Accessibility links

Даулы видеодан соң адам құқығын қорғаушылар Қарағанды түрмелерін аралады


АК 159/6 түзеу мекемесі. Қарағанды облысы, Долинка елді мекені. 21 мамыр 2010 жыл.

АК 159/6 түзеу мекемесі. Қарағанды облысы, Долинка елді мекені. 21 мамыр 2010 жыл.

Қарағанды түрмелеріндегі жазасын өтеушілерді ұрып-соғу оқиғасы деп бейнеленген бейнесюжетке байланысты дау әзірге тоқтайтын емес. Қамаудағылардың қамын қаузап жүрген Вадим Курамшинді сәрсенбіде полиция ұстады.



ГУСАКОВ КУРАМШИННІҢ АЙТҚАНДАРЫН ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ


Мәліметтерге қарағанда, Халықаралық адам құқығын қорғау бюросының Қарағандыда бөлімшесінің өкілі Юрий Гусаков Долинка елді мекеніндегі түрмелердің бірінде болып, түрме қызметкері соққыға жықты делінген Евгений Караушпен кездескен.

Алайда, Курамшиннің айтуына қарағанда, Юрий Гусаков Евгенийдің дене жарақаттары барын дәлелдейтін медициналық тексерістен өтуге көмектесіңіз деген өтінішін қабылдамаған. Тіпті, ол жауабында «сенің денеңнен ешқандай жарақат көріп тұрған жоқпын» деп
Мен түрмедегі Караушты көрдім... денесін беліне дейін жалаңаштап көрсетті – ештеңе, тіпті сызат та жоқ!
жауап қайырған.

Бірақ, Карауш бұл кездесуге келгенде оның дене жарақаттары айқын көрініп тұрған, оны дәлелдейдін бейнеролик бүгінгі таңда интернет кеңістігін аралап жүр дейді Курамшин. Ал Гусаков оның айтқандарын жоққа шығарады.

– Мамырдың 31-і күні мен түрмедегі Караушты көрдім, ол сол жерде 21 адамның (араларында қамауда отырғандар, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің және мекеме әкімшілігі өкілдері бар) көзінше денесін беліне дейін жалаңаштап көрсетті – ештеңе, тіпті сызат та жоқ! Егер оны 27 мамырда ұрып-соққан болса, қандай да бір із қалса керек еді, – деді Юрий Гусаков.

Ол полиция киіміндегі бір кісінің әлдекімді тоқпақпен ұрып, тепкілеп жатқан сәті бейнеленген бейнежазбадағы соққы жеп жатқан адам Евгений Карауш емес деп мәлімдеді.

– Сотталған Караушты мен бір жылдан астам уақыттан бері білемін. Мен онымен былтыр, «семерка» деп аталатын қамау мекемесінде отырғанда танысқан болатынмын. Ал бейнежазбадағы адам оған мүлдем ұқсамайды. Әлгіндей видеоны интернетке жариялаудың кімге қажет болғаны түсініксіз, – дейді ол.

Юрий Гусаков сондай-ақ Долинка кентіндегі түрмеде жазасын өтеп жатқандардың жаппай аштық жариялағаны туралы Вадим Курамшиннің таратқан ақпаратын жоққа шығарды.

– Дүйсенбі, мамырдың 31-і күні, мен Долинкадағы АК-159/6 түзету мекемесінде болдым, ал сейсенбі, 1-маусымда, «Азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясының» өкілдерімен бірге күні бойы Абай кентіндегі АК-159/5 мекемесінде жұмыс істедім. Бүгін, сәрсенбі күні, олар АК-159/6 мекемесіне кетті. Алдыңғы күні сол мекемеге барып қайтқандықтан, мен оларға ілескенім жоқ. Онда ешқандай аштық болған жоқ, – деді Юрий Гусаков.

АБРАМОВ АБАЙЛАП СӨЙЛЕЙДІ

Маусымның 2-сі күні Долинка түрмесінде болып, ондағы жағдаймен танысып қайтқан «Азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы» комиссиясының мүшесі, «MediaNet» баспасөз қорғау ұйымының директоры Вячеслав Абрамов Азаттық тілшісінің сауалына былай деп жауап берді:

– Біздің жұмысымызға байланысты түпкілікті қортынды жасауға әлі ерте. Сондықтан сіздің сұрағыңызға дәл қазір жауап беру маған
«MediaNet» баспасөз қорғау ұйымының директоры Вячеслав Абрамов. Алматы, 23 маусым 2009 жыл.
қиындау. Сіздің және көптеген басқа да сұрақтарға жауаптар кейінірек – біздің жұмысымыздың жалпы қортындысынан белгілі болмақ.

Әйтсе де ол қамаудағылардың жағдайына қатысты кейбір ойларымен бөлісті.

– Бізге мәлім болған алдын ала деректерге сүйеніп, мен қамауда отырғандардың жағдайы туралы мынаны айта аламын. Қамаудағы адамды денсаулығына қатер төндіретін жағдайда ұстау оны азаптаумен пара-пар деуге болады. Осыған байланысты, мен бұл жердегі жағдайды көңіл көншітерліктей деп айта алмаймын. Ондағы жағдай недәуір ауыр, – деп сипаттады Вячеслав Абрамов.

Сонымен бірге ол Долинка түрмесінде қамауда отырған адамды билік өкілінің соққыға жыққаны жайында тараған ақпаратқа қатысты да өз ойын білдірді.

– Қамауда отырғандарды ұрып-соғу туралы ақпаратқа келсек, жазасын өтеп жатқандар да, түрме әкімшілігіндегілер де бізге ондай деректер айтқан жоқ. Сондықтан, мен сізге жеткен әлгіндей ақпаратты растай алмаймын, – деді Вячеслав Абрамов Азаттық тілшісіне.

«МҰНДАҒЫЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ ЗАҢҒА БАҒЫНАТЫНДАР»

АК-159/5 түрмесінің бастығы, әділет полковнигі Қайдар Сарин өзі басқаратын мекемеде қамауда отырған Евгений Караушты ешкім соққыға жыққан жоқ дейді.

– Бұл – кезекті бопса. Интернеттегі бейнежазбадағы екеу Карауш та, менің орынбасарым да емес. Оған байланысты біз құжаттарды толтырып, тиісті орындарға жөнелткенбіз. Ақ-қарасын солар анықтасын, – деді Қайдар Сарин маусымның 2-сі күні Азаттық тілшісіне.

Бір қызығы ол адам құқын қорғаушы Юрий Гусаковтың Евгений Караушпен кездеспегенін айтады. Осыған байланысты, Азаттық тілшісі мекеме бастығы Қайдар Сариннен қоғамдық ұйым өкілдері қамаудағы Евгений Караушпен кездесе алды ма деп сұраған еді.

– Жоқ, кездескен жоқ, өйткені ол адам құқын қорғаушылардың қабылдауында болып, кездескісі келетіні туралы алдын-ала жазбаша өтініш бермеген болатын. Ал алдын-ала өтініш берген адамдардың барлығы олармен кездесті, – деп жауап берді Қайдар Сарин.

Сондай-ақ полковник Қайдар Сарин өзі басқаратын түрмеде жаппай аштық акциясы басталғаны туралы Вадим Курамшин таратқан ақпаратты жоққа шығарды.

– Ешқандай аштық болған емес. Бізде аштық қайдан болсын?! Қазір мұндағылардың барлығы заңға бағынатын адамдар. Осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда қазір тамақтың сапасы да жақсарды. Бұл жерде олардың құқын ешкім бұзбайды. Сондықтан аштық жариялаудың еш қисыны жоқ, – деді ол.

КУРАМШИН ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Вадим Курамшин осы толқуларға байланысты бүгін Петропавл қаласынан Астанаға жүріп, онда түрмелерде жәбір көргендердің туған-туысқандарымен бірлесіп баспасөз мәслихатын өткізуді жоспарлаған. Алайда ол жүрейін деп тұрған жерінен полиция
Вадим Курамшин сот ғимараты алдында. Петропавл, 20 қараша 2009 жыл.
қызметкерлерінің кісендеп бөлімшеге алып келінгенін Азаттық радиосының тілшісіне хабарлады.

– Қазір мен Петропавл қаласындағы полиция бөлімшесінде отырмын. Қорғаушым мені ұстаған Нұрлан атты полиция қызметкерімен сөйлескенде ол бұл жоғарыдан болған бұйрық екенін айтқан. Ал не себепен ұстап отырсыңдар деген сұраққа оларда жауап жоқ. Мен мерзімінен бұрын жазасын өтеп шыққан азамат ретінде әредік полиция бөліміне шақырылып тұруым керек, бірақ маған Қазақстан Республикасы аумағында жүріп-тұруыма ешқандай кедергі келтірілмеуі тиіс, – дейді Вадим Курамшин.

Вадим Курамшиннің айтуынша, бүгін оған түрмедегілер Қарағанды облысындағы АК-159/5 түзеу мекемесінде 3 жазасын өтеуші қарындарына қайралған электродты сұғып, өз-өздеріне қол жұмсағаны жайында хабарлаған. Сондай-қ олар енді қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері толқуға қатысқандардың барлығын ұрып-соғып, әрқайсысын жеке-жеке этаппенен жан-жаққа жіберіп жатқанын айтқан. Ал адам құқын қорғау бюросының Қарағандыдағы өкілі Юрий Гусаковтың бұл тұрғыда үнсіздік танытып отырғаны оны таңқалдырады.

– Евгений Караушпен кездескенде Юрий Гусаков оның денесіндегі жарақаттарды неге көрмей қалды? Сонымен қоса Юрий Гусаков мекемеге келгенде Евгений Карауш 2009 жылдың 15 қазанында түрме басшылығының қысымдары туралы жазылған жазасын өтеушілердің қолдары қойылған арызды оған өз қолымен табыс еткен соң 4 күннен кейін ол қатты соққыға жығылып, басқа түрмеге ауыстырылған еді. Ал Гусаков осы арыз бойынша Карауштың қандай жұмыстар жасалып жатыр деген сұрағына жауап берместен келген жағына қарай қарасын батырған, – дейді Вадим Курамшин.

Мамыр айының 21-і күні Қарағандыға келіп кеткеннен кейін Вадим Курамшинге заң және билік орындарынан қоқан-лоққы сипатындағы хабарлар түсе бастаған. Вадимнің айтуынша, мұндай қоқан-лоққы үйіріп жүргендер оны түрмеге қайтадан жауып тастауды көздейтін болса керек. Ал түрме өкілдері Вадим Курамшин ел арасында қасақана іріткі салып жүр деп есептейді.

Ал Курамшиннің өзі болса, өз әрекетін елдегі адам құқын сақтау үшін тәуекелге бас тіккен талпыныс ретінде түсіндіруден жалықпайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG