Accessibility links

Каспий теңізінде биыл кемінде 10 мың итбалық қырылған сияқты


Ресей Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қайырылып, Каспий теңізінің табиғатына зиян келіп жатқанын зерттеуге шақырды. Ресей теңіз жануарлары мұнай мен газ өндірісімен айналысып жатқан компаниялардың себебінен қырылып жатыр дейді. Мәселе осы аптада Чехия астанасы Прагада өткен конференцияда талқыланды.

Прага қаласында өткен мәслихатта Каспий теңізі аймағының өкілдері жиналып, энергетика және теңіз табиғатының проблемаларын талқылады. Экономика және экология форумын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өткізді. Ресей өкілі Олег Митвол Каспий теңізінде биыл кемінде 10 мың итбалық қырылды деп мәлімдеді:

- Ғалымдарымыз олардың қырылуына мұнай өндірісі себеп деп біледі. Каспий теңізінің таяз жерінде мемлекетаралық компаниялар жұмыс істеп жатыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аймақтың экономикалық және экологиялық дамуына мүдделі, ұйым жағдайға бірігіп бақылау жасай алар еді. Жағдайды ұйымның құзырымен зерттеуді ұсынамыз.

Қазақстан үкіметі Каспий теңізінің қазақстандық жағында биыл шамамен 900 итбалық қырылды деген ең соңғы мәліметті мамыр айының ортасында жариялаған болатын. Ал Ресей тарабы Каспий теңізінде биыл кемінде 10 мың итбалық қырылды дейді. Ресей жалпы Батыс елдерімен Каспий теңізінде мұнай мен газ өндірісінде бақталас. Батыс компаниялары мұнай мен газды Қазақстан және Түркіменстаннан бастау алатын құбыржолдармен тасымалдауды қалайды, құбыржолдарды Каспий теңізінің табанында салуды ұсынады, осылайша Ресей жерін айналып өтуді ұсынады. Ресей үкіметі жақында Қазақстан мен Түркіменстанмен келісім жасап, Батыс елдерінің бұл ойын бұзғалы отыр, Ресей Қазақстан мен Түркіменстанды мұнай мен газды Каспий теңізін айналып өтетін жаңа құбыржолдармен тасымалдауға біржолата көндірді.

Прагада өткен мәслихатта Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан және Ресей өкілдері Каспий теңізінің экологиясын сақтау мақсатында қолдан келер барлық шараны жасап жатырмыз деп сөйледі, кінәні өздерінен көрмейтіндерін білдірді. Қазақстан экология министрінің орынбасары Әлжан Бралиев Ресей ұсынысын қолдаймыз деді:

- Ресей мен Қазақстан Каспий теңізін бірігіп бақылау мақсатында инфраструктура құру үшін ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Бұл жұмысқа барлық Каспий елдерін қатыстыру көзделді. Бұл жүйені құру өте маңызды. Оған барлық елдер қатысу керек, жүйе барлық елдердің мүддесіне қызмет ету керек.

Каспий теңізі елдері өкілдерінің арасында өткен пікірталас осы елдердің арасында орын алып отырған мүдделер қайшылығын да көрсетті. Мәселен, Әзірбайжан өкілі көршілес Грузия мен Армениядан теңізге лас су келеді деп айыптады.
XS
SM
MD
LG