Accessibility links

Ел-жұрты қазақтың күй дүлдүлі Қаршығаны соңғы сапарға шығарып салды


Күйші Қаршыға Ахмедияровпен қоштасу рәсімі. 8 маусым 2010 жыл.
Күйші Қаршыға Ахмедияровпен қоштасу рәсімі. 8 маусым 2010 жыл.

Сейсенбі, маусымның 8-і күні Алматы жұртшылығы күйші Қаршыға Ахмедияровпен мәңгілікке қоштасты. Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында өткен қаралы жиынға министрлер мен әкімдер, өнер және мәдениет қайраткерлері, күйшінің тыңдаушылары – қарапайым жұрт жиналды.


ҚАРА ДОМБЫРАНЫҢ БІР ШЕГІ ҮЗІЛДІ

Күйші Қаршыға Ахмедияров Атырау облысы, Махамбет ауданында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Құрманғазы атындағы қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы, кейіннен концертмейстер, жеке домбырашы және дирижер қызметтерін атқарған. 1974 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында ұстаздық еткен, ғылыми-зерттеу
Ел-жұрты күйші Қаршыға Ахмедияровты бақиға оркестрдің орындауында күймен аттандырып салды.
жұмыстарымен айналысқан.

«Шашақты найза, шалқар күн», «Әсемқоңыр», «Сарыарқа», «Жігер», «Атырау» күйлер жинағы кітаптарын жариялады. Ол тақырыбы және стилі жағынан әртүрлі 50-ден аса күй шығарған.

Қаршыға Ахмедияров Атырау облысында іссапармен жүрген жерінде, алпыс бес жасқа қараған шағында кенеттен дүние салып отыр.

Қаралы жиында сөйлеген сөзінде Қаршыға Ахмедияровтың ұстазы Еркеғали Рахмадиев қазаның қазақ өнері үшін орны толмас өкініш екенін айтып, көзіне жас алды.

– Төкпе күйдің төресі, шертпе күйдің шебері, қазақ өнерінің тұлпары, өзіміздің елде де, талай басқа жерде де қазақ деген халық бар, осындай екі шегті домбырадан ғаламат өнер шығаратынын паш еткен тарлан еді. Бүгін міне, қазақтың сорына қарай, екі шекті домбыраның бір шегі үзіліп түсті. Асылдарымыздың бірінен соң бірінен айрылып жатырмыз, Құдайға не жазып едік?! – деді Еркеғали Рахмадиев.

ҚАЗАҚ КҮЙ ӨНЕРІНІҢ БҮТІН БІР ДӘУІРІ

Күйшіні соңғы сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиынға келген күйші Біләл Ысқақ Қаршыға Ахмедияров қазақ күй өнеріне формалық және орындаушылық шеберлік жағынан жаңа үлгі әкелген күйші екенін атап көрсетті.

– Ол кісінің өзінің жүзден астам күйі бар. Сол күйлері бұрынғы біздің күйшіліктің 11 мектебіне қосылған 12-інші мектеп болып
Ұстазбен қоштасуға келген шәкірттер. Алматы, 8 маусым 2010 жыл.
саналады. Өйткені, оның күйлері формасы және құрылымы жағынан, орындаушылық шеберлігі жағынан ешкімге ұқсамайтын жаңа бір күй үрдісі. Қаршыға Ахмедияровтың өзіндік жаңа күйшілік тәсілі жалғасын табатынына сенімдімін, – деді Біләл Ысқақ.

Ал, өнертанушы журналист Қали Сәрсенбай Қаршыға Ахмедияров бағзыдағы атақты қазақ күйшілерінің заңды жалғасы, әрі күй өнерінің ғылыми тұрғыда зерттелуіне үлес қосқан күйші екенін айтады.

– Қазақтың күй өнерінің өлмеуі үшін ірі еңбектер қалдырды. Құрманғазының, Динаның мұарлары мен Махамбеттерге арнап жеке-жеке еңбектер жазды. Ал, өзінің күйлері мен басқа еңбектері өз алдына бір төбе. Сондықтан, Қаршыға Ахмедияровты қазақ күй өнерінің бүтін бір дәуірі деп айтуға болады, – деді Қали Сәрсенбай.

Күйші Қаршыға Ахмедияров Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.
XS
SM
MD
LG