Accessibility links

Прокуратура бейнетаспа "әртістердің" әрекеті десе, құқық қорғаушылар азаптау жағдайларын анықтау мүмкін еместігін айтады


АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесі. Қарағанды облысы Долинка елді мекені 21 мамыр 2010 жыл.

АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесі. Қарағанды облысы Долинка елді мекені 21 мамыр 2010 жыл.

АК-159/6 түзету мекемесіндегілердің соққыға жығылғаны туралы даулы бейнетаспадағы Карауш болғанымен, ондағы әрекеттің бәрі "спектакль" дейді прокуратура. Карауштың анасы түрмедегілерге қысым жасалуы мүмкін деп отыр. Құқық қорғаушылар азаптау жағдайларын тәуелсіз тергеудің жолдары жоқ деп есептейді.


ТҮРМЕДЕГІ «ТЕАТР»


Қарағанды облыстық прокуратурасының мәлімдеуінше, интернет кеңістігін аралап жүрген бейнероликтегі «әртістердің» барлығы жазасын өтеушілер болып шықты. Жазалаушы роліндегі әртіске киімді сол мекемедегі қызметкер берген дейді прокуратура. Олар тексеріс нәтижесінде, Долинка түрмесінің қызметкері күртесі мен қалпағын қамаудағыларға шешіп бергені анықталды деп жариялады журналистерге.

Естеріңізге сала кетсек, Долинканың жанындағы АК-159/6 қатаң тәртіптегі колониясындағы жазасын өтеушілердің бірі Евгений Карауштың "таяқ жеп, азапталып жатқаны" түсірілген делінген бейнетаспа интернетті шарлап кеткен болатын.


– Бейнетаспа сараптамадан өткізілгенде, ондағы көріністердің қолдан ұйымдастырылғаны айқындалды. «Соққыға жығылушының» Евгений Карауш екені рас. Бірақ, шын мәнісінде сотталғандар бірі – қанаушы, екіншісі қаналушы ролін ойнағанда үшіншісі оны ұялы телефонның бейнекамерасына түсірген. Алдын-ала тексеріс жүргізу нәтижесінде анықталғандай, мұның барлығы біреулердің тапсырысы бойынша орындалғанын сотталғандардың өздері мойындап, түсініктеме жазып берді,- деді Қарағанды облысы прокурорының аға көмекшісі Алексей Бондарев 7 маусым күнгі баспасөз-мәслихатында..

Бейнероликтегі көрініске назар салсақ, ондағы «жазалаушының» үстіндегі киім қайдан алынды деген сұрақ туындайды. Мұны қылмыстық атқару комитеті басқармасының басшылығы өздерінің тарапынан кеткен олқылық ретінде мойындап отыр.


– Бұл іске түрме қызметкерінің қатысы бар болып шықты. Ол түрмедегілердің «жай қалжыңдап көреміз» дегендеріне сеніп, үстіндегі күртесі мен қалпағын бере салған. Өзі солай дейді. Бұл мәселе әлі тергелу үстінде. Толық анық - қанығына жетіп болған соң, ол қызметкер тиісті жазасын алады,- дейді Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ардабек Әкімбеков.

Құрамында түрмедегі сотталғандардың сөзіне "сеніп қалатын" қызметкерлері бар Қарағанды облысы қылмыстық атқару жүйесінің тізгінін ұстап отырғандар да бұл мәселеге түсініктеме берген.

Естеріңізде болса, маусымның 3-і күні осы түрмедегі Максим Бажанов, Андрей Корольков, Мұрат Апашев, Валерий Михайлов және Евгений Карауш есімді жазасын өтеушілердің өздеріне қол жұмсап, наразылық білдіргені туралы хабарлар таратылған.

– Бұл бесеу «ойынды» өте сауатсыз ұйымдастырғандықтан, қулықтары әшкере болды. Осыдан келіп, түрмедегі тәртіп қатаңдана түсіп, тексерістер жиіледі. Бұл мекемедегі өзге де сотталғандардың наразылықтарын туғызды. «Әріптестерінің» алдында айыпты болып қалған бұлардың кінәні «қанмен жуудан» басқа амалдары қалмаған, - деп қалды Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ардабек Әкімбеков.

КУРАМШИННІҢ "КІНӘСІ" КӨБЕЙДІ

Құзырлы орындардың хабарлауынша, осы дау-дамайды бастап жүрген Вадим Курамшин жауапқа тартылатын болады. Үстінен қылмыстық іс қозғалып, оның мерзімінен бұрын түрмеден босап шыққаны туралы құжат та күшін жоюы мүмкін. Бұл тұрғыда Вадим Курамшин өзіне жасалып жатқан қысымның күн өткен сайын күшейіп келе жатқанын айтады.
Вадим Курамшинді АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесіне кездесуге кіргізбей тұр. Қарағанды облысы Долинка елді мекені 21 мамыр 2010 жыл.


– Астанаға барып сотталғандардың туған-туыстарымен бірлесіп баспасөз мәслихатын өткізіп, ондағы жағдайдың барлығын айттық. Алайда, Астанадан қайтар жолда вокзалда полиция қызметкерлері мені тағы да ұстап алып, бөлімшеге алып келді. Таққан айыптары мерзімінен бұрын босап шыққандарға берілетін басқа қалаға шығу туралы рұқсат қағазының жоқтығы болды. Бірақ, мен Астанаға жүрер алдында жергілікті полиция бөлімшесіне рұқсат сұрап арыз жазған болатынмын.

Арызым қабылданды да, ол жаққа бір күнге баратын болған соң рұқсат ауызша ғана берілді. Енді сол кездегі салғырттығым өзіме бәле боп жабысып отыр. Олар енді кәдімгідей іс қозғап сотқа құжаттар дайындап жатыр. Тағылып отырған айып – мерзімнен бұрын босағандар сақтайтын тәртіптің бұзылуы. Бұған қоса олар осыған дейін аталмай келген, менің наурыз айның аяғында «Халыққа баспананы қайтарайық» атты қозғалыс өкілдерімен кездесуге Алматы қаласына барғанымды да бетіме айып қып басып отыр,- дейді Вадим Курамшин.

Дегенмен өзін сотталғандардың құқын қорғаушы ретінде санайтын Вадим Курамшин, заң органдарының нақты жағдайды жасырып отырғанын, өздерінің шындыққа қол жеткізгендерінше талмай күресе беретіндіктерін айтып отыр.

АЗАПТАУҒА ҚАРСЫ ШАҒЫМДЫ КІМ ҚАРАЙДЫ?

"Азаптауға қарсы қазақстандық ҮЕҰ коалициясы" құқық қорғау ұйымының қызметкері Инара Алдыбаева Қазақстанда қамау орындарындағы азаптау мен зорлық-зомбылық шараларына қарсы шағымдарды тергеп-тексеру механизмі бұрын да болмаған, қазір де жоқ дегенді айтады.

"Егер барлық шағымдар сол арыз-шағым түсіріліп отырған органның өзіне қарауға қайта жіберілетін болса, қандай тәуелсіз тергеу туралы айтуға болады?",- таңданыс танытқан құқық қорғаушы 8 маусым күні Азаттық радиосына шын мәнінде Қазақстан бұл мәселеде Ресейдің өзінен де артта қалып отыр деп мәлімдеді.

– Менің білуімше Ресей бұл салада бір қадам болса да алда келеді. Онда азаптау мен азапталуға қатысты жазылған шағымды прокуратура қарап, тексереді. Әрине мемлекеттік орган болғандықтан, прокуратураға да толықтай тәуелсіз тергеу жүргізетін механизмі бар деп қарауға болмайды. Дегенмен де бұл шағымды сол шағым жасалып отырған органның өзіне тексеруге жібергеннен көшілгері деуге болады,- дейді Инара Алдыбаева.

Құқық қорғаушы "Азаптауға қарсы қазақстандық ҮЕҰ коалициясы" Қазақстан билігін бірнеше қайтара азаптауға қарсы күрес шараларын тиімді жүргізуге шақырғандықтарын айтып отыр.

8 маусым күні Азаттық радиосына хабарласқан Долинка түрмесіндегі жазасын өтеуші Евгений Карауштың анасы Галина Добровольская да қамау орнындағы азаптау жайттары жайында туралы ойларымен бөлісіп, бейнетаспаның жалған екендігіне көңілі сенбейтіндігін айтты.

– Мен ол бейнетаспа қойылым дегенге сенбеймін. Маған ол жөнінде айтқан түрме бастығы тұтқындардың өздері мойындады деді. Бірақ ол тергеу түрменің өзінде жасалғандықтан, тәуелсіз болмайды ғой,-дейді Азаттық радиосына сұхбат берген Евгений Карауштың анасы.
XS
SM
MD
LG