Accessibility links

Есіл ауылында қазақ сыныбын ашуды сұраған оралмандар балаларын мектепке жібермеді


Есіл ауылындағы мектепке бармаған оралман отбасыларының балалары. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл.
Есіл ауылындағы мектепке бармаған оралман отбасыларының балалары. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл.

Қарағанды облысы Осакаров ауданындағы Есіл ауылында тұратын оралман қазақтар ауылдан 20 шақырым жердегі мектеп-интернатқа балаларын бергісі жоқ. Олар Есіл ауылындағы орыс мектебінен қазақ сыныптарын ашып беруді талап етіп отыр.


ОРАЛМАНДАР ҚАЗАҚ СЫНЫПТАРЫН АШУДЫ СҰРАЙДЫ

Қарағанды облысындағы Осакаров ауданына қарасты Есіл ауылында 37 оқушы биылғы жаңа оқу жылындағы алғашқы қоңырауға қатысқан жоқ. Аудан орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан бұл ауылда бүгінгі таңда Моңғолиядан қоныс аударған 24 отбасы тұрады.

Ата-аналары балаларын аудан орталығындағы мектеп-интернатқа жібермей отыр. Оралман отбасылары жергілікті атқару билігіне Есіл ауылындағы орыс мектебінен қазақ сыныптарын ашып беріңдер деген талап айтады.

– Әр шаңырақта төрт-бестен бала бар, тіпті сегіз балаға дейін жететін отбасылары да бар. Енді есептеңіздер, әр балаға ай сайын екі мың
Қарағанды облысы Осакаров ауданына қарасты Есіл ауылы, 2 қыркүйек 2010 жыл.
теңгеден төлеу қиынға соғады. Көп балалы ана деп берілетін жәрдемақы 5-6 мың теңге, оны қай жағымызға жеткіземіз? Киім-кешек, жүріс-тұрысы бар дегендей. Ауылда жұмыс жоқ. Әркім шамасы келгенше қарекет қып, пұл тауып талшық қыламыз. Осы ауылда бар мектептен 1-шіден 4-шіге дейінгі қазақ сыныптары ашылды, енді біздің талабымыз, 5-шіден 10-шы сыныпқа дейін де қазақша оқытса. Қазақ жерінде тұрып қазақ тілінде оқытатын мектеп ашып беріңдер дегеніміздің өзі тіпті ақылға қонбайтын күлкілі жағдай екен, – дейді Есіл ауылының тұрғыны Қарлығаш Мизамхан.

Оралмандар бірігіп осы арыз-талаппен ашпаған есік, бармаған жер қалмады деп отыр. Облыстық және аудандық білім басқару мекемелеріне, аудан әкіміне және «Нұр Отан» партиясына да хат жолдаған.

Соңғыларының маңайына жуу мүмкін болмаса, аудандық білім бөліміндегілер бала саны 41-ге толмаса қазақ мектебін ашуға заң жол бермейді дегенді алға тартады екен. Алайда оралмандар қазақ мектебі ашылса осы ауылға келетін оралмандар саны көбейер еді, ал мектеп болмаған соң олар қазақ мектебі бар басқа ауылдарға кетіп жатыр деген қарсы уәж айтады.

– Осы ауылға келгісі келетін ағайындарымыз көп, бірақ қазақша оқытатын мектебі бар ауылдарға кетеді амалсыз. Біз келіп орналасып қойған соң басқа жаққа да кете алмаймыз. Мынау интернат дегеніне белшеден қарызбыз. Бастықтары балаларымызға «ақша төлеңдер» деп ұрсатын көрінеді, олар «бармаймыз» деп жылайды. Ал іргеміздегі тиіп тұрған мектепке баруға зар боп біз отырмыз. Кеше білім күнінде ауыл балалары әдемі киініп, гүлдерін алып мектепке барып шат-шадыман болды дағы, біздікілер отырды үйді- үйлеріне тығылып. Жағдайымыз да мәз емес, ала жаздай бала-шағамызбен темір теріп өтікізгенімізбен, оған алған болмашы ақша балалардың киімі мен қарындашына жетпейді. Зарымызды айтып әкімге барсақ бізді кіргізбейді, енді тіпті шаршадық, бүйтіп қор болғанша, оқытпай-ақ қойдым балаларымды, амал жоқ, отырсын үйде, – дейді Айша Абдоллақызы.

«ОРЫС ТІЛІН БІЛМЕСЕҢ ЖҰМЫСҚА АЛМАЙДЫ»

Олармандар «орыс тілі ғана бағаланатын қазақ жерінде өмір сүру қиындап барады» деп шағынады. Орыс тілін білмеген адамға жұмысқа орналасу мұң болып отырғанын айтады.

– Соқталдай азаматтарымыз жұмыс таба алмай жүр. Барған жерлерінде «орысша білмейсің» деген желеумен кері қайтарады. Жалпы
Айша Абдоллақызы – Моңғолиядан қоныс аударған оралман қазақ әйелі. Есіл ауылы, Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл.
«оралмансың» деп кемсіту басым. Мектептің өзінде де балаларымыз түрлі қысымдар көріп жылып келіп жатады. Біз оларға «шыдаңдар, үйренісіп кетесіңдер» деумен әлек болмыз. Ал араша түсейік деп былдырлап бірдеңе айтқан болып барсақ, өзімізді мазақ қып күледі әуелі, – дейді ауыл тұрғыны Айша Абдоллақызы.

Ал Есіл ауылындағы №2 орта мектеп директоры балаларын мектепке жібермей қойға оралмандардың ісін «балаға қарсы жасалған қиянат» деп бағалайды.

– Бірінші қыркүйекте балаларыңызды неге мектепке жібермедіңіздер дегеніме міне мынадай түсініктеме жазып берді, – деді мектеп директоры Лидия Калайчева алдында жатқан бірнеше түсініктемені Азаттық радиосы тілшісіне көрсетіп, – мұнда баланы мектептен қазақша сынып ашылса ғана жіберетіндері айтылған, ал бұған бастауыш сынып оқушыларының қатысы қанша? Маған балалардың сабаққа келгені дұрыс, ал ересек оқушыларға қазақ сыныптары ашыла ма, ашылмай ма – онда менің шаруам жоқ.

Аудандық білім бөліміндегі шенеуніктердің барлығының да пікірлері осы директордың ойымен тұспа тұс келіп отыр. Уәждері: оралмандар мұндай шуды орынсыз көтеріп отыр. Мемлекеттен алатын жәрдемақылары жетіп артылады. Жұмыс істегілері келмейді. Тиіп тұрған жердегі мектеп интернатқа төлейтін екі мың теңгені ауырсынады.

– Бұларды әңгімеге тартып сөйлесуден шаршадық. Ештеңе тыңдағылары да, түсінгілері де келмейді. Интернатта балаларға барлық жағдай жасалған. Иә, кейбір ата-аналардың интернатқа тамаққа төленетін ақшаны тауып беруден қиындық көріп жатқандары рас. Оның өзінде
Зура Оскеева – Осакаровка аудандық білім бөлімінің бастығы. Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл.
біз осы тамақтың ақшасының 20 пайызын ғана төлеуді сұраймыз. Ол ақша банкке төленеді. Қалған 80 пайызы мемлекет есебінен төленіп отыр. Жаңағы төлей алмай отырған адамдарға көмек қолын ұсынатын боламыз келешекте. Ал ол ауылдан қазақ мектебін ашу – қиын мәселе. Себебі, заң бойынша ортаңғы және жоғарғы сыныптарға баратын оқушылардың саны 41-ге жеткенде ғана мектеп ашуға болады. Ал ол ауылдағы бұл санатқа жатқызылатын балалар саны 15-16 ғана. 37 бала деп отырғандары өтірік, – дейді аудандық білім бөлімінің бастығы Зура Оскеева.

Оның айтуынша, Есіл ауылындағы мектепке толықтай қазақша сыныптарды ашу мәселесі келешектің еншісінде. Ал дәл қазір бірлі-жарым балаға бола мұндай қадамға баруға бюджетте қаржы қарастырылмаған. Мамандар тарту мәселесі тағы бар. Тіпті енді білім бөлімі жанынан көлік бөліп, интернатқа апта сайын сол ауылдан балаларды алып барып келіп отыратын да жағдайлар да жасалады дейді шенеунік.

Бір қызығы, оралман отбасылары интернат ақысын сол мекеменің өзіндегі бір әйелдің қолына тапсыратынын айтады.
Интернатқа ақша төленгенін растайтын түбіртек. Осакаров ауданы, Қарағанды облысы, 2 қыркүйек 2010 жыл.
Оралмандардың қолындағы ақша төленгенін растайтын түбіртекте не банктің есепшоты, не мекеменің мөрі жоқ боп шықты. Түбіртек қағаздың үстіңгі жағында орыс тілінде «Гострудсберкасса СССР от 4 июня 1984 г.» деп жазылыпты.

Бұл жағдай жөнінде Азаттық тілшісі аудандық білім бөлімінің есепші маманынан түсініктеме сұраған еді. Ол мұны біресе «сол кезде банк істемей қалды» десе, біресе «бұл ақшалай емес, азық-түліктей алынған болуы керек» деген болжамдар айтуымен шектелді.

Айтпақшы, интернатқа ақшалай қаражат құя алмағандар қарыздарын азық-түліктей де өтей алатын тәртіп бар екен. Ал бірақ ол азық-түлікті кім, қалай бағалайтыны, қандай бағамен қабылдайтыны, оның сапасын кім тексеретіні тағы түсініксіз.

Есіл ауылындағы оралман отбасылары мәселе шешілмесе балалаларын интернатқа да, мектепке де жібермейтіндерін айтып отыр.

Осы мәселеге байланысты түсініктеме алу үшін Азаттық тілшісі аудандық әкімдікке хабарласқанымен, ондағылар түрлі сылтау айтып, сауалдарға жауап беруден жалтарды.
XS
SM
MD
LG