Accessibility links

«Біржан сал» фильмі қазақтың сал-серілік, әншілік дәстүрімен қайта қауыштырды


Актер Досхан Жолжақсынов (Біржан рөлінде) пен әнші Аша Матай (оң жақта, Ләйлім рөлінде) «Біржан сал» фильмінде.
Актер Досхан Жолжақсынов (Біржан рөлінде) пен әнші Аша Матай (оң жақта, Ләйлім рөлінде) «Біржан сал» фильмінде.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Біржан сал» атты жаңа туындыны көрерменге таныстырды. Фильмге қазақтың әйгілі әншісі, ақын һәм сазгер Біржан Қожағұлұлының өмірі мен шығармашылығы арқау болған.

ЖАҢА КИНОНЫ КӨРУГЕ КЕЛГЕН ЖҰРТ ЗАЛҒА СИМАЙ КЕТТІ

3 қыркүйек күні «Біржан сал» фильмінің тұсаукесері өткен Алматыдағы «Алатау» кинотеатрында ине шаншар жер болмады. Көрсетілімді ұйымдастырушылар түсіруші топ пен БАҚ өкілдерінен өзге ешкім болмас деп ойлаған көрінеді. Алайда «Біржан салды» тамашалағысы келген жұрт кинотеатрдың кең залына симай кетті.

Кинозалдан орын тимесе де жаңа фильмге ынтыққан көрермендер залдың еденінде отырып, қабырғаны жағалай тік тұрып, екі сағат бойы қойылымды тамашалады. Картинаның режиссері әрі фильмде басты рөлді сомдаған актер Досхан Жолжақсынов бұны қазақ көрерменінің
«Біржан сал» фильмінің режиссері әрі басты рөлді сомдаған актер Досхан Жолжақсынов.
ұлттық киноға сусап қалғанының белгісі деп қабылдады.

– Бүгінгі халықтың осыншама көп жиналғандығына өнер адамы ретінде мен қатты қуанып отырмын. Бірақ, алғашқы көрсетілімде залдың толғаны – киноның жақсы шыққаны деген сөз емес. Халық кейін уақыт өте, көргенін ой елегінен өткізіп барып баға береді. Әйткенмен бүгінгі келген жұрттың осындай ықыласы – олардың қазақ киносын сағынып қалғандығын байқатады, – деді Азаттық радиосына Досхан Жолжақсынов.

Фильмнің алғашқы кадрларынан бастап-ақ қазақтың кең байтақ даласының әсемдігі, сал-серілердің еркіндігі суреттеліп, жан-дүниеңізді әдемі әуен кернейді.

Картина тәкәппарлық пен мойынсұну, абыройлылық пен кемсітушілік, ар-ұят пен арсыздық арасындағы күрес жайында. Сонымен қатар фильмде Біржанның соңғы махаббаты мен жалғыздық жайында баяндалады.

Біржан сал (актер Досхан Жолжақсынов) қазақ сал-серілерінің ортасында. «Біржан сал» фильмінен көрініс.
Картинаның авторлары мұрағат материалдарын жете зерттеулердің нәтижесінде ХІХ ғасырға тән тұрмыс көрінісін, сол заманғы ортаның сөз ерекшеліктері мен мінез-құлықтарын ашып, сол кездегі өмірді айқын көрсете білген дейді киносыншылар.

Фильм Біржан салдың кіндік қаны тамған жері – Көкшетау өңірінде түсірілді. Түсіруші топ көкорай жазық алқапта бірнеше ауылдар қондырып, жергілікті тұрғындар түсіру жұмыстарына белсене қатысқандығын айтып отыр.

Сазгер Төлеген Мұхамеджановтың әсем әуенімен көркемделген фильмдегі әндерді Еркін Шүкіманов, Қарагөз Сүлейменова мен Қанат Жүніс орындайды.

«ХАЛЫҚ КӨПТЕН САҒЫНА КҮТКЕН ТУЫНДЫ»

– Мен ең алдымен барша қазақ халқын құттықтап, сүйінші сұрағым келіп тұр! «Біржан сал» секілді халықтың көптен сағына күткен, сарғая күткен әдемі туындысы келді! Бізде көп ұлт тұрады әркім өз ұлтының мәдениеті мен салтын біледі деп мақтанамыз. Ал осы картина арқылы біз де, өзге ұлт өкілдері де қазақ халқының қаншалықты табиғатқа жақын екендігін, ешкімді жатсынбайтындығын, оның
«Біржан сал» фильмінен көрініс.
нағыз жайсаң да жайдарлы ұлт екендігін білетін болады, – дейді ҚР еңбегі сіңген әртіс Айдос Бектеміров.

Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі әрі директоры Есмұхан Обаев жаңа фильмге өте әсерлі шыққан туынды деген баға берді.

– Картинаны көре салып бірден пікір айту қиын, әрине. Дегенмен, фильм адамның ішкі жан-дүниесін қозғайды, масаттандырады, Ұлы Біржанның бейнесімен қауышқандай біресе күліп, біресе күрсініп, өнер адамының тағдыры әркез ауыр екендігін көресің. Одан өзге түсіру барысында өте үлкен іс істелгендігі байқалып тұр. Актерлерді іріктеу, орындаушы Еркін Шүкімановтың керемет дауысы тірі Біржанды көз алдыңа алып келеді. Ұлттық тұрғыда, ұлттық бояуда түсірілген фильм екендігі көзге ұрып тұр, – дейді Е.Обаев.

– Бұл – Досхан Жолжақсыновтың алғашқы режиссерлік жұмысы. Дегенмен, ол Біржанды көп зерттегені байқалып тұр. Одан өзге Досханның ұйымдастырушылық қабілетін атап айтқан жөн. Әртістерді ұйымдастыру, барлық жағдайды жасау, декорацияларды құру
«Біржан сал» фильмінен көрініс.
сияқты өте үлкен жұмыс жасалынды. Барлығы сағат сияқты жұмыс істеп, бас аяғы 2 айдың ішінде фильм толығымен түсіріліп бітті. Алайда түсірілімге кеткен уақыт оның сапасына мүлдем әсер еткен жоқ, – дейді Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев.

Картинаға сценарий жазған жазушы Таласбек Әсемқұлов бұл фильмнің ерекшелігіне тоқталды.

– «Біржан салда» біз өз ұлтын бейшара қылып көрсетіп, шетелден жүлде алатын режиссерлерге тойтарыс беруді көздедік. «Міне, қазақ – осындай салт-дәстүр мен мәдениетке бай халық» деп киімнің, түр-тұлғаның, тұлпардың ең жақсыларын көрсетуге барымызды салдық. Мәселен, серілердің әрқайсысы әр аңның кейпіне енетін болған. Солардың біріне – аққудың, біріне – қасқырдың, келесі біріне аю, түлкі, бұлғын, сусарларға ұқсатып киім тігу қиынға соқты. Себебі, бұрын-соңды тәжірибеде мұндай нәрсе болмаған. Оны жасамасақ, серілердің шынайы бейнесін бере алмай қаламыз. Сосын Біржанның Ақсеркеш, Құндызқара деген аттарын табу да оңай болған жоқ. Бірақ, киноның ұлттық бояуы қанық болуы үшін аталғандардың барлығына қол жеткіздік, – дейді Таласбек Әсемқұлов.

КӨРЕРМЕННІҢ БАҒАСЫ

Азаттық тілшісі жаңа шығарманың тұсаукесерінен шыққан жұрттың фильм жайлы пікірін сұраған еді.

– Фильм өте ұнады. Әсіресе, Біржанның Қоянды жәрмеңкесінде поштабайдан таяқ жеп, үйіне келгенде, өлім ауызында жатқан Әпіштің айтқан сөзі қандай әсерлі. Әпіш: «өзіңді соққыға жыққанды жауапқа тарт, жазасыз қалмасын, кеудеңді ешкімге бастырма» дейді. «Әпіш-ау,
Біржан сал (актер Досхан Жолжақсынов) әйелі Әпіштің моласының басында. «Біржан сал» фильмінен көрініс.
сен мынандай күйде жатқанда...» деп жауап қайтпақ болған Біржанға: «Азаматтың ары тапталып жатқанда, бір қатынның өлімі – садаға» дейді. Мінеки, бұл дегеніңіз қазақ қыздарының ерекшелігі! Әпіш сияқты қазақтың қыздары болған соң Біржан сияқты серілер болған. Осыны режиссер де, сценарист те жақсы көрсете алған, – дейді көрерменнің бірі Қанапия қария.

Сонымен бірге көрермендер картинадағы Біржанның уайым-толғанысы бүгінгі күнмен де үндесіп отырғандығын айтады.

– Фильмнің соңында Біржан: «Сарай ақын, сарай күйшінің етігі төрге оза ма деп қорқам, шын өнердің бағлан басы табалдырықта қала ма деп қорқамын» деген сөзі бар. Одан өзге: «Бұл маған тиген қамшы емес! ...Қазақ қартайған екен, Алаш қартайған екен! Бәрі пәс! Бәрі ұсақ!» дейді. Айтыңызшы, бұл проблема біздің қоғамымызда жоқ па? Бар, бар болғанда қандай! Сондықтан бұл фильмді түсінген адам өзіне үлкен сабақ алар деген ойдамын, – дейді Шолпан есімді көрермен.

Ләйлімнің рөлінде жас әнші Аша Матай. «Біржан сал» фильмінен көрініс.
Фильмдегі Біржан сал рөлін Досхан Жолжақсынов, Біржанның ағасы Нұржан байды – Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрының актеры Саят Мерекенов сомдаған.

Біржанның соңғы махаббаты Ләйлімді – жас әнші Аша Матай, Мақпалды – Қыздар педагогикалық институтының студенті Кәмшат Жолдыбаева, әйелі Әпішті – актриса Гүлшат Тутова, Айжарқын бәдіктің рөлін – Дулыға Ақмолда, Маңғабыл биді – Сәбит Оразбаев, Біржан мен Ләйлімнің бір-біріне ғашық болғандығын жұқалап жеткізуші Мадияр кемпірді Қазақстанның халық әртісі Хабиба Елебекова ойнайды.

Ал көркем шығармадағы Біржанның дауысын дәстүрлі әнші Еркін Шүкіманов, Жұбай домбырашының күйлерін белгілі күйші Мұрат Әбуғазы орындайды.
XS
SM
MD
LG