Accessibility links

Қарағандыда бұқаралық ақпарат құралдарын сотқа беру жиіледі


Газет-журналдар сататын орын. Көрнекі сурет.

Газет-журналдар сататын орын. Көрнекі сурет.

Қарағанды облысында жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарының үстінен сотқа 7 арыз түскен. Арыздарда талап етілген қаражаттың жалпы сомасы 37 миллион теңгеден асып жығылған.


АРЫЗ БЕН АЙЫППҰЛ

Мәселен, Қарағанды қаласындағы Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті жергілікті «Взгляд на события» газетін сотқа беріп жатыр. Бұл дауға осы оқу орны туралы аталған басылымда 2009 жылдың қыркүйек айында жарық көрген мақала түрткі болған. Онда жоғарғы оқу орнындағы негізгі кіру есігінен мұғалімдер, ал студенттер оқу ошағына жертөледен кіргізіліп жатқандығы айтылған.

Мақалада жертөледен кіретін студенттер наразылығы мен негізгі есіктен кіретін мұғалімдер мүддесін қорғайтын оқу орны басшылығының түсініктемесі жарияланған. Алайда оқу орнының басшылығына газет мақаласының «Рылом не вышли» деген тақырыбы ұнамай қалған. Олар сотқа арызданып, басылымнан моральды шығын ретінде 1 миллион теңге талап етіп жатыр.

Ұқсас жағдай Қарағанды қаласындағы «Бірінші Қарағанды» телеарнасына қатысты істе де бар. Өткен жылдың желтоқсан айында осы телеарнадан шыққан бейнесюжетте сұхбат берген құқық қорғау орнының өкілі күдіктінің аты-жөнін айтып қойған деген желеу арызға айналып сотқа жетті. Күдіктінің туыстары енді сол үшін телеарнадан 1 миллион теңгені моральдық шығын ретінде өндіріп алуды көздеп отыр.

«БАҚ ҮСТІНЕН СОТҚА АРЫЗ БЕРУ СӘНГЕ АЙНАЛДЫ»

Қарағанды қаласындағы БАҚ мүддесін қорғаумен айналысатын «Медиалайф» қоғамдық қорының президенті Ольга Волкова БАҚ үстінен
Волкова Ольга Александровна, БАҚ мүддесін қорғаумен айналысатын «Medialife» қоғамдық қорының президенті. Қарағанды, 6 сәуір 2010 жыл.
сотқа арыздану сәнге айналып барады деп отыр. Оған себеп – БАҚ туралы заңдағы кейбір қайшылықтар дейді ол.

– Мәселен, сізге басылым болсын, телеарна болсын, шығарған бір материал ұнамай қалды делік. Ол материал сізге моральдық шығын әкелді деп түйдіңіз. Сіз барасыз да 0,5 айлық есептік көрсеткіш бойынша мемлекетке баж төлеп, жауап берушіден бірнеше миллион теңге талап ете аласыз. Қазіргі айлық есептік көрсеткіш 1400 теңгедей болса осы соманың жартысын төле де, қолың бос болса сотқа келіп-кетіп жүре бер. Жеңіп жатсаң оны көресің, жеңілсең жарайды, қайда қалмай жатқан 700 теңге!

Есесіне, сот сарсаңымен жүгіретін БАҚ өкілдері осы мерзім ішінде алтын уақытын жоғалтатыны айдан анық. Ал уақыт дегеніңіз ақша. Осыған байланысты біздің ұйым тарапынан аталған жағдайларға сараптама жүргізе келе, азаматтық істерді қарау тәртібіндегідей, сұралған соманың 1 пайызын мемлекетке салық ретінде төлеу тәртібін кіргізуді ұсынғымыз келеді. Сонда кімде-кім сотқа арызданып миллиондаған теңге сұрамас бұрын ойланар еді, – дейді «Медиалайф» қоғамдық қорының президенті Ольга Волкова.

СОТҚА ДЕЙІН МӘМІЛЕГЕ КЕЛУ

2008 жылы «Медиалайф» қорының жанынан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығы және «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен журналист этикасы жөніндегі кеңесі құрылды. Олар БАҚ үстінен арыз түскен жағдайда істі сотқа жетпей тұрып екі жақты диалог ұйымдастырып шешуге күш салады. Осы кеңестің араласуымен үстіміздегі жылы сотқа берілген бір іс процеске жетпей шешілген.

– Біз кеңес құрамымен сотқа арызданушы мен жауап берушіні ортақ диалог өткізуге шақырамыз. Арнайы кездесу ұйымдастырып, екі жақтың уәжін тыңдаған соң, осы мәселенің шешу жолдарын ұсынамыз. Көп жағдайда бұл әрекет көмектеседі. Себебі, шағымданушы менікі дұрыс деп бір жақта, жауап беруші де өзінікін қош көріп екінші жақта жүріп алады да, сотта бірақ кездеседі.

Ал, кеңес ұйымдастырған кездесуден кейін көбінесе екі жақ мәмілеге келіп жатады. Әрине егер, арызданушы моральдық шығын деп басылымнан тек ақша алуды ғана көздемесе. Егер адамда ондай ой болса амал жоқ, іс сотқа кетеді. Ондай жағдайлар да болады. Айтпақшы, жыл басынан бері сотқа берілген 6 арыз бойынша басылымдардан тек ақша талап еткен арызданушылардың барлығы жеңіліс тапты, – дейді «Медиалайф» қоғамдық қорының президенті, заңгер Ольга Волкова.

Заңгердің айтуынша, қазіргі БАҚ-дың басым көпшілігі журналистік этика нормаларын қатаң сақтауға тырысады. Алайда тілші немесе басылымның жіберген қателіктері болып, ол анықталып жатса, олар жауапқа тартылуы тиіс. Өйткені біз тек БАҚ-тың мүддесін қорғай беретін ұйым деп санау қате түсінік болады дейді ол.

КЕШ ЖІБЕРІЛГЕН ХАБАРЛАМА

Дегенмен жоғарғы оқу орнының басылым үстінен сотқа шағымдануына байланысты сот отырыстары өтіп жатыр. Ал жеке тұлғаның «Бірінші Қарағанды» телеарнасына қарсы берген шағымы қаралу барысында түсініксіз әрекеттер туындады. Ольга Волкованың айтуынша, арызданушының шағымын қабылдаған Қарағанды қаласының №2 сотының судьясы Жұмабике Галиева түрлі ереже бұзушылыққа жол берген.

Атап айтқанда, жауап беруші жаққа сотқа келу туралы хабарлама 11-наурызда жіберілгенімен, процестің өзі 22-ақпанда басталып кетіпті. Сонымен қатар, судья арыз берушіні мәселені этикалық кеңес талқысына салып сотқа дейін шешу процедурасына бағыттамаған. Осындай түрлі келеңсіздіктерге байланысты жауап беруші жақ облыстық сот төрағасы атына судья Ж.Галиева ханымды тәртіптік жауапкершілікке тартып, судьяны ауыстыру туралы арыз жазған.

Алайда, облыстық сот ол арызды қанағаттандырмады. Кезекті сот процесіне келген соттасушыларды бұл жолы басқа судья қабылдаған. Бұл жайға түсінбеушілік танытқан тараптарға облыстық соттағылар судья ауысқандықтан арыздарыңыз қанағаттандыру мәселесі көтерілмейді деген жауап берілген. Жоғарыда айтылған заңбұзушылыққа жол берген судья осылайша тәртіптік жауапкершіліктен босатылған. Бұл іске қатысты судьяның өзінен пікір алмақ болған Азаттық тілшісіне қойған сауалына одан жауап алудың сәті түспеді.

Осы іс бойынша сәуірдің 6-күні өткен процеске енді арызданушының өзі келмеген. Осыған байланысты енді жауап беруші жақ, телеарнадан 1 миллион теңге талап еткен Елена Мордасованың өзінің үстінен сотқа арыздануға бел буып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG