Accessibility links

"Қазақгейттің" алғашқы 4 миллионы қайырымдылыққа жұмсалмақ. Қайтқан қаржыда қайыр бар


Евгений Жовтис пен Жәмила Нұғманова "Бота" қорының ьаспасөз-мәслихатында. Алматы, 19 мамыр, 2009 жыл.

Евгений Жовтис пен Жәмила Нұғманова "Бота" қорының ьаспасөз-мәслихатында. Алматы, 19 мамыр, 2009 жыл.

10 жыл бұрын Швейцарияда құлыпталып тасталған қазақстандық 84 миллион долларды игеру үшін құрылған «Бота» қоғамдық қоры жағдайы төмен отбасыларына бағытталған бірнеше әлеуметтік бағдарламаны қолға алды.


ҚОРДЫҢ БАСТАМАСЫ ҚҰПТАРЛЫҚ, АЛ ҚАРЖЫДАН АТЫШУЛЫ "ҚАЗАҚГЕЙТТІҢ" ИІСІ ШЫҒАДЫ

Бірқатар сарапшылар "Бота" қорының бастамасы құптарлық дей келе, бұл ақшаның «Қазақгейт» ісімен байланысты екендігін де еске салады.

2009 жылы 30 сәуірде Қамқоршылар кеңесінің шешіміне орай, «Бота» қоғамдық қоры Қазақстандағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен балаларға арналған 3 жаңа инвестициялық-әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті.

Алғашқысы – биылғы жылдың күзінде басталатын шартты төлем бағдарламасы – тұрмысы нашар отбасыларына сапалы медициналық, білім алу және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу үшін қаржылай көмек береді.

Екіншісі -әлеуметтік қызмет бағдарламасы Қазақстан бойынша әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған отбасылар мен жастардың өмір сүру деңгейін жақсартуды көздейтін жергілікті үкіметтік емес ұйымдарға грант бөледі.

Ал үшіншісі - білім гранты бағдарламасы, қазақстандық колледждің немесе жоғарғы оқу орнының күндізгі бөлімінде оқығысы келетін, бірақ оқуға төлейтін қаржысы жоқ жастарға көмек беруге көзделген.

Айта кету керек, білім гранты бағдарламасы үстіміздегі жылдың сәуір айында өз жұмысын бастаған, содан бері ғана Қазақстан бойынша 1700-ден аса өтініш түскен. Биылғы жылы бағдарламаға 100 білім гранты бөлінбек.

Қордың қамқоршылар кеңесінің төрағасы Евгений Жовтистің сөзіне қарағанда, осы мақсатта 4 млн доллар көлеміндегі алғашқы транш бір- екі күннің ішінде Швейцария банкінен Қазақстанға жетпек.


ДЖЕЙМС ГИФФЕННІҢ ҮКІМІН СОТ ШЫҒАРСЫН

Кезінде Қазақстан билігінің жоғарғы сатысында кеңесшілік қызмет атқарған Джеймс Гиффеннің американдық мұнай компанияларының Қазақстандағы мүддесін тиімді шешу үшін осындағы лауазымды адамдардың есеп-шоттарына аударды делінетін 84 миллион қаржы турасында Жовтис "АҚШ азаматы Гиффенге қатысты Нью-Йорк соты түбегейлі шешім қабылдамайынша, ешнәрсе айта алмаймын" деді.

АҚШ шетелдегі жемқорлық туралы заңына сай, Американың Әділет Департаменті Швейцариялық банк шотына түскен 84 миллион доллар көлеміндегі ақшаға қатысты санкция қабылдаған болатын.

2007 жылы мамыр айында Қазақстан Республикасы, АҚШ мен Швейцария үкіметтерінің арасында жасалған үшжақты келісімшартқа сай, бұл қаражат Қазақстанға қайтарылып, соның негізінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларымен жұмыс істейтін «Бота» қоғамдық қоры құрылған-ды.

Аталмыш қордың қамқоршылар кеңесіне қазақстандық 5 азамат таңдалып алынған. Қордың қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Адам құқықтары мен заңдылықтардың сақталуы жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис бұл қаржының күмәнді жолмен келгендігімен келіседі.

Қор өкілдерінің сөзіне қарағанда белгіленген қаражат ашық түрде жұмсалмақ. Өйткені қаражаттың үйлестірілуін бірнеше мекеме қатаң қадағалайтын болады.

Қордың қамқоршылар кеңесінің мүшесі Жәмила Нұғманова бұл жобаларды жүзеге асыру барысын үш мемлекеттің өкілдері, ал техникалық көмек жағынан Дүниежүзілік банк қадағалайтындығын айтады.


"БОТА" НАРДЫҢ ЖҮГІН ТАРТА АЛА МА?


Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов «Бота» қорының қолға алған жобалары игілікті іс екендігін айтады. Дегенмен бұл қаражаттың төңірегінде көптеген жауапсыз қалған сұрақтардың бар екендігін де жасырмайды.

- Жағдайы нашар қазақстандық жастарды оқыту әрине құптарлық, бұл тіпті талқылауға келмейді. Алайда осы мәселе төңірегінде бірқатар сұрақтар туындайтындығын да айта кету керек. Біріншіден, ал қалған ақшалар қайда деген сұрақ бар. Қазақстан тәуелсіздік алған 18 жыл ішінде сыртқа кеткен байлықтың бұл кішкентай ғана бөлігі деп ойлаймын. Осы бір ғана фактіні мойындаған билік неліктен басқа да кінәларын мойындамайды?

Ал екінші жауапкершілік мәселесі. «Бота» қорына Қазақстанның белгілі тұлғалары мүше болуда. Олар әрине сенім ұялатады. Дегенмен, осы ақшаны кім кімге берді? Және осы шот кімнің атында еді, сондай-ақ ол не үшін берілді деген сұрақ кей ақпарат көздерінде дүдәмалданып, көлеңкеленіп айтылды. Меніңше дәл осы сұрақтарға жауап бермей, Қазақстандық «Бота» қорының есейіп үлкен «нарға» айналатындығына күмәнім бар, – дейді Әміржан Қосанов.

«Бота» қоғамдық қоры қаражаттың 85% білім беру гранттары, әлеуметтік қызметтер және келісілген ақшалай төлемдер бағдарламалары мен сол бағдарламаларды тиімді іске асыруы үшін қажет шығындарға жұмсауды көздеп отыр. 4 жыл ішінде әкімшілік-шаруашылық шығындарына жалпы бюджеттің 15% жұмсалатын болады. Ал қаржы аударылымдары қазақстандық АТФ банкі арқылы жүргізіледі.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG