Accessibility links

Үлескерлер үкімет басшысының әкесіне алданып қалғандарын айтады


Қажымқан Мәсімовтен ақша даулап жүрген азаматтар баспасөз-мәслихатында. Алматы, 8 желтоқсан 2009 жыл.

Қажымқан Мәсімовтен ақша даулап жүрген азаматтар баспасөз-мәслихатында. Алматы, 8 желтоқсан 2009 жыл.

Алматыға Шымкенттен әділдік іздеп келген бір топ адам Қажымқан Мәсімовті жөнге салуды сұрап президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу тастады. Олар премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесіне алданып қалдық десе, үлкен Мәсімов бұл айыптауларды жоққа шығарады.


«АҚША ДАУЛАП ЖҮРІП АУРУҒА ҰШЫРАДЫМ»

Алматыға Шымкенттен арнайы ат сабылтып келген бір топ азамат қазіргі премьер-министрдің әкесі Қажымқан Мәсімов басқаратын «ХАС-ЕР КЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ақша салып, енді соны қайтарып ала алмай әуре-сарсаңға түскендерін айтады.

Бұл адамдардың айтуынша, олар осыдан екі жыл бұрын Шымкенттен «Ақсарай» атты коттеджді қалашық және коммуналды базар салып беруді жоспарлаған «ХАС-ЕР КЗ» компаниясына алдын ала ақша төлеп қойыпты. Компанияның сөзіне иланып, салым енгізген үлескерлердің саны 130 адам екен.

Сондай-ақ, серіктестік жергілікті кәсіпкерлерге арзан бағамен цемент беру туралы келісім жасасып, олардан ақша жинап алған.

Үлескерлер серіктестіктің сол кездегі алаулатып-жалаулатқан жарнамасына сеніп қалғандарын айтады. «Оның үстіне Мәсімовтің әкесі болған соң көңілімізде ешқандай күдік болмады» деп ағынан жарылады олар.

Ал, уақыт өтіп, межелі мерзім жеткенде уәделі үйдің қаңқасы да көре алмаған соң, үлескерлер компаниядан салған ақшаларын қайтарып беруді талап еткен.

– Компанияның сөзіне сенеміз деп сымпидық та қалдық – әлі күнге дейін не үй, не ақша жоқ. Оларға берген несие ақшаның жалпы сомасы 275 мың долларды құрады. «ХАС-ЕР КЗ» серіктестігінің бас директоры оны бізге қайтаратын түр танытпайды. Ол бізге: кімге төледің содан ал дегенді айтады. Ал мен ақшаны сол фирманың қаржы директоры Сапаргүл Махамбетоваға төлеген болатынмын, – дейді Жанат Рүстемова есімді үлескер.

Өз айтуынша, Жанат Рүстемова компанияға ақшаны 2007 жылы қараша айында төлепті, компания оған 2008 жылдың мамыр айына
Гүлзанат Әбілова, «ХАС-ЕР КЗ» компаниясының бұрынғы қызметкері. Алматы, 8 желтоқсан 2009 жыл.
дейін үш қабатты вилла салып беруге келісім жасаған.

«ХАС-ЕР КЗ» компаниясынан алашақ ақшаларын даулап жүргендердің кейбірі серіктестік жуық арада қарызды қайтармаса, өз-өзін өртеу секілді шектен тыс шараларға дейін баратындарын мәлімдеп отыр.

– Бармаған жеріміз жоқ. Ішкі істер министрлігі, прокуратура, «Нұр Отанға» кірдік. Мұны Шымкент қарайды, Астана қарамайды деп бір-біріне сілтейді. Осы Астанаға келген кезде өзімді өлтіруге дайын болдым. Себебі, мен қаржы директорының кесірінен, «ХАС-ЕР КЗ» компаниясының кесірінен қатерлі ісік ауруына ұшырадым. Туыстарыммен кикілжіңге келдім. Бұл ақшаны несиеге, шешемнің үйін кепілдікке қойып алғанбыз. Мен өзімді биіктен лақтыруға дайынмын. Бұлайша өмір сүрудің қажеті қанша? – дейді Гүлзанат Әбілова есімді әйел.

«МӘСІМОВ ДЕГЕН ФАМИЛИЯНЫ КӨРГЕН СОҢ АРЫЗДЫ ҚАБЫЛДАМАЙДЫ»

«ХАС-ЕР КЗ» фирмасына алданып қалдық деп жүрген азаматтардың заңгері Талас Сағымбаев биыл көктемде ақпарат құралдарының дабылынан соң бұл іске Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың өзі араласып, 110 азаматтың қарызын қайтарып бергенін
Талас Сағымбаев, заңгер. Алматы, 8 желтоқсан 2009 жыл.
айтты.

– Биылғы наурыздың 26-сы күні ақпарат құралдарының қатысуымен Астанадағы Үкімет үйінің алдында наразылық шарасын өткізгеннен кейін небәрі 40 минуттан соң халықтың қарызын қайтаратын банкир де пайда болды, аяқ астынан ақша да табыла кетті, – дейді заңгер Талас Сағымбаев.

Алайда, қазіргі таңда 1 миллион доллардан астам қарызын ала алмаған әлі 20 адам қалып отыр. Солардың бірі Шымкент тұрғыны Алтын Үсенова «ХАС-ЕР КЗ» серіктестігінен кәсіпкерлік мақсатта цемент алмақ болыпты.

– Бұдан екі жыл бұрын компанияның қаржы директоры Сапаркүлдің қолына 205 мың доллар апарып бердім. Ол бізге арзан бағамен цемент беруге уәде еткен болатын. Кейіннен жанындағы Харон деген кісі «цементті жіберейік десек ақша жоқ» деді. Бірнәрсе дәметіп отырған шығар деп, тағы 50 мың бердім. Сөйтіп-сөйтіп, несие алып 375 мың долларға жеткіздім. Кеше бізді «ақшаны қайтарамыз» деп кездесуге шақырды. Мен сенбегендіктен барған жоқпын. Сөйтсек олар: «бізден ақша сұрайтын
Шымкенттік зейнеткер Алтын Үсенова. Алматы, 8 желтоқсан 2009 жыл.
болсаңдар, бәріңді түрмеге қаматам» деп қоқан-лоққы жасапты. Бізден ақша алады, тағы да бізді түрмеге қамайтын ол кім? Ақшамызды берсін. Біз сол үшін қарызға белшемізден батып отырмыз. Премьердің әкесімін деп бізді қорқыта бере ме, біз онсыз да қорқып болғанбыз, мен 70-ке келген қарт анамын, – дейді Алтын Үсенова.

Заңгер Талас Сағымбаевтың айтуынша, азаматтардың шағымында борышкер ретінде «Мәсімов» деген фамилия жазылғандықтан олар барған жердің барлығында тосқауылға ұшырайды. Сонымен бірге, аталмыш азаматтардың сотқа шағымдануларын қолдарын байлап отырған тағы бір жайт бар екен.

– Бүгінгі таңда бұл азаматтар қарыздар адамның заңдық мекен-жайы болмағандықтан сотқа шағым түсіре алмай отыр. Азаматтық-процесуалдық кодекске сәйкес, егер жауапкердің заңдық мекен-жайы болмаса және ол жерде тіркеуде болмаса сот мұндай шағымды қарамайды, – дейді заңгер.

13 ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ДАУ-ДАМАЙ

«ХАС-ЕР КЗ» фирмасының бас директоры Қажымқан Мәсімовтің үстінен шағым айтып жүргендердің бірі алматылық зейнеткер Оразалы
Қазақстан премьерінің әкесі Қажымқан Мәсімовпен дауласып жүрген зейнеткер Оразалы Сақаев сот құжаттарын көрсетіп тұр. Алматы, шілде, 2009 жыл.
Сақаев. Бұл адамның осыдан 13 жыл бұрын өзінен қоймаларды сатып алып, күні бүгінге дейін ақшасын төлемей келе жатқан Қажымқан Мәсімовпен айтысып-тартысумен жүргені туралы Азаттық бұған дейін жазған болатын.

Бір мүшел уақытты үлкен Мәсімовпен соттасумен өткізіп қажыған 68 жастағы Оразалы Сақаев енді Шымкенттік үлескерлермен бірге әділдік сұрап ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жүініп отырғанын айтады.

– Шынымды айтсам, менің сенімім де, үмітім де таусылды. Бұдан ештеңе шықпайтынын көріп отырмыз. Мен барлығына бұл туралы үнемі ашық айтуымен келемін, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Біз қазір ақын Мұхтар Шахановтың қозғалысына қосылып үндеуін қолдап отырмыз. Әділетілікке жеткенше өз құқығымыз үшін күресе береміз, – дейді зейнеткер.

ҚАЖЫМҚАН МӘСІМОВТІҢ ЖАУАБЫ

Біз жоғарыда айтылған жайттарға қатысты Қажымқан Мәсімовке хабарласқан едік. Ол кісі Шымкенттен келген азаматтардың айтқан арыз-шағымына өзінің еш қатысы жоқ екенін мәлімдеп, Азаттық тілшісінің қойған сұрағына сұрақпен жауап берді.

– Неге бұл адамдар менің өзіме келіп сөйлеспейді? Неге өздерінің құжаттарын көрсетпейді? Олардың қайсысы менімен сөйлесіп көрді? «Ақсарай» деген не? Бұл үй ме, дүкен бе? Өздері ойдан шығарып жүре беруге бола ма екен?! Мен бірнәрсені айтайын, жеке өз басым оларға еш қатысым жоқ. Келсін, сөйлесейік. Сот бар дегендей. Ал Оразалы Сақаев деген кім? Жоқ, ол адам маған қойма сатқан жоқ, ол қойманы қытай азаматына сатып, соған алданып қалды. Қойма өртеніп кеткендіктен одан ешкім қойманы қабылдап алған жоқ. Егер одан қойманы қабылдап алған болса, ол туралы құжатты көрсетсін. Бұның барлығы бос сөз ғана, әлдекімдер сондай өсек-аяңды әдейі таратып жүр. Неге бұл адам келіп маған жолықпайды? Сіз оған менің телефонымды беріңіз. Келсін, кездесейік, сөйлесейік. Ал ол болса маған келмей, сыртымнан ғайбат сөз айтып жүр. Мүмкін ол әдейі солай жасап жүрген адам шығар, – деді Қажымқан Мәсімов Азаттық радиосына.

Айтпақшы, биыл жазда Оразалы Сақаевтың мәселесі бойынша Азаттық радиосының сауалына телефон арқылы берген түсініктемесінде Қажымқан Мәсімов ол адаммен бөлек сөйлесетіндігін айтқан-тұғын. Алайда, Сақаевтың айтуынша, содан бері олар әлі кездеспеген.

Ал шағымданушылар Қажымқан Мәсімовтің үстінен жазған арыз-өтініштерін қаттап, желтоқсанның 8-і күні Астанаға президент Н.Назарбаевқа жөнелтті.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG