Accessibility links

Ертіс бойынан Алатауға дейін жаяу аралаған шетелдік туристі қазақтың қонақжайлығы тамсандырды


Алматы-Өскемен күрежолында. Алматы облысы, 28 маусым 2010 жыл.
Алматы-Өскемен күрежолында. Алматы облысы, 28 маусым 2010 жыл.

Қазақ даласы Сталин кезінде ССРО-ның әртүрлі ұлттық аймақтарынан ғана емес, советтік империя құрамына енбеген мемлекеттерден айдалып келгендерге де пана болған. Режиссёр Ванжа Д'Алькантараның фильмі осындай бір оқиға жайлы баяндайды. Елде қонақ болып қайтқан жаңазеландиялық турист Қазақстанда көрген меймандостық жайлы ризашылықпен жазады.


БОСТАНДЫҚТАН – ГУЛАГҚА

Шетел баспасөзінде қазақтың қонақжайлылығы жайлы мақалалар жарияланыпты. Бельгиялық кинорежиссёр Ванжа Д'Алькантараның «Қияндағы далада» атты фильмі – таңғажайып оқиға желісін өрбітетін туынды деп хабарлайды «Рейтер» агенттігі.

Кинода бір поляк әйелінің ауыр тағдыры суреттелген. Ол өзі мен баласының өмірін қорғау үшін ауыр бейнет көріп, тағдырдың талай теперішін бастан кешіреді. Фильмдегі оқиғалар Гитлер Советтер еліне басып кірердің алдында, 1940 жылы болған тірлікті суреттейді.

Қойылымда әртістер Польша мен Ресей аумағын мекен еткен жұрттар тілінде сөйлейді. Поляк актрисасы Агнишка Грочовска Нина деген әйелдің рөлін тамаша сомдай білген. Фильмде Нина отанында тұтқынға түседі, кейін оны ССРО-ның азиялық бөлігіне айдап әкетеді. ССРО жерінде көрмеген азабы қалмайды. Күштеп ауыр қара жұмысқа салады.

Бұл фильм Қазақстанның кең жазира, шөлейт даласында түсірілген. «Бұл дала жел өтінен қорған болмаса да, сондай көрікті» деп атап көрсетеді агенттік.

Тарихта болған оқиға желісімен түсірілген, өз өмірін аман алып қалуды мұрат еткен бір әйелдің күресі фильм сюжетіне арқау болған. Грочовсканың тартымды да шебер ойыны кинотеатрлар мен фильмдер фестивальдерінде жиналған жұрт назарын өзіне аударуы тиіс.

Актриса талдырмаш та әдемі, буырқанған сезімге толы әйелдің бейнесін тартымды да әсерлі етіп ойнай білген. Фильмде кейіпкер әйел туған шаңырағынан аяқ астынан айырылып, жат қолында тұтқын болады, табиғаты қаһарлы далада қарулы нойыс кісілерден қорлық көреді.

Режиссёр фильмді өз әжесінің басынан өткен, өмірде болған оқиға негізінде құрастырыпты. Ал актриса фильмде бұл ақиқат әңгімені бар ынтасымен ойнап, көрерменге боямасыз жеткізе білген.

Қойылым Нина мен оның күйеуі, поляк армиясының офицері Романның (бұл рөлді Борис Шичь ойнайды) бақытқа толы, балдәурен тұрмысын суреттеуден басталады. Шаңырақ құрғандарына көп болмаған жас ата-ана, бір-біріне деген пәк сезімнің арайына бөленіп, жаннаттағыдай күй кешіп жатты. Бірақ аяқ астынан соғыс басталып, Роман мен оның жолдастары майданға кетеді. Ресей әскері болса поляк үйлеріне басып кіріп, әйелдер мен балаларды Сталин империясына топ-тобымен айдап әкетеді.

Жер аударылып, айдалып кеткен Нина қияндағы бір далада орналасқан лагерьге тап болады. Мұнда әйелдерге зорлықпен ауыр жұмыс істеткізеді, олардың күні бойы жартастағы тасты жарып, жер қазудан қолы босамайды. Нинаның ұлы дизентериямен ауырып қалғанда, қорғансыз әйел баласының жанын алып қалмақ болып, керек дәріні табу үшін жанұшырады.

Дегенмен, тұтқындағы әйелдің қиналысы мен жанайқайы дөрекі де жалқау Ресей сарбаздарын қайдан қайғыртсын! Ақыр соңында Нина жергілікті қазақ шаңырағынан жәрдем табады, сонда ғана оның ертеңгі күнге деген үміті оянып, Тәңірге деген сенімі қайта маздайды.

Фильм адам қайғысы мен азабын суреттейтін бейнелерге толы. «Грочовскидің майталман өнерінің арқасында кино көрген адам көпке дейін еріксіз ұмытылмас ауыр ойда қалады» деп атап көрсетеді «Рейтер».

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҰРАЛАҢ ЖОЛДАРЫ

Қазақ қонақжайлылығы жайлы тағы бір әңгіме «Нью Зиланд Геральд» басылымында жарық көріпті. Онда Жаңа Зеландиядан келген бір велотуристің қазақ жерін аралаған кезде алған әсері баяндалады.

«Семейден Алматыға дейін, яғни Қазақстанның солтүстігінен оңтүстігіне дейін жүріп өткен сапарымыз бастан-аяқ қиындыққа толы болды, - деп есіне түсіреді ол. - Сапар барысында, Семейден оңтүстік бағытты бетке алып жол жүрген сайын жолдың кетеуі кетіп, қиюы қашып, жол деген тек аты ғана қалды. Тіпті кей тұста бұл жол ма, әлде жолсыз ба - оны мүлде ажыратып болмайтын еді.

Даңғыл жол деген аты бар бұл бағыттың кей тұсында қазылып қалған ойдым шұңқырлар кезігеді, осынау тар тұстардан аутокөліктерді айдап өту хас шеберлікті талап етеді. Тіпті кейде бұл үшін заңды бұзып, көлік жолының қарама-қарсы бағытындағы бөлігімен де желе-жортуға тура келеді».

Мақаланың ауторы, Жаңа Зеландиядан келген қонақ, сапарының екінші тәулігінде аяқ астынан өмірінде бірінші рет жыланды жолықтырғанын айтады.

«Алғашында мен оны жел әсерінен жол үстінде желбіреп жатқан ұзын жіп екен деп қалдым. Күміс түсті, сырт терісі металл тәрізденген жыланның жолдың екінші бетімен ирелеңдеп бара жатқан беті екен. Аптап ыстық бастан өтті, тыныс тарылды. Тұла бойды тер басып, жеңілденіп алмақ болып жол шетіндегі кішкентай өзенге шешіне сап күмп бердік. Ыстық әсерінен бе, жол үстімен өтіп жатқан көліктерден жүргізушілерінің тесіле қарағаны да біз үшін түк емес боп қалды. Тіпті, елу метрдей жоғарырақ тұста осы өзенге бір жергілікті тұрғын шаң-тозаң толы көнерген көрпешелері мен кілемшелерін жуып жатуы да мүмкін еді. Өзенге шайынып, мауқымызды бір басып, жолмен ары қарай тартып кеттік» деп жазады шетелдік саяхатшы.

БАЙТАҚ ДАЛА, АЛЫП КӨЛДЕР, ӘСЕМ ЖАЗИРАЛАР МЕН ҰЛЫҚ ШЫҢДАР ЕЛІ

Ол бұдан соң сапар кезінде түн ішінде тұңғыш рет Тянь-Шань тауын қалай көргенін баяндайды.

«Оның көкке ұмтылған алып та көркем, қарлы шыңдары мәңгіліктің тыныштығына үндесе, ештеңеге алаңсыз тізбектеле созылып, мүлгіп жатты. Бұл таудың бойымен Қазақстан мен Қытай арасын бөлетін, табиғи шекара өтеді. Біз тау бөктеріне қоналқыға тоқтадық. Осы жерде батып бара жатқан күннің Тянь-Шаньның ұлық шыңдарын қанқызыл түстес нұрға бояғанын көріп, бұл сұлулыққа қайран қалдық.

Лагерімізде түнде көкқаска шегіртке қаптап кетті. Тіпті қойын-қонышымызға дейін кіруден тайсалмаған жәндіктер қайнап тұрған шай толы кеселерге түсіп мерт кетіп те жатты».

Үшінші тәулікте саяхатшы алдарынан бір тақыр да қу медиен далалы жер кезіккенін жазады. «Арагідік өсіп тұрған күнбағыс сабақтарын көзім шалды. Жолмен ары қарай жүрген сайын, табиғат бейнесі мен ою-өрнектері үсті-үстіне құлпыра берді. Қарасаң көңіліңді ашар гүл де көбейді. Содан бір уақытта қалампыр, нарғыз, раушан, райхан, тағы да көптеген сары және ақшыл сары гүлдер теңізінің ортасында қалдық.

Біраздан соң күн қайта ысыды. Көзіміз алыстан бір көлді шалғаны мұң екен, жан-дәрмен шомылу үшін соған ұмтылдық. Бір ғажабы, бұл көлдің жалпақ жатқан айдындығы сондай, оның шеті көрінбеді. Бірнеше мәрте қарағанымызбен, қарсы беттегі көл шеті қайсы, аспан қайсы, оны айыруға шамамыз жетпеді. Ал алыстан мұнартып көрініп тұрған арал құдды бір аспанда салбырап тұрғандай әсер қалдырады екен.

Әбден ыстықтап, теріміз басылмаған күйі көлге енді қойып кетейік деп жатқанда бір нәрсе зәремізді алып, алған бетімізден қайтарды. Нақ біз сүңгіп кетейік деп тұрған тұста бір жылан жүзіп жүр екен. Жалма-жан әлгіге жабыла тас аттық. Содан ол тайып тұрды, біраз демімізді басып алып, біз де көлге күмп бердік» деп жазады жаңазеландиялық турист.

Шетелдік қонақ бұдан соң май құю стансасының басында тұрып балмұздақ дәмін татқанын әңгімелейді. Сонымен қатар, Қазақстан армиясының танкілері мен МИГ әскери ұшақтарының құлақ тұндырған гүрілі де оның есінде мықтап жатталып қалғанын айтады.

ҒАЖАЙЫП МЕЙМАНДОСТЫҚ

«Алматыға өн-бойымызды тер басып, шаршап-шалдығып жеттік. Киім, көлікті тазартып, өзіміздің де дұрыстап жуынып алғанымыз абзал болар еді деген ой маза бермеді. Алайда, бұл қаладағы қонақ үйлерде жатын бағасы тым қымбат екен. Бұл жаңалық шымбайымызға қатты батты.

Еріксіз Алматы маңындағы тау етегін қоналқы жер еттік. Дұрыстап бір демала алмадым-ау деген ойдан көңілім әбден бұзылды, уайымға салынып, тіптен жүнжіп кеттім» деп есіне алады турист.

Бұдан кейін ол Қазақстанға қоныс аударып келген оралмандар отбасына аяқ астынан тап болғанын баяндайды. «Олар бізді жылы қабақпен қабылдап, үйіне апарып, қонақ етті. Сонымен қатар, сапарымызды ары қарай жалғастыру үшін толық әл-қуат жиып алғанша осында жата берем десеңдер, өз еріктерің деді. Ал бұл үйдегі түскі ас біз үшін нағыз бір мереке болды. Себебі, үйдің дәмін татпағалы бірнеше айдың жүзі болған еді. Жуынып-шайынып, киімімізді тазартып мәре-сәре болдық та қалдық.

Бұл шаңырақтағылар мені бұған дейін танымаса да, маған жылы қабақ танытып, төрінен орын бергендіктен өзімді өз үйімде жүргендей сезіндім. Жүректі шаттық кернеп, көңілім шаттанды. Бұл - меймандостық құдіретінен еді» деп аяқтапты өз сөзін жаңазеландиялық турист.
XS
SM
MD
LG