Accessibility links

Қазақ тіліне арналған жиын тағы да президентке хат жазумен аяқталды


Қазақ тілін қолдауға арналған жиын. Республика сарайы, Алматы, 20 қыркүйек 2009 жыл. «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының қорындағы сурет.

Қазақ тілін қолдауға арналған жиын. Республика сарайы, Алматы, 20 қыркүйек 2009 жыл. «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының қорындағы сурет.

Қыркүйектің 20-сы күні Алматыдағы Республика сарайында тіл туралы заңның қабылданғанына 20 жыл толуын арқау еткен жиын болып өтті. Мыңдаған адам қатысқан бұл жиын қазақ елінде қазақ тілінің мәселесі күрмеуін таба алмай келе жатқандығын тағы да көрсетті.

НАЗАРБАЕВТЫ МАҚТАМАҚ БОЛҒАН ҮКІМЕТ ӨКІЛІНЕ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ

Жексенбі, қыркүйектің 20-сы күні сағат 12-де «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен өткен қазақ тілі мәселесіне арналған жиынғы жұрт көп жиналды. Үш мың орындық Республика сарайы халыққа лық толды. Оның сыртында есіктің көзінен сығалап, жиынның соңына дейін аяғынан тік тұрған жұрттан ине шаншар жер болмады.

Осыдан жиырма жыл бұрын, яғни 1989 жылы қазақ тілінің заң жүзінде мемлекеттік тіл мәртебесін алған айрықша күн - қыркүйектің 22-сі қарсаңында ұйымдастырылған шараны «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Мұхтар Шаханов ашты. Бұдан кейін тіл мәселесіне қатысты өз ұстанымдарын Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек секілді ақын-жазушылар, саяси партия өкілдерінен «Азат»
Ақын Мұхтар Шаханов (ортада) қазақ тілін қолдауға арналған жиында сөйлеп тұр. Республика сарайы, Алматы, 20 қыркүйек 2009 жыл. «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының қорындағы сурет.
партиясының төрағасы Болат Әбілов, тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Владимир Козлов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім, «Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин өз ой-пікірілерін ортаға салды. Бұлардың барлығы да тіл туралы заң қолданысқа енген 20 жылдың бедерінде қазақ тілінің проблемасы шешімін таппай келе жатқандығын атап өтті.

Әміржан Қосанов өзі шығарған тіл туралы өлеңін оқып берді. Ал, «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов болса, тіл мәселесін шешу үшін саяси реформа қажеттігін қадап айтты.

Жиынға сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрлігі тіл комитетінің төрағасы Ербол Шаймерден қатысып, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде қазақ тілі мәселесін талқылауға жиналған қауымды «Бүгін тіл мерекесі», - деп жұртты құттықтай келе, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы тіл мәселесімен салыстырғанда, қазақ тілінің мәселесі өз шешімін оңтайлы түрде тауып келе жатқанын айтты.

Ербол Шаймерден бұл сөзіне мысал ретінде, 1990 жылдардың басымен салыстырғанда, қазіргі кезде Қазақстанда қазақ тілді мектептердің саны біршама көбейгенін келтірді.

– Бұл президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ тілінің болашағы – қазақ тілінде дейтін сөзінің жанды екенін көрсетсе керек, – деген Ербол Шаймерденнің сөзі лық толы залдағы жұртшылықтың наразылығын тудырды.

Осыдан кейін Ербол Шаймерден сөзін аяқтап сахнадан кетуге мәжбүр болды.

АНА ТІЛІН БІЛМЕЙТІНДЕРГЕ АРНАЙЫ «СЫЙЛЫҚ»

Қазақ тілі жиынының соңында жиналған жұртшылықтың атынан Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың атына хат жолданды. Егер президент осы хатқа жауап бермесе, онда қазақ тілі үшін күресті одан әрі жалғастыратындарын мәлімдеген «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов қазақ тілін меңгермеген шенеуніктер мен басқа да азаматтарға берілетін жаңа сыйлық тағайындалғанын жұртшылыққа хабарлады.

– Бұдан былай біз, мемлекеттік тілді менсінбейтіндерге мәңгүрт деген атақ шығардық. Міне, сол атақты өз ұлтына тас атқандарға, ұлттық мүддеге қарсы мақала жазғандарға, шетелге шыққанда өз тілін білмей, орысша сайрайтын басшыларға береміз. Алдағы біздің ең басты мақсатымыз – ұлтты сақтап қалу, тілді сақтап қалау, әйтпесе, бәріміздің құнымыз көк тиын, – деді Мұхтар Шаханов.

Қазақ тілін қолдау жиынына келген жұрт Республика сарайына лықа толды. Алматы, 20 қыркүйек 2009 жыл. «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының қорындағы сурет. Алайда, жиынғы қатысушы жазушы-журналист Жүсіпбек Қорғасбек қазақ тілінің мәселесінде тек қана билікті кінәлі етіп көрсету дұрыс емес деп санайды. Оның ойынша, мемлекеттік тіл мәселесінің бүгінгі тағдырына тек қана билік емес, әрбір Қазақстан азаматы жауапты әрі қазақ тілі мәселесінде ел бокүйездік танытып келеді.

– Ұлт тілінің алдында бәріміздің мойнымызда су түбіне тартып кететін қара тас байлаулы тұр деп айтуға болады. Қазақ тілі мәселесінің алдында ешкімнің ақпын, пәкпін деуге қақысы жоқ. Тіл мәселесін шешуде жаңа бір тетік таба алмай жатырмыз. Оған мына жиында сөйлеп жатқан адамдардың да, үкіметтің де ақылы жетіп жатқан жоқ. Бұл жерде бізге баяғы қанға сіңген ауыз бірлігіміздің жоқтығы кері әсерін тигізіп отыр, – деді Жүсіпбек Қорғасбек.

Оның айтуынша, мұндай тіл туралы жиындар тек іштегі қыжылды шығарудың бір тәсілі ғана.

Ал, ақын Темірхан Медетбек болса, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған ашық хаттан нәтиже болады дегенге сенбейді.

– Ашық хат жазған екен деп, үкімет қазақ тілінің мәселесіне білек сыбана кірісіп кетеді дегенге мен де сенбеймін. Егер халық жаппай ереуілге шықпаса?! Ол да болуы мүмкін. Халық бізден, зиялылардан, Мұхтар Шахановтан соны талап етуі мүмкін. Керек болатын болса, билік соны керек етіп отырған шығар. Ең бастысы, мұндай жиындар халықтың етін өлтіріп алмас үшін керек. Үкіметтің бұл мәселеге құлақ аспайтынын онсыз да білеміз, – деді Темірхан Медетбек.

Алматыда қазақ тілінің мәселесі сөз болған жиын қыркүйектің 20-сы күні қала бойынша өткен қала күні мерекелік шарасына дөп келді. Республика сарайының ішінде мемлекеттік тіл мәселесі қаралып жатқан кезде, сарайдың дәл алдында Алматы қаласының әкімшілігі ұйымдастырған қала күні мерекелік шарасы екі тілде өтіп жатты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG