Accessibility links

Аустриялық баспасөз «Рахат Әлиевке бола сатып алынған» деп жазған мерген мылтығын Қазақстан ресмилері «қоян аулау үшін алынған еді» деп жатыр. Қазақ елшілігі «жалған құжат жасады» деп Рахат Әлиевті айыптаса, ол қарсы уәж айтып, өз дәлелдерін алға тартты.


ҚАЗАҚ ЕЛШІЛІГІ ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ

Осыдан бірер күн бұрын Азаттық радиосы аустриялық «Фальтер» апталығында жарияланған ақпарат жайында хабарлаған болатын. Онда Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, қуғында жүрген «Рахат Әлиевтің көзін жою үшін қазақтар Батыстан мерген мылтығын сатып алғаны» сөз болған еді.

Газет бетінде Аустрияның Конституцияны қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттігі қолға түсірді делінетін Венадан Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орталық мекемесіне жіберілген елшілік хабарламалары әңгіме өзегіне айналды.

Қыркүйектің 2-і күні алматылық ҚазТАГ агенттігі «Фальтер» апталығында жарық көрген ақпаратты жоққа шығарған Аустриядағы қазақ елшілігінің мәлімдемесін жариялады.

Елшіліктің баспасөз қызметі агенттікке: «Фальтер» апталығында жарияланған «Қазақстанның Аустриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевті өлтіру мақсатында елшілік қызметкері мерген мылтығын сатып алды» деген ақпаратты үзілді-кесілді теріске шығарамыз» деп хабар берді.

Елшілік сондай-ақ «Фальтер» газетінің әр сөзінің жалғандығын көрсететін өз дәйектері мен ресми мәлімдемесін Вена прокуратурасына жолдағанын айтты.

«ҚАП БӘЛЕМ, СЕНІ МЕ, ҚУ ҚОЯН!»

Елшілік өкілдері «Фальтер» газеті «қолға түскен депешалар (хабарламалар)» деп атаған құжаттың қолдан жасалғандығын көрсететін уәждерін тізіп шықты:

«Біріншіден, елшілік қызметкерлерінің Қазақстандағы мемлекеттік органдармен жеке хат жазысуға құқы жоқ. Хат-хабарлардың барлығы тек сыртқы істер министрлігі арқылы жүзеге асады.

Екіншіден, Аустрия баспасөзінде жарияланған құжаттың нөмірі шындыққа сай келмейді, елшілік Қазақстан сыртқы істер министрлігімен жазысқан хаттарға мөр баспайды. Газетте көрсетілген құжат нөмірі Венадағы елшілікте ешқашан пайдаланылған емес».

Елшілік баспасөз қызметінің өкілдері «спорттық мақсаттағы қару» деп сипаттаған мылтықтың «Аустрияда емес Чехияда сатып алынғанын және тек Қазақстан аумағында аңға шығу үшін алынғанын» айтып отыр.

«Мылтықты сатып алушы нағыз аңқұмардың өзі. Ол оны аңға шығу үшін, мәселен, қоян ату үшін сатып алды. Осы да қылмыс па?» – дейді қазақ елшілігі.

Алайда «Фальтер» газеті бұл жай мылтық емес, нағыз ұрыс қаруы – мерген мылтығы деп жазады. Маманданған веб-сайттар мұндай мерген мылтықтарымен немістің элиталық GSG-9 тобы, сондай-ақ Еуропадағы терроршыл топтарға қарсы өзге де бірқатар арнайы әскери құрылымдар қаруланып отырғанын айтады.

ЖАЛҒАН ҚОЛТАҢБА

Венадағы Қазақстан дипломатиялық өкілдігінің қызметкерлері әлдебір ұрыс қаруының сатып алынғандығы жөнінде жалған құжат ұйымдастыруға бір кездері Қазақстанның Аустриядағы елшісі болған Рахат Әлиевтің өзі бастамашы болған деген пікір ұстанады.

ҚазТАГ агенттігі «Рахат Әлиев жалған қолтаңба қойылған үлгіні пайдалануы мүмкін» деген қазақ дипломаттарының тұжырымын жариялады.

Жасанды құжаттың пайда болуына Қазақстан тарапынан Рахат Әлиевті Отанына экстрадициялау мүмкіндігі басты себеп болып отыр, сөйтіп ол жұртшылыққа «Рахат Әлиевке қатер төніп тұр» деген даңғаза жасасғысы келеді дейді қазақ өкілдері.

Бізге осы оқиғаның «бас кейіпкері» Рахат Әлиевтің өзімен сөйлесудің сәті түсті.

«Мен мұның әрі қарай тексерілгенін қалаймын. Осы орайда қазақстандық дипломаттар барлық хат-хабарларын, әсіресе құпия жазбаларын немесе «өте құпия» деген белгі соғылған файлдарын Вена прокуратурасына тапсыратын шығар деп ойлаймын. Құжаттардың шын нөмірі қандай екені сол жерде белгілі болады», – деді Азаттық радиосына Рахат Әлиев.

БАСТЫҚ ПЕН БАҒЫНЫШТЫ

Рахат Әлиевтің сөзіне қарағанда, бұл тексерісте Вена прокуратурасы жай дипломаттардың емес, дипломатиялық желеумен жұмыс істеп жүрген ҰҚК қызметкерлерінің хат-хабарларын қолға түсіргені маңызды болмақ. Солардың бірі Нұржан Әбжановтың есімі ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты Венадан ұрлап әкетуге талпынған әрекеттерді ұйымдастырушылардың ауторы ретінде Аустрия сотында аталғаны, бұл адам Германияда «персона нон-грата» болып жарияланғаны мәлім.

Рахат Әлиев «қоян атуға арналған мылтық сатып алған» адам ретінде айтылып отырған Қазақстанның Чехиядағы қазіргі елшісі Анарбек Қарашевтің кезінде Франкфурттағы қазақтың бас консулдығында әлгі Нұрлан Әбжановтың тікелей бастығы болғанын есіне алды. Рахат Әлиев оның сатып алғаны №DE 002733 мерген мылтығы дейді.

Рахат Әлиев елшілік өкілдері Анарбек Қарашевті елші емес, елшіліктің қатардағы қызметкері ретінде сипаттағанын да атап өтті.

«Мылтықтың нөмірі қаншалықты қолдан жасалғанын тексеріп көрсін. Айтпақшы, бұл мылтықтың DE 002756 және DE 002781 нөмірлі қосымша тағы екі ұңғысы бар», – дейді Рахат Әлиев.

Оның сөзінше, ең бастысы қазақ арнайы қызметінің Еуропадағы күдікті іс-әрекеттері туралы ақпараттар жария болды, жұрт білді. Ол осынау шатаққа қалған мерген мылтығы бұдан кейін Қазақстан аумағынан тыс жерлерде спорттық мақсатта да, басқа мақсаттарға да пайдаланылмайтын болады деген ойда.

Сөз соңында Рахат Әлиев: «Вена прокуратурасына жалған құжат жөнінде қойған талап-арызын елшілік қайтып алмаса дұрыс болар еді. Алайда бұл істің барлығын Венадағы елшілік те, Қазақстан да көп ұзамай-ақ ың-шыңсыз жауып тастай ма деп күдіктенемін. Өйткені олар 2007 жылдан бастап бүгінге дейін мемлекеттік сараптамадан өтіп үлгерген басқа да көптеген қосымша ақпараттарға тікелей байланысты», – деген түйін жасады.

Айта кетер жайт, мерген мылтығына байланысты дау-шар басқа күні емес, Қазақстан парламентінің күзгі сессиясы ашылып, кезекті саяси маусым басталардың дәл алдында жария болды. Бұл кезде президент Нұрсұлтан Назарбаев төңірегіндегі саяси топтар арасында билік үшін тартыс та ушыға түскен еді. Осы ретте мылтыққа қатысты жанжал керек жерде ши жүгірту үшін алдын ала дайындалып, «құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келгендей әсер қалдырады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG