Accessibility links

Болат Әбілов Мұхтар Әблязовтың билікпен жасырын келіссөз жүргізіп жатқанына сенімді


2 маусымда «Азат» партиясы ҰҚК қамауға алған «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті қорғап мәлімдеме жасады. Бұл істі саяси астары бар деп атаған партия көсемі Болат Әбілов қазірде шетелде қуғында жүрген Мұхтар Әблязов пен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында келіссөздер өтіп жатыр деген болжамын айтты.

«ӘБЛЯЗОВ ПЕН БИЛІК ТҮБІ БІР ЫМЫРАҒА КЕЛЕДІ»

«Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке тағылып отырған айыппен келіспейтінін айтып, оған тағылған айыптарға күмәнін білдірді. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Мұхтар Жәкішевке уран кеніштерін оффшорлық компанияларға сатқан деген айып тағып, дәлел ретінде, компанияның 3 топ-менеджерінің Мұхтар Жәкішевті кінәлап айтқан жауаптарының видеожазбасын журналистердің назарына ұсынған болатын.

- Мұхтар Жәкішевті өз басым 30 жылдан бері білем. 1990-шы жылдардың басында «BUTYA» компаниясында бірге істедік. Ол сияқты адал адам үшін оффшорлық фирма, арам ақша, астыртын касса сияқты ұғымдар мүлде жат нәрсе. Мен сондай-ақ, Дима Парфеновты да, Малхаз Цоцорияны да 17 жылдан бері білемін. Олар да өте ұқыпты, зиялы адамдар. «Қазатомпром» акциясының 100 пайызы мемлекеттікі екенін білеміз. Ол Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің құзырында. Кеніштерді оңды-солды шашатындай «Қазатомпром» жеке кішігірім кәсіпорын емес, - деді Болат Әбілов.

Оппозициялық партия өкілдері Мұхтар Жәкішевтің қамауға алынуының тек саяси себебі ғана бар деп санайды

- ҰҚК-нің өзі 2007 жылы «Қазатомпромда» қаржылық тексеріс кезінде заң бұзушылықтардың болғанын айтып отыр. Ендеше олар неге сол кезде үнсіз қалды? 2003 жылы Мұхтар Әблязовтың түрмеден босатылуы жөнінде келіссөздер жүріп жатқан кезде, Мұхтар Жәкішевтің оны қорғап, президентке кепіл хат жазғаны белгілі. Қазір Мұхтар Әблязов президенттің сенімсіз адамдарының біріне айналды. Ол Лондонда жүріп, БТА банк акционерлерінің Қазақстан үкіметінен миллиардтаған соманы төлеуді талап ететін шағым түсіруіне түрткі болған шығар. Бұлардың барлығы ішкі-сыртқы жағдайды қиындата түседі. Мен қазір биліктің М.Әблязовпен келіссөз жүргізіп жатқанына сенімдімін. Олар ымыраға келгеннен кейін іс жабылады. «Қазатомпромда» да дәл сол болады, - дейді Болат Әбілов.

«Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик осыдан төрт жыл бұрын елде болған саяси оқиғаларды еске салды.

- 2005 жылдың басында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы жабылды. Оған шетел асып кеткен Мұхтар Әблязовтың да тікелей қатысы болды. Жыл президенттік сайлаумен аяқталды. Сол жылдың мамыр айында Мұхтар Әблязов елге қайта келіп, Туранәлембанкты меншікке алмай, тек басқару мүмкіндігіне ие болды. Санаулы айдан кейін қазір Мұхтар Жәкішевтің мойнына іліп отырған құжаттар жасалып, біріккен кәсіпорын құрылды. Мұның барлығы үкімет басшысынсыз, жоғары лауазымды шенеуніктерсіз шешілуі мүмкін емес, - деген байлам жасайды Петр Своик.

АЗАТ ПАРТИЯСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІНДЕ БИЛЛ КЛИНТОН МЕН ФРЭНК ДЖУСТРАНЫҢ ЕСІМДЕРІ АТАЛДЫ

«Азат» партиясы басшысының айтуынша, кеніштерді басқару құзыры тек министрліктің қолында болғандықтан, барлық келісімшарттарға министр мен оның орынбасарлары қол қойған.

«Құнды қағаздар бойынша канадалық әкімшіліктің көпшілікке арналған сайтында АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы кездесуінен соң пайда болған «Urasia Energy» LTD компаниясы бой көрсетеді. Дәл сол уақытта бізде қаржыны Клинтонның қорына аударған канадалық тау-кен магнаты Фрэнк Джустра болып қайтқан еді. Сайттағы ақпараттан бұл компанияның меншігінде (сонда көрсетілген оффшорлар арқылы) «Бетпақдала», «Қызылқұм» кәсіпорындары бар екенін білуге болады. Аталмыш компаниямен сол жылы (В.Школьник басқарған) Энергетика және минералды ресурстар министрлігі бірқатар уран кеніштерін (Қорасан, Ақдала, Оңтүстік Инкай) пайдалану жөнінде келісім-шартқа қол қойды. Бұл дәл қазір Жәкішевтің мойнына ілініп отырған кеніштер. Олай болса, осы секілді келісім-шарттар жоғарыдағы басшылардың, премьер-министр Д.Ахметовтың, Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің рұқсатынсыз жасалмайтыны белгілі» делінген "Азат" партиясының сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде.

«ҚАЗАТОМПРОМ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ КӘСІПОДАҒЫ ЖӘКІШЕВКЕ АРАША СҰРАП ПРЕЗИДЕНТ НАЗАРБАЕВҚА ХАТ ЖОЛДАДЫ

Мұхтар Жәкішевке «Азат» партиясымен қатар оның бұрынғы әріптестері де қолдау көрсетіп отыр. Маусымның 2-сі күні «Қазатомпром» ұлттық компаниясының кәсіподақ қызметкерлері Мұхтар Жәкішевке араша сұрап, президент Назарбаевқа ашық хат жолдады. Хатта:

«22 кәсіпорынның жұмысшылары «Қазатомпром» АҚ-ның президенті қызметінен аластатылған Мұхтар Жәкішевтің тағдырына алаңдап отырмыз. Ұлттық атом компаниясын тексеру жұмыстары, біздің білуімізше, әлі аяқталған жоқ. Еңбек ұжымында Жәкішевке қатысты қылмыстық қудалау жалған кейіпте жүргізіледі деген қауіп бар. Біздің конституциялық құқығымыз бен бостандығымыздың кепілі және елдің президенті ретінде, сізден «Қазатомпром» төңірегіндегі қалыптасқан ахуалды анықтауыңызды сұраймыз» делінген.

Сондай-ақ хат авторлары Мұхтар Жәкішевтің басқарған жылдарында атом өнеркәсібінің жеткен жетістіктерін атап, ҰҚК-нің Мұхтар Жәкішевке тағып отырған айыптары күмәнді екенін де айтқан.

«Біз Жәкішев кінәлі дегенге сенбейміз. Оның «Қазатомпромды» басқарғаны көпшілік алдында өтті және ол жасаған келісім-шарттардың барлығы да тек ұлттың мүддесіне қызмет етті. Өз тарапымыздан көпшілік арасында өрбуі мүмкін толқыныстарды болдырмауға күш саламыз» деп жазған уран өнеркәсібінің жұмысшылары, сонымен қатар, бұл іс бойынша сот процесінің ашық әрі жария түрде өтуін сұрап отыр.

Бұдан бір күн бұрын, маусымның 1-і күні, "Қазатомпром" компаниясының 3 топ-менеджерлерінің бұрынғы басшылары Мұхтар Жәкішевке қарсы берген жауаптарының видеожазбасы ҰҚК-нің Астанадағы бас кеңсесінде арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында ақпарат құралдарының назарына ұсынған болатын.

Аталмыш видеода компанияның бұрынғы топ-менеджерлері Малхаз Цоцория, Асқар Қасабеков, Дмитрий Парфенов Мұхтар Жәкішевтің уран кеніштерін талан-таражға салғаны туралы айтады. Алайда, «Азат» партиясының өкілдері олардың жауаптарының шындыққа сәйкес келетіндігіне күмән білдіріп отыр. Олар мұндай «жауаптар» тек қысым көрсету арқылы алынған болуы керек деген пікірде.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG