Accessibility links

Кенесарының басын іздеу ісі Омбыға тіреледі


Қазақ ханы Кенесары Қасымұлына қойылған ескерткіш. Астана, қазан, 2009 жыл.
Қазақ ханы Кенесары Қасымұлына қойылған ескерткіш. Астана, қазан, 2009 жыл.
Қазақстанда соңғы қазақ ханы - Кенесарының басы Санкт-Петербургте сақталған болуы керек деген пікір қалыптасқан. Ал тарихи деректер ханның басы 1847 жылы Омбыға жеткізілгенін айғақтайды.

КӨТЕРІЛІС АҚМОЛАНЫ ӨРТЕП ЖІБЕРУДЕН БАСТАЛДЫ

Кенесары орыс отаршылдығына қарсы әскери қимылды сұлтан кезінде-ақ бастаған. 1838 жылдың көктемі Кенесары жасағының Ақмола бекінісін қоршауға алып, өртеп жіберуімен тарих жадында қалған. Бұл оның азат ету қозғалысының басы еді. Ақмола бекінісінің орнында бүгінде Астана, Қазақстанның елордасы орналасқан.

Бүгіндері Астанада Есіл өзенінің жағасында ХІХ ғасырдың ортасындағы тәуелсіздікті көздеген ең ірі қазақ көтерілісінің жетекшісі Кенесарының ескерткіші тұр. Кенесары ханның ескерткіш мүсіні қазаққа тәуелсіздік бұйырып, өз билігін өзі жүргізген кезде, 2001 жылы орнатылды.

Алайда, бұл өзімен өзі тұрған күйде аса маңызды емес. Үстіміздегі жылдың қазанында қазақ билігінің Астанадағы қазақ хандары Керей мен Жәнібекке тұрғызбақ болған ескерткіштерді далаға қалдырғаны белгілі болды. Соңғы хан Кенесарының мұрасын сақтау мәселесінде де Қазақстан билігінің қайшылығы мен салғырттығы байқалады.

Қазақтың үш жүзінің өкілдері 1841 жылғы 7 қыркүйекте Кенесарыны хан сайлаған. Қазақ хандығы де-юре жолыменен қалпына келтірілген. Кенесары өзін «қазақ жерлерін түгендеушімін» – Абылай ханның уағындағы Қазақ хандығы аумағының тұтастығын қалпына келтірушімін деп жариялап, Ресей құрамына кірмеген жерлердің толық дербестігін сақтауды мақсат етті.

Қазақстанның ресми тарихнамасында сипатталғаны секілді, Кенесары тарих сахнасына өзінің атасы хан Абылайдың ісін жалғастырушы ретінде шықты. Бірақ, Кенесары заманында қаптап келген орыстың отарлаушы әскері Қазақстанның саяси дербестігін сақтап отырған үш ауданының тәуелсіздігіне қауіп төндіріп тұрған еді.

КЕНЕСАРЫ КӨТЕРІЛІСІНІҢ ЖАНЫШТАЛУЫ

Отарлаушы орыс билігі Кенесары қозғалысының маңыздылығы мен ауқымдылығын мойындады. Мәселен, 1903 жылы Санкт-
Абылай ханның немересі Кенесары Қасымов өзінің белгілі атасының халық аузындағы даңқынан атағын асырып, наразы жұрттан бірнеше мың жасақ жиды және өзін қырғыз халқының жоғалған айбынын қалпына келтірушімін деп жариялап, байрағының астына бүкіл қырғыз халқын жинамақшы болды.
Петербургте шыққан «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты анықтамалықтың 17-інші томында былай делінеді:

«Абылай ханның немересі Кенесары Қасымов өзінің белгілі атасының халық аузындағы даңқынан атағын асырып, наразы жұрттан бірнеше мың жасақ жиды және өзін қырғыз халқының жоғалған айбынын қалпына келтірушімін деп жариялап, байрағының астына бүкіл қырғыз халқын жинамақшы болды». (1925 жылға дейін ресми құжаттар мен баспасөзде қазіргі қырғыздар «қара қырғыз», ал, қазақтар «қырғыз» деп аталған.)

Үш жүз қазақтарының бодандыққа қарсы күреске белсенді қатысуы патшаны қатты алаңдатты. Көтеріліске қарсы ірі ауқымда күрес жүргізуге шешім қабылданды. «Бір мемлекетте екі патша болмайды» деген қарарға қол қойған орыс императоры Николай бірінші 1843 жылдың 27 маусымында Кенесарыға қарсы кең ауқымды әскери жорық жасауға пәрмен етті.

Бүлікшілерге қарсы отарлаушы армияның тұрақты жасақтарының жекелеген топтары, сол замандағы ең озық қарумен қаруланған бөлімдері ғана емес, сонымен бірге А. Жантөрин, Б. Айшуақов секілді сұлтандар бастаған қазақ атты әскері жіберілді.

Алайда, әскерінің саны 20 мыңға дейін барған Кенесары хан жеңілісті тұрақты патша әскерінен тапқан жоқ. Орталық Азия халықтарының жадында терең із қалдырған осынау көтерілістің басшысы қырғыздармен тосыннан болған ішкі шайқаста мерт болды.

Хан Кенесарыны өз адамдарының сатқындығы орға жықты. Кенесары хан 1847 жылдың сәуірінде қырғыздардың тұтқынына түсіп, солардың кекті қолынан қаза тапты. Біреулер ханның денесі бөлшектеніп, әртарапқа лақтырылды десе, енді біреулер қырғыз топырағына жерленген дейді.

Қырғыз тарихшыларының мәліметі бойынша, Кенесары Жамбы ауылында жазаға жығылған, бұл қазіргі Қырғызстанның Майтөбе-Кекілік-Сеңгір аймағы. Ал, Кенесарының басы нешетүрлі аңызға негіз болып, әлі күнге бүгінгі Ресейде маңып жүр.

КЕНЕСАРЫ БАСЫНЫҢ ӘРІ-БЕРІ ДОПША ДОМАЛАУЫ

Кенесары ханның кесілген басы жеңістің дәлелі ретінде Омбыға, патша басшылығына жеткізілгені белгілі. Бізге мұны растайтын жаңа деректер табудың да сәті түсті. Мұны ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлттық көсемі Әлихан Бөкейхан «Сұлтан Кенесары Қасымовқа байланысты тарихи материалдар» атты 1923 жылы Ташкентте жарық көрген кітапшасында растайды. Ол мақаласын К. Степняк деген атпен жариялаған, бұл – Әлихан Бөкейханның көптеген бүркеншік есімдерінің бірі.

Аутор Кенесарының соңғы қасіретті күндері туралы әңгіменің «1845-1846 жылғы оқиғалардың қатысушысы, әңгімені жеткізу сәтінде 85 жастағы қара қырғыз Қалиғұлла Әлібековтың айтуынан» жазып алынғанын ескертеді.

Сол куәгердің айтуынша, Кенесарының кесілген басына иелік етуші қырғыз манабы Жантай Қарабековке бүлікші ханның басын орысқа тарту ет деп ақыл берген қазақ ру басыларының бірі Сыпатай мен Рүстем сұлтан болыпты.

Дәл осы екі адамның сатқындығынан Кенесарының шағын қолы қоршауға түсіп, Кенесары ханды қырғыздардың тұтқындағаны тарихи шындық. Қырғыздармен шешуші шайқасқа түсер алдында Сыпатай мен Рүстем бірнеше мыңдық атты әскерін ұрыс даласынан алып кеткен.

ХАНДЫ САТЫП КЕТКЕНДЕР ОРЫС БИЛІГІНЕН ТАҒЫ СЫЙЛЫҚ АЛМАҚШЫ БОЛҒАН

Сол кезде «...орыс генерал-губернаторы, князь Горчаков та сұлтан Кенесары Қасымовтың қазасын естиді. Бұған риза болған князь Горчаков қырғыз (қазақ) Шоншар және тілмәш Бектайыр мен Әлім арқылы Сұлтан Кенесарыны жеңген негізгі адамдарды марапаттау үшін өзіне шақырады...», – делінеді «Сұлтан Кенесары Қасымовқа қатысты тарихи материалдар» атты еңбекте.

Сол кітапшада орыс генерал-губернаторының Кенесары ханның басын сұрағаны жайында бір де бір сөз жоқ. Дей тұрғанмен, ханның басы князь Горчаковтың қолына түспей тұрып, қазақ руының көсемі Сыпатай мен Рүстем сұлтанға, Алматыға жеткізілген, бұларға манап Жантай Қарабеков Қапал ауданы қазақтарының тұтқынынан тағы бір қырғыз манабын босатуға жәрдем сұрап келген болатын.

Содан соң Кенесарының басы орыс патшасының Қапалдағы өкіліне берілген. Ал, «Кенесары сұлтанды жеңген басты жеңімпаздар» Қапалға барудан жалтарып, ол жаққа өз өкілдерін жіберген», манап Жантай Қарабеков Қалиғұлла Әлібековты жіберген, қазақтан Сыпатай мен Рүстемнің өздері барған.

Ол екеуі Кенесарының өліміне, сонымен бірге бүкіл қазақтың ұлт-азаттық көтерілісін жеңіліске әкеп соққан, тағы орыстың бүкіл Орталық Азияны, сол баяғы қырғызды да отарлауының жылдамдауына себеп болған сатқындықтары үшін өкінуден, шамасы, әлі алыс болған.

Ол ол ма, Қалиғұлла Әлібековтың айтуынша, князь Горчаков екеуінің қайсысы Кенесары өлімінің «негізгі себепшісі» екенін білгісі келгенде Сыпатай мен Рүстем дауласып қалған. Ақыр соңында патшалық күміс медаль «Кенесары ханның жазаға жығылуы кезінде басының кесілгені туралы айтып берген Қалиғұлла Әлібековқа бұйырған.

Генерал-губернатор, князь Горчаков қол қойған «июля 15 дня 1847 года, город Омск» деп көрсетілген куәлікте:

«Құрметті қырғыз Қалиғұлла Әлібековке. Бүлікші Кенесары Қасымовқа қарсы күресте көрсеткен Сіздің ерекше батылдығыңыз бен үлгі етерлік жігеріңіз үшін марапаттау ниетіменен, аса мәртебелі император берген биік құзыретпенен мен Сізге мойынға тағып жүруге, Георгийлік лентадағы күміс медаль табыстаймын...» деп жазылған.

КЕНЕСАРЫНЫҢ БАСЫН КУНСТКАМЕРАДАН ІЗДЕУДЕ

Оқта-текте Санкт-Петербургке ғылыми және іздеу экспедициялары жіберіліп қояды. Қазақстанда әлі күнге Кенесары ханның басы петрлік Кунсткамерада, немесе қазіргі ресми атауымен айтқанда, Ресей Ғылым академиясының Санкт-Петербургтегі Петр Біріншінің атындағы Антропология және этнография мұражайында (Кунсткамерада) сақтаулы деген таңылмалы пікір айтылып келеді.

Кенесарының қалдықтары Эрмитажда деген де пікір бар. Бұл күнде осы ойдың қашан және кімнен шыққанын анықтау мүмкін емес. Дей тұрғанмен, қазақстандық ынталылар әлі күнге Ресейдің солтүстік астанасына сапар шегуде. Бірақ, ол жақта қазақтың соңғы ханының бас сүйегі жоқ. Азаттық радиосы журналисінің зерттеулері де соны көрсетті.

Ефим Резван, Ресей Ғылым академиясының Антропология және этнография мұражайы (АЭМ) директорының орынбасары. Петербор, қыркүйек, 2009 ж.
Қашан және қалайша Кенесары ханның басы Кунсткамераға, ол былай тұрсын, Эрмитажға тап болуы мүмкін, бұл жөнінде әлі күнге бір де бір тарихи құжат не мәлімет жоқ. Сол себепті хан басының тұрған орны туралы пікір тарихи деректен гөрі Кунсткамераның имиджіне байланысты туындаған жорамалға көбірек ұқсайды. Кунсткамераның сол бір ерекше ролі жайында Ресей Ғылым академиясының Антропология және этнография мұражайы (АЭМ) директорының орынбасары Ефим Резван Санкт-Петербургте Азаттық тілшісімен болған әңгімесінде айтып берді:

«Жалпы, неге ондай дүниелерді Кунсткамераға жолдаған? Қазба жұмыстарынан табылған кез келген ерекше антропологиялық, этнографиялық затты мемлекет есебінен Петербургтегі Кунсткамераға жолдауды бұйырған Петр біріншінің жарлығы болған.

Сондықтан әркім 20 килограмдық салмақтағы кез-келген затты поштаға әкеліп, «Кунсткамераға» деп жазса болғаны, ол зат осында келіп түсетін. Былайша алып қарасаңыз, мұражай дүниесін бүкіл ел болып жинаған. Бір жағынан бұл тамаша нәрсе. Себебі, бұл халықтық мұражай болды. Ал, екінші жағынан қарайтын болсақ, мұражайға қайдағы бір заттардың келіп түсе бергені де жақсы емес».

Осыған орай мұражай ғимаратының ортасында тұрған мұнараның астында екі бас көмілген деген қаңқу сөз секілді Кунсткамера туралы нешетүрлі қауесет бар дейді Ефим Резван. Сол екі бастың біреуі Екатерина біріншінің аяулысынікі, ал екіншісі фрейлин Гамильтондікі-міс. Сондықтан, Кенесары ханның басы Кунсткамерада сақтаулы деген пікір де сондай қауесеттердің бірі деген сенімде Ефим Резван.

«Өкінішке қарай, мүмкін бақытқа орай, әлемдегі Кунсткамера туралы айтылғандардың бәрі шындыққа жанасады. Расымен де біздің қорымыз өте бай. Ол қор расымен де 300 жыл бойы жинақталған. Бізде шынымен де көптеген өте қызықты экспонаттар бар. Бірақ, дәл қазір әңгіме болып отырған дүние Кунсткамерада жоқ және ешқашан болған емес», – деп түйіндеді әңгімесін Ефим Резван.

Кунсткамера басшылығы мұражайдың қандай да бір экспонатының, егер де болған болса, қазақ ханының басының кездейсоқ шығын болуы немесе жоғалуы ықтималдылығын да (бұл турасында 2002 жылғы 20 қыркүйекте қазақстандық «Экспресс-К» газеті жазған болатын) жоққа шығарады.

Юрий Чистовтың сөзіне қарағанда, әлдебір экспонаттың жоғалғаны анықталса, міндетті түрде жанжал шығуы керек еді. Себебі, тұрақты түрде тексеріліп, салыстырылып отыратын тіркеу және сақтау жүйесі бар. Егер бір нәрсе тіркеуден шығарылатын болса, ол міндетті түрде хаттамаға түсіріледі.

Бұл жөнінде Кунсткамераның Орталық Азия этнографиясы бөлімінің меңгерушісі, «Manuscripta Orientalia» журналы бас редакторының
Мариям Резван, Ресей Ғылым академиясының Антропология және этнография мұражайының (АЭМ) Орталық Азия этнографиясы бөлімінің меңгерушісі, «Manuscripta Orientalia» журналы бас редакторының орынбасары. Петербор, қыркүйек, 2009 ж.
орынбасары Мариям Резван толығырақ әңгімелеп берді. Оның айтуынша, АЭМ-ында тіркеу және сақтау жүйесі қатаң.

«Сөз жоқ, келеңсіз жайттар, сәтсіздіктер болып тұрады, әртүрлі себеппен экспонаттардан айырылып қалатын да жағдайлар болады. Бірақ, кез-келген шығын болған экспонат із-түссіз кетпейді, ол құжаттамада тіркеледі.

Зат тіркеуден шығарылуы мүмкін, немесе жоғалған зат ретінде тіркелуі мүмкін. Бірақ, ол туралы арнайы қағаз болады, оның маңызы – адамдық факторды жолатпауда. Мәселен, әлдекім байқаусызда бір затты сындырып қойып, кінәсін жасыру үшін ол заттың құжаттарын жойып жіберуі мүмкін. Бірақ, не дегенмен де, экспонаттың сынғанын одан басқа да адамдар міндетті түрде біліп отырады.

Және де кез-келген мұражайлық құжаттамаға тұтас бірқатар жауапты адам қол қояды. Сол себепті жоғалған немесе бүлінген зат міндетті түрде біздің бюрократиялық сатылардың тіркеуінен өтеді.

Бұрын бізде болып, бірақ, кейіннен жоғалып кеткен-міс дейтіндей қазіргі әңгіме тақырыбына айналып отырған нәрсе туралы ешбір куәліктің болмауы ондай заттың бізде ешқашан болмағанын білдіреді».

ХАННЫҢ БАСЫН ҚАЗАҚ ДИПЛОМАТТАРЫ ДА ІЗДЕУДЕ

Кенесары ханның басын табуға бұған дейін де әрекеттер болды, қазір де іздеп жатқандар бар. Жекелеген ынталылар, ғалымдар және тұтас институттар ғана емес, сонымен бірге оқта-текте мемлекет те оны табуға әрекет жасады. Соңғы рет 2004 жылдың 4 қарашасында Қазақстанның бас консульдігінің Кунсткамераға ресми сұрау жібергені Санкт-Петербургке барған сапарда белгілі болды.

АЭМ директоры Юрий Чистов пен антропология бөлімінің меңгерушісі Валерий Хартанович қол қойған жауап хатта «Кенесары Қасымовтың басы» деген заттың (бұл тарихи қайраткерге қатысты басқа да заттардың) мұражай қорынан табылмағаны айтылған. «Кенесары Қасымовқа қатысты қандай да бір заттың бұрын біздің Мұражайда болғанын куәландыратын да ешбір құжат жоқ» делінген.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Ефим Резван «бізге жасырғаннан гөрі жасырмаған жақсы» деп жүрекжарды мәлімдеме жасады. Және сол сөзінің дәлелі ретінде, мәселен, Кунсткамера басшылығының мұражай қорында ХХ ғасырдағы қазақ батыры Кейкінің бас сүйегінің бар екенін жасырмағанын айтты.

Бірақ, Кунсткамера директоры жазылмаған мұражай этикасына сілтеп, Азаттық радиосының тілшісіне не Кейкі батырдың, не Қазақстан тарихына қатысты өзге де дүниелерді фотоға және видеоға түсіруге рұқсат бермеді.

Сөйтіп, Ефим Резван қазақтың соңғы ханынан қалған тән немесе сүйек қалдықтары Эрмитажда да болуы мүмкін емес деген түйін жасайды.

«Ондай экспонаттарды Эрмитаждан іздеу бекершілік. Себебі, ондай дүниелер тек Кунсткамераға ғана жолданып отырды.
Ондай экспонаттарды Эрмитаждан іздеу бекершілік. Себебі, ондай дүниелер тек Кунсткамераға ғана жолданып отырды. Сондықтан, егер Кенесарының басы Кунсткамерада болмаса, онда еш жерде жоқ деген сөз.
Сондықтан, егер Кенесарының басы Кунсткамерада болмаса, онда еш жерде жоқ деген сөз», – деп үзілді-кесілді мәлімдеді Ефим Резван.

ХАННЫҢ БАСЫ ОМБЫҒА ЖЕТІП ЖОҒАЛАДЫ

Соңғы рет Кенесарының басы қайдағы бір жерде емес, Омбыда болған. Оны тек көріп қана қоймай, қарауылдық қызметте оны күзеткендердің бірі – аты аңызға айналған сол ханның немерелес туысы және сол кезде Омбы кадет корпусының курсанты болып жүрген Шоқан Уәлиханов. Бұл турасында Шоқанның кадет корпусындағы досы әрі кластасы, белгілі ғалым-этнограф Григорий Потанин өзінің естеліктерінде егжей-тегжейлі жазған.

Мұнда талқыға салатын бір жайт бар. Ефим Резван айтқандай, петрлік уақыттан бері Кунсткамераға Ресей империясының түкпір-түкпірінен әртүрлі қазбалардан табылған айрықша антропологиялық, этнографиялық заттар жолданып отырған.

Кенесары ханның ғана басы емес, қазіргі кез-келген адамның да басы «айрықша антропологиялық» немесе «этнографиялық зат» ретінде қарастырылмайды, ал, өнер туындысы ретінде тіпті қарастырылмақ емес, бұл айдан анық. Сол себепті, расында да Кунсткамера мен Эрмитаж хан басы қойылатын орындар емес.

Жеңілген қарсыластың басы қолында болған адамның қатардағы патша шенеунігі еместігі де маңызды жайт. Ол «Тобыл және Томск округінің генерал-губернаторы, Сібір қырғыздарының бірінші бастығы және жеке Сібір корпусының командирі, инфантерия генералы, князь Горчаков» (князь Горчаковтың өзі қол қойған «Кенесарыны жеңген басты жеңімпаздарды» марапаттау туралы куәліктен).

Ол патша тарапынан көрсетілуі тиіс терең ризашылық пен марапатты көздеп, қазақ ханының басын «бір мемлекетте екі патша болуға тиіс емес» деп санайтын Император Николай біріншіге тікелей жолдады десе әлдеқайда ақылға қонымдырақ болар еді.

Орыс императорының өкілі қазақ хан мәйітінің қалдықтарын не істесе де, патшалық бюрократиялық машинаның кіділігін білетін ол өз әрекетін генерал-губернатор кеңсесінің құжаттарында бекітуге тиіс еді. Ал князь Петр Горчаковтың кеңсесінің Омбыда болғаны белгілі.

Кенесары хан мәйітінің қалдықтары әскери олжа ретінде де қарастырылмайды. Орыс қаруының күшін көрсететін дерек ретінде тән қалдықтарының әскери олжа немесе патша армиясының даңқты жеңістерінің мұражайына түсуі мүмкін емес. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, орыс отаршылдарына қарсы 10 жылдан аса қанды соғыс жүргізген Кенесары хан орыс қаруынан опат болған жоқ.

Кенесары ханның басы Кунсткамераға немесе тағы бір орынға жеткізілгенін куәландыратын қандай да бір деректің не құжаттың болмауын ескерсек және ғалым-этнограф Григорий Потаниннің естеліктерін басшылыққа алатын болсақ, онда бір ғана қисынды сұрақ туындайды: жалпы, соңғы қазақ ханының басы Омбы қаласының аумағынан, тіпті, Сібір аумағынан шықты ма екен?

Егер хан жазаға кесілген Жамбы ауылынан бастап, хан басының Алматыға, Қапалға және одан ары Омбыға барған жолын бақыласақ, онда іздің тура сол Омбыда жоғалатынын байқаймыз. Сол себепті жоқ іздеуді дәл сол Омбыдан бастаған ақылға қонымды.
XS
SM
MD
LG