Accessibility links

Полиция шенеунігі қағып өлтірген қыздың туыстары әділ тергеу жүргізуді сұрайды


Полиция қызметкерінің қалпағы. Көрнекі сурет.

Полиция қызметкерінің қалпағы. Көрнекі сурет.

Бүгін Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданда туыстары 21 жастағы Жадыра Сармантаеваны жерледі. Оны көлікпен қағып кеткен аудандық полиция бастығының орынбасарына қылмыстық іс тек Жадыра ауруханада жап тапсырған соң бір-ақ қозғалған.


Жадыра Сармантаева жанында тағы бір әйелмен бірге автобустан түсіп жолды кесіп өтпек болғанда оларды жеңіл автокөлік қағып кеткен. Ол жердегі жол бөлігінде көліктердің жылдамдық шегі сағатына 40 шақырымнан аспауы керектігін ескертетін жол белгісі қойылған.

Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданы аумағында болған оқыс оқиғаны көргендер Жадыраның туыстарына әлгі автокөліктің қатты жылдамдықпен келіп екі адамды қаққанын айтыпты.

Көлікті Қарағанды облысы Бұқар жырау аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Болат Мұқашев жүргізіп келе жатқан дейді қаза болған қыздың туыстары. Оқыс оқиғаның куәгерлері сол сәтте жүргізушінің «мас күйінде аяғын баса алмай тәлтіректеп тұрғанын» көрген, бірақ полицейлер оның мас болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарып отыр дейді марқұмның туысы Серік Жұмабеков.

Дәрігерлер 21 жастағы Жадыра Сармантаеваның бас сүйегіне күрделі операция жасап, жас қызды ажал тырнағынан алып қалу үшін бірнеше сағат бойы күресті. Алайда ол есіне келмеген қалпы ауруханада көз жұмды. Жол үстінде көлік келіп соққан екі адамның тағы бірі – 49 жастағы әйел қазір Майқұдық ықшам ауданындағы аурухананың жандандыру бөлімінде жатыр.

– Мәйітханаға келгенімде, Жадыраның денесінде сау жері жоқ екендігі, бәрінен басына қатты зақым келгені туралы сот сарапшысының жазғанын көрдім. Құқық органдары әлгі көлік сағатына 40 шақырым жылдамдықпен келе жатқан болатын деп отыр. Бірақ мен ондай жылдамдықпен адам соғып өлтіреді дегенге сенбеймін, оның үстіне қатты соққы Жадыраны үш метрдей жерге, ал жанындағы әйелді жеті метрдей жерге ұшырып жіберген, – дейді марқұмның туысы Серік Жұмабеков.


«АБАЙСЫЗДА КІСІ БАСЫП КЕТКЕН»


Төтенше оқиға қарашаның 1-і күні кешкі сағат жетілердің шамасында болған. Қылмыстық іс Жадыра Сармантаева ауруханада қайтыс болғаннан кейін, яғни қарашаның 3-і күні қозғалған.

Облыс прокурорының аға көмекшісі Нұрбек Құзбақов істі тергеу Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің анықтау басқармасына тапсырылғанын хабарлады.

– Қылмыстық кодекстің 296 бабының 2-ші бөлігі бойынша іс қозғалды. Болат Мұқашев қамауға алынған жоқ, ол қазір жұмысын істеп жүр, – деді Нұрбек Құзбақов.

Аталған бапта көлiк құралдарын жүргiзушi адамдардың жол қозғалысы және көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан жағдайда айыпты деп танылған адамды үш жылға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын жүргiзу құқығынан айырып, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

Қылмыстық іс неге бірден қозғалған жоқ және Болат Мұқашев неліктен қамауға алынбаған деген Азаттық тілшісінің сұрағына облыс прокурорының аға көмекшісі былай деп жауап берді:

– Мұндай жағдайда қылмыстық іс бірден қозғалмайды, өйткені автотехникалық сараптама және өзгедей бірқатар шаралар жүргізу керек болады. Абайсызда кісі басып кеткен, сол себепті, жүргізушіні бас еркіндігінен айырмауы да мүмкін, сондықтан ол қамауға алынған жоқ. Егер екі жақ өзара мәмілеге келіп, зардап шеккен тарапқа өтем жасалса, онда қылмыстық іс жабылуы мүмкін. Ал егер тараптар келісімге келе алмаса, онда мәселені сот қарап, жүргізуші бас бостандығынан айрылуы ықтимал.


«КЕЗДЕЙСОҚ БОЛҒАН ОҚЫС ЖАҒДАЙ»

Азаттық тілшісі Қарағанды облысы Бұқар жырау аудандық ішкі істер бөліміне хабарласқан еді. Бөлім кезекшісі қазіргі уақытта Болат Мұқашевтың денсаулық жағдайына байланысты уақытша жұмыста жоқ екендігін айтты. Әйткенмен аудандық полиция бөлімі бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары Берік Көпбаевпен тілдесудің сәті түсті.

– Мұндай жол-көлік оқиғалары аз емес, өкінішке қарай, және дәл сол жол бөлігінде жиі болады – ол жерде жарық жоқ, жаяу жүргінші өтуге қолайсыз. Бұл кездейсоқ болған оқыс жағдай. Менің ойымша, кісі басып кеткен полиция қызметкері екендігіне қоғам назарын ерекше бұра берудің қажеті жоқ сияқты. Құдай басқа салмасын, әрине, бұндай жағдай кез-келген адамның басына түсуі мүмкін. Болат Мұқашев болған жағдайға қатты күйзеліп жүр, қазір оның ешкіммен, әсіресе журналистермен сөйлесуге зауқы жоқ, – деді Берік Көпбаев Азаттық радиосына.

Ішкі істер бөлімінде кадр жұмысымен шұғылданатын қызметкер ретінде Берік Көпбаев өз әріптесі Болат Мұқашевты жақсы жағынан сипаттады. Оның айтуынша, құқық органдарында 10 жылдан астам еңбек еткен Болат Мұқашев полицияда, прокуратурада жұмыс істеген тәжірибелі маман.

Бірақ марқұм Жадыра Сармантаеваның туыстары екі кісіні көлікпен қаққан жүргізуші тиісті жазасын алуы керек деп санайды. Серік Жұмабековтың айтуынша, Қарағанды кооперативтік институтында сырттай оқып, жергілікті мұражайда билет тексеруші болып жұмыс істеген Жадыра болашақта үлкен мақсат-мұратқа жетуді армандап жүрген екен.

Жадыра Сармантаева қарашаның 5-і күні Бұқар жырау ауданындағы Алғабас кентінде жерленді. Енді марқұмның туыстары Астанаға, Бас прокуратураға арыз жазып, Жадыраның қазасына объективті тергеу жүргізуді және кінәлі адамды лауазым-қызметіне қарамастан әділ жазалауды талап еткелі отыр.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG