Accessibility links

Күзембаев атындағы шахтадағы апаттың себебі белгісіз


Күзембаев атындағы шахта кеншілері. Қарағанды облысы, 24 маусым 2010 жыл.

Күзембаев атындағы шахта кеншілері. Қарағанды облысы, 24 маусым 2010 жыл.

Қарағанды облысындағы Күзембаев атындағы шахтадағы забойлардың бірінде болған апаттан екі кенші мерт болды. Осы забойда болған тағы екі адам ауруханада жатыр. Заң орындары шахтадағы апатқа байланысты қылмыстық іс қозғады.


Апат кезінде шахтада болған 168 кеншінің төртеуі тереңдігі 70 метрге жететін забойға түсіп бара жатқан. Ресми деректерге сәйкес, аталған забойдағы метан газының концентрациясы мөлшерден бес есе жоғары болған көрінеді.

Маусымның 23 күні жергілікті уақытпен кешкі сағат он жарым шамасында болған апаттан құлағдар болған тілшілер таң алакеуімнен Күзембаев атындағы шахтаның алдын күзетті. Алайда шахта басшылығы қандай да ақпарат беруден бас тартты.

Тілшілердің шахта кіре берістегі орындарынан кетпей қоюлары себепті түске жақын оларға мән-жайды айтып беру үшін облыстық
Түсіп Күзембаев атындағы шахта кеншілері, Сарань, Қарағанды облысы, 24 маусым 2010 жыл.
төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкері Станислав Сытник пен «Қорғау» кеншілер кәсіподағы қауымдастығының төрағасы Марат Миргоязов шықты.

- Екі кенші забойға бірінші болып түскен, артында біршама қашықтықта үшіншісі келе жатқан. Ал төртінші адам кіре берісте қалып қойған. Ол кенші емес. Кенеттен толып кеткен метан газының қысымынан забойдың қабырғалары мен төбесі құлап, алдыңғы кеткен екеуді басып қалады. Ал үшіншісі лап берген газға тұншығып құлайды. Осы мезетте кіре берістегі қалған адам жүгіріп, газға уланған кеншіні өзі сүйреп алып шығады. Осының салдарынан ол да газға тұншыққан. Қазір олар ауруханада жатыр, - деді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкері Станислав Сытник.

Қазіргі уақытта «ВАСС Көмір» апатты құтқару тобы жер астына басылып қалған екі кеншінің денелерін іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Забойдағы метан газын шығару үшін де ауа айналдырғыш құрылғылар іске қосылып, ондағы газдың концентрациясы 1,5-2 пайызға дейін азайған.

Оқиға орнында құтқарушылармен қатар «Геомарк» ғылыми-инженерлік орталығынының ғалымдары сараптама жұмыстарын жүргізіп жатыр.

- Қазір бәлендей ештеңе айта алмаймыз. Метан газының шығуына қысым мөлшерінің көбейіп кеткендігі себеп болғаны даусыз. Бірақ забойдың іші толық тазартылған соң біз сараптама жүргізіп, апатқа тағы қандай нәрселердің себеп болғанын анықтай алатын
Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкері Станислав Сытник (сол жақта) пен «Қорғау» кәсіподақтар қауымдастығының төрағасы Марат Миргоязов. Қарағанды облысы, 24 маусым 2010 жыл.
боламыз. Менің ойымша, оған да әлі бірнеше күн уақыт керек, - дейді «Геомарк» ғылыми-инженерлік орталығынының директоры, техникалық ғылымдардың докторы Рустам Ходжаев.

Ал кеншілер кәсіподағы басшылығының айтуынша, осы апатта қаза болғандардың отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсетілетін болады.

- Қаза болған 1981 жылы және 1960 жылы туған екі кеншінің отбасына қолдан келген көмек көрсетілетін болады. Оларды соңғы сапарға шығарып салудың шығынын өз мойнымызға аламыз. Ол кеншілердің отбасыларына олардың 10 жылдық жалақылары төленетін болады. Сонымен қатар зардап шеккен кеншілерге де материалдық көмектер көретіледі. Олар қазір ауруханада, жағдайлары орташа, - деді «Қорғау» кеншілер кәсіподағының төрағасы Марат Миргоязов.

Қазір Қарағанды облыстық ішкі істер басқармасы аталған жағдайға байланысты ҚР ҚК 245 бабының 2-тармағы (тау-кен немесе құрлыс жұмыстарындағы техникалық қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы) бойынша қылмыстық іс қозғады. Алдын ала тексеру жұмыстары жүріп жатыр және бұл істі Қарғанды облыстық прокуратурасы бақылауға алған.
XS
SM
MD
LG