Accessibility links

«Тентек» шахтасының кеншілері ереуіл өткізді


«Тентек» шахтасы. Қарағанды облысы, Шахтинск қаласы.

«Тентек» шахтасы. Қарағанды облысы, Шахтинск қаласы.

10 шілде күні «Тентек» шахтасының кеншілері түнгі ауысымнан жоғары көтерілмей, еңбек жағдайына өздерінің наразылығын білдірген соң, жұмыс берушілер мен кәсіподақтың бірлескен комиссиясы олардың талабын қарай бастады.

«Қорғау» кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязовтың айтуынша, шілденің 10-ында таңертеңгі сағат 6-да, түнгі 3-ші ауысымнан босаған 87 кенші шахтадан шықпай қалған. Жуырда болған қайғылы апаттан кейін өздерінің ертеңгі күніне алаңдаған жұмысшылар әкімшілікке бірқатар талаптарын қойған.

- Алғашқысы, кеншілердің еңбеқ ақысын қайта қарау, техникалық қауіпсіздік мәселелері, өткен айдың аяғында «Тентек» шахтасында болған қайғылы апаттан кейінгі қолға алынуы тиіс барлық шараларды тез арада іске асыру және кеншілердің зейнетке шығатын уақытын қысқарту, – дейді Марат Миргаязов.

Айта кету керек, бүгінде кеншілер баршамен қатар 63 жаста зейнетке шығады, олар өздерінің жұмыстарының ерекшелігін ескере отырып бұл жасты 50 жасқа түсіруді талап етіп отыр.

Жұма күні оқиға орнына келген Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллин, «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының бас директоры Франк Паннир мен «Қорғау» кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязовтар кеншілерді келіссөзге шақырған. Соның нәтижесінде түстен кейін барлық кенші шахтадан шығып, жұма күні кешке «Тентек» шахтасы қалыпты режимдегі жұмысына кіріскен.

Шахтаның территориясына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері жіберілмеді. «Кеншілер отбасы» қоғамдық бірлестік жетекшісі Наталья Томилова да өзінің кеншілермен кездесе алмағандығын айтып отыр.

- Мен бір емес екі рет бардым, екеуінде де мені жібермей қойды. Біріншісінде «әкімшілік мен кәсіподақ өкілдері келіссөздерді жүргізіп жатыр» деді. Ал екінші рет, «барлығы бақылауға алынды, алаңдауға еш негіз жоқ» деді. Ол шын мәнісінде солай ма, білмедім, – дейді Наталья Томилова.

Жұма күні «АрселорМиттал Темиртау» көмір департаменті таратқан мәлімдемесінде, «Тентек» шахтасының бірқатар жұмысшылары үшінші ауысымнан кейін жоғары көтерілмегендіктерін растады. Дегенмен түстен кейін барлық мәселелер шешімін тапты делінген.

Бейсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында компания бас директоры Франк Паннир бүгінде барлық шахталар шығынмен жұмыс істеп жатыр деп мәлімдеді. Сондықтан, шығарылатын көмір көлемінің қысқаруы бұл жағдайды одан да ушықтыруы мүмкін екенін ескертті.

«Қорғау» кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязовтың айтуынша, жұма күні жұмыс берушілер мен кәсіподақ өкілдерінің біріккен комиссиясы құрылған. Кеншілер қойған талаптарының орындалу мүмкіндігі қарастырылып, комиссия мүшелері алдағы сейсенбі күні қайта кездеспек.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG