Accessibility links

Алтын өндіруші Асаубаевтар KazakhGold қаржысын ұрлады деп айыпталды


Алтын құймалары. Көрнекі сурет.
Алтын құймалары. Көрнекі сурет.

KazakhGold осы компанияның бұрынғы басшылары Асаубаевтар отбасын сотқа берді. Алтын өндіруші компания жауапкерден 450 миллион доллар талап етіп отыр.

Маусымның 25-і күні Лондондағы Жоғарғы сот KazakhGold компаниясының Асаубаевтарға қарсы азаматтық шағымын қарай бастады.

Сот процесі - кезінде KazakhGold компаниясы басшылығы құрамында болған Асаубаевтар отбасының бес мүшесіне қатысты. Олардың арасында KazakhGold директорлар кеңесінің бұрынғы атқарушы төрағасы Қанат Асаубаев пен директорлар кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары Айдар Асаубаев бар. Айдар Асаубаев 2010 жылғы маусымның 17-сіне дейін компанияның директоры қызметін атқарған.

Алтын өндіруші компания оларды бірнеше жыл көлемінде компания қаржысын ұрлап келген деп айыптап отыр. KazakhGold таратқан ақпаратта 2006 жылғы 200 миллион долларлық облигациялар компания есебіне емес, жауапкерлердің пайдасына жаратылған, оны жасырып қалу үшін жалған келісім-шарт жасалған делінеді.

Бұған қоса, KazakhGold жауапкерді «алтын өндіруші компанияны алдап сатқан» деп айыптап отыр. «Полюс Золото» KazakhGold компаниясының акцияларын 2009 жылы тамызда 270 миллион долларға сатып алған еді. Ресейлік компания KazakhGold акцияларының 50,1 пайызына иелік етеді.

Шағым түсіруші іске қатысты бұдан басқа мәліметтер жарияламады. Сот енді ғана басталғандықтан KazakhGold оның нәтижелеріне қатысты болжам жасауға ерте деп есептейді, бірақ қосымша мәліметтер алдағы күндері жарияланады деп хабарлады.

Қазақ алтынына қатысты даулы істің жауапкерлерімен хабарласу мүмкін болмады.

KazakhGold Қазақстандағы Ақсу, Бестөбе және Жолымбет алтын кеніштеріне иелік етеді. Компанияның 25 пайыз акциясы 2005 жылы алғаш рет Лондон қор биржасына шығарылды.
XS
SM
MD
LG