Accessibility links

Қарағандыда кептердің етін талғажу етіп, тегін жұмысқа жегілген шетелдіктер табылды


Ауғанстанның 25 азаматы үш ай бойы жекеменшіктегі ұн комбинатында тегін жұмыс істеген. Қарағанды, 9 сәуір 2009 ж.

Ауғанстанның 25 азаматы үш ай бойы жекеменшіктегі ұн комбинатында тегін жұмыс істеген. Қарағанды, 9 сәуір 2009 ж.

Қарағандыдағы жекеменшік ұн комбинатындағы мәжбүрлі жұмысқа шыдамай, кәсіпорын аумағынан қашып шыққан екі ауғандықтың хабары бойынша, кәсіпорынға барған полицейлер сол жерде құжаттары мен ақшасы жоқ Ауғанстанның 25 азаматын тапқан. Шетелдіктер үш ай бойы сол жерден шықпай, тегін жұмыс істегендерін айтады.

– Бізге Защитная көшесінде орналасқан ұн комбинатында өзге ұлт өкілдерінің заңсыз жұмыс істеп жүргені жайында хабар түсті. Бұл хабар бойынша аталаған мекенжай тексерілді. Нәтижесінде, ауғандық 25 азамат ұн комбинатынан табылды, - дейді Қарағанды қаласы ішкі істер басқармасының тергеушісі Ардақ Елекбаев.

Не жеке құжаты, не қалталарында көк тиыны жоқ шетелдік азаматтар Отандарына қайта алмай, үш ай бойы осы кәсіпорында тегін жұмыс істеп келгендерін айтады. Өз айтуларынша, олар комбинаттағы жертөледе түнелтіп, аштық қысқан соң кептердің етімен ауқаттаныпты.

Рахулла Абдулсаттар, Қазақстанға заңсыз келіп, жұмыс істеген ауған азаматы. Қарағанды, 9 сәуір 2009 ж.
– Аздап ақша берді. Бірақ ол тамағымызға жеткен жоқ. Жертөледе тұрамыз. Тазалық жоқ. Қарнымыз ашқан соң кептерлерді ұстап, майға қуырып жедік, бірақ еті тәтті екен, – дейді ауғандық азамат Рахулла Абдулсаттар.

Шетелдік заңсыз жұмыскерлердің жатын орындарын тексерген полицейлер ол жерден өлген кептерлер салынған қапты тапқан. Комбинаттың әкімшілігінен Азаттық тілшсіне ешкім түсініктеме бергісі келмеді.

Қазақстанға жасырын келіп, қандай болса да табыс табу мақсатында кез-келген жұмысқа жалданатын шетелдік азаматтардың құқықтары, олардың елге заңсыз келгенін пайдаланған жұмыс берушілер тарапынан, жиі бұзылады дейді билік өкілдері.

Әйткенмен, көші-қон полициясы басқармасындағылар, бұндай жағдайға тап болуларына Қазақстанға заңсыз жолмен келуді жөн көрген ауғандық азаматтардың өздері кінәлі деп отыр.

Құжат пен ақшасы жоқ шетелдік заңсыз еңбек мигранттары үш ай бойы өздері жұмыс істеген кәсіпорында тұрған. Қарағанды, 9 сәуір 2009 ж.
– Олардың құжаттарында шекара асу мақсаты мүлдем басқаша көрсетілген. Оларға күштеп ешкім жұмыс істеткен жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге орай ауданаралық арнайы сот өз шешімін шығарады, – дейді көші-қон полициясы басқармасының бастығы Асхат Мұқанов.

Аталмыш ұн комбинаты қазіргі уақытта өз жұмысын жалғастырып жатыр. Ал көші-қон полициясының қолына түскен 25 ауған азаматының ісі сотта қаралмақшы. Сот оларға Қазақстанға келу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік шара қолданғаннан кейін шетелдік азаматтар мәжбүрлі түрде елден шығарылуы мүмкін.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 6-9 сәуір аралығында, Қазақстан аумағына заңсыз келгендерді анықтау мақсатында жүргізілген «Заңсыз мигрант-2009» арнайы шарасы нәтижесінде, елге келу тәртібін бұзғаны үшін 10166 шетелдік және азаматтығы жоқ тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылған.

Соның ішінде 584 адам алыс шетелдердің азаматтары болса, 9582 кісі ТМД елдерінен келген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG