұлт бірлігі» доктринасына қарсылық білдіріп аштық жариялайтындарын мәлімдеген болатын. Осы үндеуге Қалдыбай Әбенов те қосылып отыр.

Оның айтуынша, үндеуге өзінің қолдау көрсеткені Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхаммедиұлына жақпай қалған. Қалдыбай Әбенов өзінің жұмыстан не себептен шығарылғанын жазбаша түсіндіруді ректор Арыстанбек Мұхаммедиұлынан талап етіп отыр.

– Менің ректормен сөйлескім келді, бірақ оған мені кіргізбеді. Мен ректорды сотқа беремін деп айтып кеттім, – деді Қалдыбай Әбенов Азаттық радиосына.

ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ

Қалдыбай Әбеновтің айтуынша, ол болашақта қай жерде, қандай қызметте болмасын ұлт мүддесін алға қойып, туған ұлтының бақыты үшін күресу – қазақ жастарының ең аяулы парызы екенін өз шәкірттерінің құлағына үнемі құйып отырған. Оның ойынша, осындай сөздері өнер академиясының басшылығының қытығына тиіп, басшылық мұндай оқытушыдан құтылуды жөн деп шешкен.

Режиссер Қалдыбай Әбенов өзінің жұмыстан дәл желтоқсан айында және 1986 жылы Желтоқсан оқиғасының 23 жылдығы қарсаңында шығарылып отырғандығына таңданбайды. Ол бұны ұлт патриоттарына қарсы қуғынмен байланыстырады.

– 1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін Колбиннің тұсында басталған қуғын-сүргін әлі күнге жалғасып жатыр. Өкінішке қарай, қазақ халқы өзінің шынайы тәуелсіздігіне әлі қол жеткізген жоқ. Әрине, мен жұмыссыз қалмаймын. 17-желтоқсан күні қазақ зиялыларымен бірге «Ұлт бірлігі» деген жалған доктринаға қарсы аштық акциясына қатысамын, – дейді Қалдыбай Әбенов.

Қазақ зиялыларының бір тобы биліктен «Ұлт бірлігі» доктринасына тоқтау салуды талап етіп отыр. Егер билік бұл талапқа мойынсұнбаса олар желтоқсанның 17-нен бастап Алматыда аштық акциясын бастайтындарын ескерткен-ді.

Наразылық акциясын ұйымдастырушылардың бірі ақын Мұхтар Шаханов, Азаттыққа берген сұхбатында, өз жақтастарынан әзірге ешкім жұмыстан шығарылмағандығын жеткізді.

– Қысым әлбетте, болады. Бірақ, бізді ешнәрсе тоқтата алмайды. Қазірдің өзінде Алматыдағы студенттерді қайта-қайта тексеріп, олардан тез арада емтихан алып, 13-желтоқсанда аралық оқу демалысына жіберу шаралары басталып кеткенін білдік, – деді Мұхтар Шаханов.

Режиссер Қалдыбай Әбенов «Аллажар» фильмін 1989 жылы түсіруді қолға алған. Алайда, советтік Қазақстан үкіметі 1990 жылы кино жұмысын тоқтатып тастаған-ды. Ал, 1991 жылы түсіру жұмыстары қайта басталып, кейін аяқталған бұл шығарма көпшілік көрерменге жеткен жоқ.

– Желтоқсан оқиғасының 23 жылдығы қарсаңында «Аллажар» фильмін Алматыда көрсетуге күш салып жатырмын, – деді Қалдыбай Әбенов Азаттық радиосына.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG