Accessibility links

Кәрішал Асанов: «Назарбаевпен ұстасу ақырғы айқасым болды»


Кәрішал Асанов, Алматы, 2005 ж.

Кәрішал Асанов, Алматы, 2005 ж.

Азаттық радиосы диссидент Кәрішал Асанов туралы әңгімелерін аяқтайды. Оқырманның өзі де сезіп отырғандай, очеркіміздің соңғы бөлімі кейіпкеріміздің президент Нұрсұлтан Назарбаевпен өзара қарым-қатынасына арналады.

4-ші, қорытынды бөлім.

ПРОКУРОР БАҚТЫБАЕВТЫҢ СҰСТЫ ЕСКЕРТУІ

Көп ұзамай Кәрішал Асанов Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің жаңадан сайланған бірінші хатшысы, кейінірек республиканың бірінші президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевпен ашық айқасқа шықты. Бұл текетірес екі он жылдыққа созылып, бүгінге дейін жалғасып келеді.

Мені бұған мәжбүрлеген Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі дейді қынжылыспен 74 жасар Кәрішал Асанов:

«Мен ешқашан Қонаевпен де, Колбинмен де, Назарбаевпен де ұстасқым келген жоқ. Жағдайды түсінгісі келмегендігімен, әдепсіздігімен, дөрекі түрде қысым жасамақ болған олардың өздері мені осыған мәжбүрледі. Маған бұлай жасайтындай олар кім екен соншалықты? Егер тағдырдың жазуымен үлкен биіктерге көтерілсең, онда қарапайым, сергек, мейірбан бол. Халқыңа адал қызмет ет. Олардан басқа ешнәрсе керек емес».

Сонымен Қазақ мемлекеттік университетінің қарапайым оқытушысы мен мемлекет басшысының арасындағы ұзаққа созылған егес неден басталған еді? Бұл жайында диссидент Кәрішал Асановтың өзі былай дейді:

«Колбин кеткен соң Назарбаев Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып сайланды. Ол мені шақырып алып, Колбиннің кезінде қиындау жағдайда болғанын жайлап, жылы сөзбен айтуы керек еді. Мен оны түсініп, кешірер едім. Ал, ол бұлай жасаудың орнына маған қарсы Совет ауданының прокуроры Ілияс Бақтыбаевты айдап салып қойды. Ол қазір бас прокурордың орынбасары.

Мені өзіне шақырып алған прокурор: «Егер Назарбаев туралы жаза беретін болсаңыз, біз сізді жауапқа тартамыз. Сіз оны желтоқсан оқиғаларына кінәлі адам ретінде атапсыз» деп қорқытты. Міне, осы кезден бастап менің Назарбаевпен шын мәніндегі күресім басталды. Мен бұл драманың бүге-шігесіне дейін айтпаймын. Тек негізгі деген жерлеріне тоқталамын».

КРЕМЛЬДІ СЫНАҒАНЫ ҮШІН КАФЕДРАНЫ ТАРҚАТЫП ЖІБЕРДІ

Кәрішал Асанов 1991 жылдың 12 сәуірінде Ақмоладан Алматыға ұшып келе жатып, Қазақ мемлекеттік университетінде Нұрсұлтан Назарбаевпен және КПСС ОК-нің хатшысы Александр Дзасоховпен кездесу болатындығын кездейсоқ естіп қалады. Асанов бірден университетке келіп, жиын өтетін аудиториядан орын алады. Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға Александр Дзасоховты КПСС ОК-нің хатшысы, сыртқы істер жөніндегі комиссияның төрағасы, дағыстандық деп қысқаша таныстырды. Александр Дзасоховтың ұлты осетин екендігін білетін жұрттың барлығы таңданып қалды.

Сұрақ-жауап басталғанда Кәрішал Асанов сөз сұрап алып, Александр Дзасоховқа былай деді: «Осыншама қуатты идеологиялық аппараты бар КПСС ОК не себепті қателіктер жіберуде? Алматыдағы желтоқсан қантөгісі мен Оңтүстік Осетиядағы қанды оқиғалардың барлығында қайталанған кемшіліктер үшін ең алдымен елдің жоғары билігі кінәлі».

Александр Дзасохов Кәрішал Асановты мұқият тыңдап алып, сынның объективті екендігін мойындайды.

«Сіз дұрыс айтасыз, профессор жолдас», - деді Александр Дзасохов.

Бұған Кәрішал Асанов: «Мен профессор емеспін, бар болғаны доцентпін»,- деп жауап берді.

Асановтың айтуынша, ол өз сөзінде Назарбаевқа қатысты ешнәрсе демеген. Оның сын-ескертпелерінің барлығы Кремльдің атына айтылған. Демек, ол қаласа да, қаламаса да өз республикасының басшысын қорғаған.

«Нұрсұлтан Назарбаев менің сөзіме қуана қоймаса да, дұрыс түсінетін шығар деген сенімде болатынмын. Өйткені, мен Желтоқсан оқиғаларына байланысты кінәні Кремльге арттым емес пе? Ал, ол болса маған ризашылық білдірудің орнына қудалауды бастады. Бұл не қылған психология? Логика қайда? Адамдарға деген не көзқарас бұл? Кейін байқағанымдай, Желтоқсан туралы айтылған әрбір сөз оның тамағына сүйек тұрғандай әсер етеді екен. Сірә, жан-дүниесі таза емес болса керек», - дейді Кәрішал Асанов.

Республикалық және одақтық деңгейдегі екі ірі шенеунікпен болған кездесуден соң университетте күтпеген жерден Кәрішал Асанов жұмыс істейтін кафедраны тарқата бастады. Асановтан өзге оқытушылардың барлығын басқа кафедраларға ауыстырды. Асанов болса далада қалды. Әйтпесе, осыдан бар болғаны екі ай бұрын ол алдағы бес жылға доценттікке сайланған-тұғын.

Кәрішал Асанов бұның барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолымен жасалып отырған шаруа деп есептеді.

АСАНОВ НАЗАРБАЕВҚА ЖАЙСЫЗ СҰРАҚТАР ҚОЯДЫ

Көп ұзамай 1991 жылдың 19 тамызындағы оқиғалар болып, екі-үш күндей елді ТЖМК (Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет) биледі.

Төңкеріс сәтсіз аяқталған соң Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановтар «Қазақстанның Халық конгресі» партиясын құрмақ болып шешеді.

1991 жылдың 4-ші қазанында Алматыда, Ғылым академиясының Ғалымдар үйінде, «Қазақстанның Халық конгресі» партиясының ұйымдастыру съезі өтті. Бұған Кәрішал Асанов та қатысты. Ол бесінші қатарда отырған. Бір кезде, күтпеген жерден, жиынға Нұрсұлтан Назарбаев келді. Тура оның алдына, бірінші қатарға отырды.

Кәрішал Асанов ойланып қалды. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды деп шешті ол. Президентке қытығына тиетін, жайсыз сұрақтар қою керек деп ойлады. Біраз терлесін. Бұл оған пайдалы болмақ. Жария пікірталасқа үйренсін. Асанов президентті шалқасынан түсіретін жайсыз сұрақтарын ойланып отырғанда Нұрсұлтан Назарбаевты президиумға шақырып, ол съезге сәлем сөз арнады.

Президент сөзін бітірген мезетте Кәрішал Асанов орнынан тұрып, Назарбаевқа қарап сөйледі: «Құрметті президент, сізге сұрақ қоюға рұқсат етіңіз».

«Көріп тұрсыз ғой, мен сұраққа жауап беріп жатырмын», - осы сөзді айтып Назарбаев алдындағы қағаздарын ақтара бастады. Ол Асановты таныған соң аздап қызарып кетті.

Асанов қайтадан орнынан тұрып қайталады:« Нұрсұлтан Әбішұлы, сұрақ қоюға рұқсат беріңіз». Назарбаев одан ары қызарып кетті де жұлып алғандай: «Қойыңыз сұрағыңызды», - деді.

Кәрішал Асанов ризашылықпен терең бір тыныстап алып сұрағын қойды: «1991 жылдың 27 тамызында «Правда» газетінің беттерінде Совет армиясы Бас штабының бастығы Лобовтың мақаласы жарық көрді. Онда 1986 жылдың 17 желтоқсанында Қазақстан компартиясы ОК-нің бюросында бюроның жігерлі мүшелері алаңға әскер кіргізуді талап етті делінген. Сол бюродағы жігерлі мүшелердің фамилияларын атап беріңізші».

Кәрішал Асановтың әңгімелеуінше, бұның сұрағынан соң зал дүркіреп кеткен. Жағдайдың қиындау өрбіп бара жатқанын байқаған Олжас Сүлейменов араласпақ болады: «Кәреке, бұл жерде мен төрағалық етіп отырмын. Сұрақтарыңызды маған жазбаша түрде беріңіз». Бірақ, Асанов оның сөзін естімеген сыңай танытып, президенттің жауап беруін күтіп тұрып алды.

Күтпеген сұрақтан есін жиып алған Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен Лобовпен дәлізде кездескенмін, ол алаңға әскер кіргізбейміз деп айтқан», - деді.

Кәрішал Асанов жауапқа қанағаттанбағанын бар болмысымен білдіріп: «Нұрсұлтан Әбішұлы, мен сізден бұны сұрап тұрған жоқпын, бюроның жігерлі мүшелері туралы сұрап тұрмын. Жай ғана солардың аттарын атасаңыз болады».

Сасқалақтаған президент ол жақтан көмек бола ма дегендей, президиумға жалтақтап қарай берді. Асанов болса, уақытын ұттырмай екінші сұрағын қояды:

«Нұрсұлтан Әбішұлы, менің екінші сұрағым бар. Кеше, яғни 1991 жылдың 3 қазанында, «Комсомольская правда» газетінде Мәскеуде, Санкт-Петербургте және Алматыда компартбанктер құру туралы КПСС ОК хатшылығының құпия қаулысы жарияланды. Алматы компартбанкінің тағдыры жайында, оның ақшалары туралы айтып беріңізші».

Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен ешқандай жасырын компартия туралы білмеймін», - деп жауап берді.

Асанов қасарысып тұрып алды: «Нұрсұлтан Әбішұлы, мен сізден әлдебір жасырын компартия туралы сұрап тұрған жоқпын. Алматы компартбанкі мен оның ақшалары туралы сұрап тұрмын».

Кәрішал Асановтың еске алғанындай, залдағы тыныштықты тағы да овация жарып кетті. Осы жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың шыдамы шегіне жетті. Ол орнынан тұрды да, залды тастап шығып кетті. Оның артынан бірінші қатарда отырған вице-президент Ерік Асанбаев, қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, ауыл шаруашылығы министрі Балташ Тұрсынбаев және басқа да жоғары дәрежелі адамдар шұбырып ілесе шықты.

«Бұл менің президенттің өзімен мыңдаған адамдардың көз алдында ұстасуымның ең табысты сәті болды. Оқиға жұрттың көз алдында болғандықтан, кеңінен таралып кетті. Бұл уақытқа дейін ешкім президентпен мұндай ашықтан-ашық айқасқа шыққан емес. Сондықтан болар, съез біткен соң көптеген адамдар мені құшақтап, жеңісіммен құттықтап жатты», - деп сол бір есте қалған сәт туралы біздің кейіпкеріміз, диссидент Кәрішал Асанов қанағат сезімімен, ризашылықпен еске алады.

ОЛЖАСТЫҢ ҚАТЫСУЫНСЫЗ НЕМЕСЕ НАЗАРБАЕВПЕН БОЛМАЙ ҚАЛҒАН КЕЗДЕСУ

Кәрішал Асановты жұрт алдында батыр қылып көрсеткен күннен үш ай өткен соң оған Олжас Сүлейменов телефон шалды. Билікке жақынырақ жүрген ақын оған үшеуі ғана: Нұрсұлтан Назарбаев, Кәрішал Асанов және Олжас Сүлейменов қатысатын кездесу жайында ұсыныс жасады.

«Неге біз үшеуіміз кездесуіміз керек? - деп жауап берді Асанов. - Егер Назарбаев менімен кездескісі келсе, оңаша жүздесейік. Бізге үшінші адамның қажеті не? Ол республика басшысы болғандықтан, мен оның қызметін сыйлаймын. Қалай дегенмен – ол президент. Президент шақырса, мен келемін. Онымен әңгімеге даярмын. Ал әңгімеге үшінші адамның араласуы соншалықты міндетті емес».

Олжас Сүлейменов күрсініп алып, кейінірек хабарласатынын айтты. Содан соң ол шынында хабарласып, Нұрсұлтан Назарбаев Кәрішал Асановпен келесі аптада кездеспекші екенін жеткізді.

«Одан кейінгі аптада да, одан кейінгі айда да, жылда да, күні бүгінге дейін бұл кездесу болған жоқ. Есесіне, жоғары шенді қызметкерлермен арада бұрыннан қалыптасқандағыдай, мені қудалау қатая түсті», - деп өкініш білдіреді Кәрішал Асанов.

Кейінірек Асанов «Тәуелсіздік елесі» атты кітабын бастыру үшін Мәскеуге кетеді. Мәскеуден Алматыға қайтар алдында метрода кездейсоқ Арон Атабекпен кездесіп қалады. Ол бүгінде Шаңырақ оқиғаларына байланысты түрмеде отыр. Арон Атабек Мәскеуде «Хақ» газетін жеке өзі шығарып жүрген. Дәл сол жерде Кәрішал Асанов Арон Атабекке кітабының бір данасын сыйға тартады. Ал, Арон көп ұзамай, газетіне сол кітаптан үзінді береді.

Асановтың авторлығымен бұл газетте «Президенттің жымиысына сенбеңіз» атты мақала шығады. Онда Асанов көптеген күнәлі істерге қатысы бар деп президент Нұрсұлтан Назарбаевты айыптайды.

Мақала Мәскеуде жарық көргенімен Қазақстанда үлкен дүрбелең туғызды.

ТҰТҚЫНҒА АЛЫНУ, ТҮРМЕДЕГІ ҮШ АЙ ЖӘНЕ ТОЛЫҚТАЙ АҚТАЛУ

1992 жылдың 19 тамызында Кәрішал Асановтың үйіне ұлттық қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері келіп, «Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысы мен жеке басын қорлағаны үшін» оны тұтқындауға берілген құжатты көрсетті.

Кәрішал Асановты Алматының тергеу абақтысында үш ай ұстады. Содан соң сот болды. Даулы іс жайында хабар халықаралық көлемде жария болды. Кәрішал Асановты ұзақ соттады. Алдымен Алматы қалалық соты оның әрекеттерінен қылмыс құрамын таппағандықтан, оны ақтады. Бірақ, Жоғарғы сот төменгі сатыдағы сот шешімін өзгертті.

Бұдан соң қалалық сот Кәрішал Асановты 5 жылға соттау туралы шешім шығарды. Ал, Жоғарғы сот қалалық сот шешімін тағы да өзгертіп, істі судьялардың жаңа құрамына қайта қарауға жіберді.

Ақырында, халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдардың қысымымен, 1993 жылдың 15 сәуірінде Жоғарғы Кеңестің сессиясында Қылмыстық кодекстегі 170-3 бап (президенттің ар-намысы мен адамгершілігін қорғайтын) қолданыстан алынып тасталды. Бұдан соң, 1994 жылдың қаңтарында Жоғарғы сот Кәрішал Асановты, оның әрекеттерінде қылмыстың құрамы болмағандықтан, толықтай ақтады.

Сот қызып тұрған кезеңде, 1993 жылдың сәуірінде, Кәрішал Асановқа қуғындалған жазушыларға берілетін халықаралық Хеллман-Хэмметт (АҚШ) сыйлығы берілді.

1995 жылдың тамызында президенттің ар-намысы мен адамгершілігін қорғайтын бап қайтадан қалпына келтірілді. Бірақ, енді басқаша, 318-2 бап деп аталды. Оппозициялық «СолДат» газетінде «Планетарлық деңгейдегі ФЗУ-шы» деген мақаласын жариялағаны үшін, Кәрішал Асанов 2001 жылы осы бап бойынша қайтадан қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Мақала Қазақстандағы президенттік институттың 10 жылдығына арналған болатын. Кәрішал Асанов сотта тағы да жеңіп шықты.

2001 жылы шілдеде болған екінші процестен соң Кәрішал Асановты АҚШ конгресі Вашингтонға Орталық және Оңтүстік Азиядағы адам құқықтарына қатысты тыңдауға шақырды.

Сол 2001 жылдың соңында Рахат Әлиевтің жүзеге аспай қалған төңкерісінен соң Кәрішал Асанов Азаттық радиосы және басқа да республикалық БАҚ-тар арқылы Қазақстан халқына үндеумен шығады. Бас прокуратура тағы да оған қарсы қылмыстық іс қозғады. Айыптау бабы бұрынғыдай: «Бірінші президенттің ар-намысы мен адамгершілігін қорлау». Бірақ, көп ұзамай, әлде болашағы болмағандықтан ба, әлде халықаралық деңгейде жария болып кетуден қорықты ма, ол іс жабылып қалды.

Мінеки, арынды мінез иесі, тағдыры өзгеше және қарым-қатынас жасауда қиындау адам, диссидент және қоғам қайраткері Кәрішал Асановтың қысқаша тағдыры осындай.

ИДЕАЛИСТ АСАНОВТЫҢ БИЛІКТІҢ ТАБИҒАТЫ ТУРАЛЫ ОЙЛАРЫ

Әңгіме соңында Кәрішал Асанов билік табиғатына байланысты өзінің кейбір ойларымен бөлісті:

«Мынау жарық дүниеде 74 жыл өмір сүріп, мен мынадай шындыққа көзім жетті: билік ауыртпалығы – бұл барып тұрған ең ауыр жүк. Бұл жүкті екінің бірі көтере бермейді. Мысалы, Назарбаевты алайық. Ол Қазақстанды әкесінен мұраға алып қалғандай көреді. Кімге қажет деп тапсам, соған қызмет беремін. Кімге қажет деп білсем, миллиондармен көміп тастаймын. Тақта қанша қаласам, сонша отырамын. Бірақ, оның әкесі Әбіш жай ғана қойшы болғанын біз білеміз ғой! Назарбаев та бүгінде кедейлікте өмір сүріп жатқан Қазақстанның 80 пайыз халқы сияқты кедей болған.

Менің бұл кінәм бүгінгі көптеген постсоветтік билеушілерге бағытталған. Президент немесе әкім деген кім? Бұлар күндіз-түні халықтың жайын ойласын деп біз уақытша билікті сеніп тапсырған адамдар. Ал олар не істейді? Қолдарына билік тиісімен, бар жанын салып, тістей қатып биліктен айрылғысы келмейді.

Бұның барлығы саяси мәдениеттің жоқтығынан. Мәдениеттен жұрдай болғандықтан», - деп күрсіне аяқтады әңгімесін Кәрішал Асанов.

АВТОРДЫҢ КӨЗІМЕН КЕЙІПКЕР ӨМІРІНЕН БІР ҮЗІК СЫР

1992-1993 жылдардағы Кәрішал Асановтың сотынан кейін оның аты ұзақ уақыт еш жерде аталмады. Бірде бір БАҚ оның мақаласын жарияламақ түгілі, атын атауға батылы бармады.

1996 жылғы желтоқсанның басында маған (осы очерктің авторына) Кәрішал Асанов хабарласты. Ол менен таңғы тоғыздар шамасында бейнекамерамен келуге мүмкіндігімнің бар-жоғын сұрады.

Келесі күні сағат 11-де, «Азамат» партиясының ұйымдастыруымен, Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында оппозицияның митингісі өтуі тиіс еді.

Келіскен уақытта Кәрішал Асановқа келдім. Ол осы пәтерде өзінің сөзін бейнекамераға жазып алуымды өтінді. Бұны Асанов былай түсіндірді:

«Бүгін оппозиция митингісінде сөйлеймін. Даярлаған мәлімдемемді соңына дейін оқытпайды ма деп қорқамын. Сондықтан, алдын ала сақтанғым келеді».

Оның сөзі 20 минутқа созылды. Негізінен, қағазға қарап оқыды. Арасында қағаздан басын алып суырып салып сөйледі. Мәлімдеме өте қатаң еді және толығымен президент Назарбаевқа қарсы бағытталған.

Бейнежазуды бітіріп, шай ішіп алған соң біз митингіге жиналдық. Шоқан Уәлихановтың ескерткіші Кәрішал Асановтың үйінен таяқ тастам жерде-тін.

Үйден шығар алдында Асановтың әйелі оған саквояж даярлап жатқанын байқадым.

Мен одан «митингіден соң бір жаққа жол жүресіз бе?» деп сұрадым. Ол: «Иә, тергеу абақтысына барамын. Митингідегі сөзімнен соң полиция мені тұтқындайды. Міне, сондықтан дайындалдым. Ішкиім, кітап, қағаз алдым», - деді.

Оппозицияның бұл митингісі есте қаларлықтай болып өтті. Бес мыңнан аса адам жиналды. Оппозициялық митингіге бірінші рет Заманбек Нұрқаділов қатысты. Сөйлегендердің барлығы Әкежан Қажыгелдиннің үкіметін қатаң сынап жатты.

Тек Кәрішал Асанов қана сөзінің басынан бастап соңына дейін Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы сөйледі. Экономиканың құлдырауы, елді жайлаған сыбайлас жемқорлық үшін ол тек бір ғана адамды айыптады. Митингідегі оның сөзі үйдегіге қарағанда қатаңдау болды. Оның сөзін ешкім бөлген жоқ және полиция да оны тұтқындаған жоқ.

2010 ЖЫЛЫ АСАНОВТАРДЫҢ АЛТЫН ТОЙЫ БОЛАДЫ

Очерк кейіпкерімен әңгіме біткен соң ілшіміз Кәрішал Асановтың зайыбы Нұрила Әлімжановаға бір ғана сұрақ қойды:

– Айтыңызшы, осыншама жыл осындай күрделі адаммен бір шаңырақтың астында сіз қалай өмір сүрдіңіз?

Жоғары оқу орнының бұрынғы оқытушысы Нұрила Әлімжанова күрделі жағдайда отбасы жылуын қалай сақтаудың құпияларымен бөлісті:

– Біз Кәрішалмен 1960 жылы отау құрдық. Келесі жылы біздің алтын тойымыз болады. Мен өзімді бақытты әйелмін деп есептеймін. Осынша жылдың ішінде екеуміздің арамызда жанжалды жағдай болған емес. Әрине, өзіңіз де түсінесіз, оның буырқанған диссиденттік саяси өмірін еске алсақ, біздің өмірімізде өте күрделі жылдар да болды.

Кәрішалдың ұлы гроссмейстер Болат Асанов елде шахматтан өткен халықаралық турнирге қатысуға келген әлем чемпионы Анатолий Карповпен бірге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында. Алматы, 2005 ж.
Бірақ мен бұның бәріне шыдадым. Бұл жағдайларды бір рет те оның бетіне басқан емеспін. Бұның себебін таза қазақы дәстүрде тәрбиеленгендігіммен түсіндіремін. Бұл деген не? Бірінші кезекте, отағасы ретінде еріңе құрметпен қарау. Кез келген жағдайда оның беделін жоғары ұстауға тырыстым.

Жасыратын несі бар, Кәрішал билікпен шекісіп, оны қуғындаған кезде, ол жұмыссыз қалғанда әйел, ана ретінде біздің екі баламыз бар екенін, олардың болашағы туралы ойлау керектігін есіне салатынмын. Мен оған «шындық үшін неге сен ғана күресуің керек, басқалар сияқты тыныш өмір сүре алмайсың ба?» дейтінмін. Бірақ, мұндай сөздер өте сирек, аса бір қатты шаршағанда ғана шығатын.

Сол кездері мен оның алған бетінен қайтпайтынын түсінетінмін. Өйткені, оның мінезі сондай. Бірақ, оның мына бір қасиетін айта кеткім келеді. Оған қаншалықты ауыр болса да (кейбір кездері ауыр кезеңдер жылдарға созылатын) ол өзінің шәлкес мінезін үйде, отбасылық қатынастарда көрсетпейтін.

Ол нағыз ерге тән мінезбен бәрін ішінде сақтайтын, ешқашан шағымданбайтын. Осы үшін мен оны ерекше бағалаймын және одан да жақсы көремін.

Мен бес жасқа келгенде әкем Сталинград түбінде соғыста опат болған. Содан бері шешем жесір қалып, ауылда тұрды. Қартайып, ауырған кезде Кәрішал оны бізге алып келді. Бір жыл бойы ол анамды дәрігерлерге апарып, керекті дәрілерін тауып, оған туған анасындай қарады. Өлер алдында анам оған туған ұлындай батасын берді. Одан соң менің ағайым ауырып қалды. Кәрішал оны да үйге алып келіп, өле-өлгенше бақты.

Жасыратын несі бар, бізге әр жақтан менің туыстарым көп келетін. Сонда Кәрішал ешқашан ауырсынған қалып танытқан емес. Мен әйелі ретінде оның бұл мінездерін бағаламауым керек пе?

Әрине, мен жыл өткен сайын оның бағасын біліп, жақсы көре түстім. Бүгінде Кәрішалдың жасы келіп қалды. Енді оның балалары, келіні мен немерелері оны махаббатпен қамқорлыққа алған. Қазір ол нағыз бақытты адам.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG