Accessibility links

Тұтқындағы басқарушылардың әйелдері ерлерінің теледидардан айтқандарына сенбейді


«Қазатомпром» компаниясының тұтқындағы басқарушыларының әйелдері (солдан оңға қарай): Жәмила Жәкішева, Марика Цоцория және Наталья Парфенова. Алматы, 1 шілде 2009 ж.

«Қазатомпром» компаниясының тұтқындағы басқарушыларының әйелдері (солдан оңға қарай): Жәмила Жәкішева, Марика Цоцория және Наталья Парфенова. Алматы, 1 шілде 2009 ж.

«Хабар»,КТК телеарналары арқылы көрсетілген сюжетте «Қазатомпром» компаниясы вице-президенттерінің өз жағдайларының жақсы екендігін айтқан сөздеріне олардың жұбайлары илана қоймады.


ТОП-МЕНЕДЖЕРЛЕР ТЕЛЕДИДАРДАН ЖАҒДАЙЛАРЫНЫҢ ЖАҚСЫ ЕКЕНІН АЙТҚАН

30 маусым күні Қазақстанның мемлекеттік «Хабар» және «Қазақстан» телеарналары мен жекеменшіктегі «КТК» телеарналарының кешкі жаңалықтарынан, Мұхтар Жәкішевтің ісіне байланысты куәгер ретінде ҰҚК-не қарасты құпия пәтерлердің бірінде көзден таса ұсталынып отырған «Қазатомпромның» бұрынғы төрт бірдей топ-менеджерлерінің қазіргі жағдайларын паш еткен бейнематериал көрсетілді.

Марика Цоцория өз күйеуі туралы теледидардан көрсетілген сюжеттің мәтінін ұстап отыр. Алматы, 1 шілде 2009 ж.
«Хабар» арнасының сайтында жарияланған әлгі бейнематериалдың жазбаша нұсқасында «Қазатомпром» компаниясы топ-менеджерлерінің бірі Асқар Қасабеков былай деген екен:

«Телевизор бар, кондиционер бар, ыстық-суық су және бар. Жаңағы өсектердегідей, қинап жатыр, бүйтіп жатыр деген өтірік, міне өздеріңіз көрсеңіздер болады. Әйелім, туысқандарымыз келіп тұрады. Мысалы, төрт рет болды, менің әйелім осында келгеніне 1 айдың ішінде. Екі рет қарындасым келіп кетті».

Алайда, топ-менеджерлерінің әйелдері жағдайдың шынайы көрінісі мүлде басқаша екенін айтып отыр. Бұған дейін күйеулерімен бірнеше мәрте жолыққан Марика Цоцория мен Наталья Парфенова ерлерінің кездесуде жағдайлары туралы жарытып ешнәрсе айтпағанын еске алады. Кездесуге тергеуші де қатысқан әрі ерлі-зайыптылардың әңгімесіне араласып отырған. Бұл турасында Наталья Парфенова былай дейді:

«Күйеуіммен кездескенде одан түскі асқа не жегенін сұрадым. Ол әуелі палау деді де, сосын ойланып барып, бесбармақ деді. Мен оған палау мен бесбармақты айыра алмай қалғансың ба дедім. Сосын таңғы асқа не жегенін сұрағанымда ботқа жегенін айтты. Мен содан-ақ,
Наталья Парфенова, «Қазатомпромның» вице-президенті болған Дмитрий Парфеновтың зайыбы. Алматы, 1 шілде 2009 ж.
күдіктеніп қалдым. Кешегі көрсеткен үй шын мәнінде олар отырған пәтер емес деп ойлаймын. Оларды қандай жолмен, не нәрсе арқылы қысым жасап жатқанын білмеймін. Олардың жағдайымыз жақсы, барлығы заң шеңберінде жүріп жатыр дегендерінің бәрі шынайы емес екенін ішім сезеді» - деді Наталья Парфенова.

Марика Цоцория 30 маусым күнгі көрсетілімде өз күйеуі Малхаз Цоцорияның топ-менеджерлердің әйелдері ерлерімен кездесуге рұқсат ала алмай жүргеніне таңданыс білдіргеніне таңқалған. Марика Цоцория 25 және 29 маусымда күйеуімен кездеспек болған. Алайда, ҰҚК-нің қызметкерлері ұшы-қиыры жоқ сылтау айтып, кездесуді болдырмаған.

Сөйтіп, Наталья Парфенова екеуі Жәмила Жәкішеваға хабарласып, сейсенбі, яғни 30 маусым күні баспасөз мәслихатын өткізуге келіскен. Марика Цоцорияның айтуынша, телефондары тыңдалатындықтан, ҰҚК олардың алдын орап, бейнематериал таратып үлгерген көрінеді.

Шілденің алғашқы күні болған баспасөз мәслихатында Марика Цоцория мемлекеттік арналардан көрсетілген бейнематериал турасында өз ойын былайша жеткізді:

«Сонда «Хабар» агенттігінің түсіру тобына біздің күйеулеріміздің қайда тұратынын, қандай күйде екенін білуге, көруге болады екен де, бізге, олардың әйелдеріне, үзілді-кесілді рұқсат жоқ екен. Мұнда қандай қисын бар? Айтыңыздаршы?!»

Алайда, Наталья Парфенова көрсетілімдегідей жағдайда болса, күйеуінің қасына барып тұруға деген талабын күшейте түсетінін айтады.
Мұхтар Жәкішевтің күзетшісі болған полиция офицері Талғат Қыстаубаевтың әйелі Сара Сағындықова. Алматы, 1 шілде 2009 ж.
Дегенмен, ерімен бірге тұруға рұқсат алу үшін жазған өтінішіне әлі жауап алмаған.

Ол 30 маусымдағы бейнематериал ҰҚК-нің қитұрқы әрекеттерінің бірі ме деп күдіктенеді. Әйтпесе, нақты істе ешқандай алға жылжушылық жоқ. Бұған дәлел ретінде Наталья Парфенова, «Қазатомпром» компаниясы топ-менеджерлерінің заңдық мәртебесі анықталмай отырғанын, яғни олардың не куәгер, не күдікті екені әлі күнге белгісіз екендігін айтты.

Ал, Мұхтар Жәкішевтің күзетшісі болған Талғат Қыстаубаевтың әйелі Сара Сағындықова болса күйеуін, теледидардан болса да, бір көруге зар. Баспасөз мәслихаты кезінде Сара Сағындықова, ҰҚК-нен күйеуінің тірі екеніне көз жеткізуі үшін онымен кездестірмесе де, Талғат Қыстаубаевты теледидардан көрсетуін талап ететінін жеткізді. Және де ол күйеуінің бұл іске қандай қатысы бар екенін түсінбейтінін атап өтті.

ЖӘМИЛА ЖӘКІШЕВА: «МЕНІҢ КҮЙЕУІМДІ ТЫҒЫП ҰСТАЙТЫНДАЙ, ОЛ АДАМ КӨРЕТІНДЕЙ ХАЛДЕ ЕМЕС ПЕ?»

Жәмила Жәкішева «Хабар», «Қазақстан», «КТК» телеарналарында көрсетілген бейнематериалды ҰҚК-нің қоғамға өзін сүттен ақ, судан таза етіп көрсету мақсатында жасаған дүниесі деп бағалады. Сонымен қатар, Жәмила Жәкішева өз күйеуінің 12 маусымнан бері авдвокатсыз отырғанын да атап өтті:

Жәмила Жәкішева, «Қазатомпромның» бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің әйелі. Алматы, 1 шілде 2009 ж.
«Маған дәрілердің тізімін берді. Олардың арасында қан қысымына, бауырға қажетті дәрілер бар. Мұндай дәрілерді бекер сұратпайтыны белгілі. Мен күйеуімнің денсаулығына алаңдаулымын. Және күйеуім маған жазған екі хатта да 45 размерлі спорттық аяқ киім мен шұлық беріп жіберуімді жазыпты. Ал, оның аяғының размері 41. Сонда оның аяғына не болды? Сынды ма, ісіп кетті ме? Мен мұны білмеймін. Сара екеумізге күйеулерімізді неге көрсетпейді? Олар сонда адам көретіндей халде емес пе?» - деген сауалдар қояды Жәмила Жәкішева.

Жәмила Жәкішеваның сөзіне қарағанда, ҰҚК Мұхтар Жәкішевтің ісіне байланысты қандай мәселе болмасын бәріне «бұл мемлекеттік құпия болып саналады» деген желеуді алға тартумен келеді. Алайда, Жәмила Жакішева, «Республика» газетінің 26 маусым күнгі санында «Мұхтар Жәкішевтің ісінде кім кімнің басын қатырып отыр?» деген тақырыппен жарық көрген мақалада келтірілген «Бұл 1992 жылы 27 тамызда ҚР Министрлер кабинеті бекіткен №708 қаулы. Онда: «ҚР Уран өндірісі бойынша, уран қорлары мен оның экономикалық және геологиялық жақтары туралы мәліметтер ашық болып саналады» делінген деректі негізге ала отырып, былай деді:

«Ендеше, ҰҚК-нің бұл істі құпияландыруы өзінің заңға қайшы іс-әрекетін бүркемелек болғаны. Жоғарыдағы қаулы барлық заңгерлердің деректемелік қорларында бар. Оны барлығы көре алады».

Жәмила Жәкішеваның айтуынша, шілденің 1-і күні сағат 17-де Астана соты оның шағым-арызын қарауы керек екен. Ол ҰҚК-нің қызметкерлері заң талаптарын өрескел бұзғанына шағымданып, сотқа да, Бас прокурорға да арыз беріпті.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев мамырдың 21-інде қамауға алынғанын ҰҚК тек мамырдың 25-і күні ғана жұртшылыққа жария еткен болатын. Оған аса үлкен көлемде қаржы жымқырған деген айып тағылып отыр.

Мұхтар Жәкішевпен бірге тағы тоғыз адам тұтқындалды. «Қазатомпром» ұлттық компаниясының вице-президенттері болған Дмитрий Парфенов, Асқар Қасабеков пен Малхаз Цоцорияны ҰҚК тергеушілері куәгерлер деп атайды. Бірақ, оларды туған-туыстарына жолықтырмай, құпия пәтерлерде ұстап отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG