Accessibility links

Балли Мажец Варшавада Қазақ елшілігінің алдында соққыға жығылды


Варшава, көрнекі сурет
Варшава, көрнекі сурет

Қазақстан оппозициясының өкілдері “Азаттық” Радиосына хабарлағандай, Польшада тұратын қазақ оппозициясының белсендісі Балли Мажец 24 маусым күні Варшава қаласында Қазақ елшілігінің алдында соққыға жығылды. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Балли Мажецтің өзі Қазақстанға бару үшін елшіліктен виза алғым келіп еді, алайда мені елшілік ішіне кіргізбей, елшілік қызметкері соққыға жықты дейді.

Балли Мажец Европадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламент Ассамблеясының тарабынан осы ұйымның Астанада 29 маусымда басталатын сессиясына шақырылған. Польшада ұзақ жылдар тұрып жатқан, ұлты қазақ Польша азаматшасы Балли Мажец сессияға Польша делегациясынан ұсынылған. Польшаның беделді газеті “Речь посполита” жариялап отырғандай, Парламент Ассамблеясының қайсы бір мемлекетте өтетін сессиясына шақырылған тұлғаларға сол мемлекеттің елшіліктері кідіріссіз виза беру керек.

Балли Мажец Радиомызға берген сұхбатында, халықаралық ережеге сүйеніп, 24 маусым күні сағат 10-да Варшава қаласында орналасқан Қазақ елшілігіне бардым дейді. Қазақ елшілігінің әдеті бойынша, консул бөліміне келген азаматтар елшілік қоршауының сыртында, тротуарда күтіп тұратын көрінеді, оларды елшілік қызметкері бір-бірден кіргізетін көрінеді. Балли Мажец кезекке тұрғанымда алдымда екі адам болды, алайда елшілік ауласында, қоршаудың арғы бетінде тұрған ұлты қазақ жас қызметкер мені сыртымнан танып, аяқ астынан орысша сөйлеп: “Балли Мажец ханым, кезекке тұрмай ақ қойыңыз, сізді ішке тіпті кіргізбейміз” депті.

Балли Мажецтің айтуынша, ол кезекте қанша тұра берсе де, елшілік қызметкері оны ішке кіргізбеген, Балли Мажецтен кейін келген азаматтарды қабылдаған.

“Ол қызметкер арасында елшілік қақпасынан шығып, менің елшілікке кірейін деген әрекетіме күш көрсетті, мені итеріп жіберді, қол жұмсады, екеуміз ұстасып қалдық, содан бетіме жарақат түсті, қолма-қол оқиға жеріне полиция шақырдым, полиция көгерген бетімді суретке түсірді”, - дейді Балли Мажец.

Қазақ оппозициясының өкілдері бұл оқиға ешбір заңға, ешбір халықаралық ережеге сыймайды дейді. Балли Мажец ханымның Қазақ елшілігінің алдында соққыға жығылғаны былай тұрсын, Қазақ елшілігі оған виза бермейміз дейтін көрінеді. Бұл жайтты Балли Мажецтің өзі және Варшавада шығатын “Речь посполита” газеті жариялап отыр. Варшавада орналасқан Қазақ елшілігінің өзінен бұл оқиға жайында және Балли Мажецке виза берілмеуі жайында қандай да бір түсініктеме алу мүмкін болмады. Сәрсенбі күні болса да, елшінің көмекшісі Нұргүл Қартбаева:

«Қазақ елшілігінде бүгін, 25 маусым - демалыс күні, бүгін жұмыс істемейміз, өз басым түк білмеймін, бүгін соңыра таман тағы телефон шалыңыз», - деді.

Дегенмен, Қазақ елшілігі Польша бұқаралық ақпарат құралдарына осы сәтке дейін сипаттама беріп, Балли Мажецті ешкім ұрған жоқ, ондай оқиға болмаған депті. Дейтұрғанмен, Қазақ елшілігі Балли Мажецтің елшілікке кіргізілмегенін мойындап отыр. “Речь посполита” газетіне берген сипаттамасында елшілік қызметкері Данияр Фейдалиев Балли Мажецті расында да кіргізбедік, халықаралық заң бойынша оған құқымыз бар, мұның себебін айтуға міндетті емеспіз дейді.

Қазақ оппозициясының шетелдегі белсендісі Балли Мажец Польшада 20 жылдай тұрып жатыр. Ол қоғамдық белсенділігін Қазақстанда демократиялық құндылықтарды орнатуға, адам құқықтарын қорғауға арнап отыр. Балли Мажец шетте өтетін Қазақстанға қатысты халықаралық демократиялық жиындарға барып, сөз сөйлеп тұрады. 2007 жылы қараша айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Словакияға ресми сапармен келгенде, Балли Мажец Братислава қаласында наразылық пикетін өткізді, Словакия полициясы тарапынан қамауға алынды. Алайда полиция оны тез арада босатып, Словакия ішкі істер министрі Балли Мажецтен ресми түрде кешірім сұрады.
XS
SM
MD
LG