Accessibility links

Наразылық танытқан соң жұмыстан шығарылғандар қант зауытының әкімшілігін сотқа берді


Қант зауытының бұрынғы жұмысшылары сот шешімін күтіп аудандық сот ғимаратының алдында тұр. Қарабұлақ, 26 қараша 2009 жыл.
Қант зауытының бұрынғы жұмысшылары сот шешімін күтіп аудандық сот ғимаратының алдында тұр. Қарабұлақ, 26 қараша 2009 жыл.

«Алматы қанты» зауытының бұрынғы жұмысшылары өздерін жаппай жұмыстан шығарған кәсіпорын басшылығын сотқа берді. Жұмысшылардың айтуынша, кәсіпорын қожайындары ауысқаннан кейін зауыт әкімшілігі мен жұмысшылар арасында текетірес пайда болған.


РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ БҰРЫНҒЫ ЗАУЫТЫ


Қарашаның 26-сында таңертеңгі сағат 9-да Ескелді аудандық сотында қант зауыты бұрынғы жұмысшыларының кәсіпорын басшылғына қарсы талап арызы бойынша сот басталуы тиіс еді. Бірақ, сот қызметкерлерін аяқ астынан аттестациялауға жібергендіктен сот отырысы едәуір кешігіп, түстен кейін ғана басталды.

Бұл даулы мәселе бойынша «Алматы қанты» зауытының басшылығынан қандай да бір түсінік алмақ болған әркетемізден нәтиже
Ескелді аудандық сотының судьясы Қуанышбай Нұрғалиев «Алматы қанты» зауытындағы еңбек дауына қатысты істі қарап отыр. Қарабұлақ, 26 қараша 2009 жыл.
шықпады. Дегенмен, сотта сөйлеген сөзінде зауыт заңгері Қарлығаш Семилтарова арыз иелерінің сотқа берген талабына қатысты: «Егер ұжымдық шартта немесе әлеуметтік серіктестік жүйесіндегі басқадай келісімдерде өзгеше қарастырылмаған болса, жұмысшыларды қысқарту туралы шешімді жұмыс берушінің бір өзі қабылдайды» деп атап көрсетті.

Зауыт жұмысшыларын жаппай жұмыстан шығару ісі бойынша сот отырысы енді ғана басталғандықтан істі қарап отырған судья Қуанышбай Нұрғалиевтің қандай шешім шығаратындығы әзірге белгісіз.

Алматы облысы Ескелді ауданындағы Қарабұлақ кентінде орналасқан «Алматы қанты» зауыты бұған дейін Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің бизнес-империясының құрамында болып келген еді.

Жұмысшылардың көпшілігі бұрынғы қожайынның тұсында еңбек жағдайы анағұрлым жақсы болғанын айтады. Оларға жұмыстың зияндылығына байланысты үстемелер төленген, 36 күн жылдық демалыс берілген, сондай-ақ зауыт оларға қантты өзіндік құнымен сатқан. Ал қазір бұлардың бірі де жоқ, тек қысқарту мен жұмыстан шығару туралы қоқан-лоқы естумен жүрміз деп шағым айтады жұмысшылар.

СЫН АЙТҚАНЫ ҮШІН ЖАЗАЛАУ

Жұмыстан шығарылғандардың айтуынша, зауытта жұмысшылар тобының бастамасымен жақында құрылған тәуелсіз кәсіподақ ұйымына кіргендер әкімшілік тарапынан қудалауға түскен.

Эльза Кваст, зауыттың бұрынғы жұмысшысы. Қарабұлақ, 26 қараша 2009 жыл.
Азаттық тілшісіне берген сұхбатында зауыттың бұрынғы жұмысшысы Эльза Кваст еңбек ұжымының мүддесін қорғауды көздеген адамдардың енді жұмыссыз қалғанын айтады.

– Нәтижесінде маусым соңында біздің барлығымызды жұмыстан қысқартып тастады. Негізінен, кәсіподақ ұйымына кіріп, әкімшіліктің заңсыз іс-әрекеттеріне қарсы күресуде белсенділік танытқандар қысқартылды, – дейді Эльза Кваст.

Жұмысшылардың бастамашыл тобы бір жыл бойы өздерінің заңды құқықтарын қорғаумен айналысып келген. Олардың іс-әрекетінің арқасында еңбекті қорғау департаменті кәсіпорында еңбек заңдылығының бұзылғанын анықтап, «Алматы қанты» зауытының әкімшілігіне ол кемшіліктерді жою жөнінде ұйғарым шығарған.

Алайда зауыт басшылығы кемшілікті түзеудің орнына қудалауды бастады, дейді «Мүшелік» кәсіподақ ұйымының төрайымы Райхан Досқожанова.

– Бізде «Мүшелік» тәуелсіз кәсіподақ ұйымы құрылды. Адамдар өз мүддесін қорғау үшін оның қатарына өте бастады. Сонан кейін
Райхан Досқожанова, «Мүшелік» кәсіподақ ұйымының төрайымы. Қарабұлақ, 26 қараша 2009 жыл.
қудалаулар мен жұмыстан қысқартулар басталды. Сол адамдарды жұмыстан қысқартты, – деді Райхан Досқожанова Азаттық тілшісіне.

Зауыттан қысқартылған жұмысшылардың қоғамдық қорғаушысы Баниамин Файззулин адамдардың жаппай жұмыстан қысқартылуын өндірістік қажеттілікпен емес, өз құқықтарын заңды негізде қорғағысы келгендерді зауыт әкімшілігінің жақтырмағандығымен байланыстырады.

– Зауытта адамдарды жұмыстан қысқарта салысымен іле-шала жаңадан жұмысқа қабылдау дағыдысы қалыптасқан. Кейбір адамдарды жұмыстан шығарар алдында жаңадан басқа біреулерді, зейнет жасына тақап қалған кісілерді жұмысқа қабылдағаны туралы деректер бар, – деді Азаттық радиосына Баниамин Файззулин.

Азаттық радиосы бұған дейін хабарлағанындай, биылғы жылы қыркүйек айында Қарабұлақтағы зауыттың жұмысшылары қысқартуға қарсы наразылық акциясын өткізген болатын. Сол жолы толқыған адамдарды сабырлылыққа шақырған Ескелді ауданының прокуроры Маржан Қуандықова олардың арыз-шағымдарын мұқият тексеріп, толыққанды жауап қайтаруға уәде берген-тұғын.
XS
SM
MD
LG